ЖЕРДЕ ЖЕТІМ ЖЫЛАСА...

ЖЕРДЕ ЖЕТІМ ЖЫЛАСА...

Е, басы аман, бауыры бүтін пенде мұндайдың жағдаятын қайдан білсін. Оның өзі де 7 жасында анасынан жетім қалыпты, сөйтіп, тағдырдың тәлкегімен қара қойдың соңында жүріп, ақыры жетіліпті. Өйткені, Жаратушы Жалғыз жетімнің хақын жемейді! Оның сондай бұлжымас уәдесі бар.

Орал өңірінің Теректі ауданында өтіп жатқан марқасқа Марабайды ұлықтауға арналған жыршылар сайысының үстінде көптен көрмеген Альберт Сафиулин бауырымнан сахнада «Қыз Жібек» лиро-эпосын жырлап отырған мына жыршы - Өмірхан Жетесовтың ата-ананың қамқорынсыз қалған 18 бүлдіршінді бауырына басып, бәріне бірдей өз тегін беріп, ұлтына қарамай шетінен қазақ өнері мен дәстүрі аясында тәрбиелеп отырғанын естігенде жүрегім атша тулап кетті. Содан жиын мәреге жеткен бойда, тезірек қолын алуды ойладым. Бұрынғының естілері «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді!» деуші еді. Жыршы Өмірхан қазақтың бүгінгі әнші, күйші өнерпаздарын айтпағанда күллі ұлтқа өнеге боларлықтай сауапты тірлік жасапты. 

Неге екенін қайдам, әлде жүрегіміздің қара дағы көбейіп, жанымыз шұбарланып кетті ме, сауапты тірліктерді сирек жасайтын болдық. Қазір өнерпаз атаулы елден жылылық тілеп тұрады. Бірақ, солардың дені алдымен сол жылылықты өзі көрсетіп, біреуді бауырына басып, мейірімге бөлеуге келгенде тым сараң. Осындай қатпа бауыр, тілемсек күйге қалай түскенбіз? Бір кезде жетімнің көзінше өз баласының маңдайынан сипаудың өзін әбестік санап, күнәға балаған жұрт едік-ау. Е, жылан бауыр дүние.

Былайғы кезде далиғанда ғой далаға симай кетеміз. Бірақ, жасымыз қаншаға келіп, өмірден қандай тәлім түйсек те түп ниетімізде біреуге беруден гөрі алуға бейімбіз. Бұрынғы елдің жырын жырлаған ұлық жыршылардың дені ұлттың бойындағы ең ізгі мәліметтердің код-белгісін сақтаған жайсаңдар болатын. Кейінгі кезде осы қасиет сидалана бастап еді. Шүкір, мен аты бар да, заты арзан қалың нөпір өнерпаздар арасынан жетімнің көз жасын құрғатқан мына Өмірхан жыршыны көріп, риза болғанымнан тіпті айтарға сөз таппадым. 

Мәреге жеткен дүбірлі доданың марапаттау рәсімі күрмелген бойда Ақтөбе облысы атынан қатысып, жүлделі 3-ші орын алып, жылы жымиып тұрған әлгі жайсаң жанды қапсыра құшақтап, бауырыма бастым. Сол сәт ойыма баяғы өткен жарықтық Сүкеңнің - атақты Сүгір жырау Бегендікұлының ел аралап, жыр айтып жүрген күндерінің бірінде жалаң бас, жалаң аяқ ізіне еріп кеткен жетім бала Жақсылықты бауырына басып, 20 жыл баптап, туған ұлындай тәрбиелеп, кейін қабырғалы өнерпаз етіп топқа қосқан уақиғасы түсті. 

Өмекеңнің қамқорлығындағы 18 бүлдіршінінің бірі - орыс баласы ақ домбыраны бауырына алып, ақберен жыраулардан қалған сырлы сазға өріп термелетіп отырған бейнежазбаны көріп, тіпті тәнті болдым. Жыршылық дәстүр ұлт таңдамайтын өнер. Ресейдегі эпос жырлау дәстүрінің өкілдері, атақты сказительдерінің соңы 1950 жылдарға дейін келді. Қазір ғылымда бұл дәстүрді толық өлдіге есеп қылып жүр. Ал мен болсам осы жолы соның өлмегеніне куә болдым. 

Тегі орыс болса да тәрбиесі қазақша қалыптасып жатқан әлгі сары баланың қанында сказительдік өнердің түйіршігі қайнап жатқаны анық. Әйтпесе, жайдан-жай жыр айтпаған болар еді. Олай болса, Ресейде әлдеқашан құрдымға кеттіге есептеп жүрген сказительдік өнерді қазақ эпикалық жыршылық дәстүрі негізінде қайта жаңғыртып, екі ұлт бойындағы эпикалық ізгіліктерді сары баланың көкірегі арқылы қайта көктетіп отырған Өмекеңнің сауапты тірліктеріне береке тілейік. Ат басындай жүрегіңнен айналдым, жаны жомарт жайсаң жыршым!

Берік ЖҮСІПОВ, 

фольклортанушы