Анаға құрмет – адамзат парызы

Анаға құрмет – адамзат парызы

     Адамзат ғұмырын өшірмей, ғасырлардан ғасырларға жалғап келе жатқан ана атаулыға жер бетіндегі барлық тіршілік иесі қарыздар. Анасыз мына жарық дүниеде тіршілік болмас та еді, керек десеңіз ұшқан құс пен жүгірген аң да жер бетінен жоғалар еді. Ал адам баласы үшін ананың орны мүлдем бөлек. Қандай ұлт болсын оның салт-дәстүрінде анаға деген құрмет ерекше ескерілген, ғасырлар бойы сақталған. Соның бір айғағы, Ислам дінінде де «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деп бекер айтылмаған.

        Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен ұрпағына әлемнің жарығын сыйлап, асыл қасиеттерді сәбиінің бойына ақ сүтімен сіңірген, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталса керек. Ана әлемдегі ең кешірімді, ең асыл жан, оның мейірімділігінде шек жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп, ұрпағы үшін өл-өлгенше жанын бере салуға әзір тұратын ананың балаға деген махаббаты мәңгілік, өлшеусіз. Баласы қандай қателік жасаса да кешіреді, ол үшін отқа да, суға да түседі. Ана бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең абзал жан. Ана болу – бүкіл өмір бойы жұмсалатын сарқылмайтын рухани күш пен ерен еңбек. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Перзенттің ғана парызы емес, бүкіл қоғамның бұлжымас міндеті. Қазақ халқы анасын ерекше қастерлеген жер бетіндегі жүздеген ұлттардың бірегейі. Ана бейнесі біздің тарихымызда, жыр-дастандарымызда жазылып, оған көптеген ән-күйлеріміз де арналған. Сол ата-бабамыздан жеткен озық дәстүрді бүгінгі ұрпағы да лайықты жалғастырып келеді.

        Алдымен мына бір дерекке тоқтала кетейік. Мамыр айының он сегізінші жұлдызы – Халықаралық мұражай күні болып есептеледі. Халықаралық мұражай кеңесі бұл атаулы күнді 1977 жылы ресми түрде бекіткенмен оның тарихы тереңде. Халықаралық аталмыш ұйымды (International Council of Museums) дүниежүзіндегі осы сала мамандары 1946 жылы құрған-ды. Ұйымның мақсаты – табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен болашақты байланыстыру, халықтар арасында өткен заманның тарихи мұраларын сақтау және бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, баршаға танымал ету. Мұражай арқылы кез келген қоғам тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасын, құрметін білдіреді. Бұрынғы замандардан қалған рухани және материалдық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай отырып, ауқымды деңгейдегі ғылыми-ағарту, білім және тәрбие ісін жүргізеді. Бұл саланың негізгі мақсаттарының бірі – баға жетпес құндылықтарды заңсыз шетке шығарудан, қылмыстық жолмен қолды болудан қорғау.

     Біздің елімізде жүздеген мұражайлар жұмыс істейді. Соның ішінде «Анаға құрмет» мұражайының маңызы ерекше. Аты айтып тұрғандай бұл мұражай аналарға арналған. Ұлы дала тарихындағы дана аналар, батыр аналар мен бүгінгі бейбіт өмірде ерен еңбектерімен ерекшеленген, ұрпақтармызға саналы тәрбие беріп жатқан асыл жандар өмірінен сыр шертеді. Айта кету керек, бұл бүкіл ТМД елдеріндегі аналарға арналған тұңғыш және осы күнге дейін жалғыз мұражай болып отыр.

          «Анаға құрмет» мұражайы 2014 жылы қоғамдық негізде ашылған-ды. Бір жылдан соң ол Қарасай ауданына қарасты мемлекеттік мекеме қатарына қосылды. Қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 750 шаршы метрді алып жатыр. Мұражайды құру туралы бастаманы белгілі қоғам қайраткері, ¬Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынас университетінің профессоры Бақыт Шпекбаева көтерген болатын. Бүгінгі күні мұнда 500-ден астам түрлі жәдігерлер, елімізге танымал әйелдерге қатысты түрлі материалдар, құжаттар, фотосуреттер, картиналар, тұрмыстық бұйымдар бар. Осылардың көпшілігі – облыс тұрғындарының өз ниетімен әкеліп тапсырған және мұражай қызметкерлерінің жылдар бойы жинастырған заттары. 2018 жылы «Анаға құрмет» мұражайы Қазақстан рекордтар кітабына енді.

        Мұражай алдында «Анаға тағзым» ескерткіші орнатылған. Ескерткіште сәбиін құшақтаған ана мен қазақи бесік бейнесі ұлтымыздың бүкіл тарихы мен бүгінгі өмір жолынан сыр шертіп тұрғандай. Сондықтан болар жас отау иелерінің неке қияр сәтінде арнайы келіп тағзым етер киелі орнына айналған.

Бұл ерекше мұражай апа-әжелеріміздің өмір салты мен тарихы туралы толымды мағұлымат береді, сонымен бірге отбасы құндылықтарына деген құрмет сезімін қалыптастыруға деген ықпалы да зор.

         Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да «Анаға құрмет» мұражайы Алматы облысының ғана емес, бүкіл ұлтымыздың, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қызметкерлерінің белсенді жұмысының нәтижесінде ежелден келе жатқан мұражайлармен иық тірестіріп, жұртшылықтың құрметіне ие болып, «Үздік мәдениет мекемесі» атанды. Конституцияның 25 жылдығына орай Алматы облысының сол кездегі әкімі Амандық Баталов бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Облыс басшысы «Үздік мәдениет мекемесі» атанған «Анаға құрмет» мұражайының жұмысына жоғары баға беріп, оның меңгерушісі Аршагүл Тойбаеваға диплом мен ұжымға су жаңа жеңіл автокөлікті сыйға тартқан-ды. Жетісу өңіріндегі жиырма бес мұражайдың қатарындағы қадамын енді бастаған ең жас мұражай үшін бұл үлкен жеңіс болатын.

        Мұражай қызметкерлері еліміз қызу қолдаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға елеулі үлес қосып келеді. Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында мектеп оқушыларына рухани тақырыпта дәрістер, экскурсиялар ұйымдастырумен тұрақты айналысады. Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Анаға құрмет» мұражайы «Даланың дана арулары» атты халықаралық фестиваль өткізіп, өте кең көлемдегі іс-шараны жүзеге асырды. Бір емес, жеті бірдей тақырыпты қамтыған фестиваль облыс аумағында ұйымдастырылған мәдени шаралардың ең көлемдісі болды. Оның аясында алғаш рет «Қоянкөз» тарихи драмасы сахналанып, музей меңгерушісі А.Тойбаеваның «Даланың дана арулары» атты кітабының тұсауы кесілді. Белгілі қаламгер, танымал тележурналист Аршагүл Тойбайдың «Даланың дана арулары» атты жинағында бағзы заманнан бергі қилы кезеңде ерен ерліктерімен, өжет, қайсар мінездерімен, парасат- пайымымен, даналығымен халық жадында мәңгі сақталған қазақтың батыр қыздарының, қадірменді аналардың бейнесі сомдалған. «Ел бастаған ер ханымдар», «Аңызға айналған ақжаулықтылар», «Халқын қорғаған қаһарман бикештер», «Абыз аналар», «Алашты аузына қаратқан арулар», «Ағартушы арулар», «Қуғын-сүргін құрбаны болған асыл жарлар», «Талантымен танылған тұлғалар» деген тарауларға бөлініп жазылған кітаптың қалың оқырманға, әсіресе бүгінгі өскелең ұрпаққа берер танымдық, тәрбиелік мәні өте зор.

      Мұражай қызметі бір ғана көрмелерді тамашалудан тұрмайды. Алдымен олардың өткізетін түрлі іс-шаралары көпшілікті өзіне тартатыны белгілі. Мұндай іс-шаралар мұражай жұмысын жандандыра түседі. Әрине, ол мұндағы қызметкерлерінің біліктілігі мен ұйымдастыру қабілетіне тікелей байланысты. Мұражай қызметкерлері мұндай түрлі тақырыптағы іс-шараларды үнемі ұйымдастырып, халықпен тұрақты байланыс орнатқан.

          Жыл сайын өткізіліп тұратын шаралардың бірі – Аналар күні мерекесі. Қазақстандық аналардың өз мерекесі болуы тиістігі туралы жұртшылықтың тілегіне байланысты, ҚР Үкіметінің қаулысымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі «Аналар күні» болып белгілен-ді. Осыған орай «Анаға құрмет» мұражайында мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Оның негізгі мақсаты ақ жаулықты аналарға алғыс айтып құрмет көрсету, дана аналарды, батыр қыздарды еске алу, оларды ел арасында кеңінен насихаттау. Меркелік шара әртүрлі тақырыппен өтеді. Мысалы, «Анамның ақ жаулығы» атты осындай мерекелік шараға аудан басшылары, қатардағы тұрғындар мен қолөнер шеберлері қатысты. Мерекелік шара барысында мұражай тапсырысымен жасалған Ғалым Ахметовтің «Дала аруы» атты мүсіні ашылды. Одан кейін «Анаға құрмет» музейі мен галереяға саяхат жасап, «Ұмыт болған ұлттық дәм» шеберлік сабағын тамашалады. Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері аспан астында сурет салып, бояуы кеппеген су жаңа туындыларын мұражайға сыйға тартты. Ал «Мұражайға сый» акциясы аясында Социалистік Еңбек ері, Батыр Ана Салима Жұмабекованың балалары аналарының көзіндей болған киімдерін табыстап, мұражай қорын толықтыра түсті. Шараға арнайы келген Қарасай ауданы Мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

      Алдында айтқанымыздай қазақ халқының анаға деген құрметі ерекше. Анаға, нәзік жандарға арналған ән-күй, өлең, жыр-дастан, көркемсурет және де өзге де туындыларды ешкім түгендеп шыға алмасы белгілі. Бұл ұлтымыздың ана деген құрметі мен сүйспеншілігінің белгісі. Осы тұста мына бір бұрын-соңды болмаған ән мерекесін айта кеткеніміз орынды. «Анаға құрмет» мұражайы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 500-ден аса әншілер аналар әнұранына айналған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов пен атақты ақын Ғафу Қайырбековтың «Ана туралы жырын» әуелетіп, Алатау баурайын әнге бөледі. Мереке барысында бейнелеу өнеріне еңбектері сіңген қылқалам шеберлерінің «Даланың дана арулары» атты портреттік көрме ашылды. Көрмеге Ханшайым Томиристен бастап бүгінгі күннің батыр аналарының кескінді келбеттерін бейнелеген картиналары қойылды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Амандос Ақанаевтың «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» атты картинасы көрермендерді терең ойға батырды. Анарбек Нақысбековтың «Көшпенділер», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Сейсенхан Маханбетовтың "Мапрашты анамыз" атты шығармалары көпшіліктің көңілінен шықты.

–Көп жастарымыз батыр әйел десе тек Томирис, Зарина, Домалақ ана сияқты белгілі үш-төрт адамның ғана атын айтады. Бопай ханша, Гаухар ханым, Айбике ару, Ботакөз, Бақтықыз секілді батыр әйелдер мен ел басқарған, қол бастаған батырлардың жарлары қандай мықты, текті әйелдер болғанын көбі біле бермейді. Мен оқушылармен, жастармен кездесуде осындай аналарымыз туралы әңгімелесем, барлығы таңғалып тыңдайды. «Біздің мектеп оқулықтарында батырларды оқытады, аналарды неге оқытпайды?» деп сұрайды. Осылайша, «Даланың дана арулары» деген тақырыпта бес мыңнан астам оқушыға лекция оқып тұрамыз, -дейді мұражай меңгерушісі Аршагүл Серікқызы.

     Шын мәнінде бұл мұражай үлкен кешенге айналған, қасындағы «Күлиман ана» медресесінде шәкірттер тәрбиеленіп, жетім балалар білім алады. Сонымен бірге спорт кешені, дендросаябағы бар. Орталыққа барып спортпен айналысуға мүмкіндіктері жоқ балалар осы спорт кешенінде шұғылданады.

    Ана – өмір, ана – батыр, ана – жыр, ана – ән... Анаға барлық теңеу жарасады, сондықтан оған деген құрмет те жоғары.

О, аналар, осындайсың бәрін де,

Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.

Сиынатын болса өмірде құдірет,

Сиынар ем ана деген тәңірге... - деп белгілі ақын Аманжол Шамкенов жырлағандай, тіршілік тәңірі алдында бәріміз де бас иеміз...


Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz