ОҚЫРМАНЫ ОЙ САЛАТЫН ГАЗЕТ

ОҚЫРМАНЫ ОЙ САЛАТЫН ГАЗЕТ

Отандық баспасөздегі бағыты бөлек басылым деп бір айтсақ, біздің осы «Almaty aqshamy» газетіне қарата айтуға болар деп ойлаймын. Газеттен газеттің не айырмашылығы болушы еді, бәрі негізінен елдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайлар мен қоғам өмірі туралы айтады емес пе» дерсіз. Иә, солайы солай ғой, бірақ айтудың да түрі, жазудың да жөні болары бар.

Бір қарағанда, жәй ғана ресми басылымдардың санатына жатқыза салуға болатын баспасөз түрін несімен айшықтап, несімен ерекшелер едік. Енді соған аз-кем тоқтала кетсек.

Қазақта «қолына қан шеңгелдеп туған бала» туралы айтылатын әфсаналар аз емес. Шыр етіп дүниеге келген кезде көзін ашпай жатып-ақ ел назарына іліккен ондай балалар тегін болмаған. «Almaty aqshamy» газетінің тағдыры да тура сондай.

Бұл әуелі халықтың құрсағында жатты. Қанша күн, қанша ай, тіпті қанша жыл жатқаны бір құдайға ғана аян. Толғағы да аз болған жоқ. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғына таман Алматыда жергілікті халықтың үлес салмағы біртіндеп арта бастаған болатын. Оның үстіне, қылышынан қан тамып тұратын Кеңес Одағында да сол уақыттарда түрлі оң өзгерістер болып жатты. Жариялылық, қайта құру деген саясаттар Одақта бас қосқан барлық республикаларға да қозғау сала бастағандай болды. Бұл орайда әсіресе біздің Қазақстанымыздың зиялы қауым өкілдері ерекше көш бастады. Ұлтымыздың тарихы мен болашағы жайында батыл ойлар айтылып, жазыла түсті. 80-жылдардың аяғына қарай елдегі саяси жағдайдың бағыт-бағдарында болып жатқан өзгерістер өзінің мол ықпалын тигізді. Ел бостандығы мен ұлт¬тық мүдде жолындағы талпыныс нышандары біртіндеп орталық бұғауын бұзуға жол аша бастаған еді. Не керек, сол кездегі астанамызға қазақ тіліндегі қалалық газет қажет екені үлкен мәселе болып көтеріліп жатты. Осындай қозғалыстардың арқасында «Almaty aqshamy» газеті дүниеге келген болатын. «Ақшам» деген сөздің өзіне сол кезде үрейлене қарағандар да болмай қалмады. Оны дінге қатысты атауға балап, аяқтан шалғысы келді. Бұл мәселеге Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі нүкте қойды. Республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде «Ақшам» деген бет баяғыдан бері бар болатын. Сол тұста ол да тірек болды. Әйтеуір қазақтың әлімсақтан келе жатқан арда сөзін қазақ зиялылары әрең дегенде арашалап қалады.

Газет ең алғаш 1988 жылы 1 шілдеде «Вечерканың» ішіндегі қосымша аудармасы болып жарық көрді. Бюллетень секілді хабарландыру, ресми ақпараттан көз сүрінетін айқарма беттер оқырман есінде болар. Газет екі жылдан соң, 1990 жылы 17 ақпанда ғана дербес отау болып бөлініп шықты. Қазіргідей газет пен журнал қаптаған заман емес, ол жылдары қазақша басылымның жарық көруі деген сенсация, дүмпуге айналатын. «Алматы ақшамы» арпалыспен, азаппен жарық көрді. Әлі де Мәскеудің мысы басып, соған қарап қол жайып, бата сұрайтын кез. «Ақшамның» жеке-дара газет болып жарыққа шығуында қоғам мен қауымды дүр сілкінтіп келген айтыс өнері үлкен рөл атқарып кетті. 1989 жылы наурызда өткен айтыста Әселхан мен Әзімбектің сөз сайысына «Алматы ақшамы» арқау болады. Әселхан Қалыбекова:

Рахмет, құттықтаулар қаулар тағы,

Әйтсе де басылмайды даулар жағы.

Әйтеуір зиялылар оқып жүр ғой,

Күніге «Вечеркадан» аударманы, –

дейді. Сонда Әзімбек Жанқұлиев марқұм:

Жеңеше, жібердіңіз оталдырып,

Шын қайны Әселханға атандырып.

Сол «Ақшам» шіркін, жеңеше шықса, қайтер,

Бөлініп өз алдына отау құрып ,–

дейді жұлып алып. Осыдан кейін Сырбай Мәуленов пен Рахманқұл Бердібаев бастаған ынталы топ құрылып, осы мәселеге қайта кіріседі. Міне, «Almaty aqshamy» осындай тартыспен, ұлтжанды азаматтардың табан тіреп, қажырлылық танытуының арқасында дүниеге келген басылым. Оған белгілі журналист, білгір басшы Исламғали Бейсебаев редактор болып тағайын-далды. Содан бері үзіліссіз шығып келе жатқан басылымға 1992-2005 жылдар ара¬лығында қарымды қаламгер Ерғали Сағат жетекшілік етті. 2005-2020 жылдар аралығында жанкешті журналист, көрнекті қаламгер Қали Сәрсенбай бас редактор болды. 2020 жылдан бері белгілі журналист, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Данияров Бас редактор болып қызмет етіп келеді.

2020 жылдан бері газетіміз өзінің бауырлас басылымы «Вечерний Almaty» газеті екеуі жаңадан құрылған «Alatay aqparat» медиахолдингінің құрамына кірді. Бас директор Төлеміс Күлмұхамедов қос газеттің бағытын уақыт талабына сай жаңа арнаға бұрып, оқырманмен арадағы жанды байланысқа барынша көңіл қойды. Қоғамның сан саласын қамтитын 100-ден астам айдары бар «Almaty aqshamy» газеті бүгінде халық пен биліктің арасындағы шын мәнісіндегі алтын көпірге айналып отыр. Оқырмандармен екі арада да түрлі игі шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі жақында ғана өтті.

«Alataý Aqparat» ЖШС ұйымдастырған «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерінің тұрақты оқырмандарына арналған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды.

Жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу қос басылымның дәстүріне айналған. Сондықтан «Alataý Аqparat» ЖШС ұжымы өткен жылы да газетке жазылушылар арасында дәстүрлі «Жазыл да, ұтып ал!» атты байқауын жариялаған еді. Қала тұрғындары ұтысқа қатысып, бақтарын сынады.

Бұл жолғы сайысқа қатысушылардың саны көп болды. Арнайы комиссия мүшелері құрылды. Газетке жазылғанын растайтын түбіртектерді жіберген оқырмандардың арасынан кездейсоқ таңдау арқылы жеңімпаздар анықталды.

 «Байқауда жаңадан жазылған оқырмандар да, бұрыннан бері бізбен бірге келе жатқан оқырмандар да бірдей дәрежеде қатысты. Газет сүйер қауымға материалдарымыз қызықты, өзекті және өткір болғанына қуаныштымын. Шын мәнінде, бұл солай. Өйткені, біз оқырмандарымызды еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы шынайы, тексерілген және пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Байқаудың барлық қатысушыларына өздерінің сүйікті газеттеріне қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Жыл сайын жазылушыларға арнап байқауды ары қарай да өткізетін боламыз. Жүлделердің құндылығы тек арта түседі деп ойлаймын. «Вечерний Almaty» және «Almaty aqshamy» газеттерінің баспа нұсқалары бүгінде аса сұранысқа ие және өзекті», – деп атап өтті «Alataý Aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев.

Салтанатты іс-шараға «Alаtaý aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев, «Almatу aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбек, «Вечерний Almaty» газеті Бас редакторының орынбасары Гүлжазира Сайдахметова қатысып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтарымен құттықтады.

Ұтыс жеңімпаздары да осындай үрдісті үзбей өткізіп келе жатқан «Alataý Аqparat» ЖШС ұжымына ризашылықтарын білдірді.

«Бүгін үлкен қуанышты күн болып жатыр. Мен «Almatу aqshamy» газетінің тұрақты оқырманымын. 10 жылдай уақыт болыпты менің жазылғаныма. Басылым беттерінен жаңалықтардан хабардар болып, мәдени, әдеби, танымдық мақалаларды үзбей оқимыз. Осымен екінші рет газет редакциясынан сыйлық алып жатырмын. Журналистердің жұмысына табыс тілеймін, жазарлары таусылмасын», – дейді Тілепберген Гумаров есімді оқырман.

Бір қызығы, биыл газетке жазылушылардың қатары көбейіп, санының арта түскені байқалады.

«Мен жалпы қазақ басылымдарының жанашырымын. Ұзақ жылдан бері білім саласында қызмет еткен жанмын. Сондықтан газетті көп оқимын. Балалармен көп жыл жұмыс жасағандықтан, балалар журналдарын, оның қатарында «Жыл он екі ай», «Балдырған», «Ақ босаға» газет-журналдарын көпбалалы отбасыларға бизнесмен, қолы ашық жандарға айтып жаздырып келемін. Білімді ұрпақ ұлт болашағы демекші, олардың басылым беттерінен нәр алып, тәлім-тәрбие алулары еліміз үшін маңызды. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысына зейнетке шықсам да, сүйікті басылымымнан қол үзген емеспін», – дейді оқырман Раиса Үмбетбаева.

 «Almaty aqshamy» газетінің оқырмандарының арасында 1-орын алған Түркістан облысының тұрғыны – Торабеков Қалдыбек есімді оқырман «SUPRA» мультиваркасына ие болды. Жүлделі 2-орын алған Алматы қаласы, Түрксіб ауданының тұрғыны Гумаров Тілепберген «AVM-20W» қысқа толқынды пешті қанжығасына байлады. Үздік үштікке енген Алматы қаласы, «Нұркент» шағынауданының тұрғыны Раиса Үмбетбаева «AVM-20W» қысқа толқынды пешін ұтып алды. Иә, газет тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр. Жанашыр оқырман көп болсын дейміз.

Оқырманмен байланыс дегеннен шығады, газетіміздегі «Ақшам» арқылы айтамыз» деген айдарымызды оқырмандардың өздері шығарып тұрады деуге болады. Қалада қандай мәселе бар, үйіңіздің жанында қандай өзгеріс болып жатыр – бәрі осы айдарымыздың жүгі. Қала тіршілігінің жақсылығы да, әттегене-айы да қатар өріліп отыратын бетте көтерілген мәселелерге орай тиісті орындар жауап беріп тұрады. Жанды байланыс, кері байланыс деген нәрселерді осыдан да аңғаруға болады. Жалпы, «Ақшам» кейінгі кезде көпшілікке оқырмандары ой салатын басылымға айналып келеді. Қазір газетке жазылу науқаны жүріп жатыр, осындай қызықты дүниелерге сіз де куә болыңыз.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

«Almaty aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары,

      Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі