Моңғолдың Молын шешені

Моңғолдың Молын шешені

Өткен ғасырдың 70-жылдарында Қытайдың Іле қазақ облысы Моңғолкүре ауданында ұлты моңғол Молым Касікұлы деген кісі дүниеден өтіпті. Аты қалың жұртқа шешендікпен танылған Молым кешіл (моңғолша молда) қазақ тілін өте жетік біліп, сол өңірдің белгілі адамдарымен араласқан. Астына сары ат, басына сары ала қалпақ пен үстіне сара ала ұзын шапан киген Молым Моңғолкүре ауылына ғана емес, бүкіл аймаққа танымал болған.

Моңғолдардың дәстүр бойынша бүкіл елді аралап, ұлттық әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрді, діндерін насихаттаса, жаңадан үйленген жастардың да некелерін қиыпты. Сонымен қатар емшілікпен айналысып, атағы шыққан. Ал Молым кешілдің есімі қазақтың да салт-дәстүрін жақсы білумен бірге шешендігімен ел есінде сақталғаны өзінше бір бөлек әңгіме. Оның қазақша мақал-мәтелдеп сөйлеп, тапқыр ойлы жауаптары көптің ауызына ілігіпті. Ел ішінде, «Молым кешіл айтыпты», «Молым шешеннен қалған сөз» деген әңгіме күні бүгінге дейін айтылуы соған дәлел болса керек. Молым 1901 жылы дүниеге келіп, 1978 жылы өмірден өткен.

Артынан сөзі қалған Молын шешеннің әңгімесін Моңғол­кү­ренің Өр Текес өңіріндегілері жақсы білген, айтып та жүреді екен. Тіптен өткен ғасырдың 50-60 жылдары Молынды көзімен көргендер де болған. Шешеннің артынан қалған сөзін бізге жеткізгеннің бірі 2000 жылдары ата-бабасының атамекеніне оралған Асылбек қажы Інкәнұлы.

– Біз тұрған Моңғолкүре ауданында 30-жылдары моңғолдар көп болыпты. Үйсін тауының күнгей жағындағы Ерменді, Ұзынбұлақ, Түргенбұлақ деген жерлерде моңғолдардың ауылдары болды. Текес өзенінің екі жағында да моңғолдар отырған. Қазіргі аудан орталығы Моңғолкүреде олардың ғибадатханасы да бар. Ғибадатхана шамамен бұдан 150 жыл бұрын салынса керек. Оның құрылысына Тәңіртауының қарағайларын пайдаланып, шегесіз тұрғызыпты. Ғибадатхана Жаркенттегі Уәли­байдың мешітін жасаған қытай шебері деген сөз бар. Өйткені екі құрылыстың жасалу жобасы бір-біріне ұқсайтын көрінеді. Салынып біткенен ғибадатхананы жасаған адамды қытайлар біліп, «біздің өнерімізді сыртқа шығардың» деп оны өлтірген дейді білетіндер. Жалпы моңғолдардың тұрмыс-тіршіліктері мен киіз үйлері біздерге ұқсас болғанмен, салт-дәстүрлерін қазаққа қарағанда өзгеше. Ал Молын кешілдің әңгімесін ауылдың үлкендері айтып, қызықтап отыратын. Кешіл бізше моңғолдың молдасы десе де болады. Кейде оларды келең кешіл деп те айтады. Кешілдердің кейбірлері өмір бақи үйленбей өтетіндері де бар. Молынды көргендер ол сөзге өте шешен болумен бірге ерекше мырза да болған дейді. Екі тілді өте жақсы біліпті. Молын Моңғолкүренің орталық көшемен сары ат мініп жиі жүріп тұрыпты. Бірде сиыр сүтінен жасалған әркіні (арақ) ішіп алып, сары жорғасымен сары ала шапан киіп, көшенің бір басынан кіріп, екінші басынан қайта қайырылып келе жатса, темірден әртүрлі шелек, керней сияқты бұйымдар жасайтын ағайынды ұйғыр ұсталары - Әшірақын мен Ошырақынның дүкенінің қасынан өткен көрінеді. Сары жорға шірене отырған Молынды көрген ағайындының үлкені Әшірақын оған қызыға қарап: «айда Молын, айда Молын! Айда!» - деп қалса керек. Ұйғырдың бұл сөзін естіп қалған Молын атын басын қайта бұрып: «Не дедің?» – деп сұрапты.

– Әкә, мұндай жорға бізде бар, – дейді Әшірақын.

– Ондай жорғаң болса, менің жорғамның шаңына көміліп неге отырсың? Бері қара:

– Бұғы менен маралды,

Мерген үшін жаратқан.

Сексеуіл менен жыңғылды,

Шөлдер үшін жаратқан.

Алтын менен күмісті,

Зергер үшін жаратқан.

Жорға менен жүйрікті,

Біздер үшін жаратқан.

Есек пенен қашырды,

Сендер үшін жаратқан.

Жорға мінген неңді алған,

Ант атқан, шаң қапқан сарт, – деп атын бір салып жүріп кетіпті. Молыннан мұндай сөзді естімеген Әшірақынның інісі Ошырақын:

– Әкә, кәпірге неге солай айттыңыз, ә? – деген.

– Оның былай айтарын кім білген, – деп ағасы Молынның артынан қарап қалыпты. Бұдан кейін Молын көшеде сары атымен жорғалатып келе жатса, ағайынды ұйғырлар дүкендерінен шықпай отыратын болыпты.

Молын Албанның ішінде Қоңырбөрік атадан тарайтын Қайыңбай деген құрдасымен көп қалжыңдасып, араласып жүріпті. Қайыңбай да сөзге шешендігімен елге танылған ауыл басшысы, маңпаң болған кісі екен. Екі құрдас кездескен жерде әзілдесіп, жақсы сыйласып жүргенде сөз таластырып қалған көрінеді. Сол таласта Молын Қайыңбайдан сұрапты дейді:

– Осы қазақ айтады Қайыңбай, «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, ауру жерде бақсы семіреді, даулы жерде жақсы семіреді» деген. Сен осының қайсысына жатасың Қайыңбай десе керек. Сонда Қайыңбай:

– Сірә, соңғысына жататын шығармын депті де:

– Молын құрдас, менің жаным саған қатты ашиды. Неге десең, сен өлсең саған жылап тұрар балаң жоқ. Себебі сен кешілсің ғой. Сен өлсең белгілі жерде молаң жоқ. Өйткені, қалмақ дәстүрінде өлгендерді итке тастайды. Ит жемесе, өртеп жібереді. Сонымен сенде бала да, мола да жоқ, – деген де Молын үндей алмай қалыпты.

Бір жылдары Қайыңбай жас тоқал алып, құрдасы Молынды қонаққа шақырса керек. Сырттан иті үргенде Қайыңбай тоқалына «сыртқа қара, кісі келген сияқты» дейді. Жас тоқал киіз үйдің есігінің жапсарынан сығалап, мама ағашқа атын байлап жатқан біреуді көріп: – Кісі емес, қалмақ екен, – деген. Бұл сөзді Молында естіпті.

– Қап-ай, мені құрттың-ау сен!, – деп Қайыңбай сыртқа өзі шығып:

– Молын құрдас үйге жүр, – деп тоқалының сөзінің тігісін қайырып, құшақтай қарсы алыпты.

– Ой Қайыңбай, мына бұлт­тан шыққан күн ащы деген, жас тоқалдың тіл ащы» деп, үйіне кірген. Құрдасының бұл сөзі Қайың­байдың қабырғасына батып, келген қонағына дастархан жайып құрмет көрсеткен. Дастарқан ба­сында артық ауыз әңгіме айтпай, Молын құрдасының кетерінде иығына шапанын жауып шығарып салыпты – деген әңгімені ертеректе үлкендер айтып отыратын.

Сол Қайыңбай 1952 жылы Қытай өкіметінің «ашылып сайрау» науқанында жазықсыз атылыпты. Бұл науқан Моңғолкүре ауданының үлкен мәжіліс үйінде өткен. Молынға да айып тағылып тергелген көрінеді. Осы жағдай туралы белгілі журналист Нұрлан Әбдібеков 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің қаһарманының бірі болған Тұрлықожаның Қарақол абақтысынан аман шығып еліне келгеннен кейін қалай қайтыс болғандығы жөніндегі зерттеген материалын оқыған едік. Сонда Әубәкірді кімнің өлтіргені жөнінде дерек де кездеседі. «Айтбай қарияның айтқаны, – дейді де автор, -1952 жылы маған басшылар хат беріп, Моңғолкүреге жұмсады. Бұл Қытайдағы ашылып сайрау науқанының кезі болатын. Құрманжанның клубы жанында иінтірескен ел. Атақты қалмақ Молынға айып тағылып жатыпты. Қолында таяғы бар, бір аяғы ақсақ, дембелше келген қара домалақ кісіні ортаға шыққанда оған сол тұста кінә тағылды. Жиналыс соңында сөз алған айыпталушыға сөз берілді.

– Уа, халайық, – деді ол- бағанадан бері таққан кінәла­рының бәрі өтірік, бәрі жалған. Менде бірақ айыбым бар. Оны таба алмадыңдар. Бала күнімде үлкендердің жұмсауымен «хасақтың ханы» Тұрлықожаның үзеңгісіне у жақтым. Кейін өлді деген хабар келді.Менің айбым осы»-деді. Яғни Тұрлықожа 1917 жылы мамыр айында қалмақтардың қастандығынан 54 жасында дүниеден өткен. Молын шешенге бұдан басқа айып болмаған. Ол бұдан құтылған.

Молын көрген екінші бір адам қазір күнде 90-ға келген ақсақал Тәлім Қиялұлы.

– 1958-1959 жылдары Молын кешілді көрдім. Бір аяғын сылтып басады екен. Елдің көбі Қонақайда тас қорытады. Молын бір күні сары ат, бір күні жирен ат мініп келеді. Кейде басқа ат мініп келетін күндері болады. Осыны көрген ауданның екінші хатшысы Баудын деген ұйғыр: «Сен не, аспаннан ат жаудырасың ба, күнде неше түрлі ат мінесің?» деп сұраққа алса керек. Сонда тілге жүйрік Молын: «Арқар менен киікті, ату үшін жаратқан. Жүйрік пенен жорғаны біздер үшін жаратқан. Есек пенен қашырды сен үшін жаратқан. Барың болса мінесең, жоғың болса күйесің» десе керек. Молынның осы сөзі кейін өзінің басына пәле болып жабысып,1962 жылы қамауға алынған. Бірақ бұл жазадан ол құтылған – деген еді ақсақал.

Молын шешенді көзімен көрген үшінші адам, бұл күнде 86 жасқа келген Дүнгенбай Елгезеков деген қарияда оның сөзге шешен екендігін көзімен көргенін айтады.

–1953 жылы біздер Шаты арасанына барып, қайтып келе жатқанда бәйсейіттер отырған ауылға түстік. Түскен үйде отырғандар көп болды. Аман-саулықтан кейін отыра бергенімізде бір жақтан Молын кешіл келді деп жатты. Молынның атын бұрын естігенмін, бірақ көрмедім. Ол да келіп, көппен амандасқаны сол еді, төрде отырған ауылға сыйлы Әбдіхалық деген кісі сөзбен қағытқандай болды.

– Молын, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді дегендей, кел молда-еке, кел, төрлет, – дегені. Молында басынан сөз асырмай төрге оза беріп жауап қайырды.

– Даулы жерде жақсы семіреді, ауру жерде бақсы семіреді. Еттің бәрі қазы болмайды, Иттің бәрі тазы болмайды, бәйсейіттің бәрі Әбдіхалықтай болмайды. Жақсы, жақсы даулы екенсің – деп төрге шықты. Отырған ел тып-тыныш болды да қалды. Әбдіқалық та жауап қатпады. Сол Әбдіхалықтың баласы Мәдіәлім де кейін сөзге ұста болды. Ол да отырған жерде сөз бастап, «Аспанда Гагарин, жерде Мәдіәлім» деп, сөз бастайтын, – деп өткен өмірден сөз қозғап еді.

Мұндай әңгіме Моңғолкүре ауданында аз айтылмайды екен. Бір жолы Әбдіхалық бір-екі жақынымен азбұзылда (асханада) тамақ ішіп отырса, үстеріне Молын да екі кісімен кірсе керек. Екеуі бір-бірін жақсы танитын болғандықтан амандасыпты. Молын Әбдіхалықтың кел демегеніне көңілі қалып, алдына тамақ келгенде:

– Әбеке, тамаққа келіңіз,

Жапалақ басып жейді,

Сұңқар шашып жейді.

Қарға-құзғын әдеті қауқыл­дасып,

Көмсе де өлексені ашып жейді, – деген. Келіңіз»-деп қасына шақырыпты. Бұған Әбдіхалық үндемей күле қараған екен.

Енді бірде Молынға біреулер сенде ұрпақ жоқ деп бетіне басса керек. Сөзге жеңіліп көрмеген шешен: «ешкі егіз табады, ит сегіз табады, арыстанда тұқым аз» деп жауап беріпті.

Молын өзі тұрған өңірді жиі аралап жүргенде бір қазақ оған мініске ат беремін деп айтып қалып, артынан алдағандай болып, көрінбей кетіпті. Бір-бірін жақсы танитын ауыл адамдары болғандықтан ат беремін дегенді жақсы танитын біреуден: «Мына аманат сөзімді айта бар» дейді:

– Бір мінген атты шабан деме,

Бір көрген адамды жаман деме.

Бір істі айтып қойып,

Орындамаған адамды адам деме.

Осыны айту, жеткізу саған парыз, айтқанын істемесе оған қарыз, – деп Молын сәлем айтып жіберіпті.

Бірде Молын үйінде ұн қалмай, базарға келіп, нан сатып алып жатса, бір танысы:

– Нанды сонша көп алдыңыз ғой, – депті.

– Құдайға сенбей бір жыл жүруге болады, ал нан жемей бір күн тұра алмайсың. Сонда мен аш өлуім керек пе? – деп саудасын жасап жүріп кетіпті.

Жексен АЛПАРТЕГІ

qazaquni.kz