Ізденісінен із қалған шебер

Ізденісінен із қалған шебер

Мәдениетіміздің мәйегі – ұлттық өнеріміз. Қазақ мәдениетінің көшін ілгерілету жолында қаншама мәдениет майталмандары зор үлес қосып келеді. Өзінің қол өнерімен талайларды таңқалдырып, жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – қазақтың ұлт аспаптарын жасап, оны жаңғыртып жүрген Қазақстан Мәдениет қайраткері, арнайы «Алтын домбыра», «Алтын қобыз» сыйлықтарының иегері, үш дүркін Республикалық «Үкілі домбыра» конкурсының лауреаты, үш дүркін Қолөнершілер одағының «Шебер» конкурсының, Халықаралық көркем қолөнершілер конкурсының жеңімпазы, «Әлем қолөнершісі», «Хас шебер» төсбелгісінің, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені иегері Жолаушы Тұрдығұловпен кездесіп сұхбаттасқан едік.

– Сіз ұлттық аспап жасаудың хас шеберісіз. Сонымен қатар Құр­манғазы атындағы Қазақтың мем­лекеттік академиялық халық аспап­тар оркестрімен тығыз байла­ны­сыңыз бар. Оркестрде қаншаннан бері жұмыс істеп келесіз?

– Еліміздің мақтанышы болған ұжымда 4-5 жылдай тұрақты еңбек етіп келемін. Оған дейін де ұжым мүшелерімен тығыз байланысым болды. Өйткені, әрбір домбырашы, не болмаса басқа аспаптарда ойнайтындар келіп, әруақытта өздеріне керек аспаптарды жасататын. Бұған дейін, яғни 2007 жылы оркестрге арнайы тапсырыспен 20 домбыра жасадым. Олар әлі күнге дейін сол аспаптармен ойнап келеді. Одан басқа оркестрде қылқобыз, бас, контрабас, шертер сияқты аспаптар да бар. Оларды да ішінара жасағанмын. Жалпы өзім ұжымдағы музыкантармен көптен бері тығыз байланыстамын

– Ұлт мақтанышы болған ор­кестр­дің тарихы да тереңде жатыр ғой.

– Әрине. Негізінде оркестрдің құрылу тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталады. Алғаш Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласында тұңғыш домбыра ансамблі құрылған екен. Кейін астана Алматыға ауысқанда ансамбльдің тізгінін Ахмет Жұбанов қолға алып, оркестрді құру ісімен шұғылданған. Бір айта кетерлік жайт, Қызылорда қаласында құрылған алғашқы домбырашылар ансамблі құрамында ойнаған бір домбырашының домбырасы менің қолымда. Домбыраға 110 жылға таяу уақыт болған. Бұл құнды жәдігер, оркестрдің алғашқы аспабы деуге болады. Ол жылдары қазақ даласының әр шалғайынан Ахмет Жұбановтың ұйымдастырумен неше бір белгілі домбырашылар, қобызшылар, әншілер шақырылған екен. Бұл шамамен өткен ғасырдың 31-32 жылдары.Ұйымдастырылған оркестрдің құрамында ауылдан неше бір белгілі де мықты-мықты күйшілері, домбырашылары және әншілер өз аспаптарымен келген. Осылай қазақтың қарапайым ұлттық аспаптарынан оркестр бір жерге топтастырылып іргетасы қаланыпты. Оркестрде қазақтың неше бір күйлері орындалып, нотаға түсіріліп репертуарларын кеңейткен. Бірақ Ахмет Жұбановтың ойлағандай оркестр өз мүмкіндікті аша алмаған. Ол үшін аспаптарды реконстурция жасап, жаңартуды, өзгертудің жолдарын іздеген. Сол үшін домбыра мен қылқобызды негізінде алғаш рет олардың формасы мен стиліне қарай өзгертуді қолға алған екен. Мұның басы-қасында шеберлер тұрыпты. Сондай шебердің бірі оркестр құрамына қабылданып, домбырада ойнаған Қамбар Қасымов деген атамыздың ақыл кеңесімен іске асыпты. Ол кісі мықты домбырашы, әрі аспап жасаудың шебері болған. Осы кісі жаңа аспап жасап, өзгертуге жетекшілік етіп, музыкалық аспап жасап жүрген ағайынды Романенколарды шақырылыпты. Романенколар туралы әртүрлі пікір бар. Біреулер оларды Мәскеуде арнайы музыкалық аспап жасауды оқып келген десе, енді біреулер жергікті жердің шеберлері дейді. Бұл зерттелетін мәселе. Осындай музыкалық аспап жасаушылардың қатысумен ұлттық аспаптарымызға өзгерту жасалған.Бұрынғы қара­пайым домбыраларымыз, оның ішінде кәдімгі қалақ домбыра және басқалар өзгертіліп, олардың мойнының ұзындығы 48 сан­тиметрге, шанағы үлкейтіліп, 40 сантиметрге жеткізілді. Бет қақпағының екі жерінен астығы жағынан серіппе қойылыпты. Оны біз пружина дейміз. Бұл дыбыс ауқымына, күшінің және жоғары бұрауларға төтеп береді. Сондай-ақ қылқобызды да өзгерткен. Төрт ішекті сым қобыздар жасалған. Өзгертілген аспаптарды сапалы жасау үшін Ресейдің шеберлеріне арнайы тапсырыстар беріп жасатқан. Жаңаша түрленген Құрманғазы халық аспаптар оркестрі 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның алғашқы он күндігінде тамаша өнер көрсетіп, халықтың құрметіне бөленген. Оркестрдің осы жетістігінен кейін Ахмет Жұбанов өз ізденісін тоқтатпай, үлкен аспаптарды өзгертуге де ол кісі белсене араласыпты. 1937 жылы оркестр үлкен филармония болып құрылып, аспаптардың дыбыстық үндестік ерекшеліктерін жаңартып дамытқан. Концерттік бағдарламаларын молайтып, қазақ ән-күйлерінен басқа еуропалық және классикалық шығармаларды репертуарына енгізіп, көпшілікке ұсынған. Соның арқасында әлемдік сахнада өнерлерін көрсетіп, ұлы күйші Құрманғазының атын иеленіп, академиялық оркестрі деген биік дәрежеге жеткен. Мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ, қаншама қиындықтар болды. Ашаршылық, Ұлы Отан соғысының жылдарындағы ауыр жағдай, қайта құру және басқа қиыншылықты бастан кешірсе де оркестр ұжымы қазақ өнерін жанкештілікпен бір кісідей жұмыс жасап, әлемге танытты. Және де әлемдегі белгілі ең ірі оркестр ұжымы болып саналады.

– Қазіргі кезде оркестрдегі ас­пап­тарда жаңару, өзгерту болып тұра ма?

– Негізінде аспаптарды өзге­р­тулер мен жаңарту болып тұрады. Жекелеген әнші, күйшілер әр қайсы өзінің меншікті аспабы болғанын қалайды. Оны жасайтын аспап жасаушы шеберлер үнемі ізденіс үстінде. Аспаптың акустикалық жағына мән беріп жатса, әуендік сапасына да көңіл бөледі. Қазіргі кезде оркестрде 15-16 аспаптың түрлері бар. Олардың негізгілері- 20 шақты домбыра, 3-4 қылқобыз, 10-нан аса прима қобыз, ол кезде сым қобыз деп аталып, кейін прима қобыз болды. 2-3 шертер, бас, контрабас, фолатмастер, флей, габой, бас домбыра, контрабас сияқты аспаптардан құралған. Бұлардың барлығы да өзіндік үнімен, өзіндік ерекшеліктерімен оркестрдің сәнін келтіреді. Әр аспаптың үндік ерекшеліктері өздеріне тән болады. Мен ұлттық аспаптарды жасаумен айналысамын. Оларды қалпына келтіріп жөндеймін. Ұсақ-түйек жұмыстан бастап, кейбір жағдайда күрделі жөндеуден өткізуге тура келеді. Қазіргі таңда оркестрде кейбір аспаптар тозыңқырап тұр десе де болады. Бірақ жаңадан тапсырыс беріп, негізі аспаптарды жасатып алсақ па деген ойлар болып жүр. Болашақта ол іске асар деп ойлаймыз.

– Жаңа аспап жасағанда нені басшылыққа аласыз?

– Жаңа аспап демекші,әр музыкалық аспаптың дыбыс деңгейі материалына байланыс­ты ғой. Акустикалық қасиеті жақсы ағаштарды тапсырыспен алу, олардан құнды аспап жасау оңай шаруа емес. Ол жинақтаған тәжірибеге байланысты. Мысалы мен жасайтын аспаптар 50 жылдық тәжірбиеме, ішкі сезіміме байланысты туындайды. Материал сапалы болса, шебер көздеген мақсатына, ойлаған ойына жетеді деп ойлаймын. Бүкіл әлемдегі шекті аспаптардың барлығының дені шырша ағашынан жасалады. Аспаптың кеуде шанағы үшін үйеңке, бұйра қайың, қарағай, арша және экзотикалық ағаштар - мысалы граф, эвин, қызыл ағаштардың түрлері, полсандр тағы сол сияқтылар жатады.Бұл материалдардың бәрі жақсы ағаштар. Бұлардың барлығы тәжірибеден өткен. Дыбыстығы жағынан және тембрі қазақтың ұлттық аспабын жасауға сай келетін материалдар деп айта аламыз. Бұдан басқа қосалқы материалдар да бар. Аспапты әрлеуге лак, лакжылау, шпон тағы басқа сүйек, дәстүрлі материалдарды пайдалану арқылы жасалады. Жалпы Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі бұл жерде кейбір ұлттық аспаптарды пайдалана алмайды.Мысалы Нұрғиса Тілендиев атындағы этно-фольклорлық оркестрге қосымша тағы сыбызғы, саз сырнай, жетіген, желбауаз, сылдырмақ шулы аспаптар, сазген, үскірік сияқты аспаптар қосылады. Бұлар енді ұлттық этно-фольклорлық оркестр деп есептеледі. Ал біздің оркестрміздің мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Оны болашақ көрсетеді. Өйткені, ұжымның екінші тынысы ашылу керек. Ол үшін жаңадан аспаптар жасасақ, ескіріп тұрған домбыраларды жаңамен алмастырсақ, сол сияқты қобыздарды да өзгертсек деген ой бар. Өзімнің ойыма алған мақсатым да бар. Қазіргі прима қобыз деп жүргеніміз екі аяққа қысып ойнағанда скрипка көз алдыңа елестейді. Осы жөнінде де ойлануға тура келіп жатыр. Себебі, оның тембрінде ұлттық ерекшелік үн естіліп тұруы керек. Оркестр ұлттық болғандықтан, осы жайға көңіл бөлген дұрыс. Сондықтан, прима қобыздың үнін қайтарып алу менің ойымдағы мәселем. Прима қобыздың төрт ішекті болып кеткені оркестрлік варианты екені рас. Соны ұлттық үнге жақындату керек.

– Шәкірт тәрбиелеу де – ұлы іс. Осыған да көңіл бөлген шығарсыз?

– Шебер болғаннан кейін шәкірт тәрбиелеу міндет. Мен көп жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың сәндік қолөнер кафедрасының профессоры болғанмын. Көптеген шәкірт тәрбиелеп шығардым. Ол жағы өз алдына бір үлкен әңгіме, бөлек жыр деп айтуға болады. Бірақ әр шебердің өзіндік қолтаңбасы бар. Шебер шәкірт тәрбиелеп, қолтаңбаң қалса, ізің емес пе?! Шәкірт менен үйренсе де, өздерін-өздері ары қарай жетілдіріп, өз қолтаңбасы пайда болатыны анық. Кейін аспаптарды жетілдіруді ол ары қарай жалғастырады. Мен тек қана шәкірттерімді емес, өзімнен ерген балаларымды өнерге тәрбиелеймін. Өзімнің бір балам Ерасылан қазір шеберліктің жолында. Жақсы шебер болып, ел аузына ілігіп жүр. Жасаған аспаптары көптің көкейінен шығып та үлгерді. Өнерді сүйетіндер, домбырада мықты ойнайтын күйшілер, шеберлер оның жасаған аспабына жоғары бағасын беруде. Оның өзі де жетістік деп ойлаймын. Балам аспаптың техникалық жағдайын жасаса, мен дыбыстық жағын тексеру, домбыраның бетін жабу кезіндегі кейбір жұмыстарды жөндеу ісіне ақыл-кеңесімді беремін.

Тәжірбием 50 жылдан асып кетсе де әлі де шеберлік ізденісінін жалғастырудамын. Өмір бойы ізденісте өтетін шығармын. Ағаштың акуестикалық мүмкіндігі шексіз. Оны меңгерген шебер жұмысын да ары қарай дамытып жолын таба біледі. Әлі де болса, біздің бұрынғы қоңыр дауыстарымызды таба алмай жүрген кездерім бар. Сондай-ақ, ішек мәселесі де басымызды қатырып жатқаны бөлек әңгіме. Бұрынғы кезде мал ішегін пайдаланатын едік, ал қазір оны пайдаланбай жүрміз. Оны іске асыру үшін үлкен технологиялық процесс керек. Осының бәрін ойластыру қажет. Содан кейін тағы бір үлкен бір арманым эксперментальды тәжірибе жинақтайтын шеберхана жасасам ба деген ойым бар. Және де үлкен бір жобаны қорғау керек болып тұр. Үкімет тарапынан көмек болса, соны жүзеге асырсам деген үміт бар. Болашақта осындай жұмыстарды атқару – ұлтымыз үшін, ұлттық аспапты жаңғыртуда аса қажеттілігін айтқым келеді.

– 50 жылда қанша ұлттық аспап­тар жасадыңыз. Ол кімдердің қолында?

– Екі жарым мыңға тарта домбыра, үш жүзге таяу басқа да ұлттық аспаптар жасадым. Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестріне, Қараған­дыдағы Тәттімбет атындағы оркестріне, Атыраудағы Дина атындағы қазақ ұлттық оркестріне, Жамбыл облыстық ұлттық аспаптар оркестріне толық аспаптар жиынтығы жасалды. Сондай-ақ жекелеген тапсырыспен еліміздің белгілі әншілері мен күйшілерінің қолындағы домбыраларды тапсырыспен жасағанмын. Олардың ішінде: Сейілқан Құсайынов, Қаршыға Ахмедияров, Бекболат Тілеуханов, Мақпал Жүнісова, Мейрамбек Бесбаев, Айжан Тоқтағанов, Айгүл Елшібаева, Айгүл Қосанова, Абдулхамит Райымбергенов және «Ұлытау» мен «Қоңыр» тобы да бар. Менің қолымнан шыққан домбыра мен қобыз Қазақстанның тұңғыш Президеті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Ресейдің президенті Владимир Путинге және Өзбекстанның президенті болған Ислам Каримовке сыйға тартылған.

– Ұлттық аспаптардың көбі қо­лыңыздан шығыпты. Аспап жа­саудың хас шебері деген атақтарыңыз бар екен. Жасаған аспаптарыңыздан көрме ұйымдастыра алдыңыз ба?

– Ондай мүмкіндік болды. Корея, Франция, Испания мен Оманда жеке көрмелерімді өткіздім.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жексен АЛПАРТЕГІ