АРЫСТАНДАЙ АЙБАРЛЫ ЕР
2022 ж. 15 маусым
2325
0
Нұрмахан Оразбекпен әңгіме
Сонау 1991 жылы бүкіл Совет Одағын ғана емес, тұтас әлемді дүр сілкіндірген әйгілі Тамыз бүлігі кезінде құрылған төтенше комитеттің ісін «Бұл – нағыз төңкеріс!» деп күнбе-күн әшкерелеген Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрмахан Оразбектің батылдығы жайында республикада алғаш болып біз жазған едік...
Иә, басын қатерге тіге отырып, арыстандай айбарлылықпен халық санасындағы демократия бастауларын қорғап қалуға әрекет жасаған журналист азаматтың ең алдымен өз әріптесіміз екенін орынды мақтан еттік.
Сол оқиғадан беріде біршама уақыт өткенде осынау ерлік иесінің жеке адами болмысымен тереңірек танысқысы келетін оқырмандарымыздың саны да арта түсіпті.
Біз осы бағытта бірнеше сауалымызды Нұрекеңнің алдына тарттық.
– Нұрмахан аға, Сіздің Тамыз оқиғалары кезінде елден бұрын ТЖМҚ әрекеттерін батыл әшкерелеуіңіз шын мәніндегі жүрекжұтқандық еді. Ерліктің аяқ астынан жасалмайтындығы белгілі ғой. Өмірдің өзін де күрес деп жүреміз. Бәлкім, анау атышулы оқиғаға дейін де батыл шешімдер қабылдаған сәттеріңіз болған шығар?
– Құлтөлеу шырағым, осыдан бірталай бұрынғы уақиғаны ерлік деп елпілдету қаншалықты орынды болар екен? Меніңше, осыны батырлық деп атау артық сияқты. Өз басым оны сезімге негізделген батылдық қана дер едім. Мұның үстіне жұртқа дұрыс бағыт-бағдар берсем деген адал ниетті қос.
Әдетте біздің редакцияда ілездеме де, жоспарлау да аптасына бір рет, дүйсенбі күні сағат он екіде өтетін. Тамыздың 19-ы күні де редакция қызметкерлері сол уақытта жиналды. Жұрттың бәрі үрпиіп қалған.
– Естіп жатқан шығарсыздар, түнде елімізде сұмдық оқиға болды. Бұл – төңкеріс! Төтенше комитет мүшелері Одақтық Шартқа, демократияға қарсы, жариялыққа жол ашқан Горбачевқа қарсы. Бұрынғы тәртіпті, орталықтың өктемдігін қайта орнатқысы келеді. Олар билік басында орнығып қала ма, жоқ па, ол арасын білмеймін. Бірақ газет өз бағытынан таймауға тиіс. Алуан түрлі заңсыздықтар, халқымыздың тарихы, мұң-мұқтажы, тіліміздің тағдыры туралы бұрын қалай жазып келсек, әлі де солай жаза беруге тиіспіз. Жаңа адамдар билік басына келді екен деп, олар бұрынғы тәртіптерді қайта орнатқысы келеді екен деп бұлтақтай, бұқпантайлай алмаймыз. Олай етсек, біздің 1990 жылдың басынан бастап, қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қасиетті мәтелін «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран орнына алуымыздың көк тиын құны жоқ, – деп аяқтадым.
Кімнің қалай қабылдағанын білмеймін, әйтеуір, жұртта үн жоқ. Сондықтан жігіттерге жігер бергім келіп:
– Газеттің бірінші бетіне үлкен әріптермен «Жексенбіден – дүйсенбіге қараған түні, Совет Одағында төңкеріс жасалды!» деген аншлаг береміз. Төтенше комитет материалдарынан Янаевтың жарғысын ғана жариялаймыз. Онан соң, өзіміздің түсініктемемізді береміз, – деп қорыттым.
Әлгі үнсіздікпен жұрт тарады.
Менікі, бәлкім, өзіміз сынап жүрген әміршілдік-әкімшілдік әдіс болар. Бірақ дәл осы кезе басқаша қимылдауға болмайтын еді.
Түскі үзілістен соң, есікті кілттеп алып, жазуға отырдым. Лукьяновтың мәлімдемесін, төтенше комитеттің үндеуін талдап жатуға уақыт жоқ еді. Сондықтан төңкерісті кімдер жасағанын, оның неге қарсы бағытталғанын ғана айтуды ұйғардым.
Сағаттан аса уақытта материал жазылып бітті де, машбюроға жіберілді, одан баспаханаға жөнелтілді.
Демек, ол материал туралы редакция коллективі түгел құлақтанды деуге болады. Ал енді елестетіп көр. Солардың бірі тиісті органға «ойбай, біздің газетте осындай дүние кетіп барады» деп қоңыраулата қойса не болар еді? Үніміз жұртқа жетпей қалады ғой! Мен жігіттерге сол үшін де ризамын, «Көсегелерің көгерсін!» деймін.
Ренішім де бар. Жиырмасы күні газет тарады. Не обкомнан, не облыстық кеңестен бірде-бір қоңырау болған жоқ. Не бұрыс, не дұрыс деген ешкім болмады. Бәрі де бұғып қалды.
Сол күні түстен кейін ғана бір қоңырау шалынды. Кім дейсің ғой? Обкомның бұрынғы хатшысы, мәдени қордың төрағасы Мақат Ырымжанов ағамыз. О кісінің «дұрыс болған» деген бір ауыз сөзі дәтке қуат берді. Кейін екі-үш күннен соң, телефон соққандар болды. Оларға да рахметтен басқа айтарым жоқ.
Батылдық жасау газет жұмысында да көп кездеседі. Өзің де білетін шығарсың, 1989 жылдың басында «Әпербақандық азабы немесе комсомол- жастардың шопандық бригадалары хақында» деген мақала жарияланды.
Кәрім Сауғабаевтың ол мақаласында талай былықтың беті ашылды. Сонда жоғарыдан да, төменнен де «Оразбеков еңбек тәрбиесіне қарсы» деген айып тағылмады ма? Бірақ соның бәріне тойтарыс бере алдық. Позициямызды дәлелдеп шықтық. Бюрода обкомның бірінші хатшыларымен талай рет бет жыртысқан кездер болды. Абырой болғанда, түптің-түбінде үстем шығып отырдық...
– Аға, осы, батырлар аспаннан түспейтін шығар; балалық шағыңыз қандай жағдайда өтті? Бізді бұл жағы да қатты қызықтырады. Енді өскен ортаңыз, ата-анаңыз, алғашқы ұстазыңыз жайындағы деректерді білсек. Балғын шақта мінез-құлқыңыз қандай еді? ¬
–¬ «Балалық шақ – бал дәурен» деп әндетеміз ғой. Бірақ ілуде біреуі болмаса, менің тұрғыластарымның балалық шағы туралы олай деу қиын. Мен өзім жеркепеде туған адаммын. Сыр бойындағы Қандөз деген жер. Кезінде Шымкент облысының Түркістан, Фрунзе, Қызылқұм аудандарына қараған. Қазір Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Түркістан» совхозының орталығы. Мен туғанда әкем Орынбор – Ташкент теміржолының қара жұмысшысы екен. Көп ұзамай, сол теміржол бойындағы Шорнақ деген селоға көшіппіз. (1939 жылдан 1956 жылға дейін Фрунзе ауданының орталығы болған). Мен ес білгенде әкем Қызыләскер ауылының жекеше қойын бағатын. 1942 жылы наурызда майданға алынды да, сол жылы қыркүйекте жыланкөз дейтін аурумен көптен төсек тартып жатқан шешем Базаркүл өлді. Бір атаның ең кенжесі менің әкем Оразбек, ең үлкен ағасы Ізтілеу атамның үш баласы Әуелбек, Ақжігіт, Әубәкір төртеуі майданға аттанды. Көп ұзамай атам да дүниеден қайтты. Дүйсенкүл дейтін апайымыз тұрмысқа шығып кетті. Сөйтіп, жалғыз қалдым.
Жалғыз қалдым дегенім, мүмкін, асылық болар, Несібелі апам (ағаларым ол кісіні «апа» деп, менің шешемді «жеңеше» дейтіндіктен мен де солай атап кеткем), кенжесі Түзелбай және мен – үшеуміз қалдық. Дүние дейтін дүние, мал дейтін мал жоқ, біздің үйде жалғыз кемпір қос жетімекті жылап жүріп қалай жеткізгенін, қиялың жетсе, елестете бер.
Өз басым Қожан Бекмұхамбетов деген мұғалімімді қатты қадірлеймін. Үшінші класта сабақ берді. Сол кісі жетектеп апарып Сәбит Мұқановтың «Балау жеуге келіңіздер» деген пьесасы бойынша мұғалімдер үйірмесі қойған спектакльде соғыс кезінде көшіп келіп, қазақ қолында өскен Ескендір – Александр деген баланың ролін ойнатты, велосипедіне мінгізіп үйіне апарып, шағын кітаптар берді. Осы ағамыз Ғабит Мүсіреповтің сол кезде шыққан «Қазақ батырын» оқытты. Және сондай кітапты оқыңдар деп өсиет айтқан жоқ, «Зытып келем, зытып келем. Зытып келе жатқаным, қашып келем. Қашып келе жатқаным, қорқып келем» деп бастап алды да, біразға дейін зуылдатып келіп: «Ал, балалар, кітапханаға осындай бір кітап түсті» деді. Үлкен үзілісте бәріміз кітапханаға қарай жапатармағай жүгірдік.
Мұны айтып отырғаным, менің өз басымды кітап тәрбиеледі.
– Жас адамның дүниетанымы тек кітап, көркем әдебиет арқылы ғана қалыптаспайтын шығар...
– Әине, дүниетанымды қалыптастыратын факторлар көп, бауырым. Кітап туралы айттым. Бірақ тек кітап сөзімен, көркем әдебиет әсерімен өстім десем толық болмас еді. Әкем сауатсыз, жай шаруа адамы болғанымен, құймақұлақ, бір көргенін, естігенін ұмытпайтын, әділеттен асып ештеңе істемейтін парасатты адам еді. Ол кісі әділ бол деп ақыл үйретпейтін, әділін істейтін. Мақтанды демесең, бір-екі мысал келтірейін. Өзі елге әскерден 1947 жылы наурызда оралды. Су мекемесіне атбағар болып орналасты. Сол күзде кейінгі шешемізге үйленді. Момын, артық сөз аузынан шықпайтын кісі еді жарықтық. Ол кезде қайбір той болсын. Тапса – арпа, тары, ботқа, азын-аулақ бауырсақ, шелпек. Қысқасы, той жоралғысы ғана. Сонда да көңіл шіркін, желпінгенді қалайды ғой, Қалаби дейтін көзі басыр ағамыз той бастаймын деп қалды. Сол кезде әкем:
– Қалаби, «арғын аға баласы, тарақты ноқта ағасы» деген ғой. Сол үлкен ағаларымыздан осында жігіттер отырып, «қоңырат өз тойын өзі бастады» деген сөзге қалмайық, байқа, – деген-ді. Тойбастар айтылды ма, айтылмады ма, ол есімде жоқ, бірақ әкемнің сөзі жадыма мықтап тоқылыпты. Кей-кейде әңгіме арасында «еншісі бөлінбеген қазақ», «орыс әділ» деп отырушы еді. Біздің, үй селоның шеткерек жағында болатын. Содан ба, ол кезде әкемнің айлығы 230 сом, қара нанның килосы 3 сом 20 тиын болса да, ел ақтаған дуаналар біздің үйге қонатын. Бірақ олардың ел ақтап жинаған нан-қанты бар. Су қайнатып, аздап қызылдап берсе болды. Көбісі тәжік. Бірақ өзбекше жақсы біледі. Содан да біздің шалмен ұзақ кеңеседі.
Бір күні мектептен қараңғы түсіп, шам жағылғанда келдім. Төрде біреу отыр. Жүзі сары. Өңі жас. Қорқатындай дәнеңе жоқ сияқты. Бірақ қорқып кеттім. Қорыққаным: біріншіден, орыс көрмегенім, екіншіден бейтаныс қонақта мұрт та, сақал да жоқ, тек екі жағындағы жүн иекке дейін салбырап, қобырап тұр. Қейін білдік, қой, «бакенбард» дегеннің болатынын... Менің қорыққаным сол. Соны сезді ме, әкем: «Балам, қорықпа. Бұл да бір мүсәпір. Мүсәпірге көмектесу парыз, көмектеспесең құдай алдында мойынға қарыз» деді...
Университеттен кейін, аудандық газетте істегенімді жоғарыда айттым. 1965 жылы күзде Алматыға оралып, біраз жұмыссыз жүріп қалдым. Тек белгілі журналист, жазушы Еркінбай Әкімқұловтың кепілдемесімен «Лениншіл жасқа» орналастым. Шәкең (Шерхан Мұртаза ағамыз) сексен соммен кіші әдеби қызметкер етіп алды, Екі айдан соң, 100 сом тағайындады. Бір жылдан кейін, бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі етті. Одан кейінгі қызметтердің бәрінде үлгі аларлық ағалар да, інілер де болды.
– Енді отбасыңыз туралы да білсек...
– Отбасы туралы әңгіме қысқа. Жалғыз қосағым – жеңгеңмен отасқанымызға талай жылдар өтті. Өзін талай қуантқан да, ренжіткен де кездерім болған шығар. Қос қызым – Гүлназ бен Гүлжаз тұрмыста. Қос-қостан ұлдары бар. Яғни, төрт немерем «ата» деп мойныма асылады.
– Бос уақытта немен шұғылданасыз, аға? Әуестігіңіз не? Спортқа қалай қарайсыз? Домбыра тарта аласыз ба?
– Менде бүгінге дейін бос уақыт шамалы болып келді. Он жеті жылдай уақыт ¬ҚазТАГ пен «Орталық Қазақстандағы» кездер – мен үшін сенбі түгелімен жұмыс күні болды. Ширек ғасырдай уақыт сурет түсірдім. Бірақ әуесқойлық деңгейден асқам жоқ. Аздап ән салам, бірақ домбыра тарта алмаймын. Бала кезде сурет салумен біраз әуестендім. Ерінбесем – етікші болар ма едім, кім білсін. Спорт дегенде – үш жылдай еркін күреспен айналыстым. Жеткен «шыңым» – екінші разряд. 1960 жылы Қостанай қаласында практикада жүріп, қалалық жарыста екінші орын алғаным бар. Аздап шахмат ойнаймын. Бос уақытта көбіне кітап оқимын.
– Сонда сүйікті авторларыңыз кімдер?
– Сүйікті автор? Бұл – бір қиын сұрақ. Өз тұрғыластарымнан, жастардан біреулерді бөліп-жарып айтсам, қайсыбірі ренжіп қалар. Бірақ оларды мүмкіндігінше қадағалап оқимын. Ал, үлкендерге, өткендерге келсек, француз әдебиетінен Эмиль Золя мен Ромен Роллан, орыс әдебиетінен Максим Горький мен Владимир Маяковский, қазақ әдебиетінен – өзіміздің Сәбең. Абай, әрине, бөлек. Күнара болмаса да, аптасына кемі бір рет қайта парақтаймын... Күлме, бала, «старомодный» екен деп... Мәселен, Горькийді алыңыз. Мектеп бағдарламасындағы шығармалары жұртты ығыр қылғанын айтып та жүр, жазып та жүр. Бірақ өзің Горькийдің көп томдығының алғашқы алты томындағы әңгімелерін түгел оқып шықшы. Тіпті, екі-ақ әңгімесін – «Как поймали Семагу» мен «Болесь» деген әңгімелерін... Гуманизм, адамгершілік, реализм дегендерінің бәрі – соларда. Өз басым Горький сол дүниелерді ғана жазып, басқа ештеңе қалдырмаса да, классик болып қалар еді деп есептеймін.
– Осы орайда өз еңбектеріңізге де тоқтала кетсеңіз. Қазір не жазып жүрсіз?
– Өз басым бес-алты кітап шығарыппын. Олардың бәрі, әрине, публицистика. Және олар жыртыққа жамау болар деген пендешеліктен аулақпын. Бірақ соның ішінде 1975 жылы шыққан «Қасиеттісің, сен, Отан» деген кітапшам өзіме ыстық. Ал қазір ой болғанымен, бастап кете қойған жұмысым жоқ.
– Тамыз бүлігі саясатқа қатысты іс болатын. Бұл тұрғыда өзіңізді саясатшымын деп санайсыз ба?
– Саясатты бажайлап, талдай білу бар да, саясатшы болу бар. Екеуі екі бөлек нәрсе. Саясатшы болу үшін кей тұстарда моральдық нормаларды аттап өту керек. Бір ғана мысал. СССР Халық депутатын сайлау науқанында бір кандидатқа: «Сізді неге сол аудандық еңбек коллективі ұсынды? Сізді олар қайдан біледі?» деген сұрақ берілді. Сонда әлгі кандидат: «Мен Алматыда үлкен жиындарды басқарам, олар телевизиядан беріледі. Мүмкін, содан көріп ұнатқан болар» деп жауап қайтарды. Ал ол аудан, сол аймақ Алматы телехабарларын көре алмайтын еді, әлі де көре алмай келеді... Мұның үстіне сол кандидаттың өз бағдарламасында әлгі ауданда ретрансляциялық мұнара салып беру туралы уәде бар-тын. Осы қайшылықты байқаған бір қызметкеріміз: «Осы тұстан бір соғып өтсек, есеңгіретер едік» деген ұсыныс жасады. Алайда, мен бұған келісе алмадым. Өйткені, бес кандидаттың ішінде өзім де бар едім. Әлгі кандидаттың жауабы да моральдық нормадан аттап өту, ал мен оны газетте әшкерелесем – ол да моральдық нормадан аттап өту болып шығар еді. Оған менің арым тұсау салды. Міне, сондықтан мен өзімді саясатшымын деп санамаймын. Бірақ, қазіргі саясатшыларымыздың сол бөгеттен ұялмай-ақ өткен талай фактілерін келтіре аламын.
– Аудармашы ретінде алғаш «застой» ұғымын тілімізге «тоқырау» деп тәржімалап енгізген Сіз деп білеміз. Ал, өзіңіз осы терминге, осылай аталған кезеңге қалай қарар едіңіз?
– Тоқырау аталған кезеңді шын мәнінде тоқырау жылдары деп есептеймін. Біз бар байлығымызды шет елдерге арзанға сатып қана өйтіп-бүйтіп күн көрдік қой. «Ол кезде бәрі болды» дейтіндер осы жағын ескере бермейді. Ал жабдықтарды жаңартып отыруға, ғылым мен техника жаңалықтарын дер кезінде енгізуге мән бермедік. Ленин дамудың нәтижесінде таптар бірте-бірте жойылады, яғни өзін-өзі басқаратын шын мәніндегі демократия орнайды десе, біз партияның ролі, мемлекеттің ролі арта береді деп «жаңалық» ашып, марксизм-ленинизмді «жаңарттық». «Социализм бұлай болмау керек» деген шетелдік коммунистерге «нақты социализм осы, әуелі социализм орнатып алыңдар» деп кемеңгерсідік... Жә, бұл тақырыпқа тереңдемей-ақ, нақты мысал келтірейін. 1970 жылы Америка Құрама Штаттарын он сегіз күн аралап қайттым. Мемлекет есебінен екен деп ойлап қалма, өз ақшама... Сонда кәдуілгі өзіміздегідей машинканы сартылдатып отыратын бірталай газет редакцияларында болдық. Айырмашылығы – журналистердің өздері басады. Араға он төрт жыл салып, 1984 жылы Батыс Германияға бардым. Отыз мыңдай ғана тұрғыны бар Норден деген қалада қоғамдық тілшілер пунктін көрдім. Бірнеше дисплей тұр. Хабар жазамын деген адам дисплейге басып алады да, тетігін іске қосып пәленбай километр жердегі редакцияға қас-қағым сәтте жөнелте салады. Ал біз әлі күнге машинкамен, телетайппен отырмыз!
Тағы бір нәрсе. Нақ сол жылдары бізде: егер сен бөлім меңгерушісі болсаң, басқа министрліктің бөлім менгерушісімен ғана сөйлес, одан жоғарымен дәрежесі тең адам ғана сөйлессін деген жазылмаған қағида берік орнықты. Ал мен қоғамның әрбір мүшесі бір-бірімен тең, қатардағы коммунист пен бас хатшының құқы бірдей деп есептеп үйренген адаммын. Міне, экономикадағы, қоғамдық қатынастардағы осындай сорақылықтар мықтап орнаған тұсты қалай тоқырау жылдары демессің.
– Нұраға, сіздің қызмет орныңыз жуырда Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінен астанаға ауысты. Айып болмаса, жаңа жұмысыңыздың да жайын айтсаңыз.
– Осы сұрағыңа жауап бермей-ак қойсам қайтеді... Жаңа кіріскен қызметім – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасынын бастығы. Бұл қызметтің ұңғыл-шұңғылына әлі бойлай алғаным жоқ. Өзі де жаңа басқарма. Не шығарын болашақта көрерміз. Тірі адамның ісі – үміт депті ғой Абай...
– Бірталай жайға қанықтық-ау деймін, Нұраға. Жаңа қызметіңізде табысты болуға тілектеспіз. Әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет!
Әңгімелескен
Құлтөлеу МҰҚАШ.
1991 жыл.
Жүрежарды
ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ ТҮЛЕГІ
(Нұрмахан Оразбекке)
Көк аспандай Көк Түріктің тұнығы,
Күлтегіннің желбіреген тұлымы;
Шыңғысханның тал-бесігін тербеген
Қоңыраттың тұяғы –
Саф алтынның сынығы!
Ақихаттың толғауын,
Арқаға кеп,
Ақтанберліше толғадың.
Асау басы ноқтаға сыймаған,
Арыстаннан да айылын жимаған –
Оғланым!
Тар заманда сен көрмеген талқы жоқ,
Өрт ғасырда өзегінді шарпыды от.
Көк Тәңірі жетпіс мәрте жебеген,
Текті,
Түкті жүрегіңе тәнті боп!
Замананың боранында ысылдың,
Тоғыз жолдың торабында қысылдың.
Ақ қағазға орадың да жүректі,
Аруға емес –
Алты Алашқа ұсындың!
...Қазығұртта кеме қалған дейді жұрт.
Неге қалған?
Соны жаңа түсіндім...
***
ҚАЙРАН, НҰР АҒАМ-АЙ!
Нұр Ағам-ай,
Елден ерек!
Асыл текті!
Ғасырдың қасіреті басыңда өтті.
Сен – кеттің,
Сіркіреп бір нөсер өтті,
Сенімен дүркіреп бір жасын кетті.
Әзәзіл Періштеге жақын кепті,
Сенің де ала алмаған хақың көп-ті.
Дүниеден түкті жүрек Батыр кетті,
Маңдайда соры қалың Ақын кетті!
Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті?
Қу тағдыр неге көзді байлап өтті?
Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,
Ері ауған Арғымағым қайда кетті?!
Жаралған Күн Нұрынан, Нұр Ағам-ай!
Тұла бойың асыл тектен құрағандай!
Қаңқайып қу керегем айдалада,
Шалқайып шаңырағым құлағандай...
Ілесіп Мағжандарға ол да қалмай,
Толғаса – Қасымдайын толғағандай...
Мына жұрт неге жатыр ойнап-күліп,
Дүниеде түк оқиға болмағандай?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz