ТУҒАН ТІЛДІҢ КӨСЕГЕСІ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕДІ?

ТУҒАН ТІЛДІҢ КӨСЕГЕСІ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕДІ?

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өткен дүбірлі мәжілісте елдің тілші ғалымдары осынау сауал төңірегінде ой толғады. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Қайнар академиясының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы дөңгелек үстел ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің алпыс жасқа толу мерейтойына орайластырылды.

Іс-шара модераторы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к. Анар Фазылжан. Жиынды ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметінің маманы Құрмет Қарабаев ашты.

Конференцияда «Қазақ еліндегі тіл ғылымының қазіргі жағдайы мен болашағы» (З.М.Базарбаева – А.Байтұрсынұлы атындағы ТБИ бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор), «Қазақ тілі сөзжасамының қалыптасуы мен жаңа бағыттары (К.А.Құрмнәлиев – Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор), «Отандық терминтану мен терминография саласындағы ерттеулер: теория мен тәжірибе» (Ш.Құрманбайұлы – Астана халықаралық қаржы орталығы департамент директорының орынбасары, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор), «Қазақ тіліндегі ұлттық құндылық парадигмалары» (А.Б.Салқынбай – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор), «Теория мен практиканы ұштастыру – мемлекеттік тілді меңгеру кепілі (Ж.Қ.Балтабаева – Абай атындағы ҚазҰПУ п.ғ.д., профессоры), «Қазақстан кеңістігіндегі түркітану ғылымының даму бағыттары» (Р.А.Авакова – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор), «Қазақ тілі Ұлттық корпусына лексика-семантикалық белгіленім әзірлемесін жасаудың ғылыми-теориялық негіздері» (М.Иманғазина – А.Байтұрсынұлы атындағы ТБИ кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант) тақырыбында баяндамалар тыңдалды.

ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов: 

– Қазақ тілі терминологиясына арналған бүгінгі конференцияның маңызы зор. Өйткені мемлекеттік тіліміздің дәрежесі бәрінен де жоғары тұруы керек. 

Бертінде Президентімізден бастап Үкіметіміз, негізінен, қазақ тілінде сөйлей бастағаны мерей өсіреді. Енді осынау жақсы үрдісті бұдан әрі қарай да лайықты жалғастыруға тиіспіз. Қазақ тілі Қазақ елінің барлық мәселесіне дендеп енуі қажет. 

Ал ана тіліміздің тарихына келетін болсақ, қазақ тілі дүниедегі ең ежелгі, ең ескі тілдердің бірі. Қазақтың тілі Қазақ хандығына дейін бірнеше ғасыр бұрын қалыптасқан. Қазақ хандығына кірген ру-тайпалардың тарихы біздің дәуірге дейінгі уақыттардан басталады. Сол себепті, тіліміз өте бай. Қазақ тілін зерттеген атақты Бартольд, Радлов сынды көптеген шетел ғалымдарының еңбектері бүгінде қазақ тілі жайындағы мазмұнды деректер қорын толықтыра түседі. Бұлар өз зерттеулерінде қазақ тілінің соншалықты байлығына таң қалып, өте құнды пікірлер жазған. Ал ҰҒА академиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбдуәлі Қайдаров, Зейнолла Қабдолов, Өмірзақ Айтбаев сияқты ірі ғалымдар қазақ тілінің дамуына орасан зор ықпал етті. Әйткенмен, қазақ тілі әлі де болса өмірдің барлық саласына өз деңгейінде ене алмай келеді. Совет одағы тарағаннан кейін бұрынғы СССР құрамындағы республикалар тәуелсіздік алып, төл мәдениетін, өз тілін қолына алып, дербес даму жолына түсті. Біз болсақ, өкінішке қарай, күні бүгінге дейін осы көштің соңында келеміз. Бұл – үлкен ұят. Сондықтан қазақ тілін барлық күшімізбен таяудағы бір-екі жыл ішінде тірліктің барлық саласына батыл енгізуіміз қажет. Ана тілін білмейтін адам мемлекеттік органдардың жұмысына жіберілмеуі керек. Өз тілін сыйламаған адамның елге ешуақытта жаны ашымайтыны түсінікті. Мемлекеттік қызметтегі жан патриот болуға тиісті. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жаңа Қазақстан бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Басшының осы тұрғыдағы негізгі жаңалығы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясына қайтадан мемлекеттік статус беруі дер едім. Бұрын Қазақ елінің Ұлттық Ғылым Академиясы Совет Одағы бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұрған еді. О заманда совет ғылымы Америка Құрама Штаттарымен үзеңгі қағысты. Өкініштісі, осыдан жиырма бес жылдай бұрын осы үрдіс кері шегерілгені мәлім. Бұл халқымыздың өсуіне зор кесапатын тигізген жағдай болатын. Енді, міне, Академия жұмысын қайта жандандыратындай мүмкіндік туғызылып отыр. Біздің ғалымдарымыздың кәсіби деңгейі ешбір елден кем емес. Оны дүниежүзі мамандары да мойындайды. Мәселен, біздің Академиямыз қоғамдық бірлестік дәрежесінде отырған күннің өзінде әлемдегі ең жоғарғы Ассоциациялар мен Альянстар қатарына мүше болып кірген болатын. Енді сол деңгейден де биік кеңістіктерге құлаш ұратын сәт туғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұның бәрі Жаңа Қазақстан құрудың басты алғышарттарының бірі деп білгеніміз жөн.

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Шерубай Құрманбайұлы: 

– Бүгінгі дөңгелек үстелдің «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» деп аталуының өзі тақырып ауқымың кеңдігін бақатады. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тіл білімі ғылым ретінде теориялық та, практикалық тұрғыдан да өзінің даму жолына өтіп жатыр. Осы кезеңде көптеген зерттеулер жүргізілді. Бүгінгі мәслхатымызда әр саланың басында жүрген жетекші ғалымдар «Жаңа заманғы тіл білімінің даму деңгейі қай жерде? Қандай жетістіктеріміз бар немесе әлемдік институттармен салыстырғанда қандай олқылықтарды жоюға тиіспіз? Әр салада қандай бағыттарға басымдық берілуі керек» деген төңіректе кеңінен әңгіме қозғайды. 

Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің әлі күнге дейін толық құлаш жаза алмай келе жатқаны да жасырын емес. Туған тілдің шешімін таппай, өмірдің барлық саласында еркін кірігіп кете алмай келе жатқандығы күнде айтылып, күнде жазылып та жүр. Яғни, әлі де айтылатын, талқыланатын өзекті жәйттер аз емес. 

Негізі, бұл тақырып биыл туғанына жүз елу жыл толуын атап жатқан Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алады. Тіпті, о ксі қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің терминдер қоры қалай жасалуы керектігін 1926 жылы Баку қаласында өткен 1-ші Бүкілодақтық Түркология құрылтайында қозғаған екен. Ал одан сәл бұрын, яғни 1924 жылы Қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының 1-ші сиезінде Елдес Омарұлы екеуі бірігіп баяндама жасайды. Онда да Қазақ терминологиясының даму бағыттары, оның ғылыми қағидаттары белгіленген көрінеді. Демек, ғылым тілі қалай жасалуы керек деген мәселені сол ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері көтерген. Өздері жасаған әлгі қағидаттар бойынша бүкіл оқулықтарды жазу кезінде, ғылыми оқулықарды даярлау тұсында терминдер қорын қалыптастыра бастаған. Оны біз осы күнге дейін пайдаланып келеміз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы Тіл білімі мен әдебиеттану терминдерінің қорын, Жұмахан Күдерин Өсімдіктану терминдерінің, Әлихан Бөкейханов Астрономия, Психология саласының, Мағжан Жұмабаев Педагогиканың, Халел Досмұхамедов Биология, Медицина терминдерін жасап, қалыптастырғанына көз жеткіземіз. Тек осыдан кейінгі кезеңде, анығырағы, 1930 жылдардан бастап бұл бағыт өзгертіліпті. Сөйтіп, Ел Тәуелісіздігіне дейінгі жетпіс жыл бойы Ахаңдар белгілеген талаптарға сәйкесе қоймайтын өзге бағытпен жүріп келдік. Ал қазіргі кезеңнің ерекшелігі – 1990 жылдардан бастап ұлт тілінде Ахмет Байтұрсынұлы бабаларымыз ұстанған жолға көштік. Алайда сонау жетпіс жыл бойы қалыптасқан дәстүрлі жолдан толық шыға алмай келе жатқанымыз да өтірік емес; өйткен, қатарымызда сол бағытты әлі де қолдаушылар бар. Әйткенмен, осы дәуірде бүгін қолданысқа кеңінен енгізілген: Егемендік, Тәуелсіздік, Әнұран, Елтаңба, Құжат, Демеуші, Қаржыгер... дегендей мыңдаған сөз тілдік қорымызды байытты. Енді бүгін әріптесіміз Кәрімбек Құрманәлиевтің алпыс жылдық мерейтойына сәйкес ұйымдастырылып отырған конференциямызда осынау маңызды саланы тағы бір кеңінен қаузап, пікір алмаспақпыз.   

ҚҰТТЫҚТАУЛАР ЛЕГІ 


– Құрметті Кәрімбек Арыстанбекұлы! Сіз ұстаздықтан басталған еңбек жолыңызда жоғары оқу орнында шәкірттер тәрбиеледіңіз, сондай-ақ саяси, әкімшілік қызметтерде бірқатар лауазымдарды үлкен жауапкершілікпен атқарып, білім мен ғылымның дамуына ат салыстыңыз. Алдағы уақытта Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясы жұмыстары ілгері басуына мол тәжірибеңіздің арқасында ұтымды жобалардың іске асуына барлық күш-жігеріңізді арнап, ел-жұрттың шынайы құрметіне бөлене беретініңізге сенімдіміз. Ауқымды жоспарларыңыз орындалып, толағай табысқа жете беруге тілектестік білдіреміз. 

Құрметпен, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов.  

– Белгілі ғалым, ғылым докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Арыстанбекұлын алпыс жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Мерейтойға орай өткізіліп жатқан конференцияда қаыргі қазақ ғылымы мен қазақ лингвистика мәселелері талқыланып, ғалымның мемлекттік тілдің дамуына сіңірген еңбегі лайықты бағаланатынына сенімдіміз.

Игілігі мол іс-шараның маңыздылығын ата келе конференция жұмысына сәттілік тілейміз!

Ізгі ниетпен, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. 

– Сізді асқаралы алпыс жасыңызбен шын пейілден құттықтаймын. Шәкірттеріңіз жата-жастана оқып жүрген мазмұнды оқулықтардың, маңызды монографиялардың, ғылыми-әдістемелік оқу құралдары мен жүздеген мақалалардың авторысыз. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі атанып, ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарып келесіз. Осынау ерен еңбегіңізді халық әрдайым жоғары бағалайды. Бұдан да былай ғылыми жұмыстың биігінен көрінуіңізді тілейміз. 

«Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов.

– Құрметті Кәрімбек Арыстанбекұлы! Барлық өміріңізді білім мен ғылым саласына, шәкірт тәрбиесіне арнап, ұрпақ болашағына сүбелі үлес қосып келесіз. Ғылым жолында атқарған қажырлы еңбегіңіз алдағы уақытта да талай жанға шырақ болары анық. Сіздің саладағы ат төбеліндей ғана тілтанушы ғалымдардың өзіңіздей жанның академик атануын әріптестеріңіздің лайықты мақтан тұтуы әбден қисынды. Біз де сізді әрдайым сол биіктен көрінуіңізіді қалаймыз. 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

– Отандық ғылымға қосқан қомақты үлесіңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат» «Құрмет» ордендерімен, мерекелік медальдармен және ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері белгілерімен марапатталдыңыз. Қадірлі Кәрімбек Арыстанбекұлы, мерейтойыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денаулық, сарқылмас шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Мәртебеңіз өсіп, абыройыңыз асқақтай берсін.

Зор ықыласпен, Түркістан облыстық Мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.

***

Іс-шара басында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған академик К.А.Құрманәлиев туралы бейнеролик көрсетілді.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап және мерзімді басылымдар көрмесі ұйымдастырылды. Және Кәрімбек Құрманәлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

А. Тасқараұлы,

Қазақ үні