Рухани цензура ауадай керек - Айзат Қадыралиева

Рухани цензура ауадай керек - Айзат Қадыралиева

Қаллеки театры сахнасында - Баян сұлу мен Қозы Көрпеш. Авторы заңғар драматург Ғ.Мүсірепов. Сахналаған Мәскеу қаласынан келген қазақ қызы Г.Балпейісова. Режиссер Гүлназдың екінші жұмысын көріп отырмын. Бірінші жұмысындағыдай (Қаракөзді айтам) дәстүрлі түсініктен бәрібір де алшақ кеткенін аңғару қиын емес. Өзіндік орны бар трагедияның поэтикалық, романтикалық рухын тағы да өзінше пайымдаған. Ішкі сезімге тағы да жеңіл-желпі қараған. Соған қарағанда, әдебиетіміздегі лиро-эпикалық жырымызды толық меңгермеген не менсінбеген деген ой келеді. Бәлкім, меңгерген де, менсінген де болар. Тек, кейіпкерлер мен көрермендерді бауырластыру жолындағы шыңыраудай терең тартыстар шатқаяқ тартып кеткен.

Сахнадан азалы Баян (А.Орынтай), жаралы Қозыдан (М.Наменов) гөрі, сол сахнаның ортасында шешініп-киініп жүрген қыз, ұшып-қонып жүрген жігітті көрдік. Басында найзаны төбесіне көтеріп алып шашы жалбыраған біреу шыға келгенде, төбе шашым тік тұрды. Бұл тағы не масқара деп. Мынандай жағдайда «Жылқыларды мен қайырып алып келемін. Мен бармын!» дейтіндей батыл әрі кербез арудың бейнесі де, Қозымен кездескен сәтіндегі биязылық пен нәзіктікті де сөз қылудың өзі ұят. Себебі, оның бірі де жоқ. Яғни, бір-бірінің қасында күн және ай болып сезінетіндей жүрек толқуларын байқамадық. Негізгі кейіпкерлер Қозы мен Баян болса да, ашығын айту керек, роль талқылайтындай ойын көрмедік. Есесіне анау төрден есікке дейін домалап жатып сүйіскенді көрдік. Ол жай алқын-жұлқын сүйіс емес, кенезең кеуіп кетердей ұзааақ сүйіс. Бұл жабысқан еріндер мен жарылған қарбыздар бөлек әңгіменің арқауы. 

Ары қарай кетейік. Қарабайдың қатыгездігін, сараңдығын актер Ж.Ерболат беруге тырысқан. Дегенмен, мал басы көбейген сайын жанның рахаттанауы, малыма бір нәрсе болып қала ма деп үнемі мазасыз күйде жүру жағы кемшін. Ал Ж.Төленбаевтің Қарабайы да кісі нанарлықтай жеткізді деуге әлі ерте. Оның орындауында ант бұзушы сұм қатігезден гөрі ұйқысы қанбай қалған әлжуаз, арушаң әке орын алған. «Қара емен майысса да, Қарабай қайыспайды» деуге келетін образды көре алмадық. Қодардың бейнесі де есте қаларлықтай емес. Жасандылық басым. Осылардың ішінде қулығына құрық бойламайтын, есебінен еш жаңылмайтын Жантық. «Қоғамға қарабайшылдықтан, жантықшылдық әлде қайда қауіпті...» деп Қ.Мұхамеджанов айтқандай, жаным-күнім деп ішіңе кіріп алып, аяусыз тіліп шығатын зымиян адамдар айналаңда өте көп. Барлығын қорғағандай, қолдағандай болып алдап-арбап жүрген қорқынышты типті актер О.Жақыпбек ойдағыдай жеткізе алмады. М.Джексонның кебін киіп, әнін салса да, оқиғаның басынан аяғына дейін тартыс туғызып шиеленістіріп жүрген Жантықтың мінезінен шалыс басу бар. Олжастың ойыны бірсыдырғы болып кеткен. 

Үміт күткен бір сахна бар еді. Ол да ақталмады. Шығармада алысқан қол, серттескен сәт, қанмен анттасқан уәдені аяққа басып кете барған Қарабай қараулығынан, көкірегі қарс айрылған шарасыз ананың ағыл-тегіл көз жасы қандай ащы еді?! Қозы мен Баянға деген аналық мейірімін, басына түскен жетім-жесірлік қасірет бояуын әлі де актриса А.Нөгербек қоюлата түсу керек пе еді?. Оңашада жан күйзелісін өзіне-өзі сыр ғып айтып жалғыздықтың жырын шертетін көрінісі көмескілеу. Сосын бар шындықты Қозысына айта алмай, айтпаудың ретін және таба алмай, біресе күліп, біресе жалтарып, біресе абдыраған Мақпалдың сол тұстағы аянышты пішіні бізге жетпеді. Ал, Күнікейдің бітім-болмысын шошқаға ұқсатып қорсылдатып қойған. Берілген тапсырманы орындау керек болған соң, актриса А.Жетпісбаеваның қара күш иесіне қарсы тұруы да, қызының ыстық-суғына күйіп-тоңып жүруі де былай жаман емес. Бірақ, абзал ананың ақыл-есін кемдеу ғып, Қарабайға балта ала жүгірткізіп, етегін түрткізіп, бүкшеңдетіп қою қаншалықты дұрыс. Ұшқалақ Қозы мен шыжбақай Баянмен бірге, әкесі жынды, анасы адуынды болып шыққан. Осы орайда, Ә.Сығайдың сөзін қоса кеткім келеді. «Киіміміз, гриміміз бұзылса бір сәрі, ал енді психологиямыздан айрылсақ не болғаны?! Бүгінгі күннің қыз-жігіттердің жағдайы басқа, бізге керегі сол Мұқаң, Ғабең жазған Мөржан, Еспенбет, Қарабай заманындағы Қаракөздердің, Еңліктердің, Баяндардың өмірі. Сол заманға саяхат жасап, сапар шексек дейміз. Сәукеле кидірсең де, кидірмесең де «шіркін, Еңлік, Баян осы екен ғой» дейтіндей сенім, сезім орнату керек көрерменнің көкейіне» деп айтқаны бар еді. Иә, сахна безендіруді, костюмдерді жаңашылдыққа жақындатса да, мінез-құлықтары өткен дәуірден мағлұмат боп қалуы керек деп ойлаймын. Онсызда замануи спектакльдер бар, енді классиктерді де тегіс заманауиландыра берсек оның несі қызық, айтыңыздаршы. Жарайды, түрлі жанрлардың бәрін бірінің үстіне бірін мінгестіріп кіжінетсін, өзгертсін дейік. Енді сол өзгерткен дүниені алып шығатын актерлерге дұрыс мақсат қоя білсе дәл бұлай шыш-быж болмас едік-ау.

Жоғарыда айтып өткендей, құйқылжыта ойнаған ешкім жоқ. Ал, халыққа жеткізер негізгі күш артист біткеннің ішкі-сыртқы мүмкіндігі түгел ашылмаған жерде, спектакльдің көркемдік жағынан байи түсті деуге негіз бар ма, өзі? Бар ықыласты артистерге аударудың орнына, көруші зерікпесін дегендей қызылды-жасыл нәрселермен қашанғы алдай береміз? Аяққа оралғы болған жылтырақ бояулардың салдарынан, режиссер спектакльді мөлшерден артық созып жіберген. Жігіттердің келіп құлаулары, Жарқын-Шахмұраттың балмұздақ жеп баяндап отырып алуы т.б ля ля – режиссер ойынан туған тәсілдер деп ұқтық оны. Бірақ, осы сахналардың орындалуы тым ұзақтығын былай қойғанда, олар спектакльдің желісіне табиғи түрде кірігіп жатқан жоқ. Сосын, арасында ұлттық аспаптарға көңіл бөліпті. Шүкір дейін десем оған да келмейді. Әрине, оркестр құрамындағы қыз-жігіттер оқиғаға араласып отыруы жақсы. Бірақ, қазақтың күйі және домбырашылар ары жақта орындап жатса, бері жақта қыздардың тоңқайып жүрулері, етегін көтеріп қойып жатулары көрер көзге оғаш. Бейнебір жалаңаш денеге ұлттық бұйымды тағып қойғандай... Оның үстіне сахнадағы барлық актерлердің сөздері құнсыз шығып жатты. Түсініксіз. Әсіресе, Баянды ойнаған актрисада тіл мүкістігі қатты байқалады. Жалпы, дауыс ырғақтарында табиғилықтың нышаны сезілмесе, көрермендерді сендіру де қиын екенін ұмытпаулары қажет тәжірибелі ұжым.

Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры – Ел Ордамыздағы мәдени ошақтың бірегейі. Алматыдағы М.Әуезов театры секілді Астанадағы бас театр – осы Қаллеки театры. Сондықтан, жаңа спектакльдердің көркемдік сапасына көбірек ойлану керек. Ұлтық құндылықтарды құртуға емес, қайта оны кең насихаттауға сеп болу керек. Бұлай деуімнің себебі, мұның алдында М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» да, осы «Қозы мен Баянның» ары жақ, бері жағында ойнақтап жүр. Бір емес, екі емес, дәл осылай мазмұнға емес формаға, классиканы сақтауға емес, бұрмалауға мүмкіндік беріле берсе, онда тек режиссер-актерлерге емес, театр басшыларына да жып-жылы пікір білдіруден қалатын түріміз бар. Театр өнерінің қайнары мен арқауы – ұлттық драматургияда. Оны бұзып-жаруға ешкімнің хақысы жоқ! Өтініш, өз дүниелерімізге қамқор көзбен қарап үйренейікші. Дәстүрлі ғұрпымызды сүйеніш қыла алмасақ та, тым құрыса қорламайықшы...

Жоғары жақтағыларға:

Дәстүрлі туындыларға тосыннан шабуыл жасаса, «оо, не деген жаңашылдық! Міне, ғажап! Тамаша!» дейтін болыпты. Тіпті «таптаурындылықтан осылай қашу керек, стереотипті бұзу керек, қатып қалған қағида жоқ» деп те қолдап жатқандар бар көрінеді. Режиссуралық жаңашылдық пен модашылдықты ажырата алмайтындардың кесірінен Әуезовтің, Мүсіреповтың шығармалары мүшкіл жағдайда тұрғанын тәптіштеп айта беруден жалықтық. Бұ күнде ол авторлардың өзіндік үнінен қасақана көз жазып қалып жүрміз. Өнердегі стилін әлдеқашан қалыптастырған қаламгерлердің шығармалары әлдекімдердің эксперименттеріне айналып жүр! Цензураны ұнатпаушы едім, бірақ, еркіндік осы екен деп жалаңаш қылыштасатындарға қарап мен айтар едім «керек» деп. Кеше Қаракөзді қинадық, бүгін Қозы мен Баянды қорладық, ертең Еңлік пен Кебекке кезек келмейді дегенге кім кепіл? Сондықтан, айналдырған екі-үш классиктеріміздің еңбектерін аман алып қалу үшін рухани цензура ауадай керек. Ұлт әдебиетіміздегі інжу-маржандарға қашанғы жанымыз ашып отыра бермек. Алтын қорларымызды қолға алмасақ, осы айғайлағанымыз – айғайлаған, ойбайлағанымыз – ойбайлаған.

Айзат Қадыралиева, 

Қазақ үні