КЛАССИКАЛЫҚ ҮРДІСТЕН БАС ТАРТАМЫЗ БА?
2022 ж. 11 тамыз
2947
0
Жаңа Қазақстан жағдайында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылықты қолдау мәселесі айрықша орын алатыны түсінікті. Біз осы орайды білікті мамандарды сөзге тарттық.
Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымының докторы:
Қатал таңдау алдында тұрмыз
Әр уақыт өзіне сай шығармалармен ерекше. Бүгінгі жастарға том-том кітаптарды оқыту мүмкін емес. Қазір шағын, нақты, жылдам өзгеріп жатқан заманға сай мәтіндер қажет. Бірақ бұдан классикалық мәтіндер жоққа шығарылмайды. Оларға қайта оралатын мезгіл болады. Ақпаратты клиптік жылдамдықпен қабылданатын, санаға әсер ететін мәтін жазу оңай емес. Аудио, визуалды шапшаңдыққа дағдыланған бүгінгі оқырманға роман-эпопеялар оқыта алмауымыз да түсінікті.
Ғылым баяғыда алға кетіп қалған: кванттық физиканы, нейтрондық торды, т.б. адам психологиясына әсер етуі қазір арнайы зерттелуде. Осының бәрі жаңа заманғы мәдениет пен әдебиетке ықпал етуде. Қазіргі әлемдік әдебиетте бұрынғы: «ойланды», «отырды», «кетті» деген етістіктер жеткіліксіз. Сондықтан классикалық мәтіндер жаңаша, қазіргі заманға сай интерпретациялары сахналанып, киноға түсіріліп насихатталып жатыр.
Осымен қатар, бүгінде жақсы оқылып келе жатқан авторлар бар. Мысалы, А.П.Чеховқа деген қызығушылық ерекше ¬– Чеховтың шығармаларында адамның пенделік типтері айқындалған. Адам атамзаманнан сол қалпында ғой: оның пенделігі, нәпсіқұмарлығы,
атаққұмарлығы, шенқұмарлығы, дүниеқоңыздығы, екіжүзділігі, т.б. сол баяғыдай өзгермеген: кейіпкердің қазіргі қолданатын құралдары электронды болғанымен, ақ пен қара баяғы сол екі қарама-қарсы жағында шайқаста келе жатыр. Неге бүгін балалар «Гарри Поттер», «Властелин колец», «Сумерки», т.б. қызықтайды? Себебі, бұл мәтіндерде сол баяғы тектілік пен тексіздік, әділдік пен жыртқыштық, мәрттік пен сараңдық бүгінгі заманға сай бейнеленген. Бұл мәтіндер қазіргі көзбен көріп қабылдауға ыңғайлы суреттелген. Бұлардың классикалық мәтіндерден ерекшелігі – көп ұзамай тез ұмытылып кетеді. Қазіргі әдебиетке классикалық шығармалардағы баяғы атеистік сана жеткіліксіз. Атеист сөзінің| нағыз мағынасын: Жаратушы ұмыт қалдырған пенде деп түсіну қажет. Қазіргі жастарға ұлттық, әлемдік, классикалық әдебиеттің бүгінгі дискурстары қажет. Олар заманға сай бейнелеу тәсілдері арқылы көркемдік тұтастыққа ие болуда.
Постмодернизм реализмнен (классикалық реализм, сыни реализм, соцреализм, магиялық реализм) кейінгі ағым. Бұл – әлемдік мәдениетті жайлап алған құбылыс. Постмодернизмнің басты шартының бірі – өзіне дейінгіні сынау арқылы оларға күмәнмен қарау; классикалық әдебиетті сынау арқылы онымен диалогке түсу. Міне, қазіргі постмодернистік заман талабы осы.
Әрине, бұның агрессивті түрлері де бар. Толстой, Достоевскийді «қайта жазсам, мен былай істер едім» дегендей, біз Акунин болуға міндетті емеспіз.
Қазіргі жас жазушылар ұзақ мәтіндерге әуес те емес. Бұл – құптарлық құбылыс. Себебі ол қазір ондай көлемді дүниелерді оқитын заман емес екендігін жақсы түсінеді. Постмодернизм бүгінге қажет жаңа дискурстар іздеуде. Дискурстың мәтіндерге бұрынғыдай жанр-стильмен байланып қалу қажет емес. Заманына сай оқитын мәтіндер де өзгеріс үстінде болуының көркемдік заңдылықтары бар. Сондықтан баяғыда алға кеткен ғылым, адам санасына ғаламдық шапшаңдықпен әсер етіп жатқан аудио, видео әлемін ескере отырып: «Қазіргі балалар классикалық шығармалар оқымайды» деп кінәлау орынсыз. Қазақтың баласына қызықты, қажетті кітап жаза алмасаң, бүгінгі ұрпақ шетелдік құндылықтарды қуып кетуі әбден мүмкін. Қатал таңдау алдында тұрмыз. Бұл қауіпті. Бірақ шындық – осы.
Әлібек ФАЙЗУЛЛАҰЛЫ, жазушы:
Әр ата-ана өз баласына кітап оқытсын!
Жетпісінші жылдары институтта оқып жүргенімізде Төлеп деген курстасымыз болды. Сол жігіт үш кітапты қатар оқитын. Жатақханада жүрсе де, сабаққа барса да қолынан кітабы түспейтін. Түске дейін біреуін, түс қайта екіншісін, кешке үшіншісін оқиды. Әрі оның оқитындары болашақ мамандығына – кен инженеріне еш қатысы жоқ көркем әдебиет болатын. Және көркем әдебиеттің ішіндегі кілең классикалық туындылар еді. Содан оның бұл тірлігін оғаштау көрген біз: «Төлеп-ау, ертелі-кеш көз майыңды тауысатындай айдаладағы классикада нең бар, оның орнына ертең нанын жейтін геологияны оңымайсың ба?!» – деп қағытатынбыз. Мұндайда Төлептің жауабы әзір: «Әй, кещелер, сол нан жейтін ауызға әдебиет те керек! Әдебиетсіз жеген нанның нәрі болмайды!» – деп қасқайып тұрғаны. «Дұрыс-ақ, бәлкім, солай да шығар, бірақ үш кітапқа қатар ауыз салатындай қомағайлықтың қажеті қанша?!» – дейміз біз әлі де сөзден сүріндірмек боп. Алайда, оны сүріндіру оңай емес: «О-о, бұл енді менің жеке стилім! Маған осылай ұнайды!» – деп және сытылып шыға береді.
Иә, оған кітапты осылай оқыған ұнайтын. Бір нәрседен құр қалатындай жеделдетіп оқығанды ұнататын. Көбірек оқуға, көбірек қамтуға тырысатын.
Ал енді қазір ше, қазір сол Төлеп сияқты қыз-жігіттер бар ма екен? Әй, қайдам...
Бүгінде адам кітап оқуды қойды ғой. Тіпті, енді «Балалар классикалық шығармаларды оқымайды» деп кернейлетіп жүрген жайымыз бар. Ал, біздіңше, тоқ етерін айтсақ, классикалық шығармаларды оқу оларға ұнамайды. Анығы сол ¬– ұнамайды! Көрдіңіз бе, кешегі Төлепке ұнаған классикалық шығармалар бүгін оның балаларына, немерелеріне ұнамайды.
Бірақ олар жаратпайды екен деп, қол қусырып отыра беруіміз керек пе?! Жоқ, бұлай болмас. Әдетте кішкентай бала ботқа жемей қойса, ата-анасы түрлі тәсілдерді қолданып, оны жегізуге тырысады емес пе?! Өйткені ботқа пайдалы. Арпадан, сұлыдан жасалған ботқа оған күш-қуат береді, тез өсіп-жетілуіне көмектеседі. Сол үшін де ата-анасы бар «өнерін» салып, баласы жек керетін, ұнатпайтын ботқаны жегізеді. «Балам ботқасын жемей жатыр!» – деп, ешкімге шағымданбайды, өзі әрекет жасайды. Әсілі, кітап оқуды ұнатпайтындарға да осы «тәсілді» қолданған жөн-ау. Яғни, әр ата-ана өз баласының кітап оқуымен айналысу керек. Бір қуанарлығы, осыны қолға алып, шаруаға кірісіп кеткендер де баршылық көрінеді. Тек, іске сәт дейік. Ұзағынан сүйіндірсін!
Сонымен, сөз соңында айтарымыз, расында, кітап оқу, әсіресе, классикалық шығармаларды оқу балаларға ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ оқығаны дұрыс. Өйткені классиканың аты классика!
Бір замандарда біз өзіміз де Бальзактың «Горио әкейін» алғаш оқығанда еш ұнатқан жоқ болатынбыз. Ал бірақ кейін сол шығарманы үш рет бас көтермей оңып шықтық! Бұрын ұнамаған, кейін ұнаттық!
Міне, балаларға осы жағын түсіндіре білсек қой, шіркін!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын:
Кітап әлемі – мүлде бөлек дүние
«Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген аталардан жеткен сөз бар. «Балалар классикалық шығармаларды неге оқымайды?» деген сұраудың арғы жағынан да «ата-аналар өздері кітап оқи ма, ұстаздары қаншалықты оқып жүр?» деген мәселенің басы қылтияды.
Діни әдебиеттер болсын, әлем ойшылдарының өмір-тәжірибесінен қорытындыланған тұжырымдар болсын, анық көзіміз жеткені – адам өзінің істемейтін, амал етіп атқармайтын істі өзгеге істе, жаса дегеніңмен, ол өтпейді және дарымайды. Өзің темекі шегіп жүріп, балаңа темекі шекпе десең, ол қабылдамайды. Өзің парақор болып жүріп, балаңа кісі ақысын жеме десең, ол құлағына іле ме?! Әлбетте, тыңдамайды! Себебі дуа кеткен, өнегесіз жерде нәтиже өнім болмақ емес. Қасиет кеткен ауыздан пәтуа қашады. Сол секілді баланы кітап оқуға баулитын – ата-ана мен мектептегі мұғалімдері. Әсіресе, әдебиет пәнінің жетекшілері баланың қызығушылығын оятып кітап әлеміне ертіп кіре алды ма жоң па? Мәселе, міне, осында жатыр.
Кезінде керосин шамның түбінде әлпештеген әкеміз қасына шақырып, қисса-дастан, ертегі-әңгіме оқып беріп, қиял дүниесіне, көркем әдебиет бақшасына бастамағанда, кім біледі, біз де бітеу болып өсер ме едік?..
Сол арқылы құлақ естіп, көңіл семірді, санамызды нұрландырып сөз құдіретінің ләззатын сезіп, дәмін алдық. Сонан соң дағды боп қалыптасып, бірден бірге өттік. Алғашында қызық оқиға, күрделі тартыстарды қуаласаң, өсе келе ойлы, көркем еңбектерге талғамың оянады. Жүз жерден кино көріп, мың жерден интернет ақтарсаң да, бір кітап оқығандай рахат күй кеше алмайсың. Уақыт өте келе түрлік, жанрлық қалауың оянады, алайда кітап әлемінің территориясынан алыс кете алмайсың.
Сондай бір кезге тап болдық! Әкесінің шығармасы баласына керегі жоқ кер заманда тұтас қоғамдағы балаларды айыптау үшін, ең алдымен, өзімізге бір қарап алайық. Кездесулерде, әдеби жиналыстарда жастарды кінәлап кітап оқымайтынын сынап жатамыз. Сонда менің ойымда тағы да әке-шеше, ұстаздар қауымы тұрады...
Оқымаудың себептері көп... Жалпыға түсінікті жайлар, меніңше, мыналар:
- Мектептегі оқыту программасы ауыр, сабақ көп, тапсырмадан аса алмайды.
- Жүздеген телеарна жұмыс істеп тұр. Көруден қол босамайды.
- Ғаламтор деген шырмауық миын шандып орап, аңсарын алып, қазыққа арқандаған аттай тұқыртып тастады.
- Ұялы телефонның алуан байланыс түрі арқылы бос сөзден ауыз босамайды. Нақты жұмыс болмаса да, қажетті-қажетсіз сөйлесу қайшыласып бір тоқтамайды.
Міне, осыншалық қым-қуыт өмірден кітап оқитын уақытты кім табады?..
Әрине, өмірін бағалап, күндерін қадірлеген жүздің бірі ғана жоспар-жобамен жүріп тұрады. Сондай текті балалар ғана кітап туралы бас қатырар... Ең кемінде бір күнін ойламаған қыздан, үш күнін ойламаған ұлдан қайыр жоқ. Саналы жанға, салиқалы адамдарға белгілі: кітап оқу ой-өрісті өсіреді; эстетикалық талғамды биіктетеді; образды елестетуге жетелеп, ең кемінде тілдік қорымызды молайтып, дұрыс сөйлеуге үйретеді. Ендеше, кітаптан алыс қалып көшенің сөзімен ғана өскен бала әдепсіз, дөрекі, шеке терісі тар, орашолақ болып шығары даусыз.
Отбасында көрмеген, мектепте қолына алмаған нәрсені ендігәрі ол еш жерден іздемейді. 7000 теңгелік арақ толы әсем құмыраны күліп тұрып сатып алатын мырза 700 теңгелік кітапқа кіржие қалатыны содан. Жаңа қазақ аспаннан түскен жоқ. Сіз бен біздің отбасымыздан шыққан ұрпақ. Біздің қазақ болып қалыптасқанымыздан бері бір халың болып, өсіп-өніп келе жатсақ та, әр ғасырда әртүрлі болып өмір кешіппіз. Атымыз сол қазақ болғанымен, затымыз мүлде басқа халық секілдіміз. Менталитет, әдет-ғұрып, сөйлеу-тіл, керек десеңіз, көңіл-күйі, сүйіспеншілігімізге дейін бөтенденіп барамыз. Біздің кезде кітап оқу, жақсыға құмарлық жұғымды және шынайы болса, бүгінгі балаларға кітап оқымау, немқұрайлылық, өзімшілдік «вирус» секілді қоғамды жайлап барады. Қоғам сырқат, отбасылар орнықсыз. Жеңіл, оңай дүние басты әуестікке айналды. Ақиқаттан айырылып, рухани бұлақ көзі бітелген елге ауру да, жаман әдет те жабысқақ болатын көрінеді.
Әңгімелескен Әлібек БАЙБОЛ.
Алматы.