АХУАЛ ҚАЛАЙ, ӘРІПТЕС?
2022 ж. 26 сәуір
1911
0
Бүкіл саналы ғұмырын отандық бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға арнаған ардагерлер туралы толғанып отырмыз.
Расында, зейнеттік демалысқа шықса да, жастай таңдаған кәсібінен қол үзбей, ел тағдырын белсене араласып, кейінгі тоқын мамандарға үлгі-өнеге болып жүрген әріптестеріміздің қадіріне жете алдық па?
Солардың бірі – Темірхан Момбекұлы-Түркістан.
Ол – Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Мәдениет қайраткері, елу шақты әдеби хабары мен үш спектаклі Қазақ радиосының Алтын қорына енген. Онан аса кітаптың авторы. «Қасиетті қазақ жері» деген бағдарлама бойынша үш жылдан бері Қазақстанды велосипедпен аралап жүр. Оңтүстік Қазақстан, Қызылдорда, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарының көптеген аудандарында болып, қыруар материал жинады. Шығарашылық мақсатқа орай елімізді велосипедпен аралаушы ең алғашқы қаламгер.
Журналистикаға бастаған жол
Шығармашылық адамдарының жастайынан-ақ мінезіне, жүріс-тұрысына, жалпы қалыптасу кезеңіне айрықша ықпал еткен құбылыстар болады. Бала Темірхан қайтті екен?
– Ертегіні, аңыз-жырларды керемет жақсы көрдім. Әңгімелерді дереу тыңдай қалатынмын. Сондағы айтылғандарды ақиқат деп ұқтым. Солай қабылдадым. Мәрзия әпкеме еріп, Ешмұрат ағамыздікіне мақтамызды көтеріп барамыз. Әпкемді қоймай ертіп баратын мен. Ағай өте әңгімешіл, әсіресе ертегіні майын тамызып айтады. Біз апарған мақта таусылады. Сонда ана кісінің мақтасын шиттей беремін. Сөйтіп жүргенде бір күні Егізбай ауылы шулап кетті: «Аспанға адам ұшты!» деп. Әлгі адамға қатты қызықтым. Өйткені менің де ұшқым келетін. Құдды құс секілді. Кейде түсіңде ұшасың. Бірақ өңің емес. Ал менің күндіз де, түнде де, жазда да, кәдімгі құсқа ұқсап емін-еркін ұшқым келеді, самғап парлағым келеді. Ұзамай Гагарин көкемізге көңілім қалды. Мен оған құс секілді ұшқан екен деп қызығып жүрсем, ол сабаз ұшатын машинаға отырып ұшыпты. Ондайда кез келген адам ұша алады ғой деп көңілім қоңылтақсыды. Есейе келе білдік, тұңғыш болып аспанға, ғарышқа шығу ғажайып ерлік екенін. Газет-журналдардағы, кітаптардағы, радиодағы сөздерді сол күйінше қабылдаймын. Олардың авторлары ылғи осылай сөйлейді деп ойлаймын. Журналистердің де, жалпы шығармашылық адамдарының да тек кітаптағыдай сөйлей бермейтінін, өмірлері де дәл солай құрылмайтынын тым кеш білдім. Он тоғыз жасымда! Менде осы түсініктің әлі ізі бар. Сөзі мен ісі қабыспайтын адамдарды жаратпаймын...
Кейін ҚазҰУ қабырғасында жүргенде көптеген курстастарымның журналистика факультетіне сан алуан жолдар арқылы келгеніне көз жеткен. Ал менің сапарым осындай тосындау еді.
Әке көрген... тілші де болады!
Өскен ортасы қалай әсер еткен?
– Ауылым еңбекқор ауыл еді. Наурыз, көкпар, айтыс, жыр-қисса айту табиғи қалпында-тын. Бүгінгідей қолдан ұйымдастыру деген болмайтын. Содан ба, ауыл балалары жазуға да, әңгіме айтуға да өте икемді болды. Көрген түстерін, киноларын, естіген әңгімелерін айтқанда, әр бала өз жанынан әсерлі эпизодтар қосып, әрлеп жіберетін. Өзіміз де талай айттық. Әсіресе әкем Момбектің ақындығы мені көп тәрбиеледі.
Кейіпкерлерімді жақсы көремін!
Жазар дүниесіне, хабарына материал жинаудағы өзіндік тәсілі қандай?
– Ең әуелі құбылыс па, оқиға ма, адам ба – кейіпкерімді жақсы көруім керек. Содан соң, ол жөнінде өте көп дерек жинаймын. Кейіпкердің жақсы ашылуына сүйегі мықты материал көп септігін тигізеді. Ал кейде материалды шектен тыс көп жинап, содан ақырында сезім өліп, өлі фактінің астында тұншығып, белгілі бір дүниенің жазылмай қалатын тұстары да болады.
Әлемді әркім әрқалай қабылдайды
Белгілі бір оқиға – болмысты, құбылысты әркім өзінше көреді дегенге қалай қарайды?
– Бір мысал айтайын. Жақында ғана біздің Қазақ радиосынан Ғалым Есенсариевтың «Әлқисса» айдарымен Алмас Алматовтың әңгімешілдігін арқау еткен тамаша хабар өтті. Сонда автор Ғалым да, кейіпкері Алмас та – шешендікке, айтқыштыққа, сөз тапқыштыққа, содан соң белгілі бір адамдардың сөзден жеңілмей намысқа тырысуы секілді ойларға мән бергендей көрінді. Атақты Құнанбай қажылыққа бара жатып Сыр сүлейлерімен жолығыпты. Әйгілі Қалжан ақын жас көрінеді. Сонда-дағы Құнанбай оған барынша риза болып, аттанарда батаны сол берсін дейді. «Меккеде қалсын» деп берсін дейді батаны. Сөйтсе олай бата беруге болмайды екен. Қалжан ақын не істерін білмей тосылып қалғандықтан, табын Бозжан би:
Елдің тілегінен берсе қайтсын,
Ердің тілегін берсе қалсын! –
деп бата береді. Сөз тапқыштыққа дауа жоқ. Таласпаймын. Алайда мені қатты тәнті еткені – Құанабайдай асыл Мекккеге барып өлейін десе де елдің оны өлімге қимауы. Жақсыны құрметтеу мен бауырмалдық! Мені осы екі қасиет қатты қызықтырды.
Үлкеннен де, кішіден де үйрендім
Ұстаздары кімдер?
– Өнердегі де, өмірдегі де ұстаздарым – ақындар Жұмекен Нәжімеденов пен Дүйсенбек Қанатбаев, композитор Әшірхан Телғозиев. Сол секілді Жүрсін Ерманның, Серік Байхоновтың, Өмірсерік Жұманның, Кәкімбек Наржановтың, Дінәш Нұрмұхамедтің, Сәрсенбек Бекмұратұлының, Төрехан Тасболаттың журналистік еңбектері мен ізденулерінен көп үйрендім. Кейінгі жастардан да үйреніп жүрмін. Мысалы, Қымбат Әбділдақызы мен Маржан Әбілбәкиевадан, Гүлбану Алпамысқызы, Болатбек Баянхан, Нұрсәуле Мұқанқызынан кіші екен деп арланбай-ақ біраз жайттарды үйренуге тура келді. Ал белгілі журналист Молдабек Сағымбековтің хабар жасау барысындағы кейіпкеріне айналуы ғажап емес пе! Өзім де ондай сәттерді бұрын талай мәрте бастан кештім. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ғұмырына арналған, сол секілді «Аруана-бауыр дүние», «Тәжік қызы» аталатын түрлі өмір иірімдері қамтылатын хабарлар жасау барысында операторымның қасында жылап отыратынмын. Ондағы операторым мың болғыр Риза Тәукешқызы еді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!»
Жастарға айтар ұсыныс, тілегі?
– Жаратушыны сүй, құрметте! Ол жаратқан барлық жанды-жансызды әддің жеткенше қадірле. Жақсыны көруге ұмтыл. Абай атамыз айтқандай, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!». Одан соң Табиғат, Отаның, Адамдар саған ұнауға міндетті емес. Көкірегіңді ашып, кірлетпей ұстап, бәрін де өзің жақсы көруге тырыс. Он адамды жек көріп тіршілік еткеннен гөрі, жүз адамды жақсы көріп өмір сүрген әлдеқайда артық. Кейінде адамдар бір-бірінен де, табиғаттан да алыстап бара жатқан сияқтанады. Бұл өте қауіпті жағдаят. Шамаң келсе осыған жол берме. Өйткені сенің қолыңда сөз құдіреті бар!
***
Біз еңбекқор әріптесімізге шығармашылық табыс тіледік.
Құлан САҒАТҰЛЫ.
ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІ
(Жиһангез қаламгер Темірхан Момбекұлы-Түркістанның жазбаларынан үзінді)
Сағат 09. 27. 10.04. 2022 жыл.
Манап – ауылым. Ауыл қорымының қасында. (Ауылдастарым қорымды «Әулие», «Әулиенің басында» деп сөйлейді. Осылай дегенді Гүлбаршыннан талай естідім.)
Ал енді Гүлбаршынды кім дейсіз бе? Наздың әжесі. Назды кім дейсіз бе? Наз – күллі әлем. Менің Атамекенім. Етжақындарым, бауырларым мен қарындастарым, менің өзім.
Көкірегі бар болғыр жарыла жаздап толып, әбден булығып жүрген ғой, осынау Наз әлемін қағазға түсіру оңай болмады. Оның үстіне, кейінгі жылдары тым жылауық болып кеттім бе. Содан, не керек, өз-өзіммен арпалысып отырып, қағазға әзер таңбаладым.
***
Қорымға барып келетінімді айтқанымда, әжесі Гүлбаршын «Сен келеді дегесін, Наз кеше кешке дейін жүрді. Кешке қайтып кетті. Әке-шешеңнің басына барып, қайтарда, Бұланның үйіне соқсайшы. Жасыл там ғой. Назды көресің» деп еді.
Атамекенге келгелі онсыз да саналуан сезіммен арпалысып жаным жай таппай жүрген. Шеткі үйден ұзай бергенде, «Айналайын, Атамекен» кітабымдағы Наз туралы сөйлемдер, одан басқа да сөз-сөйлемдер тіліме орала берді. Орала берді. Наз әлемімен ойша сөйлесіп келе жаттым ба. Бір түсініксіз хал. «Шашы ербиіп, танауы делдиіп, Періште кіріп келді.» («Наз туралы жырдағы» сөйлем еді.)
«Жасыл там. Интернат жақта ма еді. Наздың үйі қайсы? Назың кім? Ау, бір ауылда тұрып Назды білмегенің қалай? Назды күллі Қазақстан біледі. Ал сен Наздың өзін білмей тұрсың.» Әлдебір ауылдасыммен қиялымда осылайша сөйлесіп келемін.
Ернім дірілдеп күбірлеймін. Көз жасым да төгіліп келеді. Наз деген бірауыз сөздің өзі ғана күллі әлемімді жырлайтын ұлық құбылыс еді. Бұл ұлық есіммен, осынау ұлы сөзбен бірге қарындастарым мен інілерім, ағаларым мен әпкелерім, әке-шешелерім, бала күнгі достарым мен ойынсеріктерім, ең бастысы: айналайын Атамекенім тұр еді. Бар түйін осында еді ғой, ағайын.
***
Күнді, Жерді, Елді, Атамекенімді, Қазақстанды, қазақтарды, көктемді, әке-шешемді, етжақындарым мен достарымды өлердей сағынып жүріп, зарығып келген соң ба, Наз есімі, осынау құдыретті сөз қойқаптағымды қопарып жібергені.
***
Наз – Қалмағамбет (Қалахан) інімнің немересі. Палуан атамыз Әбдірайым мен батыр ана Әлима әжеміздің шөбересі. Еркебұланқызы Наз. Ермұрат пен Ләззаттың Айғанымынан туған Періште.
***
Осы күйімді қағазға түсірген соң ғана, аздап сабырға келгендей болдым.
Айнала әлемге қараймын.