ІЗГІЛІККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ
2022 ж. 22 маусым
2193
0
Жазушы, драматург Елен Әлімжанның
«Анажар» кітабы хақында
Өз басым «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзге имандай ұйыймын. Неге ардың ісі? Өйткені сәтті шығармалар қаламгердің тән сұраныстарынан тұратын күнделікті күйбең тірлігін тәркі етіп, ар мен ұжданға суарылған алғаусыз көңілінен, риясыз пейілінен ғана туса керек. Көңіл мен пейіл қаншалықты кіршіксіз болса, шығармаңның ғұмыры да соншалықты ұзара түспек. Жазушы, драматург Елен Әлімжанның «Анажар» кітабын оқығанда осы тақылеттес сан қилы ойға шомдық.
Жазушының бұл жинағы бір роман, бір хикаят, бір әңгімеден құралған екен. «Қоларба» әңгімесіне орта жастан асқанына қарамай, базарда арба сүйреткен Жайылханның өмірі арқау болған. Жайылхан кезекті бір мырзаның жүгін қоларбасына салып тұрып, «қайда» деп, бетіне қараса, әлгі ескі танысы болып шығады. Бұрын «үнемі ат үстінде көретін», кезінде бір ауданды басқарған, Жайылханды осы бейшара күйге түсірген Бақыржан Беделбеков екен. Жүкті апара жатып Жайылхан өткен өмірін еске алады. Шаруашылық басшылары өнімді мейлінше мол алу үшін қаракөл қойларын екпемен жасанды қоздырып, торайларша шүпірлеп туған қозылардың басын кесіп, терісін сыпырып ала берген. Оларға істің ығыты мен нәтиженің баяндылығы емес, жоғары көрсеткіш керек. Төл емес, шындығында елтірі алған аудан республикада алдына жан салмайды. Сөйтсе, бұл тәсілмен алған елтірі сапасыз екен. Енді қозыны тірі қалдырып, одан ет өндіру талап етіледі. Міне, сол кезде алтын жұлдыз алу үшін бүкіл аудан малшыларын құрбандыққа шалған Бақыржан пәленбай мың қозыны тірі қалдыру туралы міндеттемені малшыларға күштеп қабылдатып, соны әскери коммунизм тәсілімен орындатуға көшеді. Жайылханға ауданда істейтін жақын інісі Сатыш арқылы салмақ салады. Сатыш мұны малшылардың жиынына мәшинамен апарып, жол-жөнекей самалдатып, ащысумен суғарып, біз де көмектесеміз, химзауыттың подхозынан 100 қозы әперем деп алдап-сулап көндіреді. Нәтижеде жақын інісі Сатыш басқа ауданға қызметке ауысады. Бақыржан бәрін біліп тұрса да: «Жылда туатын саулықтар биыл да туды. Сендер туған төлді ішіп-жеп қойдыңдар» деп, сотқа береді. Ақыры орындалмас міндеттеме алған Жайылхан барлық мүлкі тәркіленіп, бес жылға сотталады. Жан жары Мейізкүлден айырылады. Әр ауданда, тіпті әр ауылда кезігіп жататын оқиға, турасын айтсақ, зұлымдық, сатқындық. Соны автор шебер тілмен, жүйелі түрде жеткізе білген. Жайылхан мен Бақыржан бейнелері толық ашылған және эпизодтық болса да Сатыш пен Мейізкүлдің де кейіп-кеспірі көз алдыңа елестейді. Әңгіме сәтті, көркем де жатық тілмен жазылған. Мысалы, «көтергені қол үзердей», «әжімдері арналана түсіпті», «жаяулар текпішекті, қоларба түйетайлы жолымен», «итақайдай ұясына тығылып» сынды дәл де сәтті тіркестерді әңгіменің әр жерінен кездестіресің. Базардағы әмбеге аян жайтты тәптіштемей, бірден Жайылхан мен Бақыржанның кездесуінен бастап кетсе, шығарма ширап, одан сайын тартымды бола түсер ме еді деп ойлайсың.
Жазушы, драматургтың «Ескі жара» хикаяты да әлеуметтік-экономикалық тақырыпқа арналған. Шығарма ұжымшарға жаңа келген директор Әбілқасым Серікбаевтың «Мынау деген барып тұрған зиянкестік қой... Ойпыр-ай, екі жүз биенің отыз жетісі байталға, байтал біткен еркек тайға айналып кетті деген не сұмдық» деп, кабинетінде шиыршық атуымен басталады. Арнайы тексерген комиссия қорытындысы бойынша, кінәлі – жылқышы Қыраубай Қорабаев. Ісін тергеуге беріп, шаруашылықты былық-шылықтан тазалап алу керек деп түйеді директор. Сол кезде телефон соғылады. Он жыл бұрын мұның абыройы айрандай төгілгелі тұрғанда құтқарып қалған Қадыр қарт екен. Жаңа қызметімен құттықтап, кіріп-шыққысы келетінін айтады.
Әбілқасым оқуды жаңа бітіргенде осы Қадыр қарттың ауылында мал дәрігері болып істеген. Ол осы колхозды өз қолымен құрысқан, алғашқы басшысы болған, бүкіл елге сыйлы жан еді. Қызметін адал атқаруға кіріскен Әбілқасым тіс қаққан зоотехник Жапарқұлмен ұстасады. Жапарқұл Тұрғынбек шал, ағайынды Сақтаған, Шоңбай деген шопандармен ауыз жаласып, тоқтыларға қошқар қосып, көлденең пайда табады екен. Бұлтартпас дәлел таппай, қылмыстарын мойындата алмай мысы құриды. Екеуі арнайы санақ жүргізуге шыққанда Жапарқұл Әбілқасымға сездірмей, Сақтағанға жемшілер арқылы хабар беріп қояды. Ысылған маман Жапарқұлдың ыңғайымен ырғалып-жырғалып, ұлы сәскеде шыққан екеуі жол-жөнекей басқа шопандарға соғып, Сақтағанға қоналқаға бірақ барады. Және ағасының жұмсауымен аудан орталығына кеткен Шоңбайдыкіне түседі. Оның сылқым келіншегі бойдақ Әбілқасымға бұрын да қылмыңдап жүрген. Бүгін қайнағасымен бірге Жапарқұл екеуін асты-үстіне түсіп күтеді. Үшеуі араққа әбден мелдектегенде Әбілқасым Әсиямен күнә жасап қойып, түнделетіп жеткен Шоңбай атып тастамақ болып, осы Қадыр ақсақал құтқарып қалады. Ол Жапарқұл мен Сақтағанға бәрін бүлдіріп жүрген өздеріңсіңдер, «Осыдан мына балаға тағы да бәлеңді жағып көр, бауырым болсаңдар да, тура өзім ұстап берем екеуіңді» деп, арашалап қалады. Ұрының арты қуыс емес пе, әуелде арындап келген екеуі жым болады. Міне, Әбілқасым жастықпен, мастықпен күнә жасап, құздан құлай жаздап тұрғанда құтқарып қалған Қадыр қарт енді бұған «Жылқышы Қыраубай жалғыз жиенім еді... Сенің ілгеріде біздің елде істегеніңді біліп, үйіме келіп жылап отырып алды. Әкесі сияқты ақкөңіл еді, қулар астына көпшік қойып, аузына арақ тосып майшелпек қылса керек... Бала-шағасы әлі жас» деп қиылады. Міндетсімейді, «қиынсынсаң, өзің біл» дейді. Әбілқасым – сол түнгі күнәсынан кейін енді қайтып арына дақ түсірмеуге, қоғам алдындағы міндетін мінсіз атқаруға өзіне-өзі ант берген адал жігіт. Істі жаба салса, антына адалдығын жоғалтпақ, Қорабаевты сотқа берсе, өзін құтқарып қалған Қадыр қарттың жақсылығына жамандықпен жауап берген опасыз болып шықпақ. Автор хикаятын бас кейіпкерінің осындай бір-бірін жеңе алмай, итжығыс түскен екіұдай сезімімен, ой шарпысымен аяқтайды. Күрмеуі көп түйіннің шешімін оқырманның өзіне қалдырады. «Ескі жара» – Шоңбайдың Әбілқасымды мылтықтың дүмімен қарақұсынан ұрып талдырғандағы тән жарасы ғана емес, арына дақ түскендегі жан жарасы да. Біздіңше, «Ескі жара» – автордың романынан да, әңгімесінен де сәтті шыққан, тілі жатық, бас-аяғы жұп-жұмыр хикаят. Көлемінің шағындығына қарамай, көтерген жүгі де қомақты.
Ал «Анажар» романы салған жерден адам өлімі туралы мәліметтен басталады. Анажар деген 32-33-тердегі жап-жас келіншек қолында күрегі, өз көрін өзі қазып жатады. Осыншалық басына не күн туды екен деп, оқи бастайсың. Бірден айтайық, шығарманың экспозициясы тым созылып, шұбалып кеткен. Мәселен, қазақтың мәйітті арулау, жерлеу, көр қазу дәстүрін бастан-аяқ тәптіштеп баяндаудың (бақандай бес бет) қандай қажеті бар? Оны сауатты оқырман баяғыда-ақ толып жатқан этнографиялық кітаптардан, энциклопедиялардан оқып алған. Ол аз десеңіз, сан түрлі сайттар мен порталдарда бұл туралы орысша-қазақша деректер жетіп артылады. Одан соң автор Таразға ұқсас Тоқкент деген қалаға бес беттей тарихи-географиялық-экономикалық сипаттама жазады. «Жазушы көп жазуы керек, бірақ асықпауы керек»,– дейді А.П.Чехов. Жазған дүниесін суытып, іштен шыққан шұбар жыландай емес, бөтен адамның шығармасындай қарап, артық-ауыс жерлерін қысқартып барып қана оқырманға ұсыну керектігін меңзегені деп түсіндік. Өйткені оқырманды өзіңізден жирендіріп, сенімін бір жоғалтсаңыз, ол қайтадан сіздің шығармаңызды қолға алмайды... Осы баяндаудың соңында Анажардың әкесі Далабайдың бірнеше тойхана мен дүкеннің қожайыны, анасы Таугүлдің сән ательелері мен косметикалық орталықтары бар екенінен хабардар боласыз.
Романдағы біз байқаған тағы бір кемшілік – автордың диалогқа онша мән бермей, көбінесе баяндауға ұрынатыны. Мысалы, осы шығармадағы алғашқы диалог 22-беттен бірақ басталады. Осыған дейін сіз ұзын-сонар авторлық монологтың құрсауында қаласыз. Бұдан соң да диалогқа жарымасыңыз анық. 230 беттік романның бүкіл диалогын жисаңыз он бетке жетпес-ау деп шамалаймыз. Әрине, біз америкалық жазушы Э.Хемингуейше, қазақ қаламгері Р.Сейсенбаевша (80-жылдары шыққан екі романын айтып отырмыз) шығарманың жартысын диалогпен жаз деп отырғамыз жоқ. Диалогтың көркем туындыда кейіпкер мінезін жарқыратып ашатын, шығармаға жан беретін, әр беретін керемет тәсіл екенін еске салғымыз келді. Диалог бірнеше қызметті қатар атқарады: біріншіден, авторлық монологты диалогпен ауыстырып, сөйлеу тілін түрлендіреді. Екіншіден, кейіпкер мінезін жарқыратып ашатын, оқиға мен құбылысты көз алдыңызға келтіретін жанды сөзді ұсынады. Үшіншіден, автордың баяндауындағы тым ақылгөйсігендей, ділмарсығандай көрінуі мүмкін монологтардың негізгі идеясын оқырманға елеусіз, кедергісіз әрі сенімді жеткізеді. Әрине, диалогты әр кейіпкердің мінезі мен ойлау ерекшелігіне орай сенімді де ұтымды етіп жеткізе білу де оңай шаруа емес екені анық. Ол енді басқа әңгіме.
Жазушының баяндау тәсіліне шеберлігін, ой алғырлығын, негізгі арқау мен қосалқы желілерді еш шатастырмайтынын атап өту парыз. Сөзден сөз тудырып және оны жеңіл юмормен әрлеп, оқырман жанын жадыратып, күлдіріп те отырады. сенімді береді. Сонымен, өлуге не себеп? Анажардың өмірдегі бар қызығы, сүйеніші жалғыз перзенті Ақперіште қайтыс болыпты. Оны Анажар өзі қыз кезінде, оң жақта отырып босаныпты, осы күнәсі басына бәле боп жабысыпты. Әпкесі Еңлікгүлдің ақылымен Анажар Әділет деген жігітпен бас құрайды. Бірақ Әділеттен бала болмайды. Ақыр соңында Анажардың күйеуі Әділет азғындап, нашақорға айналады. Анажар күйеуінің осы қылығынан түңіліп ажырасқан. Анажардың жалғыз інісі Жаннан да нашақор. Ата-анасы Далабай мен Таугүл – шаруалары дөңгеленіп тұрған қазіргі заманның кәсіпкер байлары. Жуыр маңда тарықпайды, материалдық игіліктері өздерін қойып балалары мен немерелеріне жетеді. Алайда жастары келіп, денсаулықтары сыр бере бастаса да, істерін іліп әкетіп, ілгері сүйрейтін ұрпағы жоқ. Жалғыз ұлдары Жаннан – мың салса, бір баспайтын жалқау, масыл, жатыпішер. Балалы келіншекпен әуейі болып, соған үйленемін деп қиғылық салады да, ата-анасы келіспей қойса, «ендеше ешуақытта үйленбеймін» деп шалқалайды. Міне, бұл – қазіргі заманғы отбасылардың бірсыпырасының басында бар проблема. Дайынға ғана үйренген, барды ұқсата алмайтын ынжық, жалқау, масыл ұрпақ. Мысы құрыған Далабай енді тоқал алып, содан бала сүймекке қиялдайды. Бірақ оны өсіргенше, адам қылғанша өзі өліп кетпей жүре ала ма, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Сондықтан «бала асырап алайық» деген кемпірінің ұсынысын құптайды. Алайда арғы атасы беймәлім баланың кейін тегіне тартып алқаш не қанқұмар болып кетпесіне кім кепіл деп, одан да жериді.
Жалпы, кез келген жаңа шығарма не кітап туралы басқа адамның көзқарасы субьективті пікір саналады. Кезінде атағы аспандап, мақталған шығарманың заман өте келе іске алғысыз болып қалғаны, керісінше, жазылғанда замандастары мойындамаған туындының жылдар жылжи келе атағы аспандап кеткені сирек те болса кездесер құбылыс. Аталған кітапты талдау сәтінде біздің артық айтқан не кем соққан жеріміздің болуы – заңдылық. Біз әр сөзіміз бен амал-әрекетіміз үшін ең әуелі ар алдында, түптеп келгенде Құдайдың алдында жауап береріміз анық. Осындайдан сақтанған кемеңгер М.Х.Дулат бабамыз «Тарих-и Рашидиді» жазу кезінде «Анығы бір Аллаға мәлім» деген тіркесті жиі қайталайды. Сондықтан біз де субьективті пікіріміздің кітап тағдырына зияны тиіп кетпес үшін жазбамыздың соңын Мұхаммед Хайдар ғұламаша тұжырып, жазушы, драматург Елен Әлімжанның «Анажар» кітабының көркемдік көкжиегі туралы біз айтарымызды айттық, «Анығы бір Аллаға мәлім» дегіміз келеді.
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ