Адасқанның алды жөн, арты – соқпақ
2022 ж. 18 шілде
3399
0
Мен осы кезге дейін баспасөзде, әлеуметтік желілерде белсенді болған емес едім. Біріншіден, өмір бойы білім-ғылым саласындағы қайнаған қара еңбектің ортасында жүрдім, сондықтан уақытым да болмады. Екіншіден, өтірігі қайсы, шыны қайсы, ажыратып білуге қиын ақпаратқа алаңдай беруді жөн көрмедім. Әркімнің өз шындығы өзінде, талқыласып, таласып та бәтуа таппайсың...
Алайда, осы жазбамды көпшілік назарына жариялауға айрықша бір себеп болды. «Аласапыран алып қашпа сөздің бірі ғой» деп назарымнан тыс қалдыра алмадым. Әңгіме қайсыбір филолог Зәуре Батаеваның «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» атты мақаласы төңірегінде өрбімек. З.Батаева Абай Құнанбайұлы шығармашылығына, тіпті, ақынның өмірде шын болғанына күмән келтіріп, «Абай мен алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бір адам болуы мүмкін» деген ақылға сыймайтын ойды ортаға тастаған.
Екі мың жыл өтсе де, Конфуцийдің іліміне қытай халқы шаң жуытпай, қазірге дейін мемлекеттік идеология мен діннің, білім мен мәдениеттің тұғыры, дамудың кепілі ретінде қастерлеп отырғанда, бұдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген, өмірбаяны күмән мен қиял-ғажайып аңыздарға толы Шекспирді ағылшын ұлты өнерінің королі, ұлылығының символына сайып отырғанда, әлем әлдеқашан мойындаған, адамзаттың алыбы Абайға шаптыққанымыз не деген бассыздық? Бұл – ұлтының уызына жарымаған, жөргегінен жеріген алаңғасар адамның сатқындық сипаты, рухани бейшаралығы. «Қай жерден шалсам екен» деп, алақанын үйкеп отырған сыртқы жауларымыз да, ана тілінің, ұлттық мәдениетіміздің қадірін түсінбей, байыбына бара алмай, желкілдеп тұрған кейбір жастарымыз үшін де бұл мақала отқа май құйғанмен бірдей. Қауіпті.
Абайдың 3-ші қарасөзінде: «қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының себебі не?» деп қапалануының, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» - деп өсиет етуінің тегін еместігі тағы да алдымыздан шығып отыр.
«Кәсіби әзірлікке қатысты айта кетер тағы бір жайт – қазіргі Абайтану саласында қызмет етіп жүргендердің 90 пайызының ғылыми дәрежесінің аса күмәнді екенін көпшілік мен айтпасам да біледі»- деп Абай шығармашылығын зерттеуші ғалымдарымыздың бәріне топырақ шашқан Зәуре Батаеваға ол кісілер өз жауабын бере жатыр.
Сұлтан-Хан Аққкұлы Жүсіптің «Геростратова слава» Зауре Батаевой» мақаласында Абай туралы нақты фактілерге, Әлихан Бөкейханұлы және басқа Алаш ардақтыларының еңбектеріне сүйене отырып, псевдоғалым Зауре Батаеваның «жаңалығын» тас-талқан еткені де жеткілікті.
Менің қосарым: Абай ешкімнің арашалауына мұқтаж емес, «Абайдың өзі де рас, сөзі де рас».
Ендігі мәселе, бұл оқиғаның астарына, себептері мен қатерлі салдарларына ой-жүгірту қажеттігінде жатыр. Бұл жайлы аса қадірлейтін әріптесім, белгілі ғалым және ұстаз, педагогика ғылымының докторы Жанат Дәулетбекова «онсыз да өткенінен қол үзіп, адасып жүрген жастарымызды жаңылдыратын «жаңалығымен» одан әрі құрдымға тартып кете ме деп қорқамын. «Тегің жақсы еді» дегенге күмәнмен қарап, «ата-бабаң қоймен бірге өріп жүрген надан еді» дегенге имандай ұйитын ұлттық рухы әлсіз жұртымыздың мәдени иммунитетіне сын бұл "жаңалық" - деп жазған пікірінен үлкен қобалжу байқадым. Атақты абайтанушылар Мекемтас Мырзахметұлы, Ғарифолла Есімді, Абай мен Шәкәрімнің атақты насихатшысы Омар Жәлелді айтпағанда, қашан да қазақ тілі мен әдебиетінің қамқоры болып жүретін Гүлтас Құрманбай, Асқарбек Құсайынов, Қарлығаш Қабдолова, Анар Салқынбай, Күлпаш Сариева сияқты ардақты ғалымдарымыздың да бұл туралы өз айтары бар екені анық.
Дегбірімді қашырып, «қолыма қалам алдырған» да осы мәселе.
Мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында көп жыл қызмет атқардым. Орта білім берудің стандарттары мен оқу бағдарламаларын, Тәрбие тұжырымдамаларын әзірлеуге бір кісідей атсалыстым. Басты мұратым, қызметімнің басты мәні білім берудің ұлттық идеяға құрылған үлгісін жасау болды. Академиядағы ғалым әріптестерімізбен құндылықтарға негізделген, ана тіліміздің көсегесін көгертер, балаларымызды ұлттық мәдениет бал-бұлағынан сусындатар ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП Тұжырымдамасын (жоба нұсқасын) әзірлеуге талпындық.
Өкінішке орай, солардың ешқайсысы жүзеге аспады. «Баяғы жартас – бір жартас», осы кезге дейін кеңестік дәуірдің құлдық құрсауынан шыға алмаған ортаның жанымызға да, жадымызға да жат шетелдік тәжірибелерге табынуды жөн санайтынын көрдік. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, өзіміздің табиғи болмысымыздың тамырына тереңдеп үңілуден туған жаңа идеяларды түсінуге құлық та болмады, бәлкім, құзырет те жетпеді.
Біз әзірлеген тұжырымдалардың мазмұны мен мәні, тарихы жайлы келесіде жазармын. Бүгінгі айтпағым – тұжырымдамада Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боларсың елден бөлек», – деген «Толық адам» Концепциясын мектептегі білім мазмұнының философиялық тұғырнамасына айналдыруды ұсынғанымыз. Осы кезге дейін талай мақалаларымда, атап айтсам, 2009 жылы «Айқын» газетінде шыққан «Жаңару мен дамуға өту үшін халқымызға рухани өрлеу қажет» – деген газет редакторы Әділбек Қабаға берген сұхбатымда бұл мәселені қозғаған едім. 2016 жылғы 14 және 15 қарашада шыққан «Тәуелсіздікті нығайту тетіктері» айдарындағы мақаламда хакім Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, талап¬тыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегіңде болсын көз» деген дара сөзіне, «Ақылмен ойлап білген сөз, бойыңа жұқпас, сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз, бар тамырды қуалар»,-деген насихатына жүгіндім. Дәрістерімде, ұстаздармен кездесулерде шетелдік ортаңқол ғалымдарға сілтеме жасаумен әуестенбей, Абайдың осы ғұламалық тұжырымын «қазақ білімінің парадигмасына, ұранына айналдырып, әр мектептің маңдайына жазып қойса болар еді» – деп айтып жүрдім.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің 2020 жылғы 8 қаңтардағы «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. «Абайдың «Толық адам» концепциясы өміріміздің кез келген саласының, білім жүйе¬сінің негіз¬гі тұғырына айналуы қажет» - деп айтқанда, бір үлкен бетбұрыс боларына сеніп, бөркімізді аспанға лақтырғанымыз бар. Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың «санамызды жаңғыртып, сапамызды арттыруда Абай еңбектерінің алар орнының ерекше... Абай мұрасы – отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің негізі» деген фейсбуктегі жарияланымын оқып, қанатымызды қомдай түскенбіз.
Абай жүрегінің түбіне терең бойлап, даналығынан нәр алып, бойыңа дарыту оңай шаруа емес. Сонда да болса 2021 жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің тапсырысымен 12 жылдық білім берудің тұжырымдамасын әзірлегенде де, осы жылы жаңартылған білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу бағытындағы жұмыс барысында да Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын білім мазмұны мен тәрбиенің темірқазығы ету идеясын ұсындық.
Осы тұста Абай мұрасының қазақ білімі мен тәрбиесіндегі құдыреті алдымызда ашыла түскендей болды. Абайдың «Толық адамы», «Бес асыл ісі» дәл қазіргі оңымыз бен солымызды ажырата алмай жүрген алмағайып заманда қаншалықты мәнді екенін түсіндік. Тіпті, Абай пәлсапасының АҚШ космосты игерумен парапар бағалап отырған заманауи нейропедагогиканың пастулаттарымен, Европалық ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының «Learning Compass 2030» бағдарламасымен астасып жатқанын аңғардық, таң қалдық. Осы Темірқазық мұраны екшей келе Ұлттық мектептің жаңғырған білім мазмұнына тұғырнама болатын ұлттық құндылықтардың тізбесін жасадық, ұстазға да, оқушы балаға да түсінікті болсын деп, олардың ішкі мәнін аштық. Мектептегі оқу пәндері бойынша қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасында дау туғызып жүрген лексикалық тақырыптарды осы құндылықтарға негізделген кең ауқымды тақырыптарға ауыстыруды ұсындық. Ел қадесіне жарай ма деп жүрегімізге жалау болған осы тұжырымдаманы әзірлеуге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының сол кездегі президенті, ұлтжанды, қайраткер тұлға Ғани Бейсембаев жан-жақты қолдау көрсетті, мыңжасағыр ұстазым, философ-ғалым Рахметолла Башарұлы, қазақтың бір қайсар қызы, ғылым докторы Жанат Дәулетбекова, Қазақстанда бірінші болып «Даналық әліппесін» жасаған Бижан Игенбаева, белгілі дидакт-ғалым Әкімжан Сайлыбаевтар ақылға ақыл қосты.
Өкінішке орай, Академия басшылығы ауысқан тұста осындай игі бастаманың бәрі тағы да тоқырап тұрып қалды: себебі оған назар салып, мән берген жан болмады. Ең өкініштісі сол: қолына билік тізгіні тиген кейбір «modern» жас буын өкілдері біздің ұлттық құндылық, Абай ұлағаты туралы ұстанымдарымызға «ескіліктің сарыны» дегендей миығынан күле қарады.
Кейбір ресми тұлғалардың Мемлекет басшысының «Толық адам» туралы аса құнды нұсқауына, Абай Концепциясына, біздің Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты Ұлттық мектебін құрудың негізі ретінде ұсынған тұжырымдарымызға назар салмағанына таң қалдық, налыдық, күйіндік.
Шындығында, өз ұлыларымызды ұлықтай алмасақ, ұлттық құндылықтарымызды құнды білімге, құтты білікке айналдыра алмасақ, тамырынан ажырап, желге ұшқан қаңбақтай, қайдан шыққанымызды, қайда бара жатқанымызды аңғара алмайтын осы адасқан, шатасқан қалпымызда қала беретін түріміз бар-ау деп қапаландық.
Сол адасқан, сол шатасқан кейпіміздің айқын дәлелі – сөз басында айтқан Зәуре Батаева сияқтылар. Жатқа жалтақтайтын ескі әдетімізден арылмасақ, білім мазмұны мен тәрбие жүйесін ұлттық құндылықтарға негіздеп құра алмасақ, Абай айтқан «Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең, көп айтса көніп, жұрт айтса жүре беретін наданның» қатары көбейе берері анық. Қайран Қадыр ағамыз айтқандай, «байлығы көп ел» деп саудагерлер қаптап, «рухы жоқ ел» деп кім-көрінген таптап» кетпесіне кім кепіл?!.
Осылайша, ойымның біразын ортаға салдым! Айтарым әлі көп. Бұл сөздің түйіні - «қолымызды мезгілінен кеш сермеп», «алдымыз жалын, артымыз мұз» болып жүрмейік, ағайын!
Әділхан Дүйсебек,
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері