ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

Қазақтың ұлы ақыны Мұқтар Шахановтың сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы туған жері Отырардан басталғаны белгілі. Арыстан бапқа зиярат еткеннен кейінгі Шәуілдірдегі Мәдениет сарайындағы елмен кездесу халықтың Мұқтар Шахановқа деген ыстық ықыласын көрсетті.

ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Сенат депутаты Әлімжан Құртаев оқып берді. Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев облыс әкімі Ө.Шүкеевтің құттықтауын жеткізді.

Сонымен бірге Қызылорда облысы әкімі Нұрлан Нәлібаевтың құттықтау хатын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов оқыды. Ақынды ақ тілегімен сенатор Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов  құттықтады.

Белгілі ел ағалары Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырхахметов, Серікжан Сейтжанов, танымал қаламгерлер Ханбибі Есенқарақызы, Көпен Әмірбек, Құлбек Ергөбек және тб жүрекжарды ақ тілектерін айтты. Әйгілі айтыскер Бекарыс Шойбек жыр арнап, белгілі әнші Хадиша Шалабаева бастаған әншілер өнер көрсетті.

Мұқтар Шахановпен ең күшті кездесу 13 шілдеде Академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өтті.

Кездесуге Мұқаңның артынан ерген ақын інісі, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қатысты. 

Жиынды белгілі ғалым, филологя ғылымы докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы академигі Құлбек Ергөбек ерекше шабытпен жүргізді. 


Университет ректоры, медицина ғылымы докторы, Түркістан облыстық мәслихаты депутаты Рабиға Қуатбекова әсерлі құттықтау сөз сөйледі.

Осыдан он жыл бұрын Мұқтар Шахановтың 70 жасқа толғанда университеттегі кездесуде марқұм әкесі, академик Әбдімұса Қуатбековтың арқа-жарқа қуанып жүргенін, “тірі болғанда бүгінде әкем де сексеннің сеңгіріне шығып, қос құрдас төрімізде жарасып отырар едіңіздер” деп, бір толқып алды.


СІЗ КЕЛЕДІ ДЕГЕНДЕ ҚАТТЫ ҚУАНЫП, ЕРЕКШЕ СЕЗІМДЕ БОЛДЫМ - Рабиға Қуатбекова

Құрметті де, қадірменді Мұхтар аға және кеш қонақтары!

Бүгін Шымкент қаласында біздің оқу орнымызда үлкен қуаныш,той десек те болады! Анадолыдан бастау алған ақын тойы туған жерінде жалғасып, бүгін біздің оқу орнымызда өтуі біз үшін үлкен құрмет. Себебі, Еліміздің қоғам қайраткері, қандай қиын күндерде де халқының қасынан табылған, қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы, қашанда туралығын айтқан, қазақ әдебиетінде дара қолтаңбасымен айшықталған ақын Мұхтар Шаханов ағамыздың 80 жылдық мерейтойы. Биыл Мұхтар ағаның ұлт руханиятына сіңірген зор еңбегі ескеріліп, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады.

Осындай үлкен құрметке кез келген тұлға ие бола алмайды. Мұхтар ағаның халқы, Отаны үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Санамалап айтсақ сан жетпейді. Соның ішінде ең өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ жастарын «Нашақор» деген аттан арашалап, желтоқсан қаһармандарын ақтап, олардың нағыз батыр екендігін дәлелдеген де Мұхтар ағамыз. Қазақ жастарының тағдырына балта шабылмасын деген мақсатпен олардың ұлттық рухта тәрбиеленген жастар екендігін Мәскеуде Бүкілодақтық халықтар съезі мінберінде көтеріп, тәуелсіз комиссия құрып, оны өзіңіз басқардыңыз. Сол кездегі тоңмойын билікпен тайсалмай күресе жүріп, Желтоқсан көтерілісін ұлт-азаттық қозғалыс өресіне көтеріп, қаймықпай айтып, қазақ елін жаладан арашалап алған да өзіңіз. Қазақтың ұмыт қалған Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін елімізде кеңінен атап өту мәселесін де көтеріп, жыл сайын тойлауымызға ерекше үлес қосқан да өзіңіз. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы жолында да аянбай еңбек сіңірдіңіз. 

Сіздің шығармашылығыңыздың ерекшелігі- ұлттық мүддені көтеруіңізде. Еңбек жолыңызды өзіңіздің туған жеріңізде бастап, облыстық “Оңтүстік Қазақстан” газетінде корректор, әдеби қызметкер болып бастағаныңыз бүгінгі жастарға үлгі десек болады. Сіз, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі секілді жауапты қызметтерді де зор абыроймен атқардыңыз. Барлық уақытта қарапайымдылық қалпыңызды сақтадыңыз. Қаншама жоғары қызметте жүрсеңіз де, қаншама марапат иесі болсаңыз да, халықтың жанынан табылдыңыз. 

Осыдан бес жыл бұрын, 2016-2017 оқу жылында Сіз біздің университетке келіп, студент жастарымызбен кездесіп, кереметтей кеш өткізген болатынбыз. Сол кеште билік тарапынан қысым жасалып жатқанына қарамай Сізбен кездесу өткізген менің әкем Әбдімұса Мұратұлы “қазақтың батыр да, қайсар ұлы” деп өзіңізге ерекше құрмет көрсетіп еді. Әкемнің бойындағы қарапайымдылық пен адалдық қасиеттері осындай оқу орнының төріне өзіңіздей ағаларды шақырып, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсіру болды. Университетке Сіз келеді дегенде қатты қуандым, ерекше сезімде болдым. Әкем тірі болғанда, Арыс өзенінің суын ішіп өскен екі құрдас әзілі жарасып, өткен күнге бір саяхат жасар еді-ау деп ойлаймын… Бірақ ортамызда өзі жоқ болғанымен әкемнің атына берілген академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Сізбен кездесу өтуін үлкен жетістік, зор құрмет деп білемін. 

Қырғыз елімен достықтың алтын көпірін салып, Шыңғыс Айтматовпен дос болуыңыз Халықтар достығы университетінде білім алушы бакалавриаттарға, магистранттарға, докторанттарға, оқытушы-профессорларға өнеге болып қалады.

          Құрметті Мұхтар аға, 80 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Сіздің өсиет-өнегеңізді өскелең ұрпақ жадында сақтап, өлең-жырларыңызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге шығармашылық табыстар тілейміз. 

Қазақтың маңдайына біткен Сіздей ұлы тұлғаларымыз аман болсын.

Ректор Мұқтар Шахановқа сыйлық ретінде университетте жасалған ақынның тоқылған гоболен портретін табыстады.


Мұқаңның аңызға айналған ерлігі -1989 жылғы Мәскеудегі Желтоқсан көтерілісі ақиқатын жариялауы еді. Осы көріністің видеосы көрсетіліп біткенде залдағы бүкіл жұрт орындарынан тік тұрып қол соқты.

Кездесудің кереметі - құлаш-құлаш баяндама, шексіз мақтаулар емес, 30 оқушының сахнаға жарысып шығып өлең оқуы болды. Алдымен 15 оқушы жыр оқығанда, сағат 12-де басталған жиын түскі сағат 2-ден ауып бара жатқан. Құлекең жиынды қорытып та қойған болатын. Залдың арт жағынан екі-үш оқушы қыз өлең оқығылары келіп, қайта-қайта қолдарын көтеріп қоймады.

-Өлең оқымасаң, болмай ма?-деп сұрады ерекше белсенділік танытып тұрған қыздан Құлекең оның меселін қайтарғысы келмей.

-Иә, бір өлең оқиыншы?-деп қиылды ол.

-Жарайды, қысқа бір өлең оқи ғой.

Құлекең айтып, ауыз жиғанша залдан біреу емес… он бес оқушы дүр етіп көтеріліп, сахнаны жаулап алды.


Әр оқушыға бір шумақтан оқуға рұқсат берілді. Бірақ шабыттанып алған оқушылар бір шумақпен тоқтала қойған жоқ. Бәрі де ерекше шабыттанып жыр оқып тұрғанда, шауып келе жатқан жүйріктің алдын арқан керіп тоқтатқандай үзіп тастаудың өзі қиын еді…


ЕҢ БАҚЫТТЫ АҚЫН - ЕҢ КӨП ОҚЫЛАТЫН АҚЫН! - Қазыбек Иса

-Елдің бәрі интернетке ауып, балалардың барлығы қолтелефоннан қол алмайтын кезде, біз оқушылардың осылай жырға деген ынтызарлығына куә боламыз деп ойлаған жоқ едік. Оларды жырға іңкәр етіп тұрған қазақтың ұлы ақыны Мұқтар Шахановтың отты да, ойлы жырлары.

Ең бақытты ақын - ең көп оқылатын ақын!

Біз тағы да еліміздегі ең көп оқылатын ақын Мұқтар Шаханов екеніне көз жеткіздік.

Өйткені, Мұқаңда елдік, ұлттық, отаншылдық патриоттық жырлардан мөлдір махаббатқа дейін, бәрі бар. Оқырман не қаласа, соны алады. 

Өткенде екі ай бұрын осы жоғары оқу ордасы еліміздегі жоғары оқу орындары арасында бірінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылған «БІЛІМ және ҒЫЛЫМ: IV ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ СЫН-ҚАТЕРЛЕРІ» тақырыбындағы академик Ә. Қуатбековтің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізгені белгілі. Енді міне, рухани, әдеби-мәдени шарасы да керемет өтті. 

Мұқаң қанша шаршап отырса да, елдің жырға деген ерекше ықыласын көріп, сергіп кетіп, қатты риза болды. Мен Мұқаңа: “Сіз ең бақытты ақынсыз” деп, елдің зор бағасын жеткіздім.

Сонымен Мұқаңның сексен жасқа толған мерейтойы бастауында Шымкент қаласындағы ең бірінші кездесуді осы академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өткізуі өзін күшті ақтады.

Қуатбеков университетінен қуат алып шыққан ақын да, оқырмандар да рухани шараға дән риза болдық!-деп, өз ойын бөлісті ақын депутат Қазыбек Иса.

Ақынмен кездесу ертеңіне Сарыағаш қаласында өтті. Құдай қаласа, күзде Мұқтар Шахановтың 80 жасқа толған мерейтойы қасиетті Түркістан қаласында жалғасады.



Анықтама үшін: “Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті" 2019 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан экономикасы саласындағы көшбасшыларды марапаттау рәсімінде "2018 жылдың Көшбасшысы" атағына ие болды.

Университетте 50 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Оның ішінде 34-бакалавр, 13 – магистратура, 3-докторантура бойынша білім беру бағдарламалары бар.

Бүгінгі таңда, білім алушылар контингенті жалпы 6778 студент. 2022 жылға күтілетін түлектер саны 8031 білім алушыны құрайды. Шетелдік студенттер контингенті 807 студентті құрайды, Шымкент қаласы әкімнің гранты бойынша 47 студент оқиды.

Университет ПОҚ жалпы саны 347, оның ішінде 28 ғылым докторы, 129 ғылым кандидаты, 18 PhD және 120 магистр-оқытушы бар. ЖОО бойынша дәрежелілік ЖОО 50,4% құрайды.

2022 жылғы 17-20 мамыр аралығында ЖОО "Коммерциялық емес Қазақстандық Аккредиттеу орталығы" НУ 12 білім беру бағдарламасы бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті.

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті Ресей, Белоруссия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша, Түркия, Малайзия, Египет, Кипр, АҚШ және ҚХР сияқты жақын және алыс шетелдердің жетекші Жоғары оқу орындарымен шарттар жасалған.