ҚАРАҒАЙҒА ҚАРСЫ БІТКЕН БҰТАҚ ЕДІ…

ҚАРАҒАЙҒА ҚАРСЫ БІТКЕН БҰТАҚ ЕДІ…

Шымқаладан суық хабар жетті! Өмірзақ Мелдеханов ағамыз өмірден өтіпті! 

Өмірзақ Мелдеханов десе, елдің көз алдына ақиқат үшін алысқан айбынды күрескер келеді. 

Атышулы тоқсаныншы жылдарғы топалаңда шындық үшін күресте тайсалмай топ жарып жүрді. Коммунистік кеңестік кезеңнің өтірік ақпардан социалистік жарысы Тәуелсіз елде жемқорлықтың “капиталистік” жарысына жалғасқанда, әділдік үшін алысып, жалаң төсімен жау қайтарды. Арыстандай ақырып теңдік сұраған айбарлы ер еді…

Тумысынан туралықтың туын көтерді. Тура айтқан туғанына жақпайды дегендей, билік партиясында жүріп, билікті сынаудың қандай болатынын көрсетті. Өмірзақ Мелдехановтың өткір сындарының қасында “нағыз оппозициямыз” деп кеуде қағып жүргендердің өзінің үні шықпай қалатын…

Сондықтан да, билік Өмекеңді парламентке жіберуге қорықты. Ал бірақ облыстық мәслихатқа сайламауға жүректері дауаламады.   

Өткен айда ғана елден қайтып келе жатып, асығыс болғандықтан бүгінгі суық хабарды қабырғасы қайыса жеткізген Ордабасылық Нұртас ініміздің сол кездегі жаймақ болған дастарханына бара алмай, Өмекеңмен тек телефон арқылы сөйлесіп қалып едік. Енді бүгін сол кезде кездесіп, кеңінен отырып, ағамызбен арқа-жарқа әңгімелесе алмағанымызға өкініп отырмын.

Сол кезде Өмекең біраз шешіліп сөйлесіп еді. “Батырлығыңа да, ақындығыңа да ризамыз. Халықтың сөзін батыл да, айқын жеткізуде ақындықтың пайдасы күшті болатынын көрсетіп жүрсің. Парламент - саяси зор майдан алаңы! Тілеуіңді тілеп, тақымымызды қысып отырамыз үнемі. Алла жар болсын, бауырым!”-деп ақтарылып, ақ тілегін айтып, Ақ жол тілеп еді. Бұл соңғы сөйлесуіміз екенін әрине, ол да, мен де білген жоқпыз ол кезде…

Өмірзақ көкеміз өмір дегеннің өткінші, бір дем ары, бір дем бері, дүние жалған екенін көрсетіп кетті. Әйтпесе, үнемі спорттық бабында жүретін, денсаулығына қатты көңіл бөлетін жан еді…

Бірақ Алла үкіміне амал жоқ қой! Шымкенттегі саябақта жүргенде… аяқ астынан жүріп кеткен... Қайсар қайраткер, салмақты саясаткер, табанды күрескер еді… Дүрбелеңі көп дүниеде дүбірі қатты дүлдүл еді… Қарағайға қарсы біткен бұтақ еді, қайыспай кетті… Ақиқат үшін айқасумен өткен асау жүрек аяқ астынан тоқтап қалды!..

Ардақты ағамыз атпал азамат, қайратты қоғам қайраткері еді.

Түркістан облыстық мәслихатына төрт рет депутат болып, төрінде отырды. Оңтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесін басқарды. Түркістан облысының және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атанды.

Ұзақ жыл «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына төраға болды. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдармен марапатталды.

Өмекең қашанда көмек сұрап келгендерге қол ұшын беріп жүрді. Әділдік іздегендерге әрдайым қамқор болып, қайрат көрсетті.   

Республикалық “Қазақ үні” газетіне қиын кездерде қолдау жасап, бірнеше жыл ұжымына жазғызып алып жүрді. Өзі де өткір мақалаларын жариялап тұратын. Шымкенттегі көптеген басылымдарға да демеуші болды.

Шындық үшін шыбын жанын шүберекке түйгендер Өмірзақ ағамыздың айналасынан табылатын. Кезінде тоқсаныншы жылдары ержүректігімен есімі елге әйгілі болып, аңызға айналған батыр Сабыр Мүсілімнің өзін өмірінің соңғы жылдары әділдік үшін күрестерде Өмірзақ Мелдеханның жанынан көріп қалатынбыз.

Өмірден күреспен өткен Өмірзақ ағамыздың жаны жәннатта дамылдасын. Алла алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш болғай! Топырағы торқа болсын!

Құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!

Жайсаң ағамыздың жаназасына қатысып, соңғы сапарға шығарып салуға аяқ астынан ұшаққа билет табылмай, жіпсіз байланып отырған жайымыз бар…

Асыл ағамыз Өмірзақ Пердебекұлының отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, қабырғамыз қайыса көңіл айтамыз.

Ордалы Оңтүстік еліне, киелі Түркістан мен Мырзашөл жеріне көңіл айтамыз.

Ер көкеміздің иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні