Жастар денесін әшекейлеуге неге әуес?

Жастар денесін әшекейлеуге неге әуес?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.

Шоқтығы биік Ата Заңымыздағы осынау жолдарға терең мән беріп, санамызға сіңіре алып жүрміз бе? Енді бұл мәселенің бір қырына көңіл бөлсек...

Мысалы, қазіргі кезде әлемде аса кең етек алған, адам денесіне инемен піскілеп жазу жазу немесе сурет салу модасы – татуировка (қысқаша кең таралған нұсқасы «тату») адам денсаулығына қаншалықты қауіпті? Және бұл қазақи болмыс-тірлікке, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетке сай құбылыс па? Осы тақырып бүгінгі таңда неліктен өзекті?

Ежелден осы күнге дейін ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы экологиялық жағдайы мейлінше таза, табиғаты ғажайып кең байтақ өңірлерде ғұмыр кешіп келгені мәлім. Сондықтан ықылым заманнан бері қазақтың дені сау, қаны таза, тәні бүтін болған. Осыған орай, ағза, жүйке мен гендік жүйесі зақымданбаған.

Ал қазір, ат төбеліндей, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басына қандай қауіптер төніп тұр? Басқаларын былай қойғанда, бұлар, әрине, нашақорлық, маскүнемдік, темекі тарту және т.т. Бұлардың санатына татуировкаға үйір болуды да қосуға әбден болатындай. Неге десек, осы құбылысқа немқұрайды, бейжай қарауға болмайды. Енді татуировка тарихына қысқаша көз жүгіртейік. Байырғы римдіктер өздерінің құлдары мен қылмыскерлерді татуировкалармен белгілеген екен. Ежелгі Греция мен Римде денесінде татуировкасы бар құлдар ешқашан азаматық ала алмаған. Татуировка олардың қатардағы азамат санатына қосыла алмайтындығының өшпес таңбасы ретінде қаралған. Егер де европалық саяхатшылар бұдан бірнеше ғасырлар бұрын Азия, Африка мен Америка құрылықтарындағы жабайы күй кешкен халықтар мен тайпалар мүшелерінің денесіндегі оюлар мен суреттерге жеркенішті кейіппен қараған болса, қазіргі түсінік-талғам күрт өзгерген. Өйткені бұл келеңсіз әуестікке атақты әншілер, спортшылар мен тіпті белгілі саясаткерлер де бой алдырған. Өкінішке орай, біздің жастардың біразы еліктеуге бейім болғандықтан, бірқатары осы үдіріске көздерін тарыс жұмып қосылғаны анық. Олардың «не көрсе соған бірден құмар болғандығы» өкінішті.

Ал татуировканың зияндылығын ғылыми зертерулер нәтижесі айқындап отыр. Мысалы, Канада ғалымдары көптеген бауыр ауруларының осы татуировка салдарынан екендігін нақты дәлелдеген. Бұның себебі, тәнге сурет салу құралы болып саналатын иненің таза болмауынан және сурет салу студияларының жалпы санитарлық талаптарға сай еместігіне тікелей байланысты. Осының салдарынан адам ағзасына жұқпалы ауырулар дарып, кейін олар асқына келе қайғылы жағдайға душар етуі әбден мүмкін.

Сонымен бірге адам ағзасына үлкен қауып төндіретін заттар қатарына теріге сіңдіретін бояу қосылады. Бояулардың құрамына қорғасын, күшәла және басқадай да улы заттар кіреді. Олар адамды өте қауіпті түрлі обыр ауруларына, әйел затының жүкті кезінде, құрсағындағы нәрестесінің денсаулығы зақымдануына душар ету ықтималдығы өте зор. Сонымен қоса, адамдар татуировканың салдарынан тері обыры мен экзема және аллергия ауруларына жиі шалдығады екен. Ал денедегі татуировкалардан арылу өте қиындық тудырады, денсаулыққа өте қауіпті. Оған ота жасалса да тыртық қалады. Есіме бір өмірлік мысал түсіп отыр. Кезінде мені «Пендеміз ғой» телехабарына сарапшы ретінде қатысуға шақырып тұратын еді. Сондай хабарлардың бірі осы татуировка құбылысына арналған болатын. Кейіпкердің бірі – жүзі әппақ қыздай нәзік те көркем жап-жас жігіт еді. Ең өкініштісі, маңдайында тапаншаның суреті салынған, өзі шарап ішіп алғандай қиқалаң-қиқалаң, бұлталақ-бұлталақ етіп, орындығына «сыймай» отырды. Осы сес беріп тұрған, зілді татуировка мен оның түсініксіз қимыл-әрекеті осы баланың маңдайын қай жарға апарып соқтырар екен деген алаң ойда қалдық.

Егер татуировканың бір қарағанда ешқандай сырт көзге түспейтін зардапты белгілері байқалмаса да, оның адам ағзасына тигізер зиянды кеселі бірте-бірте бой алатыны анық. Адам және оның ағзасы аса күрделі биологиялық табиғи жаратылыс екені анық. Сондай-ақ адам ағзасы көптеген органдардан тұратыны мәлім. Жүрек пен қан тамырлары организмдегі қан қозғалысын қамтамасыз етеді және біртұтас қан жүйесін құрайды. Адам органдары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан оның терісіне ине арқылы дарыған татуировка бояулары үздіксіз қан қозғалысы арқылы адамның барлық органдарына «тасымалданып», оларды мейлінше улайды. Міне, осыау зиянды бояулар, тіпті, адамның гендік жүйесін бірте-бірте зақымдап, келешек ұрпақ әрқилы мүгедек болып туып, тіпті, құбыжық болып таралуын жоққа шығаруға болмайды. Сол себептен адам ағзасындағы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан процестеріне қол сұғып, өзгерту өте қауіпті нәрсе.

Уақыт өте татуировка суреттері келемеж сиқына өзгеретінідігі де өте мүмкін. Өйткені, адам ағзасы биофизика заңдылығына бағынады: ол толассыз өзгерістер процестерімен ерекшеленеді. Ал орта мектеп физика пәнінен белгілі диффузия (бір заттың молекулаларының екінші бір заттың молекулаларының арасына өзара ену процесі) заңдылығына байланысты әртүрлі жансыз заттардың өздерінің де бір-біріне өту құбылысы орын алатыны анық.

Ал әлемде кең көлемде тарап бара жатқан татуировка құбылысына ислами сенім қандай бағыт-бағдар ұсынады – татуировка жасату күнә ма деген тұрғыдан келсек, мұсылман дінін уағыздаушы діндарлар: «Иә, күнә» деп анық жауап береді. Ибн Мәсуд хазреттері: «Татуировка жасаған және жасатқан, парик таққан және таққызғандарға лағнет болсын» мағынасындағы хадис таралған. «Қастарын жұқартқан және татуировка жасатқан адам лағнеттелген» (Әбу Дәуіт, хадис жинақтаушы).

Татуировканы денеге дарытып, сурет-белгілерді мақтаныш ретінде қолдану – ұлтымыздың болмыс-бітіміне, түсінік-ұстанымына, дүниетанымына қайшы келіп коймай, әркімнің денсаулығына да қауіпті екендігін жіті түсіну абзал. Ұлтжанды патриот, тәуелсіз еліміздің үміт күттрер жалындаған жастары – қашанда жанашыр ата-ананың, жақын-жуық жекжаттың, адал достың, немесе жай бөгде пенденің қамқор ақыл қосуын тіксіне қабылдамай, бұны олардың адами парызы деп түсініп, келешекте әрқилы пәлеге ұшырап, сан соғып қалмаса екен деп пайымдаған тілек-болжамдарын есте сақтап, әр қадамын санаға салып өмір кешсе құба-құп болары анық.

Жастар салауатты өмір салтын саналы түрде ұстануы үшін олар зиянды әдеттерден бой тартып, аулақ болуы шарт. Адам мәдинетінің бір бөлігі саналатын салауатты өмір салты қоғами даму процесінде аса маңызды рөл атқарады, денсаулықпен тікелей байланысты болып келеді. Денсаулық адам бақытының негізі екендігі айқын ақиқат. Ал тәуелсіз мемлекетіміз бен қоғамымыздың болашағы әрбір адам денсаулығына тікелей байланысты екені анық қағидат. Әр саналы азамат өз басы мен денсаулығын сақтауға аса жауапкершіліпен қарау абзал.


   Нақыпбек Садуақастегі,

     заңгер-құқықтанушы.