«Алаш» ізбасарларын даярлау – басты міндетіміз
2022 ж. 01 мамыр
2660
0
Алаш арыстарының қазақ халқы үшін жасаған, жанын пида еткен ерліктері мен еңбектері ел есінде. Алаштықтарды оқушыларға насихаттай отырып, «Алаш» сөзі жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталып тұруы үшін клубымыздың атын «Алаш» деп атадық.
Әуелгіде пікірсайыс қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша айтылым дағдысын дамыту мақсатында қолға алынды. Яғни, осыдан үш жыл бұрын «Ұшқыр ой алаңы» деген атаумен басталғанда пікірсайыстың бүге-шүгесіне дейін білмейтін едік. Сонда Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің «Аманат» атты студенттер лигасы біздің оқушыларымызға төрешілік етіп, біздің балаларымызды өнердің осы бір түріне баули түсті.
Бүгінде Білім және ғылым министрілігінің қолдауымен, Алматы қалалық әкімдігінің қаулысымен қала мектептерінің барлығында дерлік дебат клубары өз жұмысын бастады. Мәселен, Алматы қаласына қарасты Алатау ауданы бойынша 26 мектеп болса, 26 клуб жұмыс істейді. Қазіргі таңда сол клубтарды жүйелеп, арнайы қосымша сабақ ретінде қолға алу көзделуде. Бүгінде Осы Алатау ауданына қарасты №178 мамандандырылған лицейдің «Алаш» пікірсайыс клубының мүшелері аудандық, қалалық, республикалық деңгейден көрініп жүр. Осы тұста оқырман қауымға ұғынықты болуы үшін ең бірінші кезекте пікірсайыстың мақсат-мүддесіне аз-кем тоқтала кетсем артық болмас.
Дәл бүгінгі күні мектеп оқушыларына белгілі бір пәндерді жетік меңгеру жеткіліксіз. Бүгінгі заман талабы – жан-жақтылық. Сондықтан да оқушылардың белгілі бір тақырыпқа сын көзбен қарай білуі аса маңызды.
Пікірсайысты мектептерде қолға алудағы басты мақсат – қоғамдық өмірге белсене араласатын жастардың жаңа буынын қалыптастыру әрі оларды үйірмеге тарту. Бұл тұрғыда мектепішілік пікірсайыс турнирлерін ұйымдастыру, үздіктерді анықтап, ынталандыру жұмыстары атқарылады. Негізгі мақсатымыз – мектеп оқушыларын мектепаралық, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық пікірсайыс турнирлеріне қатыстыру, тәжірибе алмасу арқылы үздік натижелерге қол жеткізуіне мұрындық болу.
Пікірталас оқушының ой-өрісін дамытып қана қоймай, қоғамды да алға сүйреп, өркениетке қол жеткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, қатысушылар бір-бірін тыңдауды үйреніп, көпшілік алдында сөйлеу қабілетін, сөйлеу мәдениетін, сөйлеудің шығармашылығы мен тапқырлығын және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады.
Пікірталас бар жерде демократия да кең қанат жаяды. Оқушылар қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете талдай отырып болашақта өз мамандықтарын дұрыс таңдауға да мүмкіндік алады. Ненің дұрыс ненің бұрыс екенін біле отырып, елі үшін пайдалы істерді атқаруға осы бастан әзірленеді. Өз ойын ашық, әрі нақты жеткізе алатын оқушылардың көкірек көзі ояу болары сөзсіз. Пікірталас форматына құрғақ сөзді сағаттап сапыру жат. Айтылар ой-пікірің нақты фактілерге құрылуы тиіс, әрі уақыттың мөлшері де шектеулі. Жастар біздің – болашағымыз. Еліміздің ертеңі – осы бүгінгі көз алдымызда жүрген оқушылардың қолында. Сондықтан да, оқушыларымыз білімді ғана емес, егемен елдің еркін ойлы азаматтары болып қалыптасуы тиіс. Сондықтан да, мектептерде қосымша «Дебат» үйірмесінің қолға алынуының маңызы зор.
Пікірсайыс арқылы оқушылар ғылыми мәселелерді талдауға, салыстыруға, себеп-салдарын анықтауға, жоба құруға және болжам жасауға дағдыланады.
Өз кезегінде олар мектеп қабырғасында алған білімдерін кеңейтіп, ойлау қабылетін арттыра отырып, өз ойын толық жеткізу арқылы қоғамда өзіндік орны бар тұлға ретінде қалыптасады.
ШАШАСЫНА ШАҢ ЖҰҚТЫРМАС ШӘКІРТТЕРІМІЗБЕН МАҚТАНАМЫЗ
Күні бүгінге дейін оқушыларымыздың жеткен жетістіктері жетерлік. Атап айтқанда, Алматы қаласы Білім басқармасының "Алматы дарыны" дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының ел тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ғаламтор кітаптың орнын баса алмайды» атты дебатта №178 мамандандырылған лицейдің «Жас қыран» фракциясы А.Окан мен О.Беделхан жүлделі ІІІ-орынды иеленді. Тұңғыш президент күніне орай және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасындағы ұлттық пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңінде 1-орынды Д.Әшірбек, А.Жүзбасар – («Жас қыран» фракциясы) иеленсе, 2-орын М.Хожахмет және Қ.Қазиұлына («No-mad» фракциясы) бұйырды. Осы дебатта «Алаш» клубының президенті А.Жүзбасар «Үздік ойыншы» атанды.
Қашан да сайыстарда оқ бойы озық шығатын А.Жүзбасар «Алатау аудандық білім бөлімі және №178 мамандандырылған лицей ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты Алатау аудандық мектеп президенттері арасындағы пікірсайыс турнирінде,
«Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты қалалық пікірсайыс турнирінде, Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жыр алыбы-Жамбыл» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық пікірсайыс турнирінде I орынды иеленіп, «Ең үздік спикер» атанды.
Сондай-ақ, «Алаш» фракциясының мүшелері Д.Әшірбек пен Ж.Арайлым «Alpha Academy» бастамасымен 4-ші рет өткізіліп жатқан Алматы қалалық онлайн дебат турнирі 4-орынды, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жыр алыбы-Жамбыл» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық пікірсайыс турнирінде бас жүлдені, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Бақытты балалар бейбіт елдің тірегі» атты қалалық пікірсайыс турнирінде II орынды, Ақтөбе пікірталас орталығы және «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен «Бірлігіміз жарасқан» атты Республикалық пікірсайыс турнирінде «Үздік кейс» номинациясын иемденді. №178 мамандандырылған лицейінде зум платформасы арқылы өткізілген «Ұшқыр ой» алаңы Республикалық пікірсайыс турнирінің мектепшілік кезеңінде 1-орынды А.Окан, Ж.Керімбаевалар ("Оратор"фракциясы), 2-орынды О.Беделханов, Б.Орынбасарқызы ("Алтын ғасыр " фракциясы), 3-орынды А.Тлекова, А.Адилжановалар ("Демократия" фракциясы) иеленді. «Ұшқыр ой» алаңы Республикалық пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңінде №178 мамандандырылған лицейінен «Оратор» фракциясының мүшелері Керімбаева Жібек пен Окан Асыл -1 орынды және қалалық кезеңде «Үздік оратор» номинациясын иеленді. «2022 жыл – Балалар жылы деп жариялануына байланысты «Бала құқығының қорғалуы – жақсы қоғамның іргетасы» атты ашық аймақтық турнирінен «Эверест» фракциясының мүшесі Окан Асыл 1-орынды иеленді.
ЕЛ НАЗАРЫН АУДАРҒАН ЕРЕКШЕ ФОРМАТ
Бүгінгі бiлiм беру ісі баяғы таптаурын жолмен жүруді емес, осы салада инновациялық үрдiстi жүзеге асыруды талап етеді. Бұл тұрғыда мұғалiм мен оқушы арасында жаңаша байланыс орнатып, ұстанымдарын, мүмкіндіктерін түрлендiрудi аса маңызды. Осы мақсатта Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицейде алғаш рет ұстаз бен шәкірт арасында «Екі жұлдыз» айдарымен дебат турнирі өткізілген-ді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің онкүндігі аясында «Тілім менің — тірлігімнің айғағы, тілім барда айтылар сөз ойдағы» атты осынау шара ел назарын аударған ерекше форматта өткендігімен есте қалды. Пікірталасқа лицейдің «Алаш» пікірсайыс клубының оқушылары өздерінің пән мұғалімдерімен бірлескен командалар құрды. Сайысқа барлығы 12 фракция қатысты. «Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтереміз?» атты тақырыпта ой қозғаған бұл турнир Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асып жығылса да, мемлекеттік тілі өз тұғырына толық қонбаған біздің елде ең бір бір өзекті мәселенің бірі-тін.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қарарлар берілді. Турнирге қатысушылар APF форматында, яғни Америка парламенті үлгісінде пікір сайыстырып, ақтық кезең үшін жарысты. Нәтижесінде 12 фракцияның ішінен суырылып шыққан үздік топтар көпшілік алдында өз тұжырымдарын дәлелді дәйектермен ұсына білді.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде 1-орынды биология пәнінің мұғалімі Қ.Есембекова (Сұңқар» фракциясы) мен шәкірті 9-сынып оқушысы Қ.Қазиұлы иеленді, 2-орынды география пәнінің мұғалімі Н.Шөпшекбаева («Жастар жалыны» фракциясы) мен шәкірті 9-сынып оқушысы Б.Орынбасарқызы иеленді. Ал 3-жүлделі орын ағылшын тілі мұғалімі Н.Досқожаева («Тастүйін» фракциясы)мен шәкірті 9 «Ж» сынып оқушысы А.Тлековаға бұйырды.
Сонымен қатар, қатысушы фракциялар арасында өзгелерден оқ бойы озық шыққандарды да атап өту ләзім. Олар: физика пәні мұғалімі П.Рақыметхан мен шәкірті Д.Абдумалик(«Қыран» фракциясы). Ал, "Ең үздік фракция" деп «Қос найза» фракциясы танылды. Фракция мүшелері: физика пәні мұғалімі Д.Құрманжан мен шәкірті А.Адилжанова. «Үздік кейс» номинациясының иегері математика пәнінің мұғалімі Д.Рақымбек пен шәкірті А.Оқан атанды.
Турнирде әділ төрешілік етіп, ойын кезеңдері бойынша ашық сараптама жасаған, аудандық, қалалық, республикалық дебат турнирлерінің жүлдегерлері, 11-сынып оқушылары А.Жүзбасар мен М.Хожахмет, Д.Әшірбек, О.Беделхан, А.Оқан «Үздік төреші» номинацияларын иеленді.
Осы тұста Алматы қалалық білім басқармасының бастамасымен Дарынды балаларды қолдау орталығы түрлі тренингтер өткізу арқылы оқушыларды дебаттың қыр-сырына баулығанын тілге тиек етуге тиіспіз. Сәулелі сөз өнеріне шәкірттерді үйрете жүріп, өзіміз де осы жолда шеберлігімізді одан әрі шыңдап келе жатқанымызды айта кетсек артық болмас. Дебат қозғалысының үйлестірушілері мен жетекшілері арасында «Сұңғыла сөз» қалалық пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңінде І-орынды, Дебат қозғалысының үйлестірушілері мен жетекшілері арасында «Сұңғыла сөз» қалалық пікірсайыс турнирінде «Үздік креатив» номинациясын, Республикалық 9-11 сынып оқушылары арасындағы «Ұшқыр ой алаңы» пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңінде әзіл төрелік еткенім үшін, Алатау аудандық білім бөлімі және №178 мамандандырылған лицейдің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты Алатау аудандық мектеп президенттері арасындағы пікірсайыс турнирінде кәсіби біліктілігім мен іскерлігімді ұштастыра отырып қосқан зор үлесім үшін мақтау грамоталарымен марапатталдым. Бұл, әлбетте, жетістіктеріміздің басы ғана деп білемін. Алдағы уақытта ізденіс пен талмай еңбектенудің арқасында шәкірттерімізбен бірге әлі талай шыңдарды бағындыра түсемінімізге кәміл сенемін.
Эльмира РАПИЛОВА,
№178 мамандандырылған лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі