ТУҒАН ЖЕРІН ТУ ЕТКЕН ҚАЛАМГЕР
2022 ж. 15 мамыр
3526
2
Көркем шығармаларымен көпшіліктің талғамынан шыққан, қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Құрманғазы Қараманұлының бақилық ғұмырға аттанғанына да бір жыл болып қалды. Былтыр коронавирус індетінің жайлап тұрған кезінде Құрекеңмен қоштасып, соңғы сапарға шығарып салуға бәрінің бірдей мүмкіншілігі болмағаны белгілі. Бірақ оның есімі мыңдаған оқырмандары мен оны білетін, бірге қызмет еткен әріптестерінің, қазақ ұлтының есінде мәңгілік сақталады.
Құрманғазы Қараманұлы 1943 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Одан соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жалын», «Балауса» баспаларында редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Көк Аспан – Қара жер» танымдық газетінің, «Айта жүрер әңгіме» дайджест-альманағының редакторы қызметтерін атқарған. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма жөніндегі кеңестің төрағасы болды. Алғашқы көлемді шығармасы – «Шайтантөбедегі от» әңгімесі 1960 жылы облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жарияланған. Жазушы қаламынан шыққан көптеген көркем шығармалар бірнеше кітап болып жарық көрді. Соның қатарында «Қайраң өткел», «Қызғыш құс» «Алтын іздеушілер», «Одинокий всадник», «Дикая кошка», «Тәңірге тағзым», «Жалғыз атты жолаушы», «Жапан түздегі жұрт» кітаптарын атауға болады. Сондай-ақ, ол ағылшын жазушылары Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!», И.Стоунның «Грек қазыналары», орыс жазушысы Г.Гриннің «Комедианттар», Сервантестің екі бөлімнен тұратын «Дон Кихот» романдарын, Чезаре Павезенің «Ғажайып жаз», «Жотадағы жынойнақ», «Жолдас», «Ай мен алау» роман-хикаяттарын қазақ тіліне аударған.
Адамның тағдырына кейде кішкентай ғана бір нәрсе ықпал ететіні бар. Құрманғазы Қараманұлымен танысуға ауылдас ағам, белгілі тарихшы, профессор Амангелді Құсайынов дәнекер болған-ды. Бастауыш курста оқып жүргенде «Оқу өз алдына, жазуды үйренсең ғана жақсы журналист боласың!» деп ертіп барып таныстырған-ды.
Таралымы жүздеген мың дана, аты дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш») мақала шығару студент-журналистер үшін үлкен мәртебе болатын. Республиканың түкпір-түкпіріне дейін таралатын басылымның беделі өте жоғары еді. Оны жастар ғана емес үлкендерде үзбей оқитын. Ал болашақта журналист боламын деген студенттер үшін оның жөні мүлдем бөлек-ті. Онда істейтін журналистерді көзіміз көрмесе де жазған мақалалары арқылы жатқа білеміз. Олар бізге үлгі алар тұлға, дүниедегі ең бақытты адамдар болып көрінетін. Солардың бірі – Құрманғазы Қараманұлы болатын. Сол жылдары журналист болам деп талпынған студент жастардың бірқатары Құрманғазы Қараманұлының алдынан өтті. Ол кезде Құрекең «Жұмысшы жастар» бөлімінде істейтін. Құрекеңнің тапсырмасымен алып қаладағы «Алматы мақта-мата комбинаты», «Алматы үй құрылысы бірлестігі» сияқты атағы бүкіл одаққа белгілі ірі кәсіпорындардың көбісін аралап, мақала жазуға машықтандық. Әрине, студент бірден мықты мақаланы қайдан жаза қойсын?! Экономика, өндіріс – ауыр тақырып, одан көбісі қашқақтап, әдебиет, мәдениет немесе өзге салаларды жазғанды қолайлы көреді. Мақаланы жазарда алдымен нені ескеру керектігін, қандай мәселені қамту қажеттігін, сөйлем құраудың қыр-сырын асқан ыждаһаттылықпен түсіндіріп, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Тіпті каникулға ауылға кетіп бара жатқанда да тапсырма беріп, болашақ журналист екеніңді демалыста жүрсең де ұмытпауың керек деп ескертетін.
Бір айтарлығы, одан кейін қаншама басылымдарда істесем де осы тақырыптан ауытқымаппын. Қайда барсам да экономика, өндіріс бөліміне жіберетін болды. Оған өкінбеймін. Кезінде Құрекеңнің берген тәлімі маған өмір бойғы сабақ болды десем артық айтқандық емес. Сол үшін де оны журналистикадаға бірден-бір ұстазым деп есептеймін.
Мерзімдік басылымдардан соң, Құрманғазы Қараманұлы бірыңғай жазушылыққа бет бұрғаны белгілі. Бұл салада да ол табысты еңбек етті. Оның көркем шығармалары туралы көптеген оң пікірлер айтылды, әлі де айтылады. «...Ол шатырын тігіп алып, оңаша Қалдығайтының қарасуына жападан жалғыз барып қармақ салады. Менің ойымша, Құрекең Қалдығайтының балығын емес, жоғалтып алған, соғыс тартып алып кеткен балалық бақытын іздеп қармақ салып отырғандай сезіледі. Жазушы барлық шығармасындағы басты оқиға Қалдығайтыдан өріс алып, Қалдығайтыға қайтып келумен аяқталады. Теңізге де, көлге де құймайтын, тек Қаратөбені айналып қана тыным табатын Қалдығайты – Құрманғазы үшін Ақ Жайықтан да, Сырдариядан да, Ертістен де ұлы өмір дариясы. Сол бір шолақ та ұлы дарияның бір иірімі Құрманғазының қарасуы деп аталады. Ауылдастары солай деп атап, картаға түсіртіпті. Бұл жазушының тағдырына, Қалдығайтыға деген ұлы махаббатына, соғыстан қайтпаған боздақтарға, сол боздақтарды сағынып ғұмыр кешкен жесірлер мен әкесіз жетімдердің көз жасына, жалғыз аяқ жолға көрсетілген құрмет. Осындайда өзіңнің туған жеріңе бастап апаратын жалғыз аяқ жолдар еске түседі. Сол сүрлеу сақталды ма екен, жоқ, өшіп кетті ме, кім білсін. Сол соқпақты салғанның бірі біздің табанымыз емес пе еді. Ізіміз сақталды ма екен?..» – деп жазған-ды белгілі жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбай осыдан он шақты жыл бұрын Құрманғазы Қараманұлы туралы «Қалдығайты қатпарлары» атты мақаласында. Құрманғазы Қараманұлының шығармашылығына талдау жасап, жоғары бағасын берумен қатар оның азаматтық келбетіне, жазушының жан дүниесіне өзгелерге қарағанда тереңірек үңілген Тұрсын Жұртбай «Сол соқпақты салғанның бірі біздің табанымыз емес пе еді. Ізіміз сақталды ма екен?..» – деген өте орынды сұрақ қойған. Сақталады! Ұлтымыздың әдебиет атты әдемі әлемінде Құрманғазы Қараманұлының өз соқпағы бар. Ол ешқашан жоғалмайды!..
Зейнолла АБАЖАН