ШАҒАЛАЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ
2022 ж. 28 маусым
2236
0
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні
Қаламгер Жанат Елшібектің шығармашылық келбетіне кескіндеме
АЛПЫСЫНШЫ, ЖЕТПІСІНШІ ЖЫЛДАР «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің даңқы да, таралымы да шырқау биікке самғап көтерілген жұлдызды кезеңі еді. Жас журналистер шоғырының ұстаханасына айналған бұл басылымның босағасын аттаған әркім-ақ өз мүмкіндігін, дарын-қабілетін, жазу шеберлігін әр қырынан жарқырата көрсетуге ұмтылатын.
Тура осынау дүрілдеген шақта «Ленжастың» шаңырағында кімдер кызмет істеді ¬– оны көзіқарақты жұртшылық, әсіресе, сол кезде бұл басылымды қолдан-қолға тигізбей оқыған бүгінгі аға буын өкілдері жақсы білуі тиіс.
Атағы жер жарған республикалық жастар газетінің тізгінін өз әріптесі Шерхан Мұртазаның қолынан алған Сейдахмет Бердіқұлов қанатының аясында Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Әнес Сарай, Болат Бодаубай, Серік Әбдірайымов, Жақау Дәуренбек, Мағира Қожахметова, ЬІрым Кененбай, Сейітқазы Досымов, Жарылқап Бейсенбай, Жанболат Аупбай сынды жазу мәнері, қалам сілтесі бір-біріне ұқсамайтын журналистика жұлдыздары тер төгіп жүрді.
(Бүгінде қалам ұстаған дарынды жастардың дені қазақ журналистикасының осынау шеберлерін лайықты ұстаз тұтатыны анық).
Қазір қазақ әдебиеті мен журналистикасында шоқтықты орындары бар бұл қаламгерлердің жастық шақтағы еңбегі хақында көсіле әңгімелеуге әбден болады. Ал сол алау жүректердің бел ортасында өзіне ғана тән жазу мәнерімен оқырмандарын жиі-жиі қуантып Жанат ағамыз да жүрді. Жанат Елшібек жазған очерктер, суреттемелер, мақалалар мен репортаждар бүгінгі таңда журналистика шежіресіне айналғаны сөзсіз.
Осы ретте қадап айтар бір жәйт ¬– Халықаралық «Алаш» сыйлығының, сондай-ақ Кемел Тоқаев атындағы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы мен Қаратал ауданының Құрметті азаматы Жанат Елшібек қаламынан туған дүниелер газеттің сарғайған парақтарында қалып қоймай, жеке кітаптарының өзегін құрады, я болмаса баспа жүзіндегі деректі жинақтарға енді. Автордың жиырмадай жеке кітабынан басқа көркем очерктері көптеген жинақтарға кірген. Атап айтсақ, қаламгердің баспа жүзін көрген бірқатар кітаптары:
«Жауқазын», деректі повесть. «Студенттік меридиандар», очерктер. «Сен білесің бе?», үйрен, ізден, ойлан. «Алтын ұя», очерктер, репортаждар. «Атамекен», фотоәңгімелер. «Қарлығаш», суретті кітапша. «Жоғалған теңіз», повестер мен әңгімелер. «Зерек», танымдық ойындар әлемінде. «Шағалалар да жылай ма, осы?», очерк, көсемсөз, ой-толғақ, деректі әңгіме, эссе. «Қош бол, теңіз», повестер мен әңгімелер. «Таным», ғажайыптар мен оқиғалар. «Уақыт – сынап», деректі әңгімелер, әдеби портреттер мен эсселер. «Тағдыр желі», таңдамалы повестер. «Таңғы шық», роман-эссе. «Сұңғыла», роман-эссе. «Түсімде көрген кітап», роман-эссе.
Құрастырған кітаптары: «Алтын діңгек». «Жастықтың жанартаулары». «Тың планетасы». «Жан сұлулығы». «Арыңды жасыңнан сақта». «Ауылдың айтқыштары» (Бірінші, екінші кітапша). «Мың бір қызық»...
Бұл еңбектің бәрі де талғампаз оқырманның көңілінен шықты десек, қателеспейміз. Осы дүниелердің атын тізіп шығу оңай болғанмен, қаламгерлік қызметтің ыстық-суығын өз басынан қешіріп көрген әрбір адам осынау жинақтарды дайындауға өзіндік шығармашылық өрнегі бар дарынды автордың қаншалықты маңдай тері мен көз майын сарп еткенін жан-жүрегімен сезінер еді.
Соның да бір дәлелі болар ¬– кезінде осы кітаптар жөнінде баспасөз беттерінде арнайы мақалалар жазылып, жылы лебіздер білдірді.
Әрине, Жанат Елшібек кітаптарының қай-қайсысы болсын жұртшылық назарын аударып, рецензиялар жазылып, дүркін-дүркін ашық пікірлер айтылып жатуы тегіннен тегін емес. Бұл – ерекше бет-бейнесі, өзіндік жазу-сызу мәнері, айшықты қолтаңбасы бар журналистің және жазушының еңбегіне деген ыстық ықыластың, ізгі ілтипаттың, зор құрметтің белгісі.
Осы ойымыздың жалаң мадақ еместігін көрсететін бірер ғана дерекке жүгінейік. Мәселен, Жанат Елшібектің «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жоғалған теңіз» повестер кітабы турасында көрнекті ақынымыз, әдебиет әлемінің жаңалығын жіті қадағалаған марқұм Ғафу аға Қайырбеков «Қазақ әдебиеті» газетінде «Туған бесікке оралу» деген талдау мақаласын жазып: «...Жалпы әдебиетімізге, оның ішінде балалар әдебиетіне нағыз суреткер, талантты профессионал жазушы келіп қосылды» – деп, ағынан жарыла, қалам тербеген еді.
Ал, кез келген адам туралы (оның үстіне журналист те, жазушы да көп емес пе) пікір айтып, қолына қалам ала бермейтін жазушы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 7-маусымдағы нөмірінде «Шағалалар жылай ма, осы?..» кітабы жайында қордалы ойын төмендегіше түйеді: «Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады демей ме халқымыз. Бұл жазушы, журналист дейтін ағайындар да шетінен жүйрікпіз деп ойлайды. Бірақ қалай шабарын Құдай берген талант шешеді. Осы дүрмектің ішінен журналист-жазушы Жанат Елшібекті де көреміз. Дүрмек ішінде болғанмен шабысы, жүрісі бөлек. Өз өрнегі бар. Жанат журналист, Жанат жазушы не жазса да материалға жан бітіреді. Оның очерктері көркем әңгіме сияқты оқылады. «Мәңгілік рух», «Генералдың зайыбы», «Қайда жүрсің, Балзия?», «Жетімбұрыш», «Шағалалар жылай ма, осы?..» сияқты очерктеріне осындай көркемдік қасиет тән»...
Сонымен катар Жанат Елшібектің шығармашылық әлемін әр қырынан сөз еткен белгілі әдебиетші-сыншылар Зейнолла Серікқалиев, Құлбек Ергөбек, Бақыт Сарбалаұлы оның тынымсыз ізденісіне, тіл қолданысына, штрихтарды ойнатудағы шеберлігі мен деректерді орнымен пайдаланудағы ұтқыр қасиеттерін қаламгердің жетістігі ретінде нақты мысалдар келтіре отырып жоғары бағалайды. Иә, журналист үшін де, жазушы үшін де жазған дүниеңнің көпшілік көңілінен шыққанына не жетсін!
МЕНІҢ ОЙЫМША, жалпы, Жанат Елшібек шығармашылығын қысқа мерзімде тереңіне сүңгіп, жілікше шағып талдап шығу қолымнан келмес еді. Оның тақырып таңдаудағы ерекшеліктері, материалды беру шеберлігі, форма мен мазмұн үйлесіміндегі қым-қуыт тосындық сырлары туралы, бәлкім, арнайы уақыт бөліп ғылыми еңбек жазуға отырмасаң, қаламгердің шығармашылық лабораториясын жан-жақты аша алмайсың.
Кейде, алысқа бармай-ақ, көршілес орыс әдебиеті мен өнеріндегідей, бір адамның шығармашылығын бір адамның соңынан қалмай шұқшия, қопара зерттеу дәстүрі бізде қашан қалыптасар екен деп толғанамын. Мүмкін сөйткенде ғана белгілі объекті қырларын толығырақ қаузауға болатын шығар...
Солай бола тұра, Жанат Елшібектей сөз ұстасының қаламгерлік құпияларын сырттай болжап та жақынырақ сезінетіндеймін. Сонда оның шеберлік сыры неде?
Әсілі, журналистикада, әсіресе, газетте сенсацияның маңызды орын алатыны рас. Көптеген әріптестеріміздің елді елең еткізер жаңалық қуатыны осыдан жа шығар. Бірақ сенсацияны жазу оңай ғой. Белгілі бір оқиғаны дер кезінде көресің де, дер кезінде жариялай қоясың. Халық та бір сәт шу ете түскендей болады. Өкінішке қарай, оныңыздың өмірі өте қысқа болып та жатады. Уақытша табысыңыз тез ұмытылады.
Ал, қаламгер үшін ең қиыны ¬– елдің бәрі күнделікті білетін, бірақ көре қоймайтын құбылысты оқырман: «Құдай-ау, аяғымыздың астында жатқан осыны қалай байқамағанбыз?!» деп, аң-таң болатындай етіп жазуда болса керек.
Міне, Жанат Орынбайұлының басты ерекшелігі де осында болар. Оның дүниелерінің естен кетпестей өміршең келетіні де осыдан-ау. Ол үшін, әрине, қиядағыны шалатын қырағылык, жіті аңғарымпаздык, сергек ой, бәрінен бұрын қаламгерлік ыстық жүрек, одан соң ұшан теңіз білім мен мол тәжірибе керек.
Жанат очерктері мен мақалаларын ерекшелейтін поэтикалық тақырыптардың өзінен-ақ көп жайды аңғаруға болар еді. Мұндай жетістік, әлбетте, бірден қолға түспейді. Ол ¬– ұзақ жылғы талмай ізденудін, маңдай тердің жемісі. Әйтпесе, жұрттың бәрі білетін, бірақ аңғара бермейтін өмір суреттерін ойып алып, мөлдірете алдыға тастай салу екінің бірінің қолынан келе қоя ма?!
ӨЗІ АЙТТЫ:
– Ойлап отырсам, жазуға қаршадайымнан икемделген екем. 6-сыныптан бастап шағын мақалаларым «Қазақстан пионері», «Спорт», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланып тұрды. Біртіндеп республикалық журналдарда этюд, миниатюра, әңгімелерім жарық көре бастады. Сол «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жас тілшілерді ынталандырып, қанағаттандырып, талмай ізденуге жетелеп отыратын ғажап салт бар еді. Онда айдың аяғында балғын авторлардың тырнақалды табысын талдап, жұртқа кең таныстырып, шолу жасалып тұратын. Арнайы сыйлықтар тағайындайтын. Әлі есімде, осы газеттің отыз-қырық кітаптан тұратын шағын кітапханасын жеңіп алып едім. Сондағы қуанғанымды көрсең!
Бүгінгі танымал қаламгерлердің денін осы газет тәрбиелеп қалыптастырды десем артық емес. 11-сыныпты бітіргенше газет арқылы қазіргі белгілі жазушылардың бірталайымен өзара сырттай таныс едік.
Мектепті күміс медальмен тәмәмдағанмын. Сол тұстағы сезімімді «Жебе қалам» аталатын портреттік очеркте: «Ұшқыр уақыттың қанатына ілесіп тағатсыздана күткен мезгіл де жетті. Барша абитуриенттерге тән албырт сезім астанаға жетелеген. Алматы тұрмақ, аудан орталығы Үштөбені екі-үш мәрте ғана көрген маған Арман қала, Ай қала, Гүл қаланың әр бұрышы, әр ғимараты тамаша! Бейне көкемнің үйі күтіп тұрғандай, келген бетте «Коммунистік 63-ті» іздедім. (Қазіргі Абылай хан даңғылының бойындағы Денсаулық сақтау министрлігінің ғимаратында ол кезде бүкіл газет-журнал редакциялары, оның ішінде «Лениншіл жас» та орналасқан болатын). ЦУМ-ның төңірегінде бұл үйді қиналмай-ақ тауып алсам да, ішке енуге жүрегім дауаламаған. «Кімге барамын?..» «Не деймін?.. Мені кім күтіп отыр дейсің?..» Бірақ... кіріп-шығып жатқан адамдардың жарқылдаған жайдары жүздері ерекше батылдық бергендей. Жедел баспалдақпен жоғары көтерілдім. Үшінші қабаттағы «Лениншіл жастың» табалдырығын аттаған мезетте жүрегім кеудеме сыймай қайтадан тулап кеткені. Өйткені, аядай төрт бұрышты дәліздің бүкіл қабырғасы жағалай есік екен. Оның үстіне бәрі де айқара ашық – іркес-тіркес қойылған үстелдер... Өңкей қағазға шұқшиғандар... Құрсауға түскендей күй кешкен менің ілкі сәттік жағдайымды сезген ұзын бойлы ақсары жігіт жылы ұшырай жөн сұрай бастады.
– Кәне, балақай, бері қарай жүр, – деді ол оң жақтағы бөлмеге бастап. – Жазғандарыңды оқиық. Мен – Қалдарбек Найманбаев деген ағаңмын.
– Сізді білемін ғой, – дедім өзімді енді ғана еркін ұстап. – Мақалаларыңызды, Әбілсейіт Айханов, Тимур Сегізбаев туралы жазғандарыңызды оқығанмын. Мен сіздердің штаттан тыс тілшілеріңізбін. (Қолымдағы дәптерге желімделген «Лениншіл жас», «Казақстан пионері» газеттерінде жарияланған материалдардың қиындыларын көрсеттім.) Журфакқа барғым келеді. Соған анықтама ма, мінездеме ме берсеңіздер.
– Жарайды. Дұрыс екен...
Біздің әңгімемізді көкжелкемнен гүж ете түскен дауыс бөліп жіберді.
– Оу, Қалаға, не тіршілік? Беттер дайын ба?
Орнымнан ұшып түрегеліп, қолымды ұсындым.
– Шер-аға, біздің мектептегі юнкорымыз. Оқуға келіпті, журфакқа тапсырмақ. Мінездеме сұрайды...
Бағанадан өткір жанарымен бас-аяғымды шолған ол келте ғана тіл қатты. Әлгіндегідей емес, қатулы көрінген қою қабағы да бөлекше жайдарыланып, жүзінен мейірім шуағы төгілген оның үні құлағымның түбінде ұмытылмастай жаңғырып тұрғандай.
– Беріңдер сұраған қағазын! Септігі тиер.
Ғажайып әсерге бөленген мен редакциядан төбем көкке жеткендей болып шықтым.
Бұл күнгі және бір «ашқан Америкам» – өзім сырттай «жасы жер ортадан асқан егде адамдардың қатарында шығар» деген пікірімнің тас-талқан болуы. Сөйтсек, ұшқыр да, қарымды қаламымен қалың оқырманның жүрегіне жол тапқан Шерхан ағаның небәрі орда бұзар отыздан енді ғана асқан арыстан жүректі, семсер тілді, нағыз қылшылдаған шағы екен-ау!
Айтпақшы, әскери комиссариаттың тиісті куәлігі болмағандықтан құжатымды журфакқа өткізе алмаған мен шарасыздан қайтадан «Лениншіл жасқа» жүгірдім. «Басқа кімім бар?». Ал уақыт болса ырғалып-жырғалуды көтермейді. Ертең – құжат тапсырудың соңғы күні. Менің халімді сезген журналист жігіттер ақыл-кеңестерін айтып жатыр. Көбі:
– Тездетіп ҚазПИ-дің филфагына тапсыр, – десті.
– Мұғалім болғым келмейді. Әлде келер жылы келсем бе екен, – деймін екіұдай күй кешкен мен.
– Балақай, алдымен түсіп ал. Кейін ауысып кетерсің. Әйтпесе, білдей-білдей жазушылар мен журналистердің көбі сол ҚазПИ-ді бітірген ғой.
Сөйтіп, лениншілжастықтардың демеуімен филфакқа оқуға түсіп кеттім. Емтиханда жазған шығарманың бірінші бетіне «Лениншіл жастың» жас тілші ретінде берген мінездемесін бірге іліп жібердім. Кім біледі, дуалы ауыз Шер-ағаңның айтқанындай, «септігі тиген» болар.
«Пәк жүректе ұялап қалған осынау елеусіз ғана сәтті үкілеп жаңғыртудың еш артықшылығы жоқ шығар деймін», – деп жазған екенмін.
Қысқасы, ұзамай «Лениншіл жас» газетіне «Мен – студентпін» деген мақалам шықты. Елдегілер өзім ауылға жетпей жатып-ақ жоғары оқу орнына қабылданғанымды содан біліпті.
Соңғы курста жүргенімде Шерхан Мұртаза «Лениншіл жасқа» қызметке алды. Одан Сейдахмет Бердіқұловтың қол астында үлкен мектептен өттік. Екеуі де туғаннан редактор болып жаратылған ғажап адамдар ғой. Олардың қанатының астында болып, тәрбиесін көру екінің біріне бұйырмайтын бақыт, әрине.
Ол кезде жас журналистердің іссапарларға жиі шығып, таңдаған тақырыптарына сәйкес таласа жазу дәстүрі қалыптасқан болатын. Тезірек шыңдалуға сол әдетіміз де зор ықпал етті ғой деп ойлаймын. Сонда көбінесе, газет тілшілерінің қолтаңбалары очерк жанрына қалам тербеуіне сәйкес бағаланатын. Мәселен, әлгі тұстарда қанаттаса қызмет істеген Оралхан Бөкей, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайымов, Кеңшілік Мырзабеков, Сейітқазы Досымов, ЬІрым Кененбай, Орысбай Әбділдаұлының очерктері көркем әңгімедей тартымды оқылатын. Солардың ішінде «Ұйқым келмейді», «Шағалалар мен шағылдар», «Өмір деген тамаша ғой, бауырым», «Он алты мен он сегіздің арасы», «Мұзмоншақ» сияқты очерктің тақырыптары да жадымда өшпестей болып сақталып қалыпты. Көркем очерк дегеніңіз – көркем шығармаға апаратын баспалдақ. Жоғарыда аталған азаматтар қабілет-қарымы мен қалам жүйріктігіне сәйкес еңбек жолдарын «Лениншіл жастай» қара шаңырақта бастап, қазақ журналистикасынан өздеріне лайықты орындарын алды. Ал қазіргі жағдайда қолымда күректей дипломым мен ұшқыр қаламым бола тұра «ЛЖ» немесе «СҚ» сияқты орталық басылымдарға қызметке орналаса алмаған болар ем-ау деп топшылаймын. Неге десең, бүгінде тамыр-таныстық етек жайып кетті ғой. Қанша дарынды болып тұрсаң да, демеп, жебеп отырған тәтең не көкең болмаса жұмысқа қабылдана қоюың неғайбіл. Содан баспасөзді қаламының оты, ойының маздағы жоқ кездейсоқ біреулер басып ала бастайды. Қазір «Қазақ журналистикасы неліктен мешеуленіп кетті» деп бас қатырамыз. Меніңше, оның басты себебі әлгіндей қатынаста жатыр.
Содан соң бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда бүгін заман ағымына сай жеделдік, сұп-сұр суық дерекке сүйену алдыңғы қатарға шықты. Мұның да артықтығы бар шығар, алайда, материалды берудегі тас шайнатқандай қатқылдық немесе сөлін сығып алған өскіндей сүреңсіздік шайлықтырады. Кез келген құбылысты адами жан-жүрегіңнен өткізіп барып жазғанға не жетеді.
МЕНІҢ ОЙЫМША, осы тұста журналист, жазушы Жанат Елшібектің өзге қаламгерлерден және бір айырмашылығы – оның газетті техникалық безендірудегі шеберлігінде, бұл істің сырын «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтіндей, білгірлігінде, басылым макетінің шын сәулетшісі деңгейіне көтерілуінде екенін баса айту ләзім. Осы артықшылық ол жазған дүниелердің де тамыр-тамырына жайыла көрініс беріп, материал құрылысын көріктендіріп тұрады.
ӨЗІ АЙТТЫ:
– «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың бір әдеті – жұмысқа жаңа қабылданған жігіттерді секретариаттың «көрігіне» салып алушы еді. Мен де сол мектептен өту бақытына ие болдым. Газет макеті адамның киімі сияқты. Ол да өте үйлесіп, жарқырап тұруы керек. Әрбір материалдың мазмұнын ашып, ажар беріп, менмұндалап тартып тұратын да сол. Демек, макет – үлкен өнер.
Мені «Лениншіл жастан» сол кездегі Орталық партия Комитетінің органы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке үш рет шақырды. Сейдағаң ұзақ уақыт босатпай жүрді. Ақырында соңғы рет қолқа салғанда: «ЛЖ-ның» бөлім меңгерушілігінен әйгілі «СҚ-ның» бөлім меңгерушілігіне шақыру жастар басылымы тәрбиелеген кадрларға деген зор құрмет деп білеміз, енді барғаның дұрыс» деп батасын берді. Сөйтіп, «Социалистік Қазақстанның» көркемдеу бөліміне меңгерушісі болып тағайындалдым.
Ертеректе Лондонда шығатын «Обсервер» газетінің қызметкері болған, белгілі ағылшын журналисі Дэвид Рэндаллдың «Әмбебап журналист» деген кітабы жарық көрді. Онда тәжірибелі қаламгер материал қалай безендірілуі керек, газеттің әр айдарын, тақырыбын, шмуцқа дейін қайтіп берген жөн, хабарды нендей көркемдікпен жұтындырып беруге болады... жалпы, журналистің қоғамда атқарар рөлі неде деген сауалдарға тайға таңба басқандай жауап береді. Негізінде, бұл – әрбір журналистің үстелінде жататын кітап. Ол кез келген мемлекет арасындағы жанжалды да, бітімді де журналистер жасайтынын айтады. Рас қой. Біздіңше, журналистика еріккеннің ермегі емес, теңдессіз қару. Қоғамда ол көтеретін жүк те зіл батпан.
МЕНІҢ ОЙЫМША, газет макеті мен мақала формасының өзінен әсемдік іздейтін Жәкеңнің қылқалам шеберлеріне үйір тұрып, солардың сұңғат өнеріндегі жылт еткен табыстарын жеткізуге асығатын әдетіне оның жанарын сұлулыққа суғаруға ұмтылатын осынау мінезі де көбірек түрткі болады.
Бұл тұрғыда, басқасын айтпағанда, Жанат Елшібектің белгілі суретшілер Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмайылова, Раушан Момбековалардың өнерлеріне қатысты «Туған топырақ бояулары» үштағанына топтастырылған «Көкжиегі кең сырлы әлем», «Қылқалам құдіреті», «Парижді таңдандырған» аталатын очерктерін атасақ та жетіп жатыр. Қаламгер бұл дүниелерінде аталған адамдардың шығармашылығын кәнігі де талғампаз, өте білікті өнер зерттеушісі биігінде тұрып егжей- тегжейлі талдау жасайды.
Жанаттың тағы бір ерекшелігі – өзінің де суретке, сызуға икемділігінен болар, түрлі сөзжұмбақ, басқатырғы құрастыруға, табиғаттың жансыз фотосуреттеріне тіл бітіруге бейім. Ол жоғарыда айтқанымыздай, үлкен-үлкен «Сен білесің бе?», «Зерек», «Атамекен» аталатын кітаптарын да жазды.
ӨЗІ АЙТТЫ:
– Хобби деп жүреміз, менің бала кезден қалыптасқан бір әуескерлігім – түрлі танымдык ойындармен айналысу. Алғашқы ребустарым «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды. Содан күні бүгінге дейін осы «ермектен» қол үзген емеспін. Әрине, оның мәнін терең түсіне қоймайтын кейбір кісілер үшін бұл өте жеңіл нәрсе де болып көрінуі ықтимал. Әйтпесе, ол кез келген жастағы адамның ой-өріс қабілетін дамытуда таптырмайтын құрал.
Кроссвордтың түрлері көп. Оны жалпылама түрде «Сөзжұмбақ» деп атай салуға болатын шығар. Бірақ олар да жанр-жанрға бөлінеді, он-он бес түрі бар. Менің «Сен білесің бе?», «Зерек» кітаптарым қалың оқырманға жетпей қалды. Қазір де сұраушылар көп.
Тегінде, АҚШ, Жапония, Австралия сияқты өркениетті елдердің барлық газеттері сөзжұмбақтың түр-түрін жиі беріп отыруды дәстүрге айналдырған. Бұл өзі өте қиын, көп уақытты алатын дүние болса да, қазақ оқырмандарын да қатты қызықтыратыны байқалады.
Ертеден қолға алған жөне бір әдетім – фотосуреттерді сөйлету. Ұзақ уақыт секретариатта қызмет етуімнің ықпалы болды ма, суреттерден сыр іздеуге дағдыланыппын. Тақырып тандауыма да сол әсер етті-ау деймін, табиғат көріністерін сөйлететін мөлтек әңгімелер жазуға құштар едім. Нәтижесінде «Атамекен» деп аталатын фотоәңгімелер жинағым жарық көрді. Бұл кітап кейінірек Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды.
МЕНІҢ ОЙЫМША, журналистика мен жазушылықты мұндай санқилы әуескерлікпен қатар алып жүру оңай іс емес. Жалпы, Жәкең жазушылыққа қалай келді екен? Жұмыс тәртібі қандай? Уақытты қалай жеткізеді? Болашақ жоспарларында не бар...
ӨЗІ АЙТТЫ:
– Журналистің жазушыға айналуы оңай, ал жазушының журналистке аиналуы қиын» деген қағидадағыдай, сонау бір жылы Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназ сияқты таланттарды ашқан «Жалын» журналының жабық бәйгесіне бағымды сынау үшін «Қош бол, теңіз!» хикаятымды жолдадым. Бұл шығарма ұзамай жүлделі орынға ие болды. Осы оқиға демеу болды-ау деймін, бұдан соң іске байсалдырақ кірісе бастадым. Тегінде, айта кеткенім орынды болар, алғаш қалам ұстауыма түрткі болған өз анам Төлеуғайша еді. Ол кісі әр кезде: «Балам, күнделік жаз, өткен күнде белгі бар» деп отыратын. Әкем де үнемі «не жазып жүрсің?» деп сұрап қоятын.
Қазір қатар жазып жүрген дүниелерім бар. Балқаш тағдырына, ондағы балықшылар өміріне арналған «Теңіз мұңы» романым жазылуы тиіс. Табиғаттағы, адам өміріндегі ғажайып құбылыстар суреттелетін «Жаңғырық» еңбегін жалғастырудамын. Сондай-ақ өз айналамда болған, көзбен көріп, көңілге түйген оқиғалардан сыр тартатын роман-күнделік жоспарда бар. Бір ғана мысал – баяғыда академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы өте елеусіз ғана өтті. Бас редакторымыз Балғабек Қыдырбекұлының ғалым туралы нөмірге кетіп бара жатқан мақала мен суретті Орталық партия Комитетіне көрсетіп, жариялауға рұқсат сұрап қайтқаны күні бүгінге дейін көз алдымда тұр. Ондағылар суретті кішірейтіп, мақаланы газеттің төменгі жағына беру туралы нұсқау беріпті. Сондай заманды да көрдік. Кейін академиктің 90 жылдығы дүрілдеп өтті. Жекелеген газет-журналдар Қаныш ағаға тұтас нөмірлерін арнады. Қос-қос беттер берілді. Алмағайып заман дегенің сол.
Роман-күнделікте осы сияқты журналистік өмірде болған жайларды қаз-қалпында, еш боямасыз, нақты деректерге сүйене отырып суреттемекпін. Және бір мысал – Шерхан Мұртаза газетке бас редактор болып келген беттен газет шекесіндегі ескі айдарды алып тастап, ұлттық рухқа негізделген ұран жазғызды, ай аттарын қазақшалатты. Оған дейін ондай іс санаға да келмейтін, қорқақтайтынбыз. Осылайша халық тағдырына маңызды орын алатын мұндай батылдықтар әлгіндей кішкене қадамдардан басталды. Ол ерліктер ізсіз қалмауы тиіс. Роман-күнделікте сондай жайттар сөз болады. Ойда жүрген өзге де жоспарлар жоқ мес. Бірақ оның бәрі алдағы өмірдің үлесіндегі дүниелер.
Жалпы, журналистика да, жазушылык та жанкешті еңбекті талап етеді. Бірақ осы азапты жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Егер өмірді басынан қайта бастауға мүмкіндік туса мен бәрібір осы мамандықты таңдаған болар едім.
МЕНІҢ ОЙЫМША, «Жанат Елшібек шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіне қатысы бар ма?» деген сауал туар. Бұған өзім салған беттен-ақ «әрине, болғанда қандай!» деп жауап берер едім. Көзіқарақты оқырман жазбай таниды – оның барлық шығармашылық ғұмыры тұнған тәрбиеден тұрады. Адамгершілік, эстетика, этика, отансүйгіштік, табиғаттану... бәрі Жанат Елшібек шығармашылығының алтын арқауына айналған.
Баса тоқталатын жайт – Жанат Елшібек шығармашылығы, әсіресе, табиғат құбылыстарымен үндес келеді. Автор не жазса да сөз сапырмайды, фактіге де малтығып қалмайды, ұдайы толғаныс сезімін төл тақырып Темірқазығы – табиғатпен, теңіз шуымен, шағала шаңқылымен ұштастырады.
ӨЗІ АЙТТЫ:
– Туып-өскен жерім Балқаш жағасы, Қаратал бойы болғандықтан ба, өмірлік тақырыбым теңіз болып келеді. Ол кезде су мол еді, Қаратал арнасынан шалқып-тасып, өткел бермейтін. Әсіресе, көктемде бір ауыл мен бір ауыл қатынаса алмай қалатын. Айнала үйрек-қазы сыңсып, айнадай жарқырап жататын ұсақ көлдер, маңай ну қамыс, қалың тал, жидеден тұнып тұратын. Ол Қаратал мен бүгінгі Қараталды салыстыруға келмейді, әрине. Мұның бәрі жаныңды жаралайды, мұңға батырады. Көзге жоғалған теңіз суреттері елестейді, жанарыңа жас келеді. Табиғат тылсымына бойлауда Василий Песков, Ярослав Головановтарды үлгі тұттым деуге ұялмаймын. Өз бойымдағы қабілетті дамытуға осы қаламгерлер көбірек ықпал еткендей.
** *
...СОҢҒЫ БІР КЕЗДЕСКЕНДЕ Жанат ағам: «Қызық, егде тартсам да, түсімде ылғи толқыған теңіз көремін!» деп еді.
Тіліме Жәкеңнің «Шағалалар жылай ма, осы?» деген тіркесі оралды. Сөйттім де, «иә, шағалалар да жылайды екен» деп ойладым. Мұның бәрі туған елі мен жерін шексіз сүйген журналист-жазушының шарқ ұрған шағала жүрегінің дүрсілінен, сарғайған сағынышының белгісінен анық байқалады.
Иә, шағалалар да жылайды... Қаламгер мұңына, теңізбен тамырлас туындылар сырына үңіле алсақ кәне...
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
qazaquni.kz