Ақын Құл-Керім Елемес: БАСЫЛЫМДАР ҚАТЕЛІКТІ ЖОЮҒА ЖӘРДЕМДЕССІН
2022 ж. 20 тамыз
3464
0
Еліміздегі ақпарат құралы арасында «Балдырған» журналының орны айрықша екені аян. Осынау басылымда ұзақ жыл қызмет атқарған қаламгер Құл-Керім Елеместі сөзге тарттық.
– Ақын, республикалық «Балдырған» журналының кәнігі кадры ретінде бүгінгі балалар әдебиеті мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты көзқарасыңыз қалай?
– Әңгімені сәл сыни пікірлерімізбен бастасақ ешкім ренжи қоймас. Менің осы күні бір көз жеткізген нәрсем – біздің қазіргі кез- келген балалар ақын-жазушысы деп жүрген кісілердің балалар әдебиеті туралы көзқарасы біршама тоқырауға ұшырағандай елестейді маған.
Біз де бала болдық. Сонда әке-шешеміз не айтушы еді бізге? Ұлтымыздың жеткен жерін айтты. Мысалы, «Құламерген» мен «Ер Төстік» ертегісін мектепке бармай тұрып-ақ үйренген қазақтың баласы едім мен. «Ер Төстік» деген қандай үлкен дүние! Ол тіпті, керек десе, эпос! Жер беті мен жер асты дүниесіне кезек түсіп, жеткіншектердің қиял дүниесін қияға самғататын ғажайып нәрсе! Жалпы, қазақ ертегілері халқымыздың ой-санасының жеткен заңғар шыңы болатын. Салқар сақараны жыр-дастанмен тербеп, ән мен күйге бөлеген еркін елміз біз. Ал қазір неғып жатырмыз? Қазір балалар әдебиетін күшік пен мысық немесе қуыршақ айналасынан шығармай, балалардың таным дүниесін тар шеңберге әкеліп қамап қойдық. Талайдан осылай. Сонда немене, балалар әдебиеті міндетті түрде мысық, күшік, есектің қодығы немесе басқа хайуанаттар әлемінен ғана тұруы керек пе екен?! Жоқ, олай емес, сәбилеріміз жас шақтан-ақ игере бастайтын халқымыздың телегей-теңіз мұралары жеткілікті. Ендігі бетті солай қарай бұрғанымыз ләзім.
– Ал балалар басылымдары қандай бағыт ұстануы қажет деп есептейсіз?
– Біреу келісер, біреу келіспес, бірақ мен балаларымызды хабар-ошармен емес, мағлұматпен тәрбиелеуіміз керек деп санаймын. Алладан бастап отырып, ұлтқа тән барлық асыл қасиеттер сәби жүрегіне жастайынан сіңірілуі тиіс. Мұндағы айтпағым, балаларға арналған газет-журналдар алдымен ақпараттық жағында емес, ағартушылық жағында жүргені жөн. Сөйтіп жас өскіннің ақыл-ойын оятатын танымдық нәрселерді ертеден-ақ тиімді жолдармен бере білуіміз керек. Әйтеуір, балалар басылымдарының сексен-тоқсан пайызы ағартушылық жағына қарай бет бұрғаны дұрыс. Айталық, мен арагідік бауырлас Түрік мемлекетінің балаларға арналған басылымдарына көз салып қойып жүремін. Жалпы, олардан үйренетін жайттар көп. Мысалы, олар бес-он беттен тұратын оншақты журналды бірлестіретін көрінеді де, жеке кітапша етіп, кешенді бір бағдарлама іспеттес дүниеге біріктіреді екен. Сонда қызығы, олар, сөздің «әп-піссімілләсін» рухани дүниелерден бастайды екен...
Одан соң біздегіше бесінші сыныпқа дейін «Балдырғанды» алдыр, алтыншы, жетінші сыныпқа шейін «Ұланды» оқы, оныншы сыныпқа дейін «Ақжелкенге» қара деген де онша қисынға келмейтіндей көрінеді. Бұл кейде амалсыз Исаак Ньютонның шешелі-балалы мысықтарға үйшігіне кіретін үлкенді-кішілі біреше тесік ойып қойғаны туралы мысалды еске түсіреді. Яғни, ене мысық үшін үлкен тесік ойып, оның кішкентай марғауларына арнап бірнеше шағын есік даярлап қойған. Сөйтсе, мәулендер қаптаған кішкене ойықтардың бір де біріне жоламай, енелерінің соңынан еріп шығыпты. Сонда барып ойламай ма: «Япыр-ай, үлкен бір тесік те жетеді екен-ау! Бекер әуре болыппын ғой!», – деп. Жаңа айтқанымдай, біздің тірлігіміз де осы көріністі елестетеді. Балалардың басын қатырғаннан не ұтамыз?
Кейде журналистикамызда рухани жағы жеткілісіз бе, руханияттан сұмдық алыста тұрмыз ба деген де күдік билейді. Әлгінде Түрік елін мысалға алдық емес пе! Тіпті, енді оны да қоя тұрып осында шығып жатқан «Қазақстан – Заман» газетінің өзін-ақ алыңызшы. Талай жетістікке куә боласыз. Ал мен айтып отырғандай бетпен даму жолына қалайша түспекпіз?!.
– Сіздің бұл сөзіңізге қарап, шынында да, көп жағдайда мешеуміз бе деп ойланып қалатындай екенбіз. Мұндай пікірмен келісу қиындау, әрине...
– Жоқ, мемлекет тәуелсіздігі жарияланғанан бергі уақытта еліміз қаншалықты өркендесе, бұқаралық ақпарат құралдары да соншалықты дамыды. Жалпы қазақ баспасөзінің беталысы көңілге әбден қонады. Дей тұрғанмен, өте керемет таң қаларлық биіктерге көтерілдік десек ол да асығыстық шығар. Неге дегенде, мемлекеттік газет-журналдарымыз тек жақсылықтарды көрсетуге тырысады. Осыған келісесіз бе? Еш жерде көлеңке жоқ, түгел күнгей айнала көз жауын алып, жарқырап тұр дейді! Олардың сөзіне қарасаң, осылайша бәрі тамаша, бәрі ғажап, қоғамнан ешбір кінәрат таба алмайсыз. Ал оппозициялық басылымдардың ақпаратына сенсең, керісінше, жер қара күн жылы, ел-жұрт аманда қара аспан төніп келеді. Жылжу жоқ. Тек кейін қарай құлдырап барамыз. Тіпті, таң атып, күн батпағандай...
Бұл да, әрине, шынын айтқанда, өте жаңсақ, тым сыңарезу көзқарас. Сөйтіп қара бояу жағады бәріне баттитып.
– Енді осыдан келіп баспасөз биіктен көріне алмады деуіміз қалай болар екен?
– Менің айтпағым мүлде бөлек нәрсе. Байқайсыз ба, қалай дегенде де, «баррикаданың» екі жағында шыққан бағыттардың әрқайсысы өзінше дұрыс. Бірақ көзқарастары бәрібір қайшылықты. Ендеше не істеу керек? Ендеше биік ұлттық мүддені діттеп биліктің саясатын ұстанатын, сөйтіп елдегі саяси тұрақтылықты, әлеуметтік теңдікті көздеп отырған мемлекеттік басылымдар қоғамдағы жақсылықтармен қатар орын алып отырған кемшіліктерді де ешбір жасырмауға тиісті. Бәрін құлпыртып көрсететін қызғылт «көзәйнекті» алып тастап, шындыққа тура қараса, жанға қанша батса да, елге тек шындықты жеткізсе дегім келеді. Міне, нағыз зиялылықтың үлгісі сонда көрінер еді. Және мұндайдан кейін оппозиция «нансыз» қалар еді де, қоғамда екіге жарылу деген болмас еді. Мемлекет өзіміздікі. Сондықтан, расында да
«өз қотырымызды өзіміз қасысақ» несі айып?!
Яғни, менікі өзіне-өзі сын көзбен қарай алатын қоғамда оппозициялық басылымдар өз-өзінен айылын жияр ма еді деген ой ғой. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме!» демекші, өз қателігімізді өзіміз көріп, оның себептерін сарабдал санаға сала біліп, жіберілген кемшілікті өзіміз жоюға әдеттенсек, нағыз қарыштап даму жолына түсер ме едік, қайтер едік деген ниет қой біздікі.
Олай болса, қайталап айтайық, жақсылық сыры өз алдына, мемлекеттік басылымдар ең алдымен өркендеуге бөгет жасайтын қателік ататулыны жойып отыруға жәрдемдессе демекпін.
Сөз – өте құдіретті қару. Халықты рухтандыратын да, оны бірлікке шақыратын да, елдік ұлы мұраттар жолындағы күреске бастайтын да сол. Бұқаралық ақпарат құралдарының төртінші билік саналатыны мәлім. Міне, осы сала қалған үш билік тармағы өзімен қалтқысыз санасып отыратындай өте пәрменді болуға тиісті деген пікірдемін мен. «Айтқан сөзіңді жүрегің бекітсін, ал ісіңнен соның нәтижесі көрінсін!» деген қағида бар емес пе, міне, әлемдік өркениетке көз тіккен жас елдің тәуелсіз ақпараттық құралдары да осынау биік межеден көрінсе деген тілегім бар.
– Ал сондай талаптан шығып жүрген қандай басылымдарды атап айтар едіңіз?
– Бірден айтайын, «Жас қазақ» ұлттық апталығына бүйрегім бұрыңқырайды. Қарап отырсақ, бұл басылым мемлекеттің саясатынан да табанын аулақ әкетпейді. Сөйте отырып кейде бір шыжғырып, ащы нәрселерді айта алады. Әсіресе, ұлт тағдырына қатысты жайттарға барып, терең бойлайды. Пішіні де тартымды, техникалық безендірілуі де заман талабына сай.
Жаныма көбірек жағыңқырайтын тұсы – дін туралы да көзқары жаман емес осы газеттің. Көпшілік басылымдар дінге барыңқырай қоймайды. Негізінде дінді ұмыт қалдырған қоғамның болашағы бұлдыр деп есептеймін өзім. Айталық, ұдайы атеизмді ұстанған кешегі кеңес өкіметі не болды?! Жүрексіз адам бола ма?! Ал елдің ішкі әлемін... жүрегін тазартатын, ұлттың ішкі негізін қалыптастыратын нәрсе – дін. Белгілі Территориясы, Тілі, Саясаты қалыптасқан ұлтқа... Яғни, іргелі Мемлекетке Дін сөзсіз керек! Тоталитарлық жүйе жетпіс жыл бойы ең әуелі дінімізді жоғалту үшін күрескен екен. Дінді мансұқ еткен жерде инабат-ынсап... иман қала ма расында?! Ал ондай елде келешек бола ма?!
Әрине, мемлекет пен дін бөлек деген уәж түсінікті. «Жас қазақ» та дінге қатысты әңгімені бас салып бадырайта салмай, шебер ұсына біледі. Айталық, мәселен, «Гетенің дін туралы көзқарасы», болмаса «Буниннің дінге қатысты пікірі»... деген бағытта әңгіме өрбітеді. Қызық емес пе. Сөйтіп дінге қатысты өз ұстанымдарын айшықтап көрсетпейді, бірақ ғаламға аты шыққан әйгілі адамдардың көзқарасы арқылы, зиялылардың көзіменен дінді екінші бір бағытта әйбат жеткізіп жатыр.
Сол секілді Қазақ радиосына ризамын. Бір ғажабы, қазір мұнда кілең бір ұлттын сүйген білікті жастар шоғырланып жатқандай көрінеді. Әйтеуір, қолдан келгенше ел мүддесіне қызмет етуге тырысу анық байқалады.
Ұлтты әспеттеу, ұлтқа тән нәрселерді түрлі деректермен көбірек айтуға құлшынуы сүйсінтеді.
«Қазақстан» ұлттық арнасында да ауыз толтырып айтатындай ілгерілеу жоқ емес. Қалың көрермен жиі алмасатын не бір тартымды бренд-дизайн жобаларды тамашалап отыр. Осылайша кескін-келбеті құлпырып, тосын мәнерге түсуінен-ақ арнаның терең мазмұндық-мағыналық та жаңалықтарға бет түзегенін аңғару қиын емес. Айрықша безендірілетін ақпараттық, публицистикалық, ойын-сауық бағдарламаларының бәрінің жоғары кәсіби деңгейде өткізілуіне зор мүмкіндік беретіні анық. Әйтеуір, арнаның жаңа заманнның ең озық үлгідегі бағдарламаларын жасауға ынтасы ғана емес, мүмкіндігі де жеткілікті сияқты.
«Хабар» арнасында да көңіл сүйсінтерлік бағдарламалар қатары көбейе түскендей. Бұлар барша халықты да бей-жай қалдырмай, көңіл серпілтетіні даусыз.
Жалпы, шүбә жоқ, қайбір басылымдағы немесе қайбір телерадио арнасындағы жекелеген нәтижелі ізденістер туралы арнайы сөз қозғауымызға тура келер еді. Тек солардың қатары көбейген үстіне көбейе түссе деген ниеттемін.
– Баспасөз саласына лек-легімен келіп жатқан жас журналистерге көңіліңіз тола ма?
– Кейінде жас журналистердің қазақ тілін жетік білмеуі, ол тұрғыда өрескел қателіктерге ұрынып жататыны туралы сын пікірлер көп айтылады. Меніңше, баспасөз саласына енді келген ұл-қыздарымызға бірден қазақтың майын тамызып сөйлейтін ежелгі шешендік өнерін игермедің деп талап қою ертеректеу шығар. Ол бірте-бірте... керек десе, отыздан, қырықтан асқаннан кейін қалыптасатын нәрсе.
Бірақ оларды жас екен деп ақтай салудан да аулақпын. Жастарға айтарым – олар қазақтың мәйекті тілін тез арада үйренбесе үйренбесін, бірақ ежелден қалыптасқан қастерлі тілді бұзбаса екен! Өзімбілемділікке салынып сөзді бүлдірмесе екен! Халықта «Өзің білме! Білгеннің тілін алма!» деген қарғыстың ең жаманы бар. Журналистикаға келген қыз-жігіттер үйренуден жалықпаса екен, тәжірибелі адамдардан білмегенін сұрап алуға арланбаса екен деп тілек қосар едім. Әйтпесе, бүгінгі таңда тағдыры сын сағаттқа іліккендей болып тұрған Тілімізге нұқсан келетіні анық. Ал Тіл бұзылса Ұлттың бүліне бастайтыны айдан анық.
Әңгімелескен Құлан САҒАТҰЛЫ.
Алматы.