ОЛ ХАЛЫҚТЫҢ САНАСЫН ОЯТТЫ...
2022 ж. 12 шілде
2914
0
Режиссер Болат Атабаев туралы сыр
Болат Атабаев Қазақстанның орталығы Қарағанды мен Теміртау тұрғындарын бірден елең еткізе келді...
«Не дейсің, Теміртаудағы неміс театрына неміс тілін суша ағызатын қазақ жігіті режиссер болып келіпті...» деген таңқалысқа толы әңгіме өнер мен мәдениет майданында жүрген адамдар арасына тез-ақ таралып кеткен-ді. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет ететін біз де сол кезде таныстық, ол қойған спектакльдерді көрдік, өзімізше пікір жаздық...
Ойы оқшау, пікірі ашық, әрекеті кейде оғаш-оғаш. Көпшілік қазақтар секілді ыздиып, үзіліп тұрып алмайды, айтары айқын, батыл. Түйсік пен түсінігінде европалықтардың ықпалы бар. Ер мен әйел арасында ғана қалатын сырлы дүниені сахнада ашып-шашып тастаған тұста талып та қала жаздағанбыз. Сосын «мынау не ұятсыздық...» деп, партия ұйымына жан ұшыра шақырып, түгіміз қалмай талқылаған сәтте: «Сіздерге театр саясат айтатын трибуна, тәрбие жұмысын жүргізетін бала-бақша емес! Бұл – өнер. Өнер өмірдің көшірмесі емес, одан биік, басқаша...таным мен талғамдарыңызды өзгертіңіздер...» деп, театр өнерінің қоғамдағы рөлін «қызыл коммунистерге» түсіндірмек болып, талай сарқыла, таусыла сөйлеген.
Бірақ, олар естіген жоқ, естігілері де келмеді. Өйткені олар басқалардың пікірін тыңдап, құлақ асу қабілетінен айрылып, «айттым бітті, кестім үзілді» деген әміршілдік әрекетке баяғыда үйреніп, оған көнуге халықты үйретіп алған- ды. Бірақ Атабаев олар солай болып қалды екен деп түсінік, танымын өзгертпеді, ойын әр жерде ашық айтып жүрді.
Енді сол театрға режиссер болып неміс тілін жете білетін қазақ азаматының келуі облыс ішінде, қала берді республика бойынша тосын оқиға болды. Қазіргідей емес ол кезде шет тілін жете білетін, оның ішінде режиссер мамандығын меңгерген адам жоқ (әлі де жоқ). Ал Атабаев сол кезден-ақ дара еді.
***
Ол бұған дейін консерваторияны бітірісімен республиканың біраз театрларында спектакльдер қойды, өзін сынады, сыналды. Бәрі бір ол өзіне әлі бір нәрсенің жетпей тұрғанын түсінді де білім жинауға Германияға кетті. Мұнда өмір де, тіршілік те, мәдениет те, өнер де, оған деген қатынас та мүлдем өзгеше. Осы өзгешелік оның жан дүниесіне революция жасады. Айырманың ара жігін, себеп салдарын табу үшін «Неге?» деген сұрақты қойып, жауап іздеді.
Жас адамның өзін өзі артықтау бағалап, асқақтап жүретін әдеті ғой. Оны бір кемшілікке санап, сөлекет көрудің де қажеті жоқ. Сондай асқақтықпен, өзіне деген сеніммен жұмысқа кіріскен Болаттың таным мен талғамы басқаша неміс актерлары бірден демін басты. Олар режиссер алдына: «бүгінгі мақсатымыз… не айтасыз бізге?» деп, алғашқы репетицияны сұрақ қоюдан бастады. Бұрын қазақ театрларында ұздық-создық, еркіндеу жүріп, өз дегенін істетіп үйреніп қалған Болатты олардың бұл талабы алғашқы күні кәдімгідей-ақ қобалжытып тастаған. Тіптен біреуі «сіз бүгінгі репетицияға дайындалмай келіпсіз» дегенді де айтып салыпты.
Сол күннен бастап ол сахнадағы «мақсат пен мұраттардың» жауабын іздеп, ертеңгі жұмыстың жоспар-жобасын жасап отыруға әдеттеніпті. Немістер оны соған тәрбиелепті, ол оны қабылдапты. «Немістер менің езуімді талай тілген» деп, басынан өткен сол бір кездің ащы шындығын жасырып-жапсырмай өзі айтып отыратын. Ал немістер Болаттың неміс тілін жалаң-жайдақ емес, ұмытылып кеткен көне сөздерімен байыта сөйлейтініне таң қалып, құрметтей бастапты, мұны да өзі айтып отыратын.
Ол Теміртаудағы неміс драма театры сахнасына Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», А.Закстың «Өз ошағың» драмасын қойды. Есімізде «Өз ошағың» спектаклін көріп, пікір жазғанымыз бар. Драманың желісі неміс халқының ұлттық дәстүріне, ғұрып-салтын баяндауға араналған. Жат жерде өгей баланың күнін кешіп жүрген немістердің бір сәтке сахнадан ата-баба тыныс-тіршілігін көріп, бір жасап қалғанын жанарлары жасыра алмай тұрды.
Сол Теміртаудан өзіне пікірлес, мінездес достар мен жолдас тапты. Әлі күнге дейін араласып тұратындары да бар. Олар: Әбдіжаппар Әбдәкімов, Бақыт Мадиярова, Құралай Шаймерденов, Қасым Ботанов, марқұм Мардияр аға, тағы да біраз азаматтар болды. Бұлардың бәрі республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп Теміртауда тоқайласқан ұлттық рухы асқақ, салт пен сананы қадір тұтатын жандар еді. Соның белгісіндей орыстанып кеткен қалада айтыс өткізіп, Айды аспаннан бір-ақ шығарды. Үш мың орындықты Мәдениет үйіне тұңғыш рет қазақтар лық толып, айтыс өнеріне тұңғыш рет тұшынып еді. Біз де ол айтысты облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне баз қалпында беруге ат салысқанбыз. Сөйтсек, жаңа заман жақындап қалған екен ғой...
***
Жаңа заман, сөз бостандығы келген тұста Атабаев бірден: «Мен халық үшін емес өзім үшін өмір сүремін, еңбек етемін... халыққа қызмет етемін дегендерге сенбеймін, халыққа нан таратып жүрген шенеунікті көрген жоқпын. Халықты алдамау керек...» деп, теледидардан барша қазақстандықтарға оғаш, оқшау ойымен ойқастай шыққан. Қайран қалдық. «Бұнысы несі, жетпіс жыл болды ғой халыққа қызмет етіп келе жатқанымызға...» деп, біріміз бұлан-талан болдық, екіншіміз жүріп келе жатқан жерімізде кілт тоқтап, ойланып қалдық. Осы күн, осы сәттен бастап не керек «халыққа қызмет етемін!» дегенді ойлана-ойлана айтатын болдық.
Жоқ, ол – Атабаев халыққа қызмет етпеймін деген қияс пікірі арқылы-ақ шын мәнінде халқына қызмет етіп тұр еді. Сан жылдар миға сіңіп, құлаққа құйылған жаттанды, жауыр, көпірме қызыл сөздің астарын ашып, «Урамен!» уланған сананы селт еткізіп, ойды шайқады. Бұдан артық қандай «қызмет» керек. Міне, міне, Атабаев мақсаты да осы – сананы ояту еді!
«Санасы ояу халық ешқашан жерінен, бар байлығынан айрылмайды, тілін өлтірмейді, ешкімге өзін аяқ асты еткізбейді» дейді ол.
Ақырында, неміс театры Теміртаудан сол кездегі ел астанасы Алматыға көшірілді. Он бес республиканы бұрынғыдай ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға «Ұлы Орталықтың» моральдық та, материалдық та жағдайлары келмеді. Ақырында тарады. Шет елге шекара ашылды. Құрсаудан құтылған ұлттар елі бары еліне, елі жоғы қарын тойдырар, жағдайы жақсы мемлекеттерге ауа көшті. Осы мүмкіндікті пайдаланған неміс театрының актерлары ойланған жоқ, алды-артына қарамастан көштің басын тарихи ата мекендері Германияға бұрды.
«Олардікі дұрыс-ау!.. ал, менікі не... мен кімнің жыртысын жыртып, кімнің көсегесін көгерткелі жүрмін?..». Осы ой Атабаевты Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрынан бір-ақ шығарды. Ол бұрын Абай арқылы «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқты» білетін, ендігі жерде өзінің- қазақтың қазақтан басқа досы жоқ екеніне де түсінді. Аш болса да, тоқ болса да қазағымен бірге болуды ойлады, шешті.
Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрына «Абай десем...», Қарағанды облыстық Сәкен Сейфулин атындағы қазақ драма театрына «Жұмбақ жан», Талдықорған облыстық Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына «Абай...» спектакльдерін қойды. Абай арқылы азаматтық қоғам орнатып, әлемдік өркениетке жетейік деген ойды жеткізуді мақсат етті қпайтынын түсінді. Таптаурын тәсіл, еті үйреніп кеткен халқы бұған оянбайды. Қоғамның күйреуі мен құлауы бір адамға – ел басшысына байланысты болса, енді оның көркейуі көпке, яғни, халыққа байланысты. Халық өзі өмір сүріп отырған қоғамның бар ісіне қатысып, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айтып отыруы керек дейді. Сонда қоғам бұзылмайды, мемлекет күйремейді деді Атабаев. Бұл оның өмір бойғы өз ұстанымы да болды!
Сондықтан да спектакльдің басты кейіпкері етіп дара Абайды емес – көпті, халықты алға шығарды. Адасқан, білімсіз, құлдық ғұмыр кешіп жатқан тобырдың күйін көрсетті. Біреу-жарым ортаны жарып шығып, жақсыға ұмтылайын десе көп тобыр жармасып жібермейді. Абайдың бар трагедиясы да осында, тобырды соңынан ерте алмай, білім мен ғылымға құлата алмай, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» деп, «жаралы емеспін зарлымын» деп өмірін аяқтауы. Өмірінің соңында амалсыз, шарасыз Абайдың: «...көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал» деп, ел билігі қолындағыларға қараңғы халқын аманаттады.
***
Бұдан кейін ол М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналады. Бұл шығарманы Қазақстанда қоймаған театрлар мен режиссер жоқ екенін біле тұра неге қолға алды? Атабаев айтады: «Нағыз трагедия Сырым мен Қаракөз арасындағы махаббат емес, нағыз трагедия Мөржан басында. Осы кезге дейін қазақ жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспаған, тектілік тұқымын бұзбаған, қаны азбаған. Бұл заңдылықты бұзған ұлттардың азып, азбандап кеткенін тарихтан білеміз ғой. Бұрын Мөржаннан рулық, тайпалық көзқарастан арыла алмаған, өктем, өркеуде бейнені көретінбіз. Менің Мөржанға деген көзқарасым басқаша. Ол – дала заңының бұзылуына қарсы күрескер, ұлттың болашағын ойлайтын қайраткер...». Жөн сөз, пікірі пайымды. Атабаевтың даралығы да, жаңалығы да осылай ойлауында, әрине...
***
Академиялық М.Әуезов атындағы қазақ драма театр сахнасына ол Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Б.Брехттың «Тоғышардың тойы», Б.Римованың «Қос мұңлық» драмаларын қойды. Солардың арасында М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» әлі күнге сахнадан түспей, жүріп келе жатса, А.Чеховтың «Шағаласы», М. Метерлинктің «Соқырлары» аз ғана уақытта-ақ сахнадан түсіп қалды. Неге? «Сәтсіз шықты» деп қысқа қайыра салсақ әділ болмайды. Тек сол кездегі қоғамдағы дүрлігу мен бей берекетсіздік, адамдарды жан азығынан көрі қарын қамын ойлап, тоз-тоз болып, ел ақтап жүрген кезбе тіршілік режиссер ойын түсінуге, түйсінуге мүмкіндік бермеді. Өкінді! Осы өкініш, қоғамдағы бей-берекетсіздік, парақорлық, халықтың қайыршы халге түсуі оның күрескер болуына, халықтың жоқтаушысы болуына итермеледі десек қателеспейміз.
Тағы да Атабаев: «Жоқ, тұйық су секілді борсып барамын, санамды сілкіп, білім мен тәжірибе жинап келмесем болмас!» деп, өз олқылығын өзі толтырмақ болып Германиясына үш жылға кетіп қалды. Қызық. Біз санамыздың сарқылып, ойымыздың ойсырап қалғанын өмірі, өліп бара жатсақ та мойындар ма екенбіз, айтар ма екенбіз?! Жоқ! Себебі, бізде қателігімізді мойындап, ол үшін көп алдында кешірім сұрау әдебі, өзімізді өзіміз танып, тәрбиелеу әдеті жоқ. Сондықтан да Болаттың өз кемшілігін көпке жариялағаны несі деп таң қалдық, көбіміз күлдік те...
Ол тағыда: «Мен қазіргі президентке де, үкіметке де, және жаңадан келетін басшыларға да оппозициядамын... мен өзіме де оппозициядамын» дейді. Қалай ұқсаңыз солай ұғыңыз, ол пікірін тағы да бүкпей айтты. Мемлекет байлығын талан-таражға салу, жер дауы, қазақ тілінің мүшкіл халі, жең ұшынан жалғасқан парақорлық, жұмыс іздеп астана мен Алматы, Атырау мен Алтай арасы ақтаған халық, алаяқтардың қармағына түсіп, баспанасыз қалған «долшиктер», су мен жолы жоқ ауылдар, мектебі мен бала бақшасы жетіспеген қала мен дала... тізе берсек, кемшілік шаш етектен. Ендеше оның оппозицияда болатын да жөні бар екен...
Ол: «...мәдениеттану ғылымында «билік етушінің танымы мен талғамы» деген ұғым бар. Таным өзгермей, жаңа көзқарас, тың идея болмайды. Режиссер ең алдымен қайраткер болуы керек, ол қоғамдық проблемаларға араласып, әділін айтып отыруы керек. Өнер дегеннің өзі табиғатқа мәңгі оппозицияда! Өнерде жүрген әрбір адам өзін мәңгі оппозицияда екенін сезінуі қажет» деді. Бұл арман-дерті атақ пен орден-медаль ғана болып жүрген әріптестеріне Атабаевтың жолдаған азаматтық үндеуіндей болып еді.
Болат Атабаевты ақырында Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясына ұстаздық етуге шақырды. Барды. Студенттерді өзі таңдап, өз класына алды. Олар екінші курста-ақ спектакль қоюға кірісті. Әлгі «Станиславский жүйесін» әрекет үстінде, жол-жөнекей айтып, талдап, таратып отырды. Бұл әдіс студенттерге де ұнады. Тақтайдай теорияны жаттағаннан көрі репетиция үстінде кейіпкерлердің мақсат-мұратын анықтап, шығарманың конфликтісі мен шарықтау шегінің шешілетін тұстарын... қысқасы, театр теориясын спектакльді қою барысында талдап отыру әлде қайда әсерлі және шәкірттеріне де қызықты болды. Ол шәкірттерін пікірін ашық айтуға, еркіндікке баулыды.
Ақырында, жылдар жылжып, сол шәкірттерінің Өнер Академиясын бітіретін сәті де келді. Атабаевты «...болашақтары не болмақ, қайда, кімнің қолына түспек?» деген ой қатты қинады, ұстаздарын қимай шәкірттері де жүр... Қызық. Ақырында ұстаз бен шәкірттер арасындағы осы қимастық, сыйластық, түсіністік жаңа театр, дара театрды құруға мәжбүрледі. Әдетте «өмірдің өзі үйретті, жол көрсетті» деп жататын жаттанды сөзді дәл осы жерде біз де айтуға мәжбүрміз. Сонымен, қалай болса да, бұрын республикамызда болмаған «Ақсарай» атты қазақ мюзикл театры өмірге келді...
***
Осылайша таптаурын болған табан жолдан Болат Атабаев тағы да шықты. Халықтың ән мен жырына, дәстүр-салтына тұнып тұрған «Қыз Жібек» пьесасын мюзикл жанырымен сахналады. Бұрын мұндай күрделі шығармада ойнауды студенттер тек төртінші курста ғана қол жеткізетін, ол диплом қорғау жұмыстары болатын. Ол болса жастардың қабілет-дарынын, шама-шарқын бірден байқап көрмек болды ма, әйтеуір, оқытудың жоспарынан ауытқи отырып студенттерін үлкен сынға бір-ақ салды. Өкінбеді. Екі жылда-ақ өсіп, актер өнерінің табиғатын түсініп, тұшынып қалғандарына қуанды. «Осыларды шашыратпай, бір театрға жіберсе болады екен-ау. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков өзі басшылық жасап отырған Торғай облысына Мәскеудің ВГИК-ті бітірген бір топ жасты бір-ақ шақырып қазақ театрын құрмап па еді. Бәрінің жағдайын жасады, қамқорлығын аямады. Қазір ондай басшылар бар ма?!
Расында, басшыға неге тәуелді бола береміз, өзіміз неге құрмаймыз жеке театрды?!» Осы ойдың тууы мұң екен артынан неше түрлі идеялар балалай берді.
Жас кәсіпкер, өзімен пікірлес інісі Дәурен Жұмағалиевқа жаңа ойын білдіріп еді, ол қолдай кетті. Жай ғана қолдамады, бір жыл бойы студенттер театрын қаржымен қамтамасыз етіп отырды. Ақырында, 2006 жылдың сәуір айында «Ақсарай» мюзкл театры «Қыз Жібек» спектаклін Республика сарайында қойып, жаңашылдығымен мәдени ортаны, жалпы көрерменді бір дүр сілкіндірді.
Аға ұрпақтың Төлегені мен Жібегінен, Шегесі мен Бекежанынан басқаша болды, үкілері бұлғақтаған, өздері қылымсыған кексе қыздар мен жігіттер мұнда жоқ еді. Сахнада сірескен декорация мен байлыққа малынған тұрмыс та жоқ, бәрі де қарапайым, тіптен, қарабайыр. Мұндағылар жиырма метр матаның біресе астына кіріп, біресе үстіне шығып, он сегі жастың о жақ, бұ жағындағы пәк, елпек, жүгіріп жүрген бозбала мен бойжеткендер. Мысалы, Төлегенді Қожабаев Құрмаш, Мамытқалиев Қуаныш, Хайрушев Ерлан, Қыз Жібекті премьерада Жүсіп Дария ойнаса, қалған уақытта Асанова Лаура мен Дүйсенова Гүлдария, Саманова Айгерім, Бекежанды Шарғын Азамат, Мәжит Асан, Илясов Есенай, Айтжанов Берік кезекпен ойнап отырды. Сансызбай –Мерхат Жүнісов, Рүстем Жүнісбеков, Шегені Айдын Қараболов, Дәулет Арипов, Қамқа – Дариға Бадықова, Меруерт Мүсірәлі, Базарбай – Жанат Тынбаев, Қарлығаш – Самал Закупова, Сәуле Жақсылықызы сахналады.
***
Айтты-айтпады, Атабаевтың режиссерлік шешімі өзінше, өзгеше болып шықты. Тағы да оны біреуіміз қабылдадық, екіншіміз бұрынғы Қыз Жібек пен Төлегенді көксеген көңіліміз қабылдай алмай сын да айттық. Бірақ Атабаев түсінбегендерге түсіндірем деп шаршамады. Ал, Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев: «Болат-ау, нағыз Қыз Жібек пен Төлеген сенде жүр ғой... мұны бұлай да қоюға болады екен-ау!..» деп, жастары елуге келсе де, Қыз Жібек пен Төлегенді ойнап жүрген әріптестері үшін ұялатынын да жасырмады.
Ол «Қыз Жібектен» кейін әлемдік классикалық шығарма – Шиллердің «Махаббат пен зұлымдық» пьесасын сахналады. Адамзаттан аш кенеше жабысып қалмай келе жатқан індет – мансап пен байлыққа деген ашқарақтық. Осы екеуінің жолында қаншама тағдыр тәлкекке түсіп, небір сұмдықтар жасалынуда. Биліктегілер ел, халық тағдырын ұмытып, ар мен ұятты аяқ асты етуде. Жастарға дейін тазалықтан арылып, махаббатты мансап пен байлықтың «қызметшісі» етіп жіберді. Бұл дәл бүгінгі күннің де шындығы. Спектакльдегі қызық-қызық шешімдер, іс-әрекеттер елең еткізді, қызу-қызу пікірлер туғызды, келіспегендер көп болды. Бұған Атабаев «көрерменнің ойын ояттық» деп шын қуанды. Қызық.
Атабаев бұдан кейін Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы», Мольердің «Ақымақ болған басым-ай», Бородиннің «Князь Игорь» балетіндегі «Қыпшақтар биін» шығарды. Осы репертуармен олар Қазақстанның Батысы мен Шығысын, Оңтүстігі мен Солтүстігін түгел аралап шықты. Театр ұжымы Тбилиси, Ашхабад қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып, Гран прилерін жеңіп алды. Бұл – оның жеңістері. Жеңілістері, көрген қиындықтары да аз болған жоқ.
Тұрақты баспаналары болмай, біраз уақыт Республика Сарайында, одан соң сол кездегі Мәдениет Министірі Құл-Мұхамедтің айтуымен, Республикалық Жастар театрында репетицияларын жасады. Сахна аз тиіп, дайындықтары көңілден шықпай қиналып жүрген Болат Атабаевты бір күні режиссер Есмұқан Обаев көріп қалып: «Бауырым, әңгімені қой да, біздің Әуезов театрының кіші залына кел, спектакліңді де сол сахнаға қоя бер. Бөлісе алмайтын не бар...» деп, үлкендік танытып, жас театрға жанашырлық көрсетті. Сол сол-ақ екен отыздан асатын актеры бар жас театр қара шаңырақ – Қазақ драма театрының кіші залында репетицияға кірісіп кетті.
Олар Түрік жазушысы Тунджера Джюдженоглуның «Көшкін» пьесасының атын өзгертіп «Үрей» деп сахналады. Айтса айтқандай, спектакльдің он бойы үрейге, жатқан бір қорқынышқа толы. Тауда тұратын бір халық жаңғырықтан қар көшкіні болады деп сан ғасырлар бойы қыс айларында сыбырлап сөйлеп, жыбырлап жүреді. Бес-алты айға созылатын қыста олар қатты күлмейді, айғайламайды, мылтық атпайды... қысқасы, көшкінді тудыратын қатты дыбысты шығаруға ешкімнің хақысы жоқ. Тәртіптің қаталдығы сондай бұл уақытта жарық дүниеге сәби де әкелуге болмайды, баланың іңгәлаған үні қар көшкінін тудырады деп әйелдерге жүкті болуға дейін тиым салған. Ерлі-әйелді адам бұны қатаң есте сақтап, есептеп отыруы керек. Жастың аты жас, бір жылы жаңадан үйленген келін бала көтеріп қояды. Есептей келсе, ол нәрестенің дүниеге келер тұсы әлгі көшкін жүретін қыс мезгілі екен.
Сұмдық! Енді не істеу керек? Осы үшін тайпа адамдары арасында небір тартысты оқиға, таласты дүниелер болады. Тіптен, ана мен баланы өлтіру керек деген шешімге де келеді. Қызық болғанда, адамдар абыр-сабырмен жүргенде тосыннан әлгі әйел толғатып, ақырында туып, шырылдаған сәби үні тау-тасты жаңғыртып әкетеді. Бірақ тасқын жүрмейді, көшкін болмайды. Міне, қызық! Сан жылдар, сан ғасырлар адамдарды сендіріп, сол заңға көндіріп келгендері бос, өтірік болып шығады.
Философиясы терең осы шығарманы сахнаға шығару режиссер Атабаевқа неге қажет болды екен?! Гәп осында.
Жаратушының адам бойына берген көп қасиеттерінің ішінде үрей деген бар.
Қоғамның оңуы мен оңбауына осы үрей көп ықпалды. Ханның қателігін, бидің бейшаралығын айта алмайсың, өйткені «атып-шауып тастайды, отырғызып қояды, жазалайды...» деген үрей сананы жаулап, бойды байлап тастаған. Ал, Атабаев қорықпайды, айтады: «біздің қорқақтығымызды биліктегілер пайдаланып, халық несібесін ұрлап, шет ел асырып жатыр. Үрейді қойып, қауымдасайық, шындықты айтайық, жүйені өзгертейік!» деп азаматтық позициясын ашық танытады.
«Үрейдің» премьерасы есімізде, көрермен спектакль соңында ұзақ қол соғып тарамай тұрып алды, бұдан біз көптің риза болғанын сездік. Өйткені бәріміз де өзіміздегі үрейді көргендей күпті көңілде тұр едік...
Осындай жанып тұрған жастары бар, жаңа мюзикл театрының кейінгі халі онша болмады. Қаражатпен қамтамасыз ететін демеуші жоқ, мемлекет мекемелері мен министірліктер көмектеспек түгілі «Атабаев» деген атынан үркіп, үрейленді. Шындықты айтатын, ары мен қолы таза адам біздің биліктегілерге «қолайсыз» еді. Өздеріне «табыс» әкелмейтін адам мейлі данышпан болып тұрса да, керек пе...
Театрды сақтап қалу үшін бірқатар мемлекет қайраткерлеріне хат жазып, көмек сұрады. Бірақ олардың «ықпал етеміз, көмектесеміз!» деген уәделері әрекетке ұласпады. Осы тұста Болаттың қатты күйзеліске түсіп, шарасыздықтан шаршағанына куә болдық. Мемлекеттен де, оны басқарып отырған шенеуніктерден де қайыр болмаған соң ақырында Атабаев актерларын жинап, қимай-қимай тұрып, қинала тұрып «жұмыс тауып алыңдар... біз бұл мемлекетке керек емеспіз...» деді. Бұл шешімін ол неше күн ойлана жүріп, қинала тұрып зорға жеткізіп еді...
Қызық, актерлары «жалақымыз жоқ болса да кетпейміз, театр шаңырағын құлатпаймыз» деп табандап отырып алды. Таң қалатын жағдай. Біреулерге пәлембай ақша беріп жұмыс істеткізе алмайсың, бұлар болса... Жалақысыз қалай күн көрдіңдер дегенімізге Дариға Бадықова:
– Шынымды айтсам, дені дұрыс адам бір жыл айлықсыз жүре бермейді, кетеді, табыссыз тіршілік ету мүмкін емес қой. Ал біз жүрдік. Ұстазымыз Болат ағаны қимаймыз, бір сиқырлы күш байлап тастаған, кеткіміз келмейді. Екіншісі – студент кезімізден бірге келе жатқан, театрдың алғашқы кірпішін бірге қаласқан достарымызды қимаймыз. Бір-бірімізден айырылмау үшін бар амалдар мен мүмкіндіктерімізді пайдаландық. Жасыратын несі бар, тойларға барамыз, ән айтамыз, би билейміз... сахна жоқ демесеңіз, тойдағы көрермен –бір көрермен ғой. Қайта, театрға келмейтіндерді тәрбиелеп, тартып, тіптен, өзімізге жарнама жасап жаттық. Амалдап, амалдап, бір жол табылып театрды сақтап қалармыз деп үміттендік... Алайда үміттің де үзілетін кезі болады екен, ақыры болмады, тарадық, біріміз киноға, біріміз театрға, енді біріміз телевизияға кеттік...» деп еді...
Адамның айтқаны бола ма, Құдайдың дегені бола ма?! Бәрі өзгерді. Жаңаөзеннен мұнайшылар ереуілге шыққанын естіген Болат Алматыда жайбарақат отыра алмады. Мұнайшыларға өз қақыларын қорғауға күш берді, жол мен жөн сілтеді. Шындықты айтқаны үшін түрмеге қамалды, ақырында әріптесі режиссер, азамат Ермек Тұрсыновтың араша түсуімен зорға шықты. Ол «...шықпаймын, мені не үшін соттамақ екен, дәлелдесін» деп теке-тіресіп отырып алды. Ақырында биліктің өзі құтылғысы келді, оның шет ел алдындағы абырой-беделінен жасқанды. Шығысымен бейбіт митінгіге шыққан жаңаөзендік мұнайшыларға биліктің оқ атқанын әшкерелеу мақсатында Европадағы адам құқын қорғау ұйымына баяндамақ болып және Бундестаг депутаттарына жолықпақ болып Герменияға кетті. Барған мақсатына жетіп ертеңіне қайтпақ болып отырғанда Қазақстандағы адвокаты телефон соғып, өзіне іс қозғалғанын астарлап, «спектакль болмайтын болды, билетіңізді өткізіп сонда бола тұрыңыз» деді. Өйткені құқық қорғау органдары Атабаевқа қайта іс қозғамақ көрінеді. Түсінді. Қалды...
Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ
qazaquni.kz