Гүлфайруз Еркебаева: Білімқұмар болсаңыз, сізге алыс ауылда тұрғаныңыз де, бес баланы туғаныңыз да, он сиырды сауғаныңыз да кедергі келтіре алмайды...
2022 ж. 25 шілде
2689
0
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!»
Исрайыл Сапарбай
Мен әжемнен өте көп нәрсені үйрендім...
– Біздің атамекеніміз Орал облысының Жымпиты ауданы екен. Кеңес өкіметі 1928 жылы Қызылорда облысынан – оған қашан және қалай келгенімізді мен білмеймін – Көксу деген ауылдың мал-жанын, басшыларын қоса, атамыз парторг секілді қызметте болыпты, тұтасымен кәзіргі Шардара ауданына көшіріп әкеліпті. Ол кезде бұл жер Қызылқұм ауданына қараған екен. Біз осында тұрақтап қалыппыз және жаңа қонысты ескінің құрметіне Көксу деп атаппыз.
Біздің әкеміз екі бірдей майдан ардагері, соғысты Жапонияда аяқтаған адам. Атамыз бен әжеміз ерте кетіп қалды. Менің фамилиям – Еркебаева. Еркебайдың тоғыз ұл, бір қызы болыпты. Тоғызыншы ұлы – Сапардың Ғинаят деген ұлынан он екі баламыз, екіншісі – мен.
Менің 8-9 айлығымда атамыз біздің үйге келіпті. Ұйықтап жатыр екенмін, оянған соң әкем ерте жүріп кеткен мені ортаға шығарып, «атаңа бар» депті. Мен сонда өмірімде көрмеген атамды тура тауып барыппын... Отырған адамның бәрі «қанына тартып тұр ғой» десіпті, «таба ала ма, жоқ әлде басқа адамға бұрылып кете ме» деп сәл қобалжып отырған әкем мәз болып қуанып қалыпты...
Мен қазақы тәрбиені анамнан, қалғанының бәрін жалғыз ұлы соғыстан қайтпаған соң жалғыз қызының қолында, бізбен бірге тұрған нағашы әжемнен үйрендім. Бәрімізді сол кісі бағып, өсірді. Тамақтың түр-түрін істейтін, жоқтан бар жасайтын адам еді. Ет болмай қалса, құрт пен қатқан наннан сорпа істеп беретін. Анамыздың жұмыстан қолы тимейді. Бір жылда бір рет тамақ істейді және онысы керемет тәтті болатын. Мен бес жасымнан бастап тамақ істеп үйрендім. Содан былай өзімнен кейінгі бауырларыма мен тәрбиеші болдым.
Үйде темірдей тәртіп болатын. Әкеміз бізді, неге екенін қайдам, өзіне «сен»», анамызға «сіз» дегізіп үйретті.
– Қазаққа орыстың ісінің бәрі керемет көрінгенінің салдары да, әйтпесе әкесіне «сен» деу қазақы әдепке мүлдем қабыспайды ғой...
– Анам кезекке қояды: біреуміз үйге, біреуміз тамаққа, біреуміз малға жауаптымыз. Біздің үйде жұмысты мынау – ұлдікі, мынау – қыздікі деп бөлу болмайтын. Және көмір жаққан емеспіз. Әкеміз отын түсіреді, ағаш болса ағаш аралаймыз, сексеуіл болса сексеуіл жарамыз. Үш жастағы ең кішкентайымыз да әлі келген жаңқаны көтеріп, көмектесіп жүретін. Еркек деген басқа «сұрыптың» адамы болатынын, оның бетіне қарсы келуге, артынан айқайлап шақыруға болмайтынын күйеуге тиген соң барып білдім, қазақы жерге түстім, қатты қиналдым. Әрең адам болдым ғой...
– Анаңыз сізді болашақ отбасылық өмірге дайындамады ма?
– Ол кісі ене дегенді білген емес, өмір бойы өзінің шешесімен тұрды ғой...
Мектепте орыс класта оқыдық. Институтта орыс класына арналған орыс тілі мамандығында оқыдым ғой.
-«Көксу» кеңшарында да орыс мектеп бар ма еді?
-Иә! Біздің ауылда 32 ұлттың өкілі тұрды.
-Ұрдажық Хрущевтің «коомунизмде Кеңес Одағындағы халықтың бәрі орыс тілінде сөйлейтін болады» деген ұранын біздің елірме басшылар асыра орындады ғой. Көрші өзбектер ондайған барған жоқ...
-Мен кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін Жетісайдағы «Сырдария» университеті жұмысқа шақырды. Алты жылдан кейін докторлық диссертациямды (кандидаттықты да) Алматы ұлттық педагогикалық университетінде қорғадым. Сол жерде істегеніме сегіз жыл болғанда Шымкенттегі «Мирас» университеті вице-президенттік қызметке шақырып, қалаға көшіп келдік. Қызметтік «Волга» көлігін, үш бөлмелі жұмыс кабинетін, хатшы қызды бергенімен, бір жылдан соң университеттің үй бере алмайтыны белгілі болды. Амал жоқ, айына 72 мың теңгеге пәтер жолдап тұру оңай дейсіз бе, ол қызметті қоюға тура келді. Шақырып жүрген Шымкент университеті ректорының ұсынысын қабыл алдым. Ол мен жайлы бізден соларға ауысып барған әріптесімізден естіген екен. Сол жігіттен «ауылда он сиыр сауып жүріп, бес бала тауып жүріп, кандидаттық, докторлық қорғаған апайың қыркүйектен бастап бізге келсінші» деп сәлемдеме айтыпты. Мен «осы сәуірден бара берейін, пәтер үшін ай сайын төлейтін несием бар» деп жауап қайтардым. Ректор танысуға шақырды. Мен орыс тілінің маманымын, докторлық диссертациямды орыс тілі мен қазақ тілінің салыстырмалы сөздіктерінің типологиясынан қорғағанмын, ал, ректор «орыс тілі кафедрасының болашағы жоқ» деді. (2005 жылы «болашағы жоқ» деген сол кафедра әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр). «Қазақ тілі кафедрасының ұжымы арызқой, дұрысы педагогика кафедрасына барыңыз» деді. Үндей алмай отырмын, өйткені, педагогикадан сабақ беріп көрмегенмін. Бірақ, бармасыма амал қалмады. Сөйтсем, қорқатын түгі жоқ екен.
Педагогика екі үлкен құрамдас бөліктен тұрады: оқу теориясы және тәрбие теориясы. Техника саласының ғалымдары лабораторияда зерттеу жүргізсе, біз адамдарды зерттейміз. Зерттеу лабораториялық эксперимент және табиғи эксперимент болып бөлінеді. Біріншісінде адамдарды әртүрлі жағдайға қойып барып зерттейтін болсақ, табиғи зерттеуде адамдар біздің оларды бақылап отырғанымызды білмейді. Осы зерттеулердің арқасында түрлі нәтижеге қол жеткізіледі, оқулықтар жазылады.
Бізге ауылда химия пәнінен сабақ берген ұстазымыз, соғыс ардагері Жүсіп Бекботаевтың мамандығы әскери ұшқыш болатын. Сырттай тарих факультетін де бітіріп алған оған орысша білетіндіктен тарихқа қоса химия, биология, географияны да берген. Ағайымыз сабақта соғыс туралы әңгіме айтқанды жақсы көретін...
Химияны да тарих сияқты айтып береміз. Формула жазу, есеп шығару деген жоқ.. 9-10 класты Арыс қаласында оқыдым. Бұнда қаптаған сұрақ қояды, есеп шығартады... Бірінші тоқсанда мен дене шынықтыру мен химиядан «екі» шықтым. Біз ауылда доп қууды ғана білгенбіз, ары барса граната мен дискті лақтыратынбыз. Турникке тартыла алмаймын, гимнастика дегенді естімегенмін... Жиналыс болды, мен ауылдағы мектептің жайын айтып бердім. Химияға қатты қызықтым, химик-технолог боламын дедім. Осы күні технолог болмағаныма қуанамын – қайдан жұмыс табар едім?.. Мұғалім болғанымның арқасында әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрмін.
1969 жылы мектеп бітіріп, Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтына бардым. Екі емтиханнан «4» алдым, ал, математикадан менен көшіріп алған орыс қыз өтіп кетті, маған «2» қойды. Орыстардың сол әділетсіздігін әлі күнге дейін ұмыта алмаймын...
-Біліміңізге сеніп тұрсаңыз, неге басшыларына бармадыңыз?
-Өмірзақ-ау, мен Арыс қаласынан ары шықпаған он жеті жасар қызбын ғой, ондай ой маған қайдан келсін?..
Содан Мәскеуден 40 минуттық жердегі Щелково деген қалада технологиялық техникум бар екенін біліп алып, соған барып түстім. Бірақ, жатақхана бермейді екен. Және қаладағы адамдардың түрі де ұсқынсыз көрінді. Ұнамады, құжаттарымды қайтып алдым. Техникумдағылар «жақсы оқысаңыз екі жылдан кейін «менделеевке» ауыса аласыз ғой, қалсаңызшы» деп еді, көнбедім.
Ауылға келдім, мектепке «пионер вожатый» болып орналастым және бір класқа орыс тілінен сабақ беріп жүрдім.
Анамның ақылы өмірден өз орнымды табуға көмектесті
Бірақ, арманым – химик болу, Алматыға бару, универстетке түсу. Апам болса мені үгіттеп әлек: «Шырағым-ау, Алматыда не бар? Әне, ағаң оқып жүр, хабар жоқ, аш екенін, тоқ екенін, жағдайы қандай екенін айлап-апталап біле алмаймыз. Шымкентке оқуға түссейші, әкең өзі үшін облысқа есеп беруге барып тұрады.
Сосын, химияны қайтесің? Мектепте оған деген сағат аз, ертең қай жаққа тұрмысқа шығатыныңды құдай білсін, жұмыс таба алмай, бала-шағаңды асырай алмай қиналасың ғой?..»
Апам сол кезде-ақ маған бала-шағаны асырауды айтушы еді, міне, енді немерелерді де асырап жүрмін ғой...
Не керек, ақыры орыс тілі мен әдебиетіне түстім. Институтты «қызыл дипломға» бітірдім. Бірінші курста-ақ Валентина Николаевна Попова деген апайымыз ғылыми тапсырма беріп, мені ғылым жолына түсіріп жіберді...
-Гүлеке, мектепте жүргенде кім болатыны жайлы армандамайтын бала жоқ. Бірақ, солардың көбісінің арманы мен нақты өмірдегі орынының арасы көбінесе жер мен көктей. Химик болуды армандап жүріп, Сіз де ойламаған жерден орыс тілінің маманы болып шыға келдіңіз...
-Шынына келер болсақ, ойламаған жерден емес, Өмеке. «Шардара» кеңшарына көшіп барғанымызда мен бірінші класты бітірген едім. Мен сол кездің өзінде-ақ өзіммен қатар оқитын, бір-екі класс жоғары оқитын бүкіл көшенің балаларын шақырып алып, скамейкаларға отырғызып қойып, сабақ өтетінмін. Диктант жаздырамын, есеп шығартамын...
-Е-е, ұстаз болуды Алла-Тағала маңдайыңызға жазып-ақ қойған екен ғой... Дегенмен, мектептегі мыңдаған мұғалімнің арасынан ғылыммен айналысатыны мыңнан біреуі ғана немесе одан да аз шығар. Ал, түкпірдегі аудандағы ауылда, бес баланы тауып жүріп, он сиырды сауып жүріп докторлық қорғаған – жалғыз Сіз! Дарасыз! Таза ұстаздықпен айналысып жүре бермей, бұндай жанқиярлық еңбек жолын таңдауыңызға не нәрсе себеп болды?
-Оған Арыс қаласындағы мектепте оқып жүргенде ұстазға деген құрметтің аз екенін көрдім. Сол қатты әсер етті.
-Кешірерсіз, қайта ол заманда мұғалім деген мәртебелі мамандық еді, сол себепті олардың арасында ер адамдар көп еді, ал, бүгін орта есеппен олардың үлесі жиырма пайыздың айналасында ғана ғой?
-Сіздің айтып отырғаныңыз қазақ мектебіндегі жағдай, ал, мен орыс мектебінде оқыдым, ондағы жағдай басқа болатын. Оқытушыны тыңдамайды, қарсы шығады, кейде бетінен ала түседі. Бірақ, бүгінгі күні мен «бәрі мұғалімнің өзіне байланысты» деген пікірдемін.
- Ол уақытта қазақ мектебіндегі мұғалімнің абыройы асқақ болатын! Мен мектептің маңдайалды оқушысы болдым. Жетінші класта, физика пәнінен беретін марқұм Дайрабай ағайымыз, не жазып қалғаным кәзір есімде жоқ, алдыңғы партада отырған менің маңдайымнан метрлік сызғыштың қырымен - жалпақ жағымен ұрса сынып қалады ғой - періп кеп жіберді!
-Сіздің басыңыз жарылып қалса, ол ешнәрсе емес?..
-Ешнәрсе емес, «бас жарылса бөрік ішінде». Мен де өзіме-өзім: «Өмірзақ, сауап болды, еркелесең еркеле, шолжаңдама!» дедім... Нашар оқитын балалар үйіне «ағай ұрысты, ұрды» деп жылап барса, әке-шешесі қосыла ұрсатын: «неге оқымайсың сабақты, оқы!»
-Ауылдағы біздің мектебімізде де мұғалім абыройлы болатын. Тек Арыстағы жағдай мені сондай түйінге жетеледі.
-Кәзір қит етсе ата-ана мұғалімге ұрсады, сосын ұстазда абырой қала ма?.. Ежелгі Грекияда «ұстаз, дәрігер, сот – бұл үш мамандықты Құдайдың сүйген құлдары меңгереді» сөз болған екен. Сіз де сол саптансыз. Оған ырзасыз ба, әлде өкінесіз бе?
-Ешқандай өкінішім жоқ, ырзамын! Себебі, менің балаларға айтарым бар, үйретерім бар, олардың көзін аша аламын. Бірде мені бала бақшаға меңгеруші болуға шақырды. Барар ма едім, бармас па едім, өзіммен бірге жұмыс істейтін бұрынғы оқушым: «Апай, сабақ бермей сіз қалай өмір сүре аласыз?» деді...
Менің еңбек өтілім – 52 жыл. Мен көзқарасыма пікірі қарсы адамды өзіме қарай бұрып ала аламын Өйткені, мен адамның психологиясын білемін. Рас, институтта оқыған психологиядан есімде қалғаны - оқытушымыз Құбағұл Жарықбаев ағайдың маған емтиханда «4» қойғаны ғана. Өңкей беске оқып келе жатқан мен проректорға барып жүріп, қайта тапсырдым. Ағайым «5» қойып жатып маған тоңқылдады: «Психологиядан оқулық жазған менің өзім оны беске білмеймін!..» «Ағай, мен психологияны беске білемін демеймін, мен 3-курстың материалын беске білемін». Педагогикадан мүлде есімде ешнәрсе қалған жоқ! Кім бергені де есімде жоқ. Демек, бізді солай оқытқан... Есесіне, 1970 жылы 1-курстағы тарихтан лекция оқыған ағайым есімде. Ол кісі зағип еді, жұмысқа әйелі жетелеп келетін. Александр Николаевич Утин студенттерді түгендегенде «Еркебаева?» дейді, «Я» деймін. Кейін «кто отвечает?» дегенде, «я» десем, «Еркебаева, отвечай» дейтін. Мен сондай қиындықтарға төзе білетін, одан жол тауып шыға білетін адамдарға ырзамын. Мен ондай адамдарды өз балаларыма да, студенттеріме де үнемі үлгі етіп, айтып жүремін...
-Гүлеке, мен журналистикаға кеш, 50 жасымда келсем де өмірден өз орнымды таптым. Оған өмірді көргендігіме көп көмектесті. Ал, сіз «балаларға айтарым бар» деген сөзді неге сүйеніп айттыңыз? Оқуға түскенге дейін бір жыл жұмыс істеген өмір көргенге жатпайды ғой...
-Мен адамдарды ұғынып тыңдай білемін... Сосын әжемнен өте көп нәрсені үйрендім. Әжемді халықтың ауыз әдебиеті деуге болатын. Және біз үлкен отбасы едік, сіңлілерім мен інілерімнің бәрінің оқуына, тәрбиесіне көмектесіп өстім. Олармен де, кейін мектептегі балалармен де арамызда қақтығыс, соқтығыс деген нәрсе болып көрген емес. Оқып жүргенде бірінші рет мектепке практикаға бардым ғой. Маған «бұл кластағы ең қиын бала – Магомедов Володя» деді. Таныстым, ол кітап оқығанды жақсы көреді екен, екеуіміз дос болып кеттік. Этнопедагогикадан сабақ бердім, онда қай ұлт келген басшыны қалай баурап алатыны айтылады. Грузиндер мақтауымен баурап алса, қазақтар өзінің үн-түнсіз іс-әрекетімен баурап алады делінген. Мен де солай қимылдаймын. Педагогикада «авторитарлық педагогика» деген ұғым бар. Мысалы, менің директорым да кезінде маған «мен директормын, сен неге менің айтқанымды істемейсің?» дегені бар.
Кандидаттық диссертациямды ауылда істеп жүргенде қорғаған менен директорымнан бастап аудандық білім бөлімінің бастығына дейін орнымызды тартып алады деп қорықты. «Мен алам десем сіздің орныңызды алып қоямын, бірақ маған ол керек емес» дедім мен ол кісіге, «мен ғылыммен айналысқым келеді, тақырыбымды дамытқым келеді». Қанша жерге директорлыққа да шақырды, барған жоқпын. Сосын барып көздері жетті...
Мен ол кезде орыс тілін тереңдетіп оқу туралы авторлық бағдарламаммен Жетісайда да, Шардарада да қатар істеп жүргенмін. Ауылда маған сенбеген, күлген адамдар болды. Директорыма «мен қорғаймын, дипломымды бірінші сізге әкеліп көрсетемін» дедім. Қорғап келсем, мектепте педсовет жүріп жатыр екен. Рұқсат сұрап кірдім. Дипломымды директорға көрсеттім, «ағай, сөзімде тұрдым ба?». Ол кісі: «Сөзіңде тұрдың, рахмет! Атаңа рахмет!» деді. Ол да мендей директордың орынбасары болып істейтін нағашым: «енең, күйеуің, бала-шағаң бар, сауатын он сиырың бар, кандидаттықты қорғап болыпсың» деген еді. «Қорғап болдым» дедім оған, «енді докторлықты қорғаймын». Оны да қорғадым...
-Көп ғалым кеңес заманында кандидаттықты қорғаған соң, соны «сауып ішіп» жүре беруші еді ғой...
-Менің 3-курста Семейде жасаған ғылыми баяндамам 1-орын алып, ВЛКСМ ОК-нің грамотасымен марапатталдым. Ауылға оралған соң не істесем екен деп ойланғанда, санамдағы сол жеңіс оянды. Содан аудандағы 14444 адамның есімін жинадым. Оның бәрін бағанға жазып, мағынасы не, қай тілден шықты, қанша рет кездеседі, не үшін қойылды, қандай компоненттен тұратынын көрсеттім. Өкінішке қарай, сол еңбегімнен Днепропетровск қаласында жарияланған 16-беттік ғылыми мақалам ғана қалды. Еңбегімді «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі құрбым 200 бет етіп басып берді. Әр адамның атына карточка жасадым. Оны, түркітілдес 8 ұлттың адам атауларын жазған еңбегімді папамның механикалық жазу машинкасының құтысына салып қойдым. Сөйтсем, қалай кіргенін қайдам, тышқан түк қоймай жеп қойыпты...
Адамның тағдырына оның есімінің әсері өте күшті. Мысалы, менің атымды папам Гүлфайрус Исмаилованың құрметіне қойған. Мен ондай атақты суретші болмасам да, Қазақстанда да, шет елдерде де мықты әдіскер ретінде белгілі адаммын. Мақалаларым Америкада да, Европада да жиі басылады. Германия бес кітабымды басып шығарды, алтыншыны дайындап үлгермей жатырмын.
Одан бөлек ол кезде мен ешкім айналыспайтын шежірені зерттеумен да айналыстым. Бірақ, нәтижеге жете алмадым, өйткені ол кезде бүгінгідей мол мүмкіндік жоқ еді.
Мен мұғалімдік мамандығымды сүйемін. Маған беретін пәнімнің бәрі қызық...
-Кандидаттық қорғау үшін аспиранураға түсу керек қой?
-Иә. «Қазақстан мұғалімі» газетінен қазақ тілінің әдістемесі бойынша аспирантураға қабылдаймыз деген хабарландыру оқыдым. «Орыс тілінің әдістемесі бойынша қабылдайсыздар ма?» деген сұрағыма «ол үшін ия институтта жұмыс істеуіңіз немесе Ы.Алтынсарин атындағы ҒЗИ-де ғылым тілші болып істеуіңіз керек». Екінші жолды таңдап жүргенімде, «зерттеуші» деген қызмет пайда болды-дағы, мен зерттеуші болып жүріп қорғадым. Кандидаттықты қорғауыма сегіз жыл, докторлыққа жеті жыл уақытым кетті.
-Олардың тақырыбы қандай?
-Екеуі де сөздіктермен жұмыс істеудің әдістемесіне арналған. Кандидаттық жұмысымда сегіз сөздікті зерттесем, докторлық еңбегімде оның аясын кеңейттім – бұл жолы мен жүз сегіз сөздікті зерттедім. Жасаған тұжырымым – қандай да бір тілді үйрету үшін адам өзі сол тілде сөйлеу керек. Анамның «орыс тілінің маманы болсаң, сен шет елде болсын өзіңе жұмыс табасың» деген сөзі қырық жылдан кейін, 2009 жылы «Үздік оқытушы» грантын ұтып алған соң Қытайдың Далянь қаласына орыс тілінен сабақ беріңіз» деп шақырғанда менің есіме түсті.
-Бардыңыз ба?
-Жоқ. Себебі, мен қытайша білмеймін, оларға қалай түсіндіремін? Салыстырмалы түрде айтуым керек қой.
-Жақсы. Әдістеме тақырыбын жалғастырайық.
-Мен оны жақсы меңгердім. Кәзір өзімнің «Жеке деңгейлік оқыту технологиясы» деген авторлық әдістемем бар.
-Мағынасы неде?
- Бала бөтен жолға түспеуі үшін оның қолы бос болып, ерігіп отырмауы тиіс. Ал, ол үшін балаларға олардың деңгейіне қарап тапсырма керек. Демек, алдымен оқушылардың деңгейін анықтап алу қажет. Өйткені, әрбір адам, анық бір топас болмаса, өзінің деңгейін біледі. Жақсы оқитындарға берілер тапсырманы нашар оқитынға берсең, ол шамам келмейді деп, кіріспей қоя салады. Сол себепті мен оларды 4 пен 5-ке оқитындар, 4 пен 3-ке оқитындар және 3 пен 2-ге оқитындар деп, 3 деңгейге бөлемін және оны оқушыларға ашық айтамын. Бірақ, «бұл қатып қалған нәрсе емес, көтерілуге де, төмен түсіп кетуге де болады» деймін. Әркім шамасына қарай тапсырма алған соң, бәрі де орындайды...
Мектепте қанша жыл істесем, сонша жыл осы әдіспен істегім келді, бірақ, жүзеге асыра алмап едім, 2017 жылдан бастап орыс тілінен сабақ бере бастадым-дағы, әдісіме қолым жетті. Оған дейін педагогикадан, психологиядан, этнопедагогикадан, қайсысынан сабақ бересіз дейді, содан беріп жүре бердім.
-Неге?
-Себебі, шақырған басшы сол пәндерден беретін адам керек бізге дейді. Ал, мен тек шақырумен барып жүрдім.
- Өз мамандығыммен берейін деп айта алмадыңыз ба?
-Мен педагогиканың доцентімін, педагогиканың профессорымын. Сондықтан маған береді, мен алып кете аламын. Мен институтты қызыл дипломмен бітіріп ауылға барсам, білім бөлімінің бастығы «ол мектепте сізге сабақ жоқ, «Жібекшіге» (құмның арасы) жіберейін» деді... Папамның әпкесі сол бастықты оқытқан екен. Оның қызы да (Өзбекстандағы Сырдарияда), мен де сол жылы бітіргенбіз. Апам бастыққа барыпты: «Менің сіңлім қызыл дипломмен бітіріп келді. Әрі күйеуі, бала-шағасы бар, ол «Жібекшіңе» бармайды. Ол жаққа менің қызымды жібер, ол – бойдақ». «Онда бір қой берсін» депті бастық. «Жарты қой да бермейді!»
Ал, сөйтіп, дауласып келген мектебімде орыс тілінің бір де бір маманы жоқ болып шықты! Екі қазақ тілінің маманы мен екі сырттай оқитын қыздар береді екен. Әр класс үшеуден. Көкейін қой тескен бастық болса «сізге сабақ жоқ» дейді... Содан бері қай жерге барсам да, мен тек шақырумен барамын. Кәзіргі Түркістандағы қызметіме барғанда да «кәсіптік оқыту» кафедрасына жіберді, өйткені ол жерде профессор жоқ екен, бардым да кәсіптік психология мен кәсіптік педагогикадан, жаңаша оқыту технологиясынан бердім. Мен жазда демалысқа кетерде «алда қай пәннен беремін» деп сұрап аламын, күзге соның кітабын жазып алып барамын.
-«Палуанға оң-солы бір» дейді, сіздің де әбден төселген, бесаспап болып алғаныңыз көрініп тұр, бірақ «алғашқы махаббатыңызды» сағынбайсыз ба?
-Жоқ. Өйткені, мен жалпы мұғалімдікті сүйемін. Беретін пәнімнің бәрі маған қызық. Солай болған соң студенттерге де оны қызықты өтіп өткізе аламын. Ал, сіздікі де дұрыс – орыс тілінен сабақ өткенде рахатқа бөленіп тұрамын...
-Орыс тілінің бүгінде болашағы жоқ екені көзге көрініп тұр ғой?..
-Оған тілдің ешқандай кінәсі жоқ. Және оған әзір сұраныс та бар.
-Соңғы екі сұрақ. Кәзір ғалымдардың дәрежесін беделді ғылыми журналдарда қанша еңбегі шыққанына және сол еңбектеріне қанша сілтеме жасалғанына қарап анықтайтын тәртіп енді. Осы жол ең жақсы жол ма?
-Жоқ, мен олай ойламаймын. Өйткені, еңбекті басқалар жазып, басқалар қосылып кететін, тіпті өзі саусағының ұшын қимылдатпаса да Нобель сыйлығын алып жатқан ғалымдар да бар. Бұл – әлемге ортақ ауру.
-Сіз жалпы 700 шамасында еңбек – 22 монография, 12 оқулық, 10 электрондық оқулық, 40 оқулық құрал, 105 әдістемелік құрал, 480 ғылыми мақала жазыпсыз. Менің өзіме ерекше әсер еткені – этнопедагогика туралы жазған еңбектеріңіз болды. Оларға халықаралық деңгейдегі сұраныс қандай?
- Мен этнопедагогикадан көп жыл сабақ бердім. Менің ол жайлы, ұлттық ойындарымыз туралы кітаптарым Германияда, Чехияда шықты. Жақында «Салт-дәстүрлердің қазақ әйелінің тағдырына әсері» деген кітабым шықпақшы. Этнопедагогика жайлы кітабымды министрлік тарапынан барлық білім беру орындарына оқулық ретінде таныған шешім қабылдады.
- Бәрекелді! Ұстаздық ғұмырыңыз ұзақ болып, теңдессіз еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт