САХНА БАҒЫНЫҢ РОЗАСЫ

САХНА БАҒЫНЫҢ РОЗАСЫ

Қос бұрымына ақ бантигі жарасқан әдемі қыз. Үстіндегі аппақ форма – сол тазалықтың, адалдықтың, әдеміліктің символындай. Қыз толқып, тебіреніп өлең оқып тұр. Бұл халқымыздың дарынды ұлдарының бірі – Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектаклі болатын. Оқылған өлең де аққан жұлдыздай арамыздан жасын боп өте шыққан Төлеген Айбергеновтің туындысы-тын. Ал Ләззатты ойнап тұрған Роза Әшірбекова еді.  

Мен Розаны алғаш осылай көргем... Бұрын білмеген, естімеген актрисамен солай танысқам. Одан бері де талай жылдар өтіп кетті. Бұл консерваторияның театр факультетіне жаңа түскен сары үрпек балапандай студенттердің Алматыдағы театр біткеннен қалмай, әр қойылымға барып жүргенде Роза әлемін алғаш көруіміз болатын. Спектакль бізге қатты әсер етті. І курстың студенттерінің бәрі Розаға сырттай ғашық болдық. Бұл әсер, бұл сыйластық, студенттік «ғашықтық» – өнер құдіреті болатын. Роза – қай рөлді де осы шынайылығымен, табиғилығымен, тазалығымен ойнайтын актриса.  

        Жұмыс болған соң әртүрлі жағдай болады. Қарамағындағы адамдарға кейде қатты, кейде «тәтті» сөйлейтінің бесенеден белгілі. Роза Әшірбековамен көптен әңгімелесудің сәті келмей жүрген, екеуміз кофе ішіп отырмыз. Рекең шешіле сөйледі...  

        Роза Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, бұрынғы Казгородок, қазіргі Үлгі ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Әшірбек – сол елдің көзі ашық, оқыған, қызмет еткен азаматы да, анасы Күлпән – өмір бойы колхозда қызмет еткен кісі екен. Бірақ көп ұзамай соғысқа аттанған Әшекең сол кеткеннен қайтып оралмаса керек. Бала Роза да соғыс кезіндегі қиындықты, жоқшылықты, ауыртпалықты өз көзімен көрді, елмен бірге сезінді. Зерек қыз көргенін жадынан шығармай, қиналғанда, қынжылғанда үйдің артына барып булығып жылап алатын.  

        Талай-талай дүлдүлді: ақынды да, әншіні де, балуанды да, батырды да дүниеге әкелген Көкшетау өңірінде Роза осылай сезімтал боп бой жетті, мектеп бітірді... Әкенің қаны, ананың ақ сүті дейтін сөз бар ғой, Роза да енді ауылда қалмай, Алматыға оқуға жүруге бел байлады. Өйткені, әкесінің қарындасы – Мағрипа әпкесі мектепте математика пәнінің мұғалімі, ал жездесі Қаблан Қаптағанов мектеп директоры еді. Бірақ ол кезде бүгінгідей емес, заман да, орта да басқа, әсіресе мұғалім мамандығы сыйлы болатын. Алғыр, зерек Розаны әпке-жездесі бір ай дайындап, ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсірді. Күндіз-түні сабақ, бас алмай оқиды. Құрбыларының алды болуға тырысты. Сабақтан қол босаса, театрдан шықпайды. Біресе опера-балет театры, біресе «әкемтеатр», біресе ТЮЗ. Бірінен-бірі қызық спектакльдер, бірінен-бірі қызық дүниелер, бірінен-бірі өткен дарынды, талантты артистер: Құрманбек Жандарбеков, Хадиша Бөкеева, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Байділдә Қалтаев, Сәлима Саттарова, Әминә Өмірзақовалар... Кейде спектакль көріп отырып жылағанын байқамай қалатын. Өстіп жүріп І курсты да тәмамдаған Роза демалысқа ауылға кетеді. «Әшекеңнің қызы оқудан, Алматыдан келді» деп ауыл дүр-р еткен. Былтырғыдай емес, Роза есейген, құрбыларымен де, ағайындармен де баяғыша, балаша сөйлеспейді. Киген киімі де өзіне жараса қалған. Ауылдың бозбала біткені кеш болса Розаның үйін маңайлайтын болды. Осындай күндердің бірінде Роза ауылдың кітапханасына барды. Оны-мұны кітап парақтап, газет-журнал көрді. Солай отырғанда «Қазақ өнерінің қара шаңырағы – мемлекеттік драма театры 2 жылдық актерлік курсқа жастар қабылдайды» деген хабарландыруға көзі түсті. Қайта-қайта оқиды, бір суынып, бір қызады. «Не істесем екен?». Осы кезге дейін бойындағы жасырынып келген үлкен бір тілек, үлкен бір күш бас көтерді. «Барсам ба, бармасам ба... Анам не дейді? Ал оқуға түсіріп, үлкен ұстаз болады деп жүрген әпке-жезде не айтады? Ойы он бөлек, санасы сан бөлек... Сырласатын да, ақылдасатын да ешкім жоқ. Осылайша әрі-сәрі болып жүргенінде, әжесі Рақия немересінің көңіліндегі алаңды байқап:  

– Қызым, не болды, мазаң жоқ қой!? Әлде бір жерің ауырып тұр ма? – 

деп сұрады.    

– Ештеңе етпейді, басымнан күн өткен шығар, – деген Роза бірнеше  

рет оқталып тұрды да, не анасына, не әжесіне айтуға батылы жетпеді. «Апа, мына мұғалімдік оқуды қоям. Артист болғым келеді» – дей ме, не дерін білмеді. Сол күні таң да атпай қойған. Түнімен дөңбекшіп шықты. Таңертең шай үстінде анасына: «Апа, мені оқудан іздеп жатыр, келсін депті», – деп алғаш рет өтірік айтты. Айтып отырып құлағына дейін қызарып, қолындағы кесені көтере бергенде екі беті алаулап ұяттан өртеніп тұрды. Үлкен кісі баладай сенгіш қой. Әжесі бірден: «Бара ғой, қызым. Оқуыңнан қалма», – деп, немересін жолға дайындады.  

        Роза Алматыға келгенде баяғы хабарландырудың уақыты өтіп кеткен екен. Дзержинский көшесіндегі ( қазір ұйғыр театры орналасқан ) Қазақ драма театрының бірінші қабатына кіргенде оң жақ бөлмеде үш адам отыр екен. Бұлар Қалибек Қуанышбаев, Хадиша Бөкеева және Әзірбайжан Мәмбетов еді. Қаллеки сөз бастады:               

– Иә, қызым, не шаруамен келдің?

– Оқуға түсейін деп ем... Актерлікке...

– Айналайын, оқуға кешігіп қалдың. Алатын балаларды алып  

біттік, – деген.  

– Апыр-ай, ә... Сонау Көкшетаудан ат арытып, анамды алдап  

келгенімде... не болды? – деп, Роза қыз жылап жіберді. Әсіресе, Әзекең –

Әзірбайжан Мәдиұлы Розаның ҚазПИ-де оқитынын естіген соң, «Жо-жоқ, оқи бер ҚазПИ-іңде» деген. Роза көз жасына ие бола алмады. Қалибек Қуанышбаев пен Хадиша Бөкеева бірдеңе деп күбірлесіп жатыр. Сосын ол күбірге Әзекең де қосылды. Ақыры, Қаллеки: 

– Былай болсын, айналайын! Егер шынымен актерлік мамандықты  

оқимын десең, онда бізге «кандидат» қып аламыз. Яғни, тек актерлік шеберлік пәніне келіп тұр. Бірақ оқуыңды тастама. Балалардың бәрі қазір «селхозға» жұмысқа кетті. Бірақ жақсы оқып, көзге түссең аламыз, – деді.  

        Сол күннен бастап Роза Өнер атты үлкен дүниенің есігін ашып, имене кірді. Актерлік өнердің қыр-сырын меңгеруге барын салды. Көп ұзамай заңды студент болды. Бір жылдан соң құжаттарын ҚазПИ-ден алды да, мұғалімдік мамандықпен біржола қош айтысты. Сөйтіп, 1958 жылы драма студиясына түскен Р. Әшірбекова 1960 жылы оқуын тәмамдап, ТЮЗ-ға жұмысқа келді.  

        Бүгінде Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің, басқа да бірқатар медаль-ордендердің иегері Роза Әшірбекова осылай бір-ақ ұжымда қызмет жасап келеді. Алғашқы рөлі – Ж. Жұмақанов пен Б. Тәжібаевтың «Қаракөз қарындасым» спектакліндегі Анна рөлін аса бір шынайылықпен ойнап шықты. Ол спектакльді зиялы қауым түгел көрді. Олар жас талант, балғын актрисаның қазақ өнерінде бекер пайда болмағанын бағалады. Қашанда алғашқы қадам актер қауымы үшін – шешуші рөл атқарады емес пе... Көп ұзамай Роза барлық қойылымдардың басты рөлдерін ала бастады. 100-ден астам рөлді сомдаған актриса бүгінде сол ТЮЗ-дың, яғни, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен Жастар театрының үлкен Анасына айналды.  

        М. Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Шафақ, В. Шекспирдің «Гамлетіндегі» – Гертруда, А. Чеховтың «Шағаласындағы» – Аркадина, А. Островскийдің «Адам аласы ішінде» спектакліндегі – Клеопатра Мамаева, т. б. рөлдері Батыс және орыс классикасынан қазақ сахнасына әкелген елеулі үлесі еді. Әсіресе Ш. Хұсайыновтың «Рәбиға» пьесасындағы Рәбиғаны ол он-ақ күнде сахнаға шығарған. Ол да бір ұмытылмайтын кездер ғой. Рәбиға рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мәриям Жақсымбетова ойнайтын. Демалыстан соң театр маусымы қайта ашылмақ. Алайда Мәриям декретке кеткен. Қойылым режиссері мен театр директоры Гүлжаһан Жанысбаева Розаға «Осы рөлді сен ойнайсың» деді. Құлаш-құлаш монологтар, репетиция қашанда жетіспейді. Оның үстіне, орыс-қазақ труппасы бір сахнада. Роза он күнде Рәбиғаның тек сөзін ғана емес, оның ішкі болмысын түгел меңгеріп шықты. Театр жаңа маусымын Розаның жаңа қырымен – еңбекқорлығымен, шыдамдылығымен қоса ашты. Кейде «өткен күнде белгі жоқ» деп жатамыз. Жо-жоқ, өткен күнде де белгі болады. Ол белгі өнерге қатысты. Орыста бір мәтел бар: «Единственная альтернатива смерти – творчество», – деген. Шын мәнінде, адам өмірін мәңгілікке айналдыратын құдірет – өнер.  

        1968 жылы ТЮЗ Мәскеуге барды. Кремль сарайы. Әр елден, әр жерден келген өнер ұжымдары. Сол жолы Роза Әшірбекова Ш. Айтматовтың «Арманым – Әселім» спектакліндегі Хадишаны ойнады. Хадиша – бүгінде таныс кейіпкер. Әсел секілді ол да Ілиясты жақсы көреді. Бірақ Хадиша Әселден гөрі сезімін жасырмайды. Өз бақыты үшін күресе білер драмалық кейіпкер. Біресе тәкаппар да өркөкірек, біресе мұңлы да ойлы әрі сұлу келіншек. Махаббаттың отына өртенердей жан. Роза Хадишаны осылай сомдады. Көріп отырып қызығасың, қызғанасың... Сұлу келіншектің құшағына құлаған Ілиясты тіпті жек көріп қаласың. Роза Хадиша арқылы сол кезде махаббаты үшін барын да, арын да құрбан еткен тың образ жасады. Бұл сезімнің құрбаны болған, бүгінде көз үйренген кейіпкер еді.  

        Спектакль бітті. Кремль сарайы гуілдеп тұрды. Әр жер, әр орта – тірі ағза. Бүгінгідей керілген заман емес. Ол кезде үй ортақ еді ғой. Мәскеулік әріптестер де, сыншылар да, Орталық комитеттен, Мәдениет министрлігінен келген адамдар да, бәрі-бәрі қол соғып тұрып алған. Спектакльдің соңында шымылдықтың жабылуы мен қайта ашылуын санаған жан жоқ. Жібермейді, ұзақ қол шапалақ. Иә, бұл ТЮЗ-дың, қазақ театрының жаңа бір табысы, белесі еді. Бұл триумф болатын. Бірін-бірі құттықтаған ел. Қуаныштан көз жасын жасыра алмаған жұрт. Роза байқап қалды, анадайдан асыға басып Ильинична келеді екен. Иә, кәдімгі Наталья Сац! Осы театрды салып кеткен дастан тұлға. Келді де, қолын ұсынып:                                    

– Айналайын, Осыныңнан тайма! – деген. Роза кідіріңкіреп, қысылып  

барып қолын созды.  

        Иә, бүгінде де скептиктер бар-ау. Онсыз өмір болмайды. Төменде, сайда жатып төбеде тұрғанға менсінбей, жақтырмай, жатырқай қараймыз. Наталья Ильинична Сац та осы театр әлеміндегі, әсіресе балалар мен Жастар театрының негізін қалаған, қазақ өнерінде аты алтын әріптермен жазылатын тұлғалардың бірі де бірегейі ғой. Сол кісі Розаға осылай батасын берген...  

        Роза Әшірбекованың бүкіл шығармашылығын бір мақалаға, бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Өйткені, өмірдің өзі – үлкен кітап. Біздікі – тек үзілген кино-лентадай, болмаса монтажға түскен клиптей ғана, Рекеңнің өнерінің үзінділері. Оның үстіне, бүгінгі көрермен, әсіресе жас көрермен ол бейнелерді көре алмады. Әшірбекова да қазақтың көп актрисалары іспетті киноға түскен жоқ. Телеарнада жазылып қалған спектакльдер де аз-маз. Сондықтан Роза шығармашылығы – оны көрген көнекөздер жадында және программа, афишаларда ғана сақталып қалды.  

        Мен «Бетпе-бетті» әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ұлы Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-беті» кезінде өз бағасын ала алмады. Өйткені, ол кезеңде кеңес елінде сатқын болмауы тиіс еді. Сатқындық туралы жазу да қиын болатын. Шыңғыс соны алғаш рет жазды. Кейін ғой, Валентин Распутинның ол тақырыпта «Живи и помниді» жазғаны. Сол үшін талай-талай атақ-даңққа ие болғаны. Міне, сол «Бетпе-бетті» режиссер Мен Дон Ук қойды. Қазақшасын былай қойғанда, орысшасын әзер түсінетін, бірақ табиғат берген мінезді де талантты, ұлты кәріс болғанмен, жаны жайсаң жан еді. Мен Дон Уктың «Бетпе-беті» есте қаларлық дүние болды. Бүгін ойлап қарасам, Мен Дон Ук те сол басты кейіпкер сияқты елінен, жерінен, Отанынан қашып келіп бас сауғалаған адам екен ғой... Роза осы спектакльде Сейдені ойнады. Сейдеге жаның ашиды. Сейде болып сенесің, күлесің, жылайсың. Сосын спектакльдің өне-бойында азынаған суық жел жауырыныңа соққандай әсермен шығасың. Бұл – Уақыттың, Заманның, Қоғамның ызғары болатын.  

        Сейде-Роза спектакльді осылай ойнады. Соңғы сахналарда қолындағы мылтығын өзінің сүйіп қосылған жары, махаббаты, балаларының әкесі Ысмайылға кезенер кезде, актер Мұқтар Бақтыгереевпен бірге, Сейдемен бірге зал қосылып жылайтын. Бұл актриса Розаның шеберлігі-тін.  

        Қазақ елінде, қазақ өнерінде Роза есімді қыздар аз емес. Сонау Роза Бағланова, Жаманова, Әшірбекова, Роза Тәжібаева, Роза Құрманғалиева, кейінгі толқын Рымбаева, Мұқанова, Қараевалар, тағы да басқа есімдер бар... Бүгінгі өнер атты үлкен гүлзарда Әшірбекованың өз орны, тұлға ретіндегі өз тұғыры бар. Біздің Роза да осы үлкен бақта өз көркімен, өз сұлулығымен, өз талантымен көрерменін қуантып келеді. Соған шүкір...  

        Тағы да есіме сол баяғы «Махаббат мұңы» спектаклі түседі. Сондағы басына ақ бантик байлаған Ләззат-Роза өлеңін оқып тұр.  

«...Бір жетсе менің ажалым жетеді,

Адам қолы жасаған ұяттардан,

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе, пысықтыққа пысқырмайды,

Мендегі қуатты арман...»

        Иә, ол – Розаның қуатты арманы...  

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық артисі