Тіліміздің қадірі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ескерілмеді - жазушы

Тіліміздің қадірі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ескерілмеді - жазушы

Арғы-бергі қазақта ана тіліміздің қадір-қасиетін құрметтеп, жан-жақты сипаттап, түсіндіріп айтқан Тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаңның 1926-жылы жазған «Әдебиет танытқыш» атты еңбегін оқығандар: тіл қисыны, тіл дәлдігі, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл көрнектілігі хақында қажетін артығымен өтейтін ғылыми дәріс алады. Десем де, ол ұлы еңбекке ден қойып жүргеніміз шамалы. Ахаңның сонда айтқаны– «...Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын» дегені, өкінішке қарай, әлі ескірген жоқ. Осылай екеніне сонау 1967-жылы-ақ көзім жеткен еді. Шығармалары авторлық ой мен тілдің көркемдігімен баурайтын жазушы ағамыз Ғабдол Сыланов «Қазақ әдебиеті» гәзетіміздің Бас редакторы Нығмет Ғабдуллиннің тапсырысымен тіл туралы мақала жазды (мен редакцияның сын бөлімінде әдеби қызметкерімін-ді).

Тіліміздің шұбарланып, әдеби тіліміздің ажары солғындағанына қатты қынжыла нақтылап көп дәлел келтірген танымды қаламгер сөзінің соңында қазақ тілі мамандарының енжарлыққа бой алдырып, тіл туралы орынды, өрелі пікір айта алмай жүргендерін сынады. Сол-ақ екен, шындықтан шошынғыш «тіл мамандарының» бірнешеуі ҚКП Орталық Комитетіне арыз жаудырсын. Сөзбен де қиқулады, дуылдатты, дауылдатты. Алайда Ғабдікеңді тұқырта алмады, шындықтың шаужайына жармасқандарынан дәнеңе шықпады.

...Ахаңныңның аталған еңбегін Міржақып Дулатұлы дереу қуана құптап: - «...Айқаптың» 3-5 нөмірлерінде А.Байтұрсынұлы қазақша жазуды тәртіп көрсетушілердің сынына салған, көпшілік ұнатса, сол тәртіппен әліппе бастырмақшы екен. Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес, - депті. «Жазу тәртібі» атты мақаласында.

Ал Мағжан Жұмабаев «Қазақ тілі» өлеңінде:

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін – не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!

 – десе, ол халқымыздың талапайға ұшыраған тарих қазынасында жабыққан ана тілі ғана қалғанына күйіну еді!

 Мағаңның: «Нұрлы жұлдыз – бабам тілі...» деген жүрек лүпілі Иван Сергеевич Тургеневтің ғибратты сөздеріндегі мына бір түйінді есіме түсірді:

 «Тіліміздің тазалығын әулиедей қорғаңдар! Шеттілдерге үйір болмаңдар. Орыс тілі бай да құнарлы. Өзімізге тең бола алмайтындармен әуестенбелік.

Отанымның тауқыметті тағдырын таусыла ойлаған сәттерімде маған сүйеніш те тірек болатын сен ғанасың, беу, қуатты, шын шырайлы да еркін ұлы орыс тілі!.. Ұлы халыққа осы тілдің берілмеуі мүмкін дегенді ойлай да алмайсың!». Ғажа-а-ап!..

Әлихан Бөкейханов елімізге автономиялы республика дәрежесі берілісімен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жайындағы жазбасында мемлекеттігімізге жете мән беруді айта келіп, мысалы, жобаның «Билік һәм сот» бабында былай депті: «...Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу. Би һәм судья жергілікті жердің тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы... Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы».

Республикада іс қағаздарының мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізілуіне Сәкен Сейфуллин ерекше көңіл бөлген. «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да гәзет бетінде қозғап едік. Әрбір советтер жиналысында да һәм биылғы болып өткен жалпыроссиялық коммунистер партиясының 12-ші жиналысында да көп сөйленіп, «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс жергілікті халықтың тілінде жүрсін» деп қарар шығарған. Ал екінші тілмен мұны былай деп айтқан: «Бұрын патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жерлеріндегі мекемелердің істері сол уақ халықтардың ана тілінде жүрсін» деген. Ол ұйғарымды терістеген нұсқау-қаулы болған емес. «Жүгеріші көсем» Н.Хрущевқа дейін. Ал ол «жүгенсіз көкшолақ» (В.Молотовтың қойған аты): СССР, КПСС, ВЦСПС, ВЛКСМ... сияқты қысқарған сөздерді ұлт тілдеріне аудармау, баспасөздің негізі орыс тілі болуы, жергілікті баспасөз оның аудармасы деңгейінде болуы туралы қаулы шығарды. Оны бірден құптаған Журин (Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 2-хатшысы)1956-жыл қазақ гәзеттерін орысшаның аудармасына айналдыру «мәселесін ақылдасуға» арналған мәжілісті ашып, кіріспе сөз сөйлеп, «түсінік беріп» болған сәтте ақын Жұмағали Саинның не дегенін Әди Шәріпов естелігінде сүйіне айтқан: «Мінберге ақиық ақын Жұмағали Саин көтерілді. Ол: – Жолдас Журин! – деп хатшыға тік қарап сәл уақыт үнсіз тұрды да, – Біз тіліміздің келешегі үшін қанымызды төктік, оққа омырау тостық! Егер тілімізді жойсақ, онда бізге өмір сүрудің керегі жоқ! Қазақ гәзет-журналының орыс тілінен аударылғаны – менің ана тілімнің қолқасына қанжар сұққандық!.. Мен Журиннің ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын! – деп нығыздап айтты да, еңсесін тік ұстаған күйінде, мінберден асықпай түсті» (Әди Шәріпов, «Көргенім, көңілге түйгенім»).

«Партия айтты – бітті» заман. Ол тұста Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») гәзеті редакциясының бөлім меңгерушісі болатынмын. Біз орыстілді «Знамя коммунизма» гәзеті редакциясымен біріктіріліп, екеуіне Бас редакторлыққа облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі В.Бабин келді. Екі гәзеттің редакторлары оған орынбасар болып, екі ұжымның жауапты хатшылары, бөлім меңгерушілері, әдеби қызметкерлері – бір қазақ, бір орыс – бір бөлмеде отыратын болдық. Әйткенмен, қазақ тілін аздап болса да білетін, алды кең Бабин келген күні-ақ: -Жолдастар, құпиялап бір сөз айтайын, бірақ ол осы жерде қалсын, сыртқа шықпасын. Біз жоғарғылардың әмірлерін сырттай орындап, бір ұжымға айналып, бірігіп отыралық, ал іс жүзінде бұрынғаларыңша шыға бересіңдер. Ресми материалдарды, ерекше мәнді ортақ мәселені көтерген мақалаларды ғана аударып басармыз, басқасы өз қалауларыңша болсын, - деді.

Атамыз қазақтың: «дос», «махаббат, сүйіспеншілік» сөздерді адамға ғана қатысты айтқанын неге ұмыттық?

Біздің тіл – бай тілдердің бірі. Ал айрықша бай делінген орыс тілімен салыстырсақ, мәселен: аға, іні, апай, қарындас сөздерімізге орыс тілінде нақты балама жоқ: старшый брат, младшый брат, старшая сестра, младшая сестра дейді.

Алайда біздің айтуымызда да, жазуымызда да орыс тілінің ыңғайы оңай байқалады. Келтірген мысалдарымды үстей түссем: Байболов біздің құрметті құрылысшыларымыздың бірі болып табылады; Жақанов біздің ең озат егіншілердің бірі болып саналады; Жиырма бес жүздің төрттен бірін құрайды... дейміз. Бұлар – орысшадағы: считается, является, составляеттің сөзбе-сөз аудармалары. Еліктеу де солықтау. Әйтпесе, «Байболов – құрметті құрылысшыларымыздың бірі» деу ықшам да жеңіл ғой?

Өкінішті бұл жәйттер бірінші кезекте гәзет-журнал редакторларының, редакция журналшыларының «арқасында» орын алды.

Тіліміздің қадірі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ескерілмеді. Бұрынғы «Қазақ Советтік Социалистік Республика» жаңаша аталуы керек болып, баспасөзде пікір алысу болды. Көпшілік: «Қазақстан»; «Қазақ республикасы» деуді жөн көрді. Ал Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде «Қазақстан республикасы» деп қате бекітілді. Латынның «республикасы» мен парсының «станы» мағыналас: саны басым негізгі халықтың жері, елі, мемлекеті деген сөз. Сөйтіп, қазіргі атымыз қазақ тіліне сөзбе-сөз аударғанда: «Қазақ елінің мемлекетінің жері», «Қазақ жерінің мемлекетінің елі» болып шықты. «Стан» сөзінің мәнін ежелден сақтаған: Ауғанстан, Үндістан («Хиндустан»), Пәкстан... «республиканы» ешқашан ресми түрде керек етпеген.

«Гимнді» қазақ тілінде не деу керекте де сөздің мағынасы ескерілмеді. Пікірлесуде бірнеше нұсқа айтылды да, ақырында «Әнұран» деген жарымжан сөз заңдастырылып кете барды. Қазақ тілінің табиғатына жат жасанды көп сөздің бірі. Қашан, неге айтылатын, неліктен әндетіп айтылуға тиіс қайдағы ұран ол? Гректің бұл сөзі ел мәртебесі мақтанышпен айтылатын салтанатты ән деген мағынаға ие. Қазақы мәнісі – «Ел әні». Біз «Қазақстанның Ел әні», немесе ықшам қалпында «Ел әні» десек, жарасымды болатын еді!

Гәзеттеріміздегі мақала атаулының ішіндегі шұбар сөйлем, шала-пұла сөйлем, бөгде сөз шіркіндер – өз алдына бір «хикаят». Олар тақырыптан басталады. Иә, қайсыбір гәзеттеріміздің тақырыптарында: бренд, тренд, коммуникатив, драйвер, форум, контент, синдром, символ, аспект, имидж, мониторинг, антропонимика, толерант, аутизм, индикатор, ассоцияция, модель, этнодизайн, акция, моноқала, инновация, скаутинг, диагноз, электив, рейтинг, компания, корпорация, анимация, брифинг, мамография, корифей, модель, логистика, реформа, проблема, жасанды интеллект, стратегия, тест, трансформация, стрестік актив... деген бөгде сөзддер кездеседі. Замана әкелген бұл сөздерді қазақ тіліне тәржімелеу қажет. Біразы – қазақы көне кәсіпте ешқашан естілмеген сөздер, оларды бірден тәржімелеу мүмкін де емес, алайда бірте-бірте сіңер балама іздеп, бір сөзді екі-үш сөзбен аударып беруді орынсыз болады демелік. Мәселен, ағылшынның «скаутингі» - қазақша «мектептен тыс тәрбие», яғни жалпыға түсінікті болуын ойласақ, оқырманға сөздік іздетпей, неге өзімізше осылай айтпасқа, жазбасқа? «Компания» мен «корпорация» - бізше «бірлестік». Ал «офис», «департамент», «митинг» делініп жүрген сөздер – біздің «кеңсе», «басқарма», «жиын». Шағын қала деудің орнына «моноқала» деу жарасымды ма?

Бөгде сөздерді өз тілімізге ыңғайлаумен қатар өзіміздің байырғы сөз тіркесімізді, мақал-мәтелімізді «өзімшілеуге» назар аударуымыз қажет. Ата-бабамыздың ардақты «отбасы» сөзін «жанұяға» айналдырып жібердік. «Жанұяның» да көне сөзіміз екені рас. «Кеудемде жаным барда», «кеудемнен жаным шыққанша», «кеудемде шыбын жаным шырылдап»... Демек, «жанұямыз» – кеудеміз.

Кешегі қазақ: «Борышқа белшесінен батты» десе, бүгінгі қазақ: «Байлыққа белшесінен батты» деп жүр. «Ішер асын жерге қояды» «Ішкен асын жерге қояды» болды. Ішер асы әлі алдында, қайда қойса да еркі, ал ішкен асы ше?..

Көне сөзтіркесімізді бірі – «Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес; шалқайғанға шалқай, алтыныңа алған пұл емес». Мұны «редакциялап»: «Еңкейгенге - еңкей, шалқайғанға - шалқай» деп жүрміз.

Ендігі бір «қызық-шыжық»: соңғы жылдары «жаңағы» деген «жаңа» сөз пайда болды. Әрбір төртінші-бесінші сөзінен соң «жаңағыны» қыстырып сөйлейтіндер көбейді. Орыстың «которыйын» малдану.

Сондай-ақ, гәзет-журналдың, теле-радионың тілшілері қай қазақпен болсын сұхбаттасқанында, мысалы: «Сәрсенбек Балабайұлы», «Гүлсім Далабекқызы»... деуден жаңылмайды. Орыстың: «Иван Василиевичі», «Наташа Ивановнасы». Қазағының дәстүрлі: «Сәке», «Гүлеке» дейтінін ұмытқаны.

«Үстелбасы әңгіме» деу «Дөңгелек үстелдегі әңгіме» («За круглым столом») болды.

Ауруханаларда «Реанимация палатасы» бар. Жалпы бөлмеде жатқанында сырқаты кенет ауырлай қалған адамды дереу апарып жатқызып, ем-бақылауды күні-түні қадағалауға арналған оңаша орын. Латын тіліндегі бұл сөздің мағынасы – адамның әлсірей бастаған ағзасын тездетіп күшейту. Мұны әлдекім «Жансақтау бөлмесі» деп аударып, ауруханаларға таратылған. Дұрысы – «Жансаялау бөлмесі». Яғни тамақтан тарыққанға айтылар «жансақтауды» денсаулығы кенет мазалағанға телу – сөз мәнін білмегеннің «білгіштігі».

«Тұлға» сөзіміздің де мәні мүлдем бұрмаланып кетті. Орыс тіліндегі «физическое лицо» дегенді «тұлға» деп жүрміз. Қазақ ұғымында қалыптасқан «Тұлға» - халыққа танылған қайраткер адамға көпшілік құрметтеп қойған ат. «Физическое лицо» - ондай мәртебелі атақ емес, «бір кісі», «бір адам» деген ұғым.

Бұл айтқандарымның осылайша болғанына, жалғасып жатқанына да билік кінәлі. Егер президент Н.Назарбаев, мысалы, 1992-жылы: үкіметтік жүйеде қызмет істеушілер 1995-жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс деген жарлық шығарса, іс қағаздары сол жылдан бастап мемлекеттік тілде жүргілетінін ескертсе, басқа ұлт-ұлыстардың адамдары ешқандай қарсылық жасамас еді. Олардың бәрі де қазақ жерінде туып-өскендер, қазақпен дос-жолдас, құда-туыс болып кеткендер. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтіндері, тіпті домбыра тартып, ән айтатындары аз емес.

 Парламент Конституциямызда ұлтаралық қарым-қатнас тілі делінген орыс тіліне Н.Назарбаевтың ырқымен «ресми тіл» дәрежесі берілген, яғни мемлекеттік тілмен теңестірілген қаулы қабылдады. «Бұл қалай?» деген бірде-бір депутат болмады. Қосымша айта отырайын: парламент бір жылы 100 заң шығарды десек, оның қазақ тілінде жазылғаны бесеуден асқан жоқ. Сондай «кеңшілік» орыс тіліне қанат бітірді: президент бастаған өкімет, үкімет, парламент, сондай-ақ: арбаның бесінші доңғалағы секілденген ассамблея да орыстілді болды. Н.Назарбаев шет елдерге барғанында, олардың басшыларын өзімізде қабылдағанда да орысша сайрай берді. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жымиып қойып, жиын-жиналыстарымызда орыс тілінде сөйледі. Ол ол ма, қазақ министрлерді қабылдағанында олармен орыс тілінде сөйлесіп отырғанын телеэкраннан көрдім де. Құдды Ресейдің автономиялы республикасы сияқтандық. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жайына қалды, өйткені, мысалы, Алматыда өз тілін мансұқтаған, «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деуді көксеген, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге рухсыз шалақазақтар тобы өршелене қарсы шықты. Сондай намыссыздар, 2000-жылы болар, Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов «Алтын тіл» бағдарламасын жасап, парламенттің Мәжілісінде оқығанда да «жау жеттілеп» дерлік айғайға басты..

2007-жылы республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, облыстарда бөлімшелері ашылып, ана тілімізді – мемлекеттік тілімізді ардақтау мақсатымен небір игі шараларды жүзеге асырды. Қоғамның Жамбыл облыстық бөлімшесінің жетекшісі болған жазушы, сықақшы Оспанәлі Иманәлиев Жазушылар одағындағы бір жиында: - ...Біз жұмысқа кіріскенде-ақ міндетіміз қазақ тілінің мән-мәртебесін құрметтеу екенін біліп, бізге ақы-пұлсыз көмекші болуға құлшынғандар көбейді. Үлкен-кіші ұжымдардың бәрінде мемлекеттік тілімізді силау талап етіліп, қадағаланды. Тілімізді силамайтындарды, лауазымдарына қарамай, жиналыстарда тізімдеп тұрып атаймыз. Бастықтарынан жасқанбайтындар біздің өкілдерімізден жасқанады, - деді.

Егер ол қоғамға билік тарапынан тиянақты қолдау болып, көмек көрсетіліп отырса, бізде бүгінгі шүлдірбайлар болмас еді. Бірақ билік, 1994-жылы шығармашылық одақтардың бәрін мемлекеттік бюджеттен шеттеткеніндей, «Қазақ тілі» қоғамын да керек етпеді. Қоғам бүгінде аты ғана бар халде.

Сонымен, «Тіл жырымыз» аяқталар емес. Сонау бір жылдары «Тіл туралы заң» шығарылды, екі-үш бағдарлама қабылданды, бірақ бәрі де мұрағатқа кетті. Өйткені билік оларының іске асырылуын қадағалаған жоқ. Және бір «қызық»: парламент шығарған заңдарының орындалуын уақтылы қадағалайтын комитет, комиссия жоқ. Ол іс үкіметтің құзырында. Яғни «біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейді».

Осы тұста сықақшы ағамыз Садықбек Адамбеков:

Басқа емес, үкіметтің үйінде

Ана тілім сол жетімек күйінде...

Қазақтар қазақша сөйлесе, танданып,

Бастықтар қызараңдайды шамданып,

Бас шайқайды паңданып...

– деп қыжырта күлген еді. Сол күлкі де жалғасуда.

Иә, Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың): «...Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын», дегені еске түсе береді.

...1995-жылы Парижде болғанымда Францияда мемлекеттік тілдің – француз тілінің тазалығын қадағалайтын қатаң талапты Мемлекеттік дербес комитет жұмыс істейтінін көріп-білдім. Алматыға оралысымен «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» гәзеттеріне француздардан үлгі алуымыз керектігі туралы мақала жаздым. Бұқаралық ақпарат министрлігімізге хат жолдадым, бірақ ескерусіз қалды. Тым болмаса: тіл мамандарының (өздерінің мәжілісіндегі баяндамасында мені «тіліміздің жанашыры» деп бағалаған СЫЗДЫҚОВА Рәбиға апай мен парламент сенатының депутаты Шәмшә БЕРКІМБАЕВАДАН басқа адам), жазушылар мен журналшылардың, министрліктегі шенеуніктердің бір де бірі ләм-мим демеді. Баяғы немкеттілік! 30 жыл бойы Ана тіліміздің ғана емес, барша тірлігіміздің берекесін кетірген немкеттілік!

  Сөз соңы:

«...Мен – әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар” (Италияның кәсiпкер-жиһанкез Реналью Гаспирин. 2015 ж.).

Канадалық музыкант Себастиан Савард 2017-жылы жарнамасы дүркіреген ЭКСПО көрмесін тамашалауға Астанаға келіп, қаланы бірер күн аралап, қайтарында: «Мен түрі моңғолға ұқсайтын қазақтармен таныстым, бірақ, кейбіреулері орысқа да ұқсайды. Ал түрі азиатқа ұқсай тұрып орыс тілінде сөйлейтін адамдар әлемнің мен көрген басқа ешбір елінде жоқ», деді.

Көріп-білгендеріне таңданған, қазақ атты халықтың рухани болмысына адами қынжылыс сезімдерін ашық айтқандары. Бізде бұлайша қынжылыс шамалы. Рас, былтырдан бері баспасөзде қазақ тілінің хал-ахуалы айтылуда. «Әйту де бүйту керек», «алай да былай болуы керек» дегендей. Тілжанашырларының ой-пікір бөлісулері. Осы реттегі бір сөз: сол «керекті» отбасымыздан, өзімізден іздей бермейміз. Мәселен, мен осыдан 25-26 жыл бұрын немерелерімді жетектеп балабақшаға, мектепке барғанда балалардың көбі орыс тілінде шүлдірлеп жүргендерін көретінмін. Бүгін де, шөберелерімді апарғанда да, көріп жүргенім – сол жағдай. Балабақшада ата-аналарға, тәрбиешілерге: «Қарағым-ау, бұл қалай, қазақ бола тұра өзара да, балақайлармен де неге орыс тілінде сөйлесесіңдер?» дей бастағанымда бірі: «Ескереміз, түзелеміз, дұрыс болады» деп жорта илана күлсе, бірі жақтырмай, бұртиып бұрылып кетеді. Ал мектепте мұғалім: «Айтқаныңыз жөн ғой, бірақ көбі үйінде орыс тілінде сөйлейтіндер шығар, бізді де шаршатады, қайтеміз?» деп шын налиды.

Жоғары оқу орындарымызда да осындай «тамаша» бар-ау...

Пәтерім көпқабатты үйде. Ауламызда жас мөлшері 6-7 мен 11-12-дегі оншақты бала ойнап жүреді (орыс баласы екеу-ақ!). Бәрі орыс тілінде сөйлейді. Ана тілінің уызына жарымаған ертеңгі шалақазақтар – солар. Көбейе береді-ау деген қаупім бар. Бізде бала тәрбиесінде де немкеттілік үстем.

Әл-Фараби бабамыз: «Сен жауыңнан сескенбе, қапыңды тапса атып кетер; сен досынан күдіктенбе, қатты болса сатып кетер. Сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер!» депті ғой!

Немкеттіліктен бірте-бірте арылудың ең әсерлі шарасы: президент Қасым-Жомарт Тоқаев өкіметтік-үкіметтік жүйеде қызмет істеушілерге 2025-жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттеген жарлық шығарса және республикамызда іс қағаздарын мемелекеттік тілде жүргізу қолға алынса, жаңартылар Конституцияға бұрынғыша «Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатнас тілі» деп жазылса, «тіл» жырымыз бұдан арыға созылмас еді!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

Қазақ үні