Шенеуніктердің туыстары иеленген жер аттары

Азаттық тілшісі Қазақстандағы белгілі адамдардың белгісіздеу туыстарының аты-жөндерін иеленген мекендерді бір шолып шықты. Атауларды өзгертуге салынған мораторийдің күші биыл қайта жойылғасын бұл үрдістің күшеюі мүмкін бе?
Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылындағы Әбдіхан Тойбаев атындағы көше. 12 сәуір 2013 жыл.
Биыл наурыз айында «халық санағына байланысты 2008 жылғы шілдеден бастап елді мекен, көше атауларын өзгертуді тоқтата тұру» жөніндегі үкімет қаулысының күші жойылды. Көп ұзамай сәуірдің басында кейбір жергілікті БАҚ Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевтың Жамбыл облысы Қордай кентінде ықшам аудан сала бастағанын және оны «Әлжан апа» деп атау жөнінде шешім қабылдағанын жариялады. Ресми деректерде Нұрсұлтан Назарбаев пен Болат Назарбаевтың аналарының есімі «Әлжан» деп көрсетілген. ОРЫНБАСАРЛАРДЫҢ ӘКЕЛЕРІ Соңғы жылдары атауы өзгерген көшелердің бірқатарына лауазымды тұлғалардың туыстарының есімдері беріліп жүр. Мәселен, премьер-министрдің қазіргі бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың әкесі, Ленин орденінің кавалері Әбдір Сағынтаевтың есімі Жамбыл облысы Талас ауданындағы мектептердің біріне берілген.
Шетелдік азамат Роджер Фокстың есімі берілген көше. Кейін қайтадан бұрынғы атауы қайтарлды. Ақсай кенті, Батыс Қазақстан облысы. Сурет 12 қазан 2009 жылы түсірілген.
Шетелдік азамат Роджер Фокстың есімі берілген көше. Кейін қайтадан бұрынғы атауы қайтарлды. Ақсай кенті, Батыс Қазақстан облысы. Сурет 12 қазан 2009 жылы түсірілген.
Шымкент қаласының бір көшесі мен облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, 2008 жылдан премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың әкесі Тұрмахан Орынбаевтың атында. Тұрмахан Орынбаев облыстың бас хирургі қызметін атқарған. Қазір мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев 2005 жылы премьер-министрдің орынбасары, сауда және индустрия министрі қызметінде отырғанда туған жері Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласындағы мектеп-интернат Мұхаметбай Мыңбаевтың атымен аталған. Осы мектеп директорының айтуына қарағанда, Мұхаметбай Мыңбаев білім саласында жетекші қызметтер атқарған.
«Естай Шүкеев совхоз директоры болған» дейді Шаян ауылы әкімінің орынбасары Сәкен Мырзабеков.
Қазіргі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Өмірзақ Шүкеев 1997 жылы премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған тұста әкесі Естай Шүкеевтің атымен Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылының бір көшесі аталған. «Естай Шүкеев совхоз директоры болған» дейді Шаян ауылы әкімінің орынбасары Сәкен Мырзабеков. 2008 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ кенттік округіне қарасты Ешкіөлмес ауылының Тельман көшесіне сол кезде, яғни 2008 жылы парламент сенатының төрағасы болған, қазір БҰҰ бас хатшысының орынбасары Қасымжомарт Тоқаевтың әкесі жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Алматы облысы Қарасай ауданы Ақжар ауылының бір көшесі қазір президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Алик Шпекбаевтың 2008 жылы қайтыс болған әкесі, Қарасай ауданының құрметті азаматы Жатқанбай Шпекбаевтың атымен аталады.
Ақжар ауылындағы Жатқанбай Шпекбаев атындағы көшедегі үйге оның құрметіне ілінген ескерткіш тақта. Алматы облысы, Қарасай ауданы,12 сәуір 2013 жыл.
Ақжар ауылындағы Жатқанбай Шпекбаев атындағы көшедегі үйге оның құрметіне ілінген ескерткіш тақта. Алматы облысы, Қарасай ауданы,12 сәуір 2013 жыл.
2000 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылының орта мектебіне «Алматықұрылыс» холдингінің президенті, сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияевтің әкесі, қазіргі «Астана ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Ермегияевтің атасы Жамал Ермегияевтің есімі берілген. ӘКІМДЕР МЕН ДЕПУТАТТАРДЫҢ ӘКЕЛЕРІ Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданы Шардара ауылдық округі қазір Қазақстанның Ресейдегі елшісі, бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ішкі істер министрі қызметтерін атқарған Зауытбек Тұрысбековтың әкесі Қауысбек Тұрысбековтың атында. Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қоры - аталған облыстағы танымал қорлардың бірі.
... жазушы, «Шымкент қаласының құрметті азаматы» Әбжаппар Жылқышиев Келес аудандық партия комитетінің хатшысы болған.
Қазіргі парламент мәжілісінің депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Болат Жылқышиевтің әкесі Әбжаппар Жылқышиевтің атымен Шымкент қаласының, Сарыағаш ауданы Абай ауылының бір көшесі аталады. Абай ауылының әкімі Рысқы Қармысовтың айтуынша, жазушы, «Шымкент қаласының құрметті азаматы» Әбжаппар Жылқышиев Келес аудандық партия комитетінің хатшысы болған». Сонымен қатар Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда Әбжаппар Жылқышиев ауылы бар. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының бір ауылдық округі 2005 жылы қайтыс болған Мәшбек Нәлібаев атында. Мәшбек Нәлібаев - Шығыс Қазақстан облысының қазіргі әкімі, бұрын Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімі болған Бердібек Сапарбаевтың, сонымен қатар Қызылорда қаласының қазіргі әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың әкесі. Мәшбек Нәлібаев атында қазақ күресінен республикалық турнир де өтеді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі Елеу Көшербаевтың құрметіне Қызылорда қаласынан бір көше берілген, Арал қаласында оның атында орта мектеп бар. Бірқатар аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Елеу Көшербаевтың әкесі, Социалистік Еңбек Ері Көшербай Дәрібаевтың атына да 2010 жылы Арал қаласының бір көшесі берілген. 2008 жылы наурызда Ақтөбе қаласының әкімі Серік Кеңесұлы Нокин «Батыс Қазақстан жәрмеңкесі орналасқан айналма тас жол Кеңес Нокин атындағы даңғыл болып аталсын» деген қаулы шығарды.
Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин көшесі. 18 сәуір 2013 жыл.
Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин көшесі. 18 сәуір 2013 жыл.
Осы облысқа қарасты Благодарное селолық округінде Кеңес Нокин атындағы ауыл да бар. 2010 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылының бір көшесіне парламент мәжілісінің депутаты, бұрын Алматы облысында бірнеше ауданды басқарған Әлихан Тойбаевтың әкесі Әбдіхан Тойбаевтың есімі берілген.
Туғанбай ауылындағы Әбдіхан Тойбаев көшесі. Алматы облысы, Талғар ауданы, 12 сәуір 2013 жыл.
Туғанбай ауылындағы Әбдіхан Тойбаев көшесі. Алматы облысы, Талғар ауданы, 12 сәуір 2013 жыл.
«ФУРМАНОВ ӨЗГЕРМЕЙДІ» 2008 жылдың маусым айында мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев Астана қаласына «осы қаланың әкесі әрі прорабы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру» туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірақ оған «өзінің ешқайда кететін ойы жоқ екенін, денсаулығы мен мүмкіндігі жетіп, халық қалап отырғанда әлі ұзақ жұмыс істей беретінін» алға тартқан Назарбаевтың өзі қарсы болған еді. Соңғы уақытта Алматы қаласының орталығындағы Фурманов көшесінің «президент Назарбаевқа сақталып отырғаны» туралы сыбыс та күшейе түскен. Осы көшенің атын өзгерту жөнінде баспасөз бетінде бірнеше рет көтерілген бастамаға орай былтыр, 2012 жылдың маусым айында қала әкімі Ахметжан Есімов «Фурманов көшесінің аты өзгертілмейтінін» тағы бір рет ескертіп өтті.
Фурманов көшесі. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
Фурманов көшесі. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің нормативтік- лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Серік Сәлемов Азаттыққа биыл қабылданған жаңа заң бойынша жер-су аттарына кісі есімдерін беруге қойылатын талаптардың күшейгенін айтты. Оның сөзіне қарағанда «жер-су атауларының тарихи атауларын негізге алған дұрыс. Бірақ жаңадан пайда болған елді мекендерге немесе көшелерге бұрынғы партиялық қызметкер болса да сол төңірекке еңбегі сіңген азаматтарға беру де теріс емес».
Билік басында отырғандардың әкелері, бәлкім, еңбегі сіңген де болар. Бірақ ел ішінде әлеуметтік араздық туғызбас үшін адамның ішкі түйсігі болуы керек, белден баса беруге де болмайды.
Ономастикалық комиссия мүшесі Қыздархан Рысберген.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, Алматы ономастикалық комиссиясының мүшесі Қыздархан Рысбергеннің сөзінше, «елді мекендерге, көшелерге кісі аттарын қою үрдісі - совет өкіметінен қалған мұра. Қалталы азаматтар көшеге әкесінің атын бергісі келсе сол ауылдың ақсақалдарын жинап, ауызын алады, дастарқан жайып, сый-сияпат жасайды. Өзіне керек көшені, я болмаса мектепті жөндеуге ақша береді». - Билік басында отырғандардың әкелері, бәлкім еңбегі сіңген де болар, бірақ ел ішінде әлеуметтік араздық туғызбас үшін адамның ішкі түйсігі болуы керек, белден баса беруге де болмайды, - дейді ол. Биыл қаңтарда «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Петропавлда Ғалым Малдыбаевтың атына берілген көше қайта өзгертіліп, "Советская" аталған.
Кезінде осы заң жобасын ұсынған бұрынғы мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай «елді мекендерге кісі аттары кейде жөн-жосықсыз беріліп жатқанын» сөз еткен еді. Оның айтуынша, «Петропавл қаласында ақын Ғалым Малдыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай оның атына берілген көше қайтадан өзгертіліп, Советская көшесі аталған. «Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында 43-ші атқыштар дивизиясы көшесінің тұрғыны Балдаков деген зейнеткер осы көшеге өзінің атын жаздырып, іліп қойған». Қазақстандағы ономастика туралы жаңа заң бойынша елді мекенге адам аты берілуі үшін оның қайтыс болғанына кем дегенде 5 жыл толуы тиіс.
Азаттық радиосы