Талғат Теменов. Зейнеткер Назарбаевты отқа тастаған кім?
2022 ж. 26 сәуір
4423
4
О, Абай! Қасиетті Абай! Құдіретті Абай!!! Тағы да тығырыққа тірелдім. Тағы да " ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей". Осындайда сырласатын, мұңымды бөлісетін адам таппаймын... «Моласындай бақсының.. жалғыз қалдым тап шыным.." деп өзің айтпақшы ойым да, жаным да жарадар жүдеу халде.
О, Абай! Қасиетті Абай! Қазір сенің уақытың емес бәрі-бәрі өзгерген. Қазір бізде не көп шенділер көп, шекпенділер ол да жетеді. Айтпақшы, қазір қоғам көлін ұйқыдан оятқан, тас лақтырып тасқынын тулатқан «ғажап» бір жаңалық болды. Ол тағы да шендіге байланысты. Ол кім дейсіз ғой..? Ол Конституциялық Кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов. Ол көсегең көгергір Конституцияға-яғни Ата Заңымызға «Президенттен басқа тұлғаны кіргізудің жөні жоқ» депті.
О, қасиетті Абай! Айып етпе...Нұрмұханов мырзаның сөзін тыңдайын...тағы да...Стоп, стоп...Тоқтаңыз... Сәл сабыр, Нұрмұханов мырза...Түсіндіріңізші... Сонда Президенттен басқа тұлғаларды Конституцияға кім кіргізгелі жатыр? Айтыңызшы...Телефонын бермей-ақ қойыңыз, қайда жұмыс істейтінін жария етпесеңіз де басқа тұлғаларды Конституцияға енгізгелі жатқан кім екен? Айта алмайсыз ба? Иә...айта алмайсыз... Қазір біреуді алдау деген түк болмайтын заман болды ғой... Біреу, екеу, тіпті, мың, миллиондарды алдау онша қиынға түспейтін кезең болды... Сіз менің «мозгамды» қанша үгіттегенмен... Менің ішкі ойымды қайтесіз..?Яғни ол менің арым, азаматтылығым... Меніңше, Конституция ешқашан өзгермейтін, қайта-қайта шимайлап жазылмайтын қасиетті Заң-кітап... Оны өзгертуге ешкімнің қақы да, құқы да жоқ. Әгәрәки, болған күнде де оны халық, яғни референдум шешуі тиіс. Және Ата Заңға бәрі-бәрі ,тіпті, Президенттің өзі де бағынуы қажет. Екінші мәселе, Тұңғыш Президент - Н.Назарбаев өткен жолы өз аузымен: «Мен қатардағы зейнеткер-пенсионермін» деген жоқ па? Сосын осы мәселені көтерген мырзалар, сіздер Назарбаевты тағы да отқа тастап жіберген жоқсыздар ма? Тып-тыныш қана үйінде отырған ақсақалды тағы да жаман атты, жек көрінішті етіп отырсыздар. Неге? Үлкен кісіге деген шынайы, адами сыйластық қайда? Меніңше, ол кісі жасарын жасады. Қолынан келгенше жұмысын атқарды. «Бейнеттің де зейнеті бар» деп енді ғана дем алып, қазақша айтқанда «есін жиып, етегін жаба бергені» сол еді, тағы да ақсақалды отқа тастай салдыңыздар...
О, Абай! Бізде қазір үлкенге, қария, ақсақалға деген құрмет те, сыйластық та қалмады... «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң қайда барып оңайын?» деп едің-ау...
О, Абай! Қасиетті Абай! Қазақ халқы жер бетінде болса (cоған Аллам жеткізсін...) талай-талай Президенттер келер де кетер. Бірақ, менің ойым – болашақта келетін Президенттер сені білмесе, сенің ойыңды, сенің философияңды, сенің поэзияңды, сенің сөзіңді ұқпаса ол Қазақ Елінің шын перзенті бола қоймас. Және сенің атың кірмеген Ата Заңға басқа пенделердің кіргені сенің әруағыңның алдында кешірілмес күнә ма деймін...
О, Абай! Сен көктесің...біз жерде...Көкте деп мен сенің өреңді айтып тұрмын... Адам болған соң ғой, пендешілік қой кейде Аллаға жалынасың...сұрайсың...Қайтем енді..? Өз-өзіммен күбірлеп : «Е, Құдай Конституциямызды өзгерте көрме» дегенімді біреу естісе күліп жүрер...Ал, бірақ біз бұл дүниеде Алладан- Амандық, Саулық, Бақ, Береке, Тыныштық, Бейбіт өмір сұрайық... Жамандықтың беті аулақ...
О, Абай! Қасиетті Абай! Қадірлі Абай!Қайтем енді... Өзің айтпақшы қатты састым, бетті бастым, тура қаштым жалма-жан.
Талғат Теменов,
Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор