АР БОЛЫП СӨЙЛЕЙТҰҒЫН АРЫС АҒАМ...
2022 ж. 18 шілде
3278
0
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
ҚР Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі
Танымал тележурналист, марқұм Нұртілеу Иманғалиұлының «бай, қуаттылығы» өз алдына, айбарлы, адуынды болып көрінетін тұлғаның жаны нәзік, сонша көркем мінезді адам еді десем, сенер ме едіңіз?..
■ Содан бері 10950 рет таң атып, күн батыпты.
Мен Нұрекеңді 1987 жылдан бері таниды екенмін. Аз да уақыт емес. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде қызмет етіп жүргенімде, қазақ телевизиясы шопандар өмірі туралы хабар ұйымдастырды. Соның алдында ғана арнайы жасақталған топ құрамында болып, Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы малшылардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз. Телеарнада істейтін курстасым Ләззат Сапақова рейд қорытындыларына арналған осы басқосуға шақырып, Нұртілеу Иманғалиұлы ағамызбен сол сәтте танысып білістім.
Осыдан кейін-ақ арагідік араласып-құраласып жүріп жаттық.
Қазіргідей емес, ол кезде сыптығырлау, сырықтай ұзын болатын. Өзі ширақ, сөзі кесімді, нығарлап айтқанды, нақты істегенді ұнататындай көрінді. Содан бері 10950 рет таң атып, күн батыпты. Қым-қуыт тірлік әрқайсымызды әр бұрышқа байлап қойғысы келсе де, тілеулес, тілектес жандар болған соң, күнде бірге жүргендей күй кешетініміз бар ғой.
Оның үстіне, Нұртілеу ағамыз күн сайын үйіміздің төрінде «отырып», небір қызықты жәйттерден сыр тартып отырады емес пе... Сондықтан, кездеспей жүрдім, көрмегелі көп болды деудің өзі қисынсыз сияқтады.
1998 жылы өткен Қала күніне арналған мүшәйраны да осы Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізген еді. Махаббат жыршысына айналған ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған бір топ қазылар алқасына менің:
Ей, Алматы, білесің бе?
Қалдың ба сен де күресінде.
Қашып жатыр ел, көшіп жатыр,
Шама жоқ менде тіресуге!
Ей, Алатау, расында,
Мәңгілік мүлгіп тұрасың ба?
Арналып еді-ау бір өзіңе
Қаншама мәңгі жыр-асылдар.
Е, Алматы, біз қалармыз,
Талықсығандай түзде жалғыз.
Ақырын күтіп жақсылықтардың,
Соңынан қарап із бағармыз, –
дейтін өлеңім ұнап қалған сияқты (осы жолдары ғана есімде қалыпты).
■ Сол жылдары бүкіл Алматы Астанаға көшіп кетіп қалғандай сезілді. Өзге ақындардың өлең-жырларының бәрі күшті, мықты шықты, бірақ оларда мұңайып, жыламсырап жатқан Алматының көңіл-күйі жоқ еді. Әрине, Астанаға деген ешқандай қарсылық ойда болған жоқ, бірақ отын оттап, суын ішіп отырған Алматының көз жасын көрмеуге болмайтын-ды.
Бір-ақ сәтте «тастанды» қалаға айналған шаһарымыз Алатауға ғана арқа сүйеп қалған болатын. Байқаймын, өзгелерді хабарлағандай емес, Нұртілеу ағамыз мені сахнаға өлең оқуға шақырғанда, ерекше екпінмен, үлкен ризашылық кейіппен сөйледі.
Мен «Алматы» деген басқа өлең оқимын деп әзірленіп барып едім, «Ей, Алматы, білесің бе?» деп атап айтқан соң, амалсыз, сол өлеңімді оқыдым. Сөз арасында айта кетейін, осы кішкентай өлең Тұмағаңа да қатты ұнап қалды-ау деймін, Елбасы Президенттік сайлауда жеңіске жеткен күні көшеде кездесіп қалғанда да, Жазушылар одағына мүшелікке өтерде кепілдеме алуға барғанда да, ыстық ықыласымен: «Сен ақынсың!» дегені бар. Үлкен тұлға, айтулы ақынның бір ауыз сөзі кәдімгідей қанаттандырып тастаған еді...
«Алматы ақшамы» газетінің қала күніне байланысты шыққан санында мүшәйрада оқылмай қалған өлеңім басылып шықты.
– Сенің кіп-кішкентай өлең кітабың бар менде, үйдегі үлкен кітаптардың арасына қойып қойғанмын, – деді арада бес жыл өткенде Нұртілеу ағам.
Баяғы күндер кішкене ескіріп, ұмытылыңқырап кеткендей еді. Бұл уақытта атақты журналист, теле-реформатор Қайнар Олжай ағам мені қасына жұмысқа шақырып, «Хабар» мен «Еларна» телеарналарына материалдар әзірлеп жүргенмін. Он бес минуттық авторлық «Солай болған» қысқа метражды тарихи деректі фильмдер сериясын (110 серия) жасадым.
Нұртілеу Иманғалиұлының «Бай-қуатты болайықты» айтып жүретін кездері ғой, мен әзірлеген дүниелерді эфирден көріп қалса, кәдімгідей риза болатын. Монтаждаудағы сәтті детальдар мен оралымды ойларды ойында сақтап қалып, атап айтып отырады. Жұмыс қаншама қарбалас болса да, Нұрағамның арасында дөп тауып айтатын әсерлі әңгімелері, ұтқыр әзілдері де дайын тұрады, сонысымен де көңіліңді баурап алатын қасиеті бар.
Кейіннен барып, арада біраз жыл өткен соң есіме түсті, сол баяғы мүшәйра болар кезде жаңа шыққан жұқанақтай «Ақ жауынды шақ» деген алғашқы кітабымды таратқаным бар еді, Нұртілеу ағамның қолына да сол сәтте тиген екен-ау деймін...
■ Нұртілеу ағаның: «Байбота, Бай-бота! Когда будет суббота?», – дегені және оған Байбота Қошым-Ноғайдың: «Нұртілеу, Нұртілеу! Субботаға әлі ертелеу», – деп, табанда жауап қайырған әзілдері қазір екінің біріне белгілі болар деймін.
Мұны текке айтып отырған жоқпын, Нұртілеу Иманғалиұлының өлеңге де «таласы» бар. Ол өлең жазуды сонау бала кезінен-ақ бастаған болатын. Оның: «Менің анам он төрт құрсақ көтерген алтын жүректі жан еді. Үйдің сүт кенжесі болғасын, атам бауырына басты. «Шалдың баласы» деп бетімнен қақпайтын. Ерке, айтқанымнан қайтпайтын, қайсар бала болдым. Әкем есепші болып қызмет істеді. Ауылға ақын-жазушыларды, сал-серілерді жиі ертіп әкелетін. Бірде ақын Мұқағали Мақатаев келді. Мәдениет үйінде «Көк орамал» деген өлең оқыды. Соғысқа аттанған жігітке қалыңдығы көк орамал сыйлайды. Жігіт әлгі орамалды тастамайды. Жарақат алып, жарасын таңады. Ақынның түр-тұлғасы, өлең оқуы, халықтың оған деген ықыласы маған қатты әсер етті. Үйге келіп, «Боз орамал» деген өлең жаздым. Кейін ақынның өлеңдерінен «Көк орамалды» таба алмадым. Ал мен өмірдің кейбір сәттерін өлеңге айналдыруды әдетке айналдырдым», – деп еске алуының өзінде бірталай сыр жатыр.
Бұлар да өз алдына, Нұртілеу ағаның кісі қызығатындай тағы бір керемет ісі бар. Ол гүл өсіргенді ұнататын. Оның сырын да өз аузынан тыңдап көрейік:
«Әжем Күліш емшілік қасиеті бар текті адам еді. Мені жанына ертіп, емдік шөп теретінбіз. Ауылда сырқаттанған қарттарды, бала-шағаны емдейтін. Көкке, жасыл желекке қызығушылық осы әжемнен дарыса керек. Гүлді нақты қай уақыттан бастап өсіргенім есімде жоқ. Гүлдің үлкен ғылым екенін түсіндім. Үйімнің бір бөлмесін шағын бақшаға айналдырдым. Гүлдерім көп. Олардың бірі күнді, енді бірі жарықты, бірі қараңғыны жақсы көреді. Күтім жасағанды, жақсы көргеніңді қалайды. Сондықтан гүлді тірі табиғат деп түсінемін. Кейде үйде жалғыз қалғанда гүлдеріммен сырласамын. Бір қызығы, барлық гүлдер менің жазу үстеліме қарай иіліп тұрады. Бұл – мені жақсы көретіндігінің белгісі. Жазда аулаға раушан гүлінің бірнеше түрін отырғызамын», – дейді, үйіңіздегі «көк жәшіктен түспеген», бәріңізге бір табан жақын болған тележурналист ағамыз.
Кейін зейнеттік демалыста жүргенде де, Нұртілеу аға Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында өзінің брендіне айналған сөзімен аттас «Бай-қуатты болайық!» атты бағдарламаны жүргізді. Өзінің аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама ел ішінен шыққан табысты кәсіпкерлер мен бизнесті дөңгелетіп келе жатқан іскер тұлғалардың тәжірибесін насихаттауға арналған.
«Бай болуға – кәсіп керек» деп, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақтың ендігі міндеті – ел тұрмысын жақсарту үшін кәсіпкерлікті дамытуға мықтап кірісуі тиіс. Уақыт талап етіп отырған бағдарламаның анонс-жарнамасын бере жүруді Нұртілеу аға «Бай-қуатты болайық!» деп, осыдан он бес жылдай бұрын бастап кеткен болатын.
■ Бір ойдан бір ой туады... Байқап қарасаңыз, тележурналистиканың басы-қасында жүрген тұлғалардың көбісі жазба тіліне келгенде, ақсаңқырап қалатынын білер едіңіз. Менің есіме Сағат Әшімбаев, Сұлтан Оразалин, Жүрсін Ерман, Аманғали Дайрабаев, Қайнар Олжай, Серік Аббас-шах, Арман Ысқабылұлы, бәрінен бұрын әңгімелерді «ауызша» жазудың шебері Тілеуқабыл Мыңжасарұлының есімдері ғана түсіп тұр. Басқалар да бар шығар, дегенмен, жазу шеберлігін қоса алып жүрген тележурналистика майталмандарының ішінен өзімнің білетінім осылар ғана ма деп ойлайтынмын.
Сөйтсем, көңілдегі көрікті ойларын қағаз бетіне жасырын түсіріп жүретіндері де жоқ емес екен. Соның бірі – осы біздің Нұртілеу Иманғалиұлы ағамыз еді. «Естіген жаңалықтарымды, көрген-білгенімді ерінбей дәптерге түсіремін. Дәптер толғаннан кейін, қоқысқа тастамаймын. Оны жинап, сақтай білу де өнер ғой. Үйде бір шабадан ескі қалың дәптерім бар. Бұл дәптерде ел қызыға оқитын жақсы нәрсенің жазылғанына сенімдімін», – деп тебіренгеніне қарағанда, бұрын айтылмай келген дүниелердің алдағы уақытта жарыққа шығар күндері де алыс емес деп ойлаймын.
Нұртілеу Иманғалиұлының өзіндік орны мен ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерін өлеңіне арқау ете келіп:
Елінің бір ырысы, ірі кісі,
Телегей телеөнердің құбылысы.
Мұрагер ағалардың рухына,
Құлагер Ілиястың бір інісі.
Жүйрікке өмір осы жарыс-алаң,
Ақсудың сені көрсем ағысы аман.
Бар болып, нар болып жүр алдымызда,
Ар болып сөйлейтұғын арыс ағам, –
деп, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай жырлағандай, ел көңілінде ол бәрібір қара сөздің шешені, оймақтай ойдың өлшеміндей болып қала береді.
Ғалым ағам бұл жерде «ағыс» сөзін бекер пайдаланып отырмаған болар...
Бұрынғы-соңғы телехабарларға аздап ой жүгіртіп көрсек, Нұртілеу Иманғалиұлы бастаған «ағысты» кейінгі толқын жақсы жалғастырып ала кеткені байқалып тұрады. Тіпті, қатарлас-тұстастарының өзінің сөйлеу мәнерінде, эфирдегі өзін-өзі ұстау еркіндігінде, қимыл-қозғалыс, мимикаларында Нұртілеудің нұры төгіліп тұрғандай көрінеді. Ресми түрде айтылмаса да, Нұртілеу мектебі әлдеқашан қалыптасып қойды деуге болады. Оның өміршеңдігімен есте қалған бұрынғы-соңғы «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба» т.б. бағдарламалары түрлі формаларда қайтадан көрініс тауып жүр.
Бейресми болса да, үлкен мектеп деген осы. Бұл – еткен еңбек пен төккен тердің зая кетпегендігі. Иә, осындай үлкен еңбегінің арқасында Нұртілеу ағамыз Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық Өнер академиясының құрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» атанды. Бұл, әлбетте, еңбектің еленгендігі. Десек те, оның бәрі «Танымал тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы!» деген сөздің қасында мағынасыздау болып қалатын шығар.
Әдайым ар болып сөйлеген Нұртілеу ағам тірі болғанда дүрілдетіп мерейтойын атп өтіп жатар ма едік...
Лебіз
ЕРЕКШЕ АЗАМАТ ЕДІ
Асанәлі Әшімұлы,
СССР және Қазақстанның Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Негізі, мықты азамат деген сөздің жүгі де, жауапкершілігі де өте үлкен ғой. Нұртілеу ішкі әлемі жағынан да, сыртқы болмысымен де басқалардан ерекшеленіп тұратын дара жігіт еді. Білігі мен білімі, көргені мен түйгені мол. Өзіммен талай мәрте сұхбат та жасады. Былайғы өмірде аса жиі араласып тұрмағанымызбен, жиын-тойларда, түрлі басқосуларда бірге болып жүретінбіз.
Адамның кім екені бір көргеннен-ақ байқалып тұрады, оны неше мәрте көрсем де, сол алғашқы көріп, сүйсінген қалпымнан айныған емеспін. Бұл да азаматтың мықтылығын көрсетеді.
Қазақ телевизиясына сіңірген еңбегі елдің алдында айдай анық көрініп тұратын. Жүзі жарқын, таза да батыл журналис-ті. Журналистика саласындағы рөлін айтпағанның өзінде, ол өзі жан-жақты талантты еді. Қазақы әзіл-қалжыңға да бір табан жақын жүрді. Сыртқы әдемілігі мен ішкі әлемі қабысып жатқан біртуар-тын. Өзі ақкөңіл, ақжарқын, түсінігі терең, сөйлесе кетсең, байи түсетін, өзіне тартып тұратын қасиеті бар-ды.
ЕСІМІ АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛАДЫ
Қуандық Түменбай, жазушы, Халықаралық «Алаш сыйлығының лауреаты
Бәрі адамның болмысына байланысты ғой. Нұртілеу – тектінің тұқымы еді. Жетісудағы Жаманбайдың тұсында өмір сүрген Мысық болыстың немересі. Өзі де биіктен қарап, осқырынып тұратын. Айтса, дәл айтады, айтпаса, бұрылып кетеді. Өмірде бетпе-бет келіп, төртінші биліктің ауқымды арнасы теледидарда бетке айтуды бастаған – осы Нұртілеу. «Бетпе-бет» хабары – сол болмыстың жемісі. Біздің курста адамның ныспысын оның болмысымен, айтқан сөзімен атау – үрдіс. Мысалы, белгілі қаламгер Ораз Қауғабайды «Күш атасы – аяқта» дейміз. Өйткені, ҚызПИ-дің алдында болған бір алқалы төбелесте Ораз тек аяғын пайдаланыпты. Жатақханаға келгенде, «Мұның не?» десе, «Қол таза тұру керек, онымен қалам ұстайсың. Күш атасы аяқта ғой» депті. Сонымен, оның есімі талай жылдардан бері «Күш атасы – аяқта». Әділбек Жақыпов деген Торғайдың жігіті, өзі кекештеу, «ң-ды» айта алмай, өзі жұмыс істеген облыстық газетті «Торғай таны» дейтін. Оның Қонысбай Әбіл қойған есімі «Торғай таңы» дегенді зорға айтады» болып кетті. Әшірбек Амангелдиевті «Басынан бастайын» дейтінбіз. Өзі ұғымтал студент, семинарда бәрін жаттап алып, ұмытып қалса: «Ағай, басынан бастайын» дейтін. Жүніс Сахиев екі стипендиясын қиып, телескоп сатып алып, түнімен қою түнге шұқшиып шығады. Бірде оянып кетіп, бөлмелесі Ораз: «Жүке, ұйықтап қалдық қой» десе, «Жұлдыздар жерге жақындап қалды» депті. Оның есімі әліге дейін «Жұлдыздар жерге жақындап». Декан Қожакеев тосыннан жатақхананы тексеріп, бөлмесі жуылмаған Ұлықбекке «Жатақханамен қош айтыстыңыз. Жүгіңді тектеп жүре бер» десе, Ұлықбек: «Ағай, менің қоғамдық жұмысым бар ғой, спортпен де айналысып жүрмін» депті. «Спорттың қай түрімен?» дейді декан. «Бокспен». Сонда ұстазымыз: «Елдің қамы үшін біреуді есеңгіреткен Есдәулетов деген боксерді естіген жоқпын. Қоштастың жатақханамен» деп, шұғыл шешім шығарыпты. Содан әйгілі ақынның жанама есімі «Есеңгіреткен Есдәулетов». Нұртілеудің осындай өмірдің өзі қойған есімі «Бетпе-бет» еді, кейін «Бай-қуатты болайыққа» ауысты. Өйткені, екінші есімінің экономикалық маңызы зор болды, заман да солай қарай бұрылды.
Нұртілеу – қазақ тележурналистикасындағы құбылыс. Біздің жаңа қалыптасқан телевизиямызда оның есімі алтын әріппен жазылады.
БІР ӨЗІ – БІР ТӨБЕ
Мақпал ЖҮНІСОВА,әнші, Қазақстанның халық артисі
Нұртілеу ағамыз туралы тек қана жақсы сөз айтылуы тиіс сияқты көрініп тұрады. Өйткені, бұл ағамыз осыған лайықты еңбек сіңірген азамат қой. Мен үшін, алдымен, адамгершілігі мол азамат ретінде көңіл төрінде тұрады десем, артық айтқаным емес. Кездесе қалған жерде, қарындасым деп, іші- бауырына тартып, өзіңді жақсы көріп, сыйлап тұратын. Адал сөзін, ақ ниетін бірден аңғарып тұрасыз. Оны менің басыма қиын-қыстау жағдай туғанда да байқадым. Зәкең дүниеден өткенде де, келіп көңіл айтып, одан кейін де хал-жағдайымды біліп, азаматтық танытып тұрды. Міне, жалпы осындай азаматтығы, адамгершілігі тұрғысындағы өзіндік орны қандай болса, журналистика саласында да жеке бір төбе дер едім. Нұртілеу Иманғалиұлы – қайталанбас журналист. Нұртілеу десе, елдің елең ете қалатынын мойындау керек. Шындықты, халықтың мұң- мұқтажын қозғап, барлығын бетке айтып отыратын журналистердің ішіндегі бірегейі.
ТЕЗ АРАДА ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАҒА АЙНАЛДЫ
Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның Халық ақыны
1972 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне қабылданған студенттерді Алматы облысына темекі жинауға жіберді. Жұмыстан босаған кешкі уақытта студенттердің барлығы гитараға косылып ән салып отыратын. Бәріміздің сүйікті әртісіміз Николай Овягинге ұқсайтын ұзын бойлы,
Бидай өңді, шымыр денелі жігіт жақын келді де: «Гитараңды бере тұрасың ба?» деп сұрады. Бұрауын бір тексеріп өтті де, құлаққа жағымды жұмсақ дауыспен бір-екі ән орындап берді. Гитараны да жаман ойнамайды екен. «Жақсы, әншілікке кандидат екенсің» дедім ризашылығымды жасыра алмай. «Нұртілеу» деп жымия күліп, салалы саусақтарын ұсынды.
Біздің достығымыз да, сыйластығымыз да сол күннен басталды. Университетте сабақ басталысымен көп ұзамай ансамбль ұйымдастыру ісін қолға алдык. Ең бірінші шақырған өнерпазым, әрине, Нұртілеу болатын. Ансамбльде бізден басқа Бақберген Табылдиев, Бақыт Ахметовтер ойнады. Әншілеріміз атақты Жәнібек Кәрменов, Марат Нұрқалиевтар болатын.
Нұртілеудің қолынан күндіз-түні кітап түспейтін.
Басқа балалар қиындығынан қорқып, басын алып қашқанда, қайсар мінезіне басып, араб тобына жазылды. Жасыратыны жоқ, ол кездегі ауылдан келген балалардың басты кемшілігі – орыс тіліне шорқақтығы болатын. Нұртілеу болса, орысша сөйлегенде, орыстардың өзін жаңылдырады. Оның бір қасиеті – бөтен ортаға барғанда,, біз құсап состиып тұрып қалмай, кәрі болсын, жас болсын, қазақ болсын, басқа болсын, бірден іші-бауырына кіріп кетеді. Көзді ашып-жұмғанша тіл табысып, бұрыннан білетін адам сияқты араласып кетеді. (Нұргілеудің жолдастары, негізінен, спортшы жігіттер еді. Онын бокстасқанын көргенде, шебер де шапшаң қимылдайтынына қызығып, аузымызды ашып қайтатынбыз. Мектеп партасынан кеше ғана шыққан біздерге оның жуан жұдырығы талай жерде қорғаныш болып еді.
Оқуды бітіріп, еңбекке араласқан сәтте балалардың басым бөлігі газетті жағалады. Өйткені, көпшілігі бейнеті басым, машақаты көп деп, телевизиядан қашкақтап тұратын. Нұрекең өзінің тәуекеліне салып, қызу енбек қайнап жатқан тележурналистердің ортасына қойды да кетті. Тек қана араласумен шектелмей, өзінің қолынан іс келетінін дәлелдеп те үлгерді. Сөйтіп қолтаңбасы қалыптаскан, көрермендері жүздің ішінен жаңылмай
танып алатын белгілі тұлғаға айналды.
ЛАЙЫҚТЫ МАҚТАН ТҰТТЫҚ
Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ, ақын:
Біздің курстастар жайында небір қызық әңгімелер айтып шығуға болады. Сол әңгімелердің бел ортасында негізгі кейіпкерлердің бірі больш Нұртілеу Иманғалиұлы жүрер еді. Нұртілеудің жеке қасиеттеріне қысқа ғана тоқталсам, оның ең бірінші касиеті – өте еңбекқорлығы. Екінші, жанында жүрген адамдардың бәріне жаны аши білетін бауырмалдығы. Біздің жасымыз Нұрекеңнен кішілеу болды да, бізге сол кездері ол үлкен қамқорлық танытып, ағалық көрсетіп жүрді. Үшінші, оның керемет сазгерлігі, әншілігі бар. Кезінде Бақберген Табылдиев, Марат Нұрқалиев, Қонысбай Әбіл, Ұлықбек Есдәулет бар, Нұртілеу – барлығы ансамбль де құрған-тұғын. Бұл ол кездері өзі сондай бір жақсы ағымға айналған әдемі нәрсе еді. Қонысбайдың өз әндері, Марат Нұрқалиевтың әндері шырқалып жүрді. Бұл әндерді қазір де теледидар бағдарламаларынан естіп қалып жүремін. Ұлықбек пен Қонысбай әндерге де сөз жазатын.
Нұртілеудің ешкім біле бермейтін ең үлкен қасиетінің бірі – оның ақындығы. Айналасындағыларға көрсете бермегенмен, тәп-тәуір дүниелер. Алайда, менің осындай дүниелерім бар еді деп, газеттерге ұсынып жатқанын байқамаппын.
Нұртілеу – көңілді жүретін, тіпті қалжыңбас, қазақы әзілдердің де майын тамызатын ақкөңіл азамат-ты. Досқа адал, дұшпаны бар болса, оның өзіне азаматтық таныта білетін адамгершілігі мол-тынт. Жалпы, Нұртілеу жайында мақтанышпен талай әңгіме айтуға болады. Зейнолла Қабдолов ағамыздың Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов туралы айтқанындай, біз Нұртілеумен мақтанамыз.
ОЛ МЕНІҢ АҚЫН, СЕРІ ДОСЫМ-ДЫ
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық артисі, режиссер:
Мен консерваторияда оқып жүрген кезімде КВН-нің капитаны болдым. Сод кезде ҚазМУ-дің студенттері бізге консерваторияға келді. Сонда Нұртідеуді алғаш рет көріп, таныстым. Од кезде Қонысбай Әбіл, Ұлықбек Есдәулет, осы Нұртілеу – бәрі ҚазМУ-дің КВН мүшелері болатын. Мен оны сол 1975 жылдан бастап жақсы білемін.
Нұртілеу қазақтың маңдайына біткен бойы да биік, ойы да биік, өзі де жарқын, сөзі де жарқын, көзі де жарқын азаматтың бірі-ді.
Кезінде Нұртілеу Қазақ телевидениесінің Жастар бағдарламасында азамат ретінде көп жұмыстар атқарды. Нұртілеу дарынды жігіт еді. Нұртілеу сұлу еді, Нұртілеу – сері еді. Менің ақын досым еді...
Қазыбек ИСА
НҰР ТІЛЕУЛІ НҰРТІЛЕУ
Телеарнаның терең білгір кемелі,
Толғап сөйлер толып ылғи кемері.
Нұр тілейтін қазағына Нұртілеу,
"Бай-қуатты болайық" деп келеді!
Қара шалдың қайсар ұлы көрінбей,
Қалса болды іздейді ел ерінбей.
Келе жатыр айқасса да "Бетпе-бет",
Бұл өмірдің "Көкпарында" жеңілмей!
Дайын дәйім кімге болсын жәрдемге,
Өлең жазар тек өзі үшін әр демде..
Асау Ақсу толқынындай арыны,
Тең сөйлесер қарамен де, ханмен де!
Жақын жүрсең, жанын жақсы ұғасың,
Кең жаяды достарына құлашын.
Монша жайлы сөйлегенде сағаттап,
Қарап тұрып буға түсіп шығасың...
Тектілікте жатыр деймін сірә, мән,
Тепсінісіп, теңдік талай сұраған,
Ұлт мүддесін қорғауменен жүр ағам.
Ілиясты қайта бүгін жаңғыртты,
Рухы ұрып тұратұғын Нұрағам!
"Оқы" деумен өтті Ленин өмірден,
"Нан мен әнге" Брежнев семірген.
Қанша биік жоғарыдан айтса да,
Дәл өзіңдей шықпады олар көңілден!
Көсемдердің ұмыт болып өлеңі,
Шешендердің сөзі жасап келеді.
Нұртілеудің нұрлы жүзін көргенде ел,
БАЙ-ҚУАТТЫ боларына сенеді!