АЛАШТЫҢ АҒАРТУШЫСЫ

АЛАШТЫҢ АҒАРТУШЫСЫ

Қазақтың рухани көсемі атанған, Алаштың ағартушысы, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл. Осынау айтулы мерейтой ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, әрине, алдымен Қазақ елінде кең ауқыммен тойланбақ. Осы тұста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерін тілге тиек еткенді жөн санадық. Оның ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына зор үлес қосты. Жазу дегеніміз – кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін басты құралдың бірі де бірегейі. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Себебі, сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында айтарлықтай кедергілер кездескені белгілі болған. А.Байтұрсынұлы осы кедергілерді жоюдың ең басты тәсілі – араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп түйсінді.

  Ғұлама ғалым осылайша сан ғасырлар бойы қаз-қалпында қолданылып келе жатқан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын қозғап, оны іс жүзінде реформалады. Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшіліктері бар, оны реформалауға не түрткі болды деген сауалға жауап іздер болсақ, дәстүрлі араб жазуында:

– бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын;

– сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын;

– араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды;

– «мұсылманша сауат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін;

– ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін [4].

  Аталған жазудың осындай кемшіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізеді. А.Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» ашық түрде айтады [4]. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде, «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Араб тілі мен қазақ тілінің арасында көптеген айырмашылықтың барын ескеріп, қазақ баласына «жазу-сызу» үйретуге айтарлықтай кедергі келтірген. Жалпы қазақ қоғамында ұзақ ғасырлар бойы қолданған араб жазу жүйесі үш сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішіндегі төте жазу, яғни А.Байтұрсынұлының әліпбиі «ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы» болды. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құралы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды.. «Айқап» журналының 1911 жылғы 2 санында жарияланған «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жазудың адам өміріндегі маңыздылығын, сауатсыз, қараңғы халықтың ғылым мен мәдениет өркендеуінен артта қалатындығын, сондықтан оқу-білімі жоқ, жазу-сызуы жоқ қоғамның «надандық құрсауында» болатындығын ашық жазып, «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» деп өз халқын ағартушылыққа шақырады. Ағартушылыққа шақыра отырып, қазақ қоғамын «қараңғылықтан оятуды» сауаттандыру ісінен бастады, ал сауатсыздықты жою үшін әліпби, әріп, жазу, оқу мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Ұлы ұстаздың алдына қойған принципі «ауызекі сөйлеу тілінің» жазба тілдегі формасын жасап шығару болды да, осының негізінде қарапайым сөйлеу тілінің дыбыстық заңдылықтарына сай «ұлттық әліпби» құрастырды [4]. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын өзгерткенде төмендегі мәселелерге айрықша зор мән берді:

– араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қосымша таңбалар ендіру;

– араб әліпбиіндегі қазақ тіліне сәйкес келмейтін басы артық әріптерді қолданыстан шығару;

– араб жазу заңдылығына тән харакат, ташдид, сукун, тануин сияқты диакритикалық белгілерді қолданбау;

– үш дауыстыға ғана негізделген араб әліпбиіндегі дауыстылар жүйесін қазақ тілінің үндестік заңына сәйкестендіріп дәйекше арқылы беру;

– ұзақ ғасырлар бойы «ескі тілде» қызмет етіп, «бөтендік сипатта» болған жазу жүйесін барша қазақтың түсінікті сөйлеу тіліне бейімдеп, негіздеу [4].

Осы принципке негізделіп құрастырған әліпби құрамына 24 таңбаны қалдырған, оның 17-сі дауыссыз, 5-еуі дауысты, 2-еуі жарты дауыстылар.

   1912 жылдан бастап қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен съезде ғана ресми түрде бекітіледі. Ахмет Байтұрсынов әр түрлі жиылыстардағы баяндамасында: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Әріп сара жазуға оңай, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ» деп латын әріптеріне қызықпауға шақырады. Сондықтан да, А.Байтұрсынұлы түзген әліпби халықтың мәдени-рухани деңгейінің көтерілуіне, халықтың тез әрі оңай сауаттануына, баспа ісінің жақсаруына ерекше зор ықпал етті. Негізінен қазақ зиялылары басқа әліпбиге көшуден гөрі, қолданыстағы араб әліпбиіне «өзгерістер енгізу» қажеттілігін көбірек көтерген еді. Осындай принципті басшылыққа алған зиялылар қауымының көшбасында А.Байтұрсынұлы тұрды, ол «араб әліпбиін өзгерту» мәселесін тек сөз жүзінде ғана айтып қоймай, «мен харіфтерді өзгерткенде, халық жатсынбай, хат білетін адамдар үйретпей-ақ оқып кетерлік болғандай ғып өзгерттім» деп нақты іс жүзінде көрсете білді. Өзінің әліпби жүйесін «Жазу тәртібі» деген атпен, «Айқаптың» 1912 жылғы 4 және 5 сандарында жариялап, халық талқысына ұсынғаннан кейін, баспасөз беттерінде, жиындарда жаппай «әліпби айтысы» басталып кетеді. Бұл орайда оның жазу жүйесін даттағандар да, жақтағандар да, ақтағандар да болады. М.Дулатұлы Ахаңның «әліпби жасау шеберлігін» былайша бағалайды: «Араб әріптерінің өзгеріп отырғаны рас. Араб әріптерінің 14 ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат болу керек қой. Ойдан шығарылған әріптерді жұртқа үйретіп, оқытып жату керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Болған жоқ, ендеше бұны өзгертушінің шеберлігі деп біліңдер. » [5]. А.Байтұрсынұлының латын жазуына қарсы шыққандағы негізгі ойлағаны – елдің мәдениеті мен экономикалық жағдайы еді. Ахаң латынға көшу арқылы бүкіл қазақ халқы біріншіден, рухани-мәдени дүниесінен айрылатындығын, екіншіден, оқулық шығару, баспа ісі, т.б. латындандыру үшін орасан көп қаржы керек болатындығын қатты ескертумен болады.

  Араға бес жылдай уақыт салып, былтыр ғана, ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы жазған кітабы негізінде жасалған жаңа әліппемен 1 сынып оқушылары қайта қауышты. Білім саласындағы осынау айтулы өзгеріс әліппенің ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жетіп, елмен бірге мәңгі жасайтынының айқын дәлелі. Бұл өз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлы есімінің ел есінде мәңгі сақталатынын көрсетсе керек.

Қорыта айтқанда, «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген педагог-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының сөзі қазақ ұлтының қазақ тілін дамыту жолында, қазақ ұлтын мәңгі сақтау жолында жігерін қайраған сөз болғаны анық. Қазақ халқы үшін елеулі еңбек еткен ұлт жанашыры, Алаштың айтулы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы қанша ғасыр өтсе де, ел жадында мәңгілікке сақталады.

Оспанова Айнагүл,

Зияш Қалауова атындағы бастауыш мектеп директоры