Әулиеатсаның көз жасы
2022 ж. 22 мамыр
2629
0
Мәскеу тарапынан 1925 жылы шын атымен атасақ – Шая Ицикович, орысша кейінгі есімі – Филипп Исаевич Голощекин, қазақтардың сыйға тартқан аты – Қужақ Қазақстанға басшы етіп жіберілгеннен кейін халқымызды үлкен қасіретке ұшыратқанын тарих беттерінен білеміз. Голощекин Қазақстанға келе салысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерінің өзара қырқыстырып, ақыры соңында оларды қуғындап, үлкен қасыретке душар етті. Ал 1930-1933 жылдары қазақ халқын аштыққа ұшыратып, ұлттық мәйегін жойып, сүйегін далаға шашып кетті. Осы ашаршылық жылдарындағы Әулиеатаның тарихи жағдайынан хабардар болу үшін былтырғы жылы Алматыға арнайы барып, ҰҒА құрметті академигі, ҚазҰУ профессоры марқұм Талас Омарбековпен сұқбаттасып едік. Ғалымның көзі тірісінде сұхбаттың бірінші бөлімі республикалық «Қазақ үні» газетінің №26(948)5.07.2021 жылғы санында жарияланған еді. Енді, міне, Талас ағамыз өмірден өткенімен, Әулиеата өңіріне қатысты тарихи әңгімесін жалғастырудың сәті түсіп отыр.
– Талас аға, өткен ғасырдағы кеңестік тоталитарлық режим кезінде, атап айтсақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда байларды тәркілеу және шаруаларды күштеп ұжымдастыру науқаны тұсындағы жағдайды жете зерттеп, еліміздің сол кезеңдегі тарихының тұманды тұстарын ашып, ғылыми айналымға түсіріп келесіз. Тіпті «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» деген ғылыми зерттеу еңбегіңізде: «Күштеп ұжымдастыру жылдарында Әулиеата жерінен ауа көшіп, бауырлас қырғыз елін паналаған аяулы анам – Тынымның аруағына арнадым» депсіз. Сонда сіздің ата-анаңыз да сол бір нәубет жылдарды бастан кешкен бе?
– Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан яғни, Қазақстанға басшы болып келген И.Ф.Голощекиннің «Кіші қазан» саясаты елді жаппай аштыққа ұшыратты. Бұл халқымыздың тарихындағы ең қасіретті кезең. Бұл нәубетті еліміздің барлық аймағы бастан кешті. Көптеген ата-бабаларымыз сол аштықтан қырылса, енді бірі шекара асып босып кетті.
Менің әкем Омарбек пен шешем Тыным екеуі сол аштық жылдары қырғыз ауып барған. Анам: «Қырғыздың жеріне ауып, Таластың бойын бойлап, жоғары қарай Алатау арқылы асып түссек қырғыз елінде егін жайқалып тұр екен. Аштан қырылып жатқан ел жоқ. Содан қырғыздарға егін оруға жалдандық. Сөйтіп аман қалдық. Кейінірек Қазақстанға Мирзоян билікке келгеннен кейін ауылда жағдай жақсара бастапты. Соны естіп туған елге қайта оралдық» – дейтін еді. Сондай-ақ, марқұм шешем сол кезеңдердегі яғни, қақаған қыс айларында мына Таластың бойында қырылған адамдарды қат-қатымен қалай жинап қойғандарын, аш адамдардың жылан мен тасбақаның етін қалай пісіріп жегендерін яғни, жантүршігерлік оқиғаларды маған үнемі айтып отырушы еді.
– Кеңес үкіметінің жете ойластырылмаған саясатының салдарынан қазақ елі адам төзгісіз зобалаңға ұшырады. Мәселен, жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығының тамырына балта шапқан яғни, күштеп ұжымдастыру науқаны кезеңіндегі Әулиеата өңіріндегі жағдайдың тарихына тоқталсақ. Кеңестік жүйенің қасіретті жылдарында еліміздің өзге өңірлері секілді Әулиеата аймағындағы тұрғылықты халықта ашаршылық жылдары адам төзгісіз жағдайға ұшыраған ба?
– Енді Әулиеата өңірінде тағы да болса біздің аудан таза мал шауашылығы емес, бұл ішінара егін егетін аудан. Менің айтып отырғаным бұрынғы Сверльов, қазіргі Байзақ ауданы. Дегенмен бұл аудандағы ашаршылық өте сұрапыл болған. Кезінде ашаршылық жылдары Ғалым Ахметов деген кісі сол кездері Сверльов деп аталған қазіргі Сарыкемердің шығыс жағындағы ауылға уәкіл болып барған. Ол өзінің кітабында жазады сол ауылдан кісі етін жеген адамды қалай ұстағандарын. Дегенмен де, Әулиеата өңіріндегі сұрапыл аштық бәрінен де мына Сарысу және Талас аудандарының территорияларында қатты болды. Неге олай? Өйткені, Сарысу ауданы негізінде Орталық Қазақстанға тиіп жатқан аудан. Мына шығыс жағы Мойынқұм арқылы Бетпақдаламен шектеседі. Ал Талас ауданы да сол Мойынқұмға барып тіреліп жатқан аймақ. Бұл аудандарда негізгі тірлік дәстүрлі мал шаруашылығы болған. Халық малмен күн көріп отырған. Осы малды 1928 жылы ірі қазақ байларын кәмпіскелеуден кейін яғни бәрін сыпырып алған соң халықтың жағдайы өте ауырлап кеткен. Біздің Әулиеата өңіріндегі осы екі аудан аштықтан адам айтқысыз азап шекті. Тіптен, Сарысу ауданындағы жағдай Т.Рысқұловтың Сталинге жазған екінші хатында көрсетілген. Оған ел көбінесе назар аудара бермейтін сияқты. Сол хатқа қарасаңыздар яғни, 1933 жылдың наурыз айында Рысқұловтың Сталинге жазған хатында мынандай мәселе айтылады: «Сарысу ауданында ашаршылық өте қатты өршіп тұр. Адамдар босып, көпшілігі Әулиеата қаласына барды. Ал бірталай адамдар Қырғыстанға өтіп кетті. Жолшыбай жосылған адамдарға жолда қаруланған бандиттер шабуыл жасап, өзі аш адамдарды одан сайын қырғынға ұшыратты. Аштықтан босқан әйелдер өздерінің кішкентай баларын Таластың суына лақтырды» дейді. Бұны Рысқұлов Сталинге жазып отыр. Осындай жантүршігерлік жағдай қалыптасты дейді. Осы аштық өте өршіп тұрған кезде Сарысу және Талас өңіріне жалпы біздің Әулиеатаның аймағына мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов уәкіл болып барған. Уәкіл болып барған кезде О.Жандосов Сарысу ауданының халқының біраз бөлігін Созаққа көшірген. Қаратау асырып Созаққа көшіріп, елді ашаршылықтан аман алып қалуға әрекет жасаған. Сол О.Жандосовтың Голощекинге жазған хаты бар. Сұмдық жантүршігерлік хат. Хатта Жандосов: «Қара жолменен Сарысу ауданында №5 ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан айдалада 12-14 жастағы екі бала жолықты. Олар жаяу кетіп бара жатыр екен. Содан көлігімді тоқтатып: «Әй балалар қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрадым. Сонда олар: «Анау сайда көктемде ит атқыштар келіп иттерді атып, солардың терісін сыпырып алып кеткен. Енді біз сол сайға барып, иттердің өлімтігін жеп, тамақтанып жүрміз. Бұл жаз айы болса, ал енді иттердің өлімтігі көктем айында болған болса, қаншама уақыт өткен сол бұзылған иттердің өлімтігін балалар барып жеп жүр екен. Одан кейін бір ауылға келгенімде алдымнан ісініп кеткен аяғы ауыр бір әйел шығып, маған зорға дегенде күбірлеп сөйлеп, қолын көтеріп: «Анау кетіп бара жатқан итті атып берші» деді. Оны не қыласың? – дегенімде «Үйде бес балам аштан өлейін деп жатыр. Ана итті атып берсеңіз, соларға мен тамақ қылар едім» деп айтты, – дейді Голощекинге жазған хатында.
Әулиеата өңірі туралы О.Жандосовтың тағы бір хаты бар. Мысалы, қайраткер О.Жандосов: «Елді аралап Талас ауданына бара жатқан сапарымда жолда 14-15 жасар жалғыз бала кетіп бара жатыр екен. ¬– Әй, қайда бара жатырсың деп сұрап едім, «мен ауылға бара жатырмын» деді. Мен оған «Ауылың қайда?» деп едім, Талас ауданыңдағы бір ауылды атады. «Онда неменеге бара жатырсың?» дедім. (Ол кезде бәрі ашаршылықтан қырылып жатқан кез ғой. Т.О.). «Ол жақта туысқандарым бар, соларға бара жатыр едім» деді. «Өзің қайдан келе жатырсың?» деп едім, «өзім Қырғызстаннан келе жатырмын» деді. «Неге жалғызсың?» дедім. Сонда ол айтты: «Менің әке-шешем Қырғызстанда аштан өлді. Енді өзімнен кіші інім мен қарындасым үшеуміз елге қайтуға жолға шыққанбыз. Мен оларды жолда тастап кеттім», –деді. Сонда әлгі бала қырғыз жерінен шыққан соң, әлгі інісі мен қарындасын алып жүре алмаған соң жапан далада тастап кетіпті. Сөйтіп өзі ағайын-туысқандарын іздеп келе жатыр екен», – деп жазады Голощекинге жолдаған хатында. Қарап отырсақ өте ауыр, жантүршігерлік жағдай. Бұл фактілерге тіркелген оқиғалар, ал тіркелмеген, көзге көрінбей қалған қанша ауыр жағдайлар болғаны бір құдайға ғана аян.
– Кейде еліміздің өзге аймақтарына қарағанда «Әулиеаталықтар қатты аштыққа ұшырамаған» деген пікірлерді кейбір тарихшылар мен зерттеушілерден естіп қаламыз. Осындай ой-пікірлерге тарихшы және дәл сол зобалаң жылдарындағы кезеңді зерттеуші ғалым ретінде не айтасыз?
– Әулиеата қаласының орталығында қыс айларында күн сайын шайханалардың маныңда 20 баланың үсіп өлгенін Т.Рысқұлов Сталинге жазған хатында көрсеткен. Ал енді бұдан шығатын қандай қорытынды? Әулиеата өңірінде ашаршылық өте қатты болған. Мен кейбір фактілерді оқыдым, мынау Тараз қаласының орталғында «Атшабар» деген жер бар ғой. Сол «Атшабардағы» үйлердің шетінде аштықтан өлген адамдардың денесін бірінің үстіне бірін қатар-қатар кәдімгі ағаш бөренелері сияқты сатылатып жинап қоятын болған. Енді қыстың суығында өліктің денесі бұзылмайды ғой. Сонда Әулиеатаның, қазіргі Тараздың орталығында сірескен қалпында өліктерді бірінің үстіне бірін қалап тастаған екен. Оларды жерге көмгенге яғни, біріншіден жер қазуға ешкімнің қауһары шамалы, адамдардың бәрі аштықтан бұралып жүр, әбден әлсіреген. Қақаған қыс мезгілі болғандықтан, жер қатып қалған тоң. Екіншіден тірі адамдар өліктерді жер жібіп, жұмсарғаннан соң яғни көктем шыққанда жерлемек. Міне осындай өліктің арасында адамдар жүріп, жұмыс істеп күн көріп жатты. Айналасы толған өлік. Әулиеатаның ол кездегі тарихы өте сұмдық, аянышты тарих. Жасыратыны жоқ, адам етін жегендер де болды. Күн көріс үшін бәріне барды адамзат. Әрине, біз бұл тарихты зерттеуге, айтуға, жазуға тиіспіз. Ал енді өзің айтқандай яғни, мен айтып отырған туған өлкеміз, аймағымыз туралы біреулер ойлайды Қырғыстанға жақын, Талас өзенінің жағасында болғандықтан ашаршылық онша қатты болған жоқ ғой деп. Ал шын мәнінде ашаршылық Әулиеата өңірінде өте қатты болды. Оған жоғарыда келтірген деректерім дәлел болу үшін аздық етпейді.
– Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістерінің ішінде «Созақ» оқиғасы көп айтылады. Алайда сіздің ғылыми-зерттеу еңбегіңіздегі «Созақ» оқиғасындағы халық толқулары бастапқыда Әулиеатаның солтүстік батысындағы Сарысу ауданынан басталған деген тарихи деректі дәйектер келтіресіз. Сонда «Созақ» оқиғасының басты ошағы Сарысу өңірі болған ба?
– Негізінде Кеңес өкіметіне қарсы Қазақстан бойынша 372 көтеріліс болған. Біреулер айтады 372 көтеріліс деген қайдан шыққан деп. 1992 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі коиссиясының мүшесі ретінде Ұлтық қауіпсіздік комитетінің архивінен құжаттар сұратып қараған кезде 372 көтеріліс болғанын және оған 80 мың адам қатысқанын да анықтағанбыз. Бұл көтерілістердің ішінде 15 ірі көтеріліс бар. Голощекин Сталинге жолдаған хатында жазады осы 15 көтеріліске 34 мыңдай адам қатысқанын. Бұл 15 ірі көтеріліс деп отырғанымыз аудан оталығын басып алған, ройкомдарды, ройселкомдарды өртеп, басшыларын өлтірген, былайша айтқанда кеңес үкіметін аудандық деңгейде құлатқан көтерілістер. Ал қалған көтерілістер басталған жерінде басылып, шаншылып тасталған көтерілістер. Мысалы біздің кішкентай ғана Талас ауданының территориясында 3 көтеріліс болған. Сарысу ауданында да бірнеше көтеріліс болған. Көтеріліс басталған бетте қызыл әскерлер мен коммунистік отрядтар арқылы басып тастап отырған. Қызыл әскерден бөлек коммунистік отрядтарды біздің Әулиеата өңірінде мал дәрігерлік техникомның оқушыларынан жасақтаған. Негізінен бұл отрядтардың қатарына өзге ұлт өкілдерінен алған. Әсіресе, славян ұлтының өкілдерінен алып отырған. Ол кезде біздің Әулиеатаға қоныстанған славян ұлты өкілдері көп болған. Міне солардың ішінен коммунист, комсомол мүшелерін алып, қолдарына қару беріп Талас, Сарысу аудандарындағы көтерілістерді басуға жіберген.
Ал енді өзің айтып отырған Созақ көтерілісіне байланысты айтар болсақ, бұл көтеріліс жоғарыда мен айтқан 15 көтерілістің ішіндегі ең ірі 4 көтерілістің бірі. 1931 жылы желтоқсан айында Голощекин Сталинге Қазақстан бойынша жазған хатында 4 ірі көтерілісті атап көрсетеді. Соның біреуі осы Созақ оқиғасы. Сол Сталинге жазған хатында Голощекин: Созақ көтерілісін басу кезінде 400 адамды өлтірдік дейді. Бұл 400 адамды көтерілісті басқаннан кейін қызыл әскерлер мен коммунисттік отрядтардың атып тастаған адамдары. Ал көтерілісті басарға дейінгі яғни, алдындағы қақтығыстарда өлгендері қанша ма? Бұл расында да өте үлкен қырғын. Ал енді Созақ көтерілісі немесе басқа көтерілістер туралы айтқанда болсын біздің бір қателігіміз осы көтерілстерге қандай рулар қатысты дегенді айтудан қашамыз. Бұл енді тарихи шындықты жасырудың тағы бір түрі. Рушыл деп айтады дегендей біз әр көтеріліске қандай рулардың жігіттері қатысты деген мәселені айтқымыз келмейді тартқыншақтап. Созақ көтерілісі негізінен тама руының жігіттерінің көтерілісі. Тама руының жігіттері ұйымдастырған көтеріліс. Бірен-саран басқа рулардың жігіттері қатысты. Олардың бәрінің тізімдері бар. Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде тұр. Мен тіптен сол оқиғаға қатысқан кісілердің руларын да анықтадым. Негізі, бұл көтерілісті түгелдей дерлік тама руының жігіттері басқарған. Біздің Сарысу ауданын негізінен тама руы мекендейді. Содан кейін Шымкентке қарайтын кей аудандарда да тамалар бар. Ол кезде ұйымшылдығы мықты ақсақалдар көп болған. Міне, тама руының жігіттері барлық жұмысты осы ақсақалдармен ақылдаса отырып жасаған. Бұны айтып отырғаным – барлық Қазақстанда болған көтерілісті қанша жерден ұлттық көтеріліс деп көтермелесекте, олар ең алдымен сол рулардан құралды. Бұны ұмытпауымыз керек. Тіптен, Қазақстанда құрылған колхоздардың өзі рулық колхоздар болды.
Негізінен, Созақ көтерілісі мен Сарысу көтерілісі байланысты. Созақ көтерілісін басқарған Сұлтанбек Шалақовтың өзі Сарысудың бір ауылынан шыққан азамат деп көрсетілген архивте. Негізінде біздің Әулиеатаға қарасты Сарысу өңірі бұл дүрбеленге ерте араласты. Өйткені Сарысу мал өсіретін өңір болғандықтан 1928 жылы сол аудандағы ірі байларды кәмпіскелеу науқаны аса қарқынды жүргізілген. Көп адамды кәмпескелеген. Оның ішінде байлар мен орташаруа, тіпті, кейбір кедейлердің отбасында ауақаттылардың тізіміне қосып тәркілеп, қамап тастаған. Осыдан кейін ел ішінде халық наразылығы күшейген. Сарысудағы халық көтерілісі де айтарлықтай ірі көтерілістер. Бірақта көтерілістер басталған бетте әр ауылда наразылықа шыққан халық ұжымдастыру мен тәркілеуден толған қамбалардың аузын бұзып кіріп, астықты тартып алған, қамап қойған азаматтарды түрмеден босатып алған. Одан кейін Кеңестік үкіметтің қызыл әскері келіп наразылықты басамыз деп халықты қырғынғы ұшыратып, бәрін басып шаншып тастаған. Негізінде Сарысу ауданындағы көтеріліс сол Созақ көтерілісінің бастауы болып табылады және өзара байланысты.
– Сарысудағы халықтың жаппай бас көтеруіне негізгі себеп болған жағдай кеңестік биліктің тәркілеу мен ұжымдастыру саясатының салдарынан туындаған дейміз. Расында да, жергілікті халықтың ашына наразылық танытып, қарулы қақтығысқа дейін баруына басқа да себептері бар ма?
– 1929-1930 жылдары Сарысудағы халықтың көтерілуіне негізі мына жағдай әсер еткен. Кеңестік биліктің өкілдері мен белсенділері Шолақ қорған мен Созақта жерді кісі бойынан асатындай қазып, үлкен шұңқыр жасап Сарысудан кәмпескеленген байларды алып барып қамаған. Негізінде бұл қамалғандар бай емес орта шаруалар. Өйткені Қазақстанда ірі байлар 1928 жылы кәмпескеленіп кеткен. Әлгі қазылған шұңқырлардың сыртын яғни, жан-жағын шыбықпен қоршап, концлагер сияқты сыртына милицияны айналып жүретін етіп күзетке қойған. Ал әлгі бай деп тәркіленген орта шаруалардың бәрін сыртқа өрмелеп шыға алмайтындай кісі бойынан асатын шұңқырға түсірген. Шұңқырлардың төбесі ашық болған. Бұл оқиға қыс мезгілінде басталғандықтан көктемде мидай батпақ толастаған, жаңбыр жауған кезде тізеден су келеді. Әлгі байғұстар осы батпақ пен тізеден асатын суды кешіп, ашық аспанның астында әбден жаурап, тонып, суықтап аурудан қырылған. Міне тәркіленген туысқандары мен ағайындарының осындай жағдайын естіп, Сарысудағы тамалар атқа қонған. Олардың арасынан «Не істейміз, осылай отыра береміз бе?» – деп Сұлтанбек Шалақов сияқты азаматтар шыққан. Содан олар атқа қонып, Созаққа түнделетіп жетіп, сонда жасырынып, сенімді ағайын-туысқан болып ақылдасып, сол жақтағы тамаларды көтереді. Сөйтіп ертеңінде көтерілісті ұйымдастырып, ауданның орталығын басып алған. Дауан Қаңылыбаев деген райселкомның төрағасының мойнына қылшылбыр салып атпен сүйреп өлтірген. Қарсылық көрсеткен көптеген милициянерлер мен коммунистер өлтірілген. Қатты қырғын болған. Никитенка және Поляков дегендер басқарған отрядтар жіберілген. Отрядтар қайдан жіберілген? Түйелерге зеңбірек байлап Ташкенттен жіберілген. Қызылордадан теміржол арқылы келген. Сосын бергі жағы Шымкент пен Әулиеатадан да қызыл отрядтар жіберілген. Сөйтіп жаппай жан-жақтан әскер төккен. Көтерілген қарапайым халықта қандай қару болсын. Қалған-құтқан, жатқан-тұрған бірдеңе. Шиті мылтық бірен-саран. Басқа отты қару жоқ. Созаққа келетін шатқалда сұмдық қырғын болған. Жазалаушы отрядтар көтерісшілерді аямай жаншып, талқандап басқаннан кейін Сарысу-Созақтағы халықтың адымын мүлде аштырмады. Кеңестік өкімет органдары халықтың бұл наразылығын басқа да көтерілістер тәрізді «ұлтшыл бандиттердің» әрекеті ретінде бір жақты бағалап, жергілікті жерлерде қуғын-сүргінді өршітіп жіберді. Ал бұл жағдайдың өзі Сарысу мен Созақ аудандарындағы онсызда нашар ахуалды тіптен ауырлатып жіберді. Әулиеатадан 23-наурызда Александровскіге кадрлық ротаның 27 атқышы, Қазақ ұлттық дивизионы және милиция отряды келіп, жазалау операцияларын бастап кетеді. Сарысудағы көтерілісті ұйымдастырған Жантірешманов, Сараев сынды азаматтар ұсталып, атылады. Жазықсыз жергілікті тұрғындардың көбісі аяусыз жазаланып, халықты қырғынға ұшыратады.
Сарысу-Талас аудандарындағы көтеріліс 1931 жылдың 20-маусымында Қордай ауданында жалғасты. «Архивтік құжаттарда Қордай ауданындағы ұжымдастыруға қарсы құрылған үш «бандалық» топтар туралы деректер бар. Олар Омарбек, Ағыбай, Сыпатай. Солардың бірінде Қастеков Оразалы деген азамат белсенді ретінде көрсетіледі.
Байқап қарасақ сол кездегі тергеу құжаттарында көтеріліске қатысқан жергілікті азаматтардың бәріне «бандылар» деген айдар таққан. Әрине, бұл дегеніңіз Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің 1929 жылғы «Батпаққара», «Тақта көпір» және «Бостандықтағы» ірі көтерілістерден кейінгі шыққан арнайы қаулысынан соң елдегі бүкіл ереуілге тағылған басты айыптауы болатын. Қордай аудандарындағы бандылармен (көтерілісшілермен М.Е.) кеңес органдарының қақтығыстары өте қатты болған. Бұл сол тұстағы ең бір шығыны көп көтерілістердің бірі болып тарихта қалды.
Архивтік құжаттарға сүйеніп сөйлейтін болсақ, Қордайдағы көтірілісшілер Комсомол атындағы колхоздың кеңсесіне баса көктеп кіріп, ауылдық кеңес кеңсесін өртеген, копперативтерді талқандап, ондағы тауарларды өзара үлестіріп алған. Мұнан соң олар «Ұмтыл» колхозының малдарын айдап әкеткен.
Бұл «халықтық көтерілістерге» қарсы аудан орталығында арнайы жасақ ұйымдастырылып, 17-18 маусымда және 5 шілдеде наразы топқа қарсы әрекеттер жасалады. №11, 12 және 14-ауылдар маңында арнайы жасақ пен көтерілісшілер ашық қақтығысқа түскен. Кейіннен наразы топтың саны бұл жерде 300-ге жуықтап, қарулы қарсылық көрсете бастаған соң, коммунистік отрядтар атыстан қаймығып, Отар темір жол стансасына қарай шегіне қашқан.
Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы келесі ұрыс 1931 жылдың 19 тамызында болған. Доланқара деген жерде 1931 жылы 21 қыркүйекте болған ұрыста ОГПУ-дің Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрғалиев оққа ұшқан. Бұдан кейін жазалаушылардың екпіні күшейіп, 1931 жылы 27 қарашасында Қордай ауданының 12-ауылында көтерілістің белсенді басшысы болған Әрсенов пен серіктерін қолға түсірген.
Жалпы жазалауға келсек, яғни мұрағаттардағы құжаттарға сүйенер болсақ, Қордай ауданында болған көтерілістерге барлығы 250 адам қатысты деген кінәмен тұтқындалған екен.
Қазақстан ОГПУ-нің Ерекше үштігінің 1931 жылы 23 қарашадағы, 1932 жылғы 28 қаңтардағы және 19 ақпандағы қаулыларымен 28 адам ату жазасына кесіліп, 107 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімдерге еңбек түзету лагерлеріне қамалған. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімдерге 11 адам жер аударылған. Алдын ала тұтқында отыру мерзімі есебінен 22 адам босатылған. 1 адам 3 жыл мерзімге еңбек түзету лагеріне шартты түрде сотталған.
Енді осы тарихи оқиғаларды қорытынды жасар болсақ, 1929-1931 жылдардағы қазақ шаруаларының наразылықтары мен көтерілістері кеңес империясының өктемдігіне қарсы ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс болды деуге толық негіз бар. Жоғарыда біз айтып отырған тарихи деректер тек ұлтымыздың ауыр кезеңдеріндегі бізге анықталған дүниелердің бір шеті ғана. Ал осы оқиғаларға қатысып, жазықсыз, сот-тергеусіз атылып кеткендер қаншама? Олар туралы деректер архив мұрағаттарының ішіндегі сан мыңдаған құжатардың түкпірінде жатуы әбден мүмкін. Сондай-ақ мұрағаттарда сақталмай қалғандары ел ішіндегі көне-көз қариялардың естерінде қалып, атадан балаға естелік болып сақталып қалғандары да аз емес. Сондықтан тарихшылар мен зерттеушілер ел ішіне әсіесе көне көз қарттардың аузына құлақ түріп, материалдарды қағазға түсіріп алып жүргені абзал болар еді. Президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың 2020 жылғы жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып отыр. Осы комиссия аясында біздерге, яғни тарихшылар мен зертеушілерге, өлкетанушыларға осы бағытта аянбай жұмыс жүргізіп, тарихымыздың ашылмай жатқан сырларын ашуға, кешегі кеңес үкіметінің тарапынан озбырлық көрген ата-бабаларымыздың аянышты тағдырларын жас ұрпаққа жеткізу – азаматтық борышымыз. Осы Мемлекеттік комиссия аясында талай тарихи іс тындыру – сіз бен біздің басты міндетіміз.
***
Тарихи білімі Талас өзеніндей тасыған марқұм Талас Омарбекұлымен болған соңғы сұхбатымыз осылай аяқталды. Қазақ тарихының ауыр кезеңдерін зерттеуге бірінші қадам жасаған, туған халқына құпия болып келген нәубет пен зобалаң жылдарындағы оқиғаларды алғашқы ғалымдардың бірі болып көпшілікке жеткізген ұстазымызды Жаратқан өз панасына алғай! Жаныңыз жәннатта болғай!
Әңгімелескен Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз қаласы
qazaquni.kz