ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ БЕРІК ҰЙЫМ

ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ БЕРІК ҰЙЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанның тың бастамаларына баса назар аударылғаны белгілі. Соның қатарында, әсіресе, азаматтық институттардың, қоғамдық ұйымдардың жұмысын барынша нығайтуға арналған бағыттар ерекше атап көрсетілді.

   Үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдар – билік пен халықтың ортасындағы байланыстырушы көпір іспеттес. Қарапайым тұрғындардың әлеуметтік- тұрмыстық мәселелерін көтеруде олардың орны ерекше десек қателеспейміз. Өйткені олар билікке қарағанда халыққа жақын, солардың ортасынан табылатын ұйымдар. Сондықтан Президент қазір мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықпен жұмыс жасауының арқасында қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту талап етілетінін атап өтті. Реформаларды, түрлі бағдарламаларды әзірлеу мен оны нақты жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажеттігін де ерекше атады.

           Рас, республика көлемінде қоғамдық ұйымдар саны жетерлік. Олардың атқарып жатқан жұмыстары да әрқилы, сондықтан кейде оған деген кереғар көзқарастар да жоқ еместігі белгілі. Өйткені пікір айтушылардың арасында қоғамдық ұйымдар тек Үкіметтен ақша алу үшін тіркеліп, сапаға емес, санға жұмыс істейді дейтіндер де кездеседі. Дегенмен қоғамдық ұйымдардың еліміздің саяси-экономикалық, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық өмірінде алар орны маңызды екенін айтқанымыз жөн. Өйткені бір ғана мемлекеттік органдар белгіленген бағдарламаларды бір өздері атқара алмайды. Қалай болғанда да халықтың өзінің қатысуы шарт, оның ішінде қоғамдық ұйымдар соған жетекшілік етіп, белсенділік көрсетсе кез келген іс ұтымды, нәтижелі болады. Оған қоса қатардағы адамдардың ынталануы да арта түседі, өздерінің мына қоғамға қажеттіліктерін жете түсінетін жағдай қалыптастырады. Сондай ұйымдардың бірі Алматы қаласындағы – «Алатау Аналары» қоғамдық қоры.

          Қордың негізгі бағыты – ұйымның аты айтып тұрғандай аналарға жан-жақты қолдау көрсету. Отбасының берекесін келтіретін, оның ұйытқысы да ана екені баршаға аян. Өмірге ұрпақ әкелу бар да, оны лайықты азамат етіп тәрбиелеу де өте маңызды. Сондықтан бүгінгі қатаң нарық заманында оларға қолдау көрсету мемлекеттің де, қоғамның да парызы. Өйткені, жасыратыны жоқ, біздің елімізде барлық отбасы байлы-бақуатты өмір сүріп жатпағаны белгілі. Әсіресе көпбалалы аналарға, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан нашар қорғалғандарға оңай соқпайды. Қазіргі кезде лайықты жалақысы бар жұмыс табу да қиын. Оған қоса баспана, одан да басқа мәселелелер толып жатыр.

           Қор алғашқы күннен аналарға қолдау көрсетуді, балаларды тәрбиелеуді, түрлі мамандық пен өнерге баулуды өзіне басты бағыт етіп алды. Қорды құрушы, оның директоры болып жетекшілік жасап келе жатқан – Марта Жаңабаева. Марта Құрманәліқызының айтуынша жұмыс барысында түрлі қиындықтарды еңсеруге тура келеді. Соның бәрі халыққа лайықты, сапалы қызмет көрсету үшін жасалады. Ең бастысы шағын ұжымда өз замандастырымызға, аналарға шын ықыласпен қолдау көрсетеміз деген ниеттегі қызметкерлер топтасқан. Өйткені бұл айлығы жоғары аты әйгілі фирма емес, күректеп ақша таппайсыз, негізгі мақсат аналарға көмек көрсету.

        Аталмыш қоғамдық қордың құрылғанына, оның ресми тіркелгеніне де салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен мәселе ұйымның қанша жыл жұмыс істеп жатқанында емес, оның нақты қандай ізгі істер тындырғанында болар. Осы жағынан алғанда шағын ұйым екеніне қарамастан «Алатау Аналары» қорының атқарған істері ауыз толтырып айтарлықтай. Биылғы жылдың небары 3-4 айы ғана өткендіктен, оны қорытындылап үлгермегендіктен өткен жылғы атқарған жұмыстарына сәл көз жүгіртіп көрелік.

    Өткен жылдың өзінде қор қызметкерлері 203 отбасына үй кезегіне және баспана салу үшін 172 анаға жер кезегіне тұруға көмектескен. Заңгер Альбина Тұрынтаева осыған қажетті құжаттарын дайындауға кеңестерін берді. Олардың бірқатары баспаналы болды, үй салуға жер алды. Сол сияқты 245 отбасына түрлі әлеуметтік көмек көрсетілді.

         Қазақта ежелден келе жатқан «Балық берме, қармақ бер» деген нақыл бар. Ол адамға дайын нәрсені бере бермей, қалай жасалғанын, қалай алынғанын, барысын, қыры мен сырын көрсет деген ұғымды білдіреді. Осы нақыл аталмыш қор жұмысына орай айтылған ба дерсіз. Өйткені ұйым бір жылдың өзінде жүздеген аналарға, қыз-келіншектерге түрлі мамандықтарды игеруге, сөйтіп қалауы бойынша таңдаған жұмысқа орналасуға септігін тигізді. Мысалы, бір жылдың ішінде 258 ана – тігінші, 131-і – кондитер, 125-і – тырнақ әрлеу, 117-сі – бет әрлеу мамандықтарын игеріп арнайы сертификаттарға ие болған. Бұдан да басқа мамандықтарды игергендер мен бизнестің көптеген түрлеріне бағыт алғандар да бар. Бір қызығы мамандық игеру жасқа қарамайды, жетпіске таяп қалған әжелер де жаңа мамандық игергенді қалайды екен.

      Мамандықты игеріп, соған сәйкес сертификат алған соң жұмысқа орналасу да үлкен мәселе. Бұл ретте қор аудандық, қалалық Жұмыспен қамту орталықтарымен байланысып, өздері дайындаған мамандарды жұмысқа тұруға ықпал етеді. Ал көпбалалы аналардың ондай мүмкіндігі жоқ. Айта кетелік, аналар мамандық бойынша сабақта болғанда олардың балаларын қарайтын қызмет те көрсетіледі. Балаларын жалғыз үйде тастап кете алмайтын аналарға үйде жұмыс істеу ыңғайлы. Сондықтан қор мүмкіндігінше тиісті тапсырыстар алуға көмектеседі. Айталық, киім тігіп беру немесе түрлі тағамдар әзірлеп беру сияқты жұмыстар.

      Алдында айтқанымыздай қордың тағы бір негізгі жұмысы – балаларды еңбекке, түрлі өнерге баулу. Ол үшін қор аясында оннан аса үйірмелер жұмыс істейді. Бұл да аналарға деген үлкен көмек. Демек ана атқаратын тәрбиелік міндеттерді қор өз мойнына алады деген сөз.

      Үйірмелердің ішінде ең сұранысқа ие болып отырғаны қазақтың ең басты ұлттық аспабы, домбырада ойнау өнері екен. Еркебұлан Садуақасов сабақ беретін бұл үйірмеге былтыр барлығы 266 оқушы қатысыпты. Хореография үйрмесіне де балалардың қызығушылығы жоғары. Хореографтар Жазира Қойбағарова, Меруерт Дәрібаева, Айнұр Терлекбаевалар былтыр 251 баланы би өнеріне баулыған. Сол сияқты ән салу (вокал) үйірмесіне – 177 бала, актерлік шеберлікті меңгеруге – 189 бала қатысқан. Болашақта суретші боламын деген балалар да аз емес. Оларға сурет салудың қыр-сырын Шолпан Төреханова үйретеді. Мұнда ағылшын тілі үйірмесі де тұрақты жұмыс істейді.

         Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай балаларға, әіресе қыз балаларға қолөнерді игеру өте пайдалы. Оның ертеңгі күні, үлкен өмірде тигізер пайдасы да мол. Сондықтан болар өткен жылы тоқыма үйірмесіне – 156, киім тігуге – 138, моншақтан түрлі заттар жасау үйірмесіне 213 бала қатысып, Назым Жайлымысова, Гүлзира Мұстафаева, Арайлым Тергемісова, Камал Құлжанова, Әсем Оспанова, Маржан Шериева секілді тәлімгер-ұстаздардың көмегімен қолөнерге машықтанған. Бір айта кетерлігі, үйрмелерге қатысып жүрген балалардың өз қолымен жасаған түрлі заттар көз сүйсіндіреді. Турасын айтсақ, қаладағы атақты сауда орталықтарындағы сөрелерде тұрған бұйымдардан бір де кем емес, тіпті артық дер едік. Осы заттарды жасауға балалар зор ынтамен, барынша күш салғандары көрініп тұр. Әрбір заттан қиялға қанат бітіріп, шеберлікті жақсы меңгергендері сезіледі.Әрине, бұл жерде сабақ беретін ұстаздардың еңбегін де атай кеткеніміз орынды. Әр баланы белгілі бір өнерге дұрыс ынталандыра білу ерекше рөл атқарады. Сонда ған бала өз ісіне құлшына кіріседі, шығармашылықпен жұмыс істейді. Балалар жасаған тұрмыста күнделікті қолданып жүрген сөмке, шұлық, ыдыс, қолғап, сәбилерге арналған қуыршақтар тағы басқа бұйымдардың сапасы мен сыртқы безендерілуі таңғаларлық. Соның бір айғағы осы жақында ғана «Алатау Аналары» қорының балалары республикалық «Жас жұлдыз» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, қолөнер жанры бойында бас жүлдені жеңіп алды. Жас қолөнерші шеберлер арнайы дипломмен марапатталды. Жалпы «Алатау Аналары» қорындағы үйірмелерде тәлім алып жүрген балалар былтырдың өзінде осындай аудандық, қалалық, республикалық сияқты түрлі дәрежедегі 21 байқауларға қатысқан екен. Солардың басым көпшілігінде балалар жүлделі орыннан көрінгендері мақтануға тұрарлық нәтиже. Ұстаздардың еңбегінің босқа кетпегенін осыдан-ақ көруге болатын шығар.

      Аналар үшін отбасының тыныштығы, балаларының амандығы мен лайықты білім мен тәрбие алуы ең басты мәселе. Әрбір ана өз ұрпағының ертеңгі күні биіктен көрінгенін қалайтыны да шындық. Өкінішке орай отбасының шырқы бұзылатын тұстар да кездеседі. Оған тұрмыстағы жетіспеушілік, отағасының ішкілікке салынып айрандай ұйығын жанұяның шырқын бұзуы, ажырасып балаларына алимент төлеуден жалтару сияқты жағымсыз көріністерді жатқызуға болады. Осындай отбасындағы қиын кезеңдерде аналарға қолдау аса қажет. Қордың психолог маманы Мархабат Базарбаеваның алдынан өтіп, көмек-кеңесін алғандар да аз емес. Одан кейін отбасында қайта береке мен ынтымақ орнаған мысалдар да бар. Отбасының сақталуы, өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың жақсы азамат болып өсуінің бір кепілі екені белгілі.

      Әрине шағын мақалада «Алатау Аналары» қорының атқарып жатқан бүкіл жұмысын жазып шығу мүмкін емес. Жалпы алғанда өткен жылы аналар мен балаларға 3797 қызмет көрсетілген екен. Шағын ұйым үшін бұл аз көрсеткіш емес.

     Қоғамдық ұйымдар мемлекетіміздің қозғаушы күші екенін жоққа шығара алмаймыз. Адамдар өз қолымен өз өмірін көркейтуге тиісті. Ол үшін үкімет тарапынан да қолдау қажет. «Алатау Аналары» ұжымының Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігіне айтар алғыстары да баршылық екен. Әкімдік мемлекеттік сатып алуларға, яғни түрлі тендерлерге қатысуға қорға мүмкіндік беріп, басқа да жағынан қолдау көрсетіп келеді. Бұл да заңдылық болса керек, өйткені әрбір осындай қоғамдық ұйымдар түптеп келгенде ауданның дамуына өз үлестерін қосатыны анық.

    Сөз соңында мына бір өзіміз куә болған көріністі айтпай кетпеске болмас. Қор орналасқан ғимаратқа кіргеннен дәліздер мен шеберхана қабырғаларында ұлтымыздың Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин секілді белгілі тұлғаларының еңбекке баулу, ұлттық тәрбиеге қатысты түрлі сөздері ілінген. Кіріп келген алдамның назарын бірден өзіне аударады. Әрине, бұл ұлағатты сөздердің аналарға да, балаларға берер ғибраты мол. Осыған қарап ұжымның ұлттық ұстанымы берік екенін байқауға болады. Ұлттық ұстанымымыз берік болса мемлекетіміздің іргесі бекіп, қуаты арта түсері де белгілі. Лайым солай болғай!..

Зейнолла АБАЖАН,

Алматы қаласы.