Билік бұқараға бет бұрмай, тіл мәселесі түпкілікті шешілмейді

Билік бұқараға бет бұрмай, тіл мәселесі түпкілікті шешілмейді

       АРАЛАС МЕКТЕП – ҚАЗАҚ ТІЛІН ТЕЖЕП, ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ЖОЮДЫҢ ТӘСІЛІ

        Жақында Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса, зиялы қауым өкілдері, тіл саласының мамандары, педагогтар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты дөңгелек үстел өтті. ⠀Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Жүнісбеков ашып, ақын Тоқтарәлі Таңжарық жүргізді.

       Алдына ала айта кетейік, бұл мәселенің көтерілуіне белгілі кәсіпкер, меценат Бекзәкір Құралбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбаты түрткі болды. Онда аралас мектеп кесірінен жастарымыздың дүбара болып бара жатқаны, сондықтан оны жабудың қажеттігі айтылған-ды. Б. Құралбаевтың осы пікіріне көпшілік қолдау көрсетті. Аталмыш отырыста қазақ тілінің бүгінгі күйі мен елімізде қаптап кеткен аралас мектептердің мемелекеттік тіліміздің дамуы мен қолданысына тежеу жасап, ұлттық рухымызды жоюға бағытталған кері әсері туралы сөз сөйлеген ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ұлт жанашыры Бекзәкір Құралбаев, ақын Қамнұр Тәлім, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тышан, тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді, саясаттанушы Дос Көшім, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі, актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов, журналист, жазушы Әшірбек Көпішев, жазушы Бақтыбай Айнабеков, жазушылар Марат Тоқашбай, Қайым-Мұнар Табеев және өзге қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

⠀Ақын Қамнұр Тәлімұлы отырыста жасаған баяндамасында қазақ мектептерінің алдында тұрған кедергілерге бір ғана мысал келтіріп, оған көпшіліктің көзін анық жеткізді. Талғар қаласында қазақ ұлтының басымшылығына, тұрғындардың талабына қарамастан, жаңадан салынып біткен мектепті тағы да аралас білім беру ордасына айналдырғысы келетін жергілікті биліктің тоңмойындығына нақты дәлел келтірді. Қазақ мектептерінің тар ғимаратта екі-үш ауысымда оқитындарын біле тұра билік өз дегендерін іске асырмақшы. Жаңа 1200 орынға арналған заманауи ғимаратты таза қазақ мектебіне беруді қолдап облыстық мәслихаттың депутаттары, ауданда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің жетекшілері қол қойса да жергілікті басшылар оған назар аударар емес.Бірнеше айдан бері жергілікті белсенділер түрлі облыстық, республикалық жоғары орындарға да арызданып келген.

⠀Қоғам және мемлекет қайраткері Амалбек Тышан тіл мәселесінің тұрақты көтеріліп келе жатқанын, бірақ билік тарапынан қолдау жоқтығын баса айтты. Билік пен халықтың бір бағыт ұстанбауынан осындай түйткілдер қашан да пайда бола береді деді ол. Амалбек Тышанның ойын қолдаған белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді де билік пен бұқара арасында үндестік, тіл табысу болмаса ешқандай іс нәтиже бермейтінін, аралас мектепке өзінің түбегейлі қарсы екенін білдірді. Тарихшы ретінде кезінде ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлына дәп осы аралас мектеп мәселесіне қатысты қудалау басталғанын атап өтті. Санаулы ғана орыс балалары бар мектепті орыс-қазақ мектебі деп атауға алғаш қарсы шыққан ұлт көсемінің одан кейін билік тарапынан көрмегені қалмағанын еске салды.

      ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса да аралас мектептерді тоқтататын кез келгенін кесіп айтты. Өйткені біздегі білім саласындағы қазіргі қалыптасқан жағдайда қазақтілді сыныптар зиян шегеді, балалар орыстілдіге айналады. Халық қалаулысының айтуынша, аралас мектептер Ресей империясы тұсында қазақтарды орыстандыру мақсатында ойлап табылған тәсіл. Ол ең алғаш XIX ғасырда «орыс-түзем мектебі» деп аталған. «Сырдария губернаторының мектепті тексеруге келгенде қазақ балаларының орысша оқып жатқандарын көреді. Бірақ олардың үзілісте өзара қазақша сөйлесетінін байқаған ол бұларға орыс балаларын қосқызып, аралас мектептерді ашқызған. Сол саясат Тәуелсіздік алған 30 жылда әлі жалғасып келеді. Аралас мектепте оқыған баланың тәрбиесі де, тілі де орысша болып кететінін көріп отырмыз» - деді депутат. Қазыбек Иса орысша білім алған балалардың басым көпшілігі ЖОО-ға құжаттарын тапсыру үшін көрші Ресей елін таңдайтынын және түбінде сол елге қызмет ететінін жеткізді. «Орысша білім мен тәрбие алып шыққандардың басым көпшілігі көрші РФ-на барып оқиды. Ресей оқу гранттарын жыл өткен сайын арттырып отыр. Біз сонда мемлекеттің ақшасымен Ресейге мамандар дайындап жатырмыз ғой, бұл барып тұрған сорақылық. Сондықтан аралас мектепті жабатын кез жетті. Ұлттық мүддені қорғауымыз керек. Қазір Жаңа Қазақстанды құрамыз деп жатырмыз, егер оның тілі ескі ресми тіл болатын болса еш өзгеріс болмайды. Екінші республиканың тілі тек мемлекеттік тілде болу керек,-деді. Тіл мәселесін тұрақты көтеріп келе жатқан Қазыбек Иса ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау керектігіне де тоқталды. Осыған байланысты мемлекет басшысына жолданған хатқа бүкіл қоғам қолдау білдіріп, бір жарым айдың ішінде 126 мыңнан аса азаматтар қол қойған болатын. Бұл бұрын-соңды болып көрмеген рекордтық көрсеткіш. Осыдан-ақ мемлекеттік тілдің жанашырлары өте көп екенін байқауға болады. Өкініштісі билік тарапынан осы халық талабына орай ешқандай жауап болған жоқ.

         Депутат Талғарда ашылайын деп жатқан аралас мектепке қатысты да өз ойын білдірді. Талғар тұрғындарынан келген хатты Білім минситрлігіне жолдағанын, ал министрліктегілер өз жауабында мәселенің шешуін жергілікті билікке сілтегенін жеткізді. Оның айтуынша үкімет мұндай саясат ұстанбау керек. Керісінше тұрғындарды мемлекеттік тілге қарай бейімдеп, қазақ мемлекетінің бар екенін білдіруі қажет деп санайды депутат. Қазыбек Иса тіл және аралас мектеп мәселесін Парламент мінберінде көтеретінін мәлімдеді.

   ҚР Ұлттық кітапханасында өткен осы қоғамдық талқылаудан, елімізге танымал тұлғалардың сөзінен – билік бұқараға бет бұрмай еліміздегі аралас мектеп және жалпы тіл мәселесі түпкілікті шешілмейтінін аңғарғандай болдық. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей – біздің күшіміз бірлікте болуға тиісті. Билік пен бұқара арасында бірлік пен түсіністік болса тарқалмайтын түйін қалмасы да айдай анық ақиқат. Ол күнге де жетерміз. Ал әзірге қоғам мүшелері өз талаптарын алға тартуда. Аталмыш отырысқа қатысушы қоғам белсенділері Қазақстан билігі мен халқына Үндеу жолдады. «Қазақ үні» газеті Үндеудің толық мәтінін назарларыңызға ұсынады.

      «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты қоғамдық талқылауға қатысушылардың Қазақстан билігі мен халқына

ҮНДЕУІ

        Осыдан бір ғасыр бұрын Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты жоюдың бірден-бір жолы» деген еді. Кезінде аралас мектептер өзге ұлт өкілдерін орыстандыру, орыстілді орта қалыптастыру үшін арнайы ашылған болатын. ХІХ ғасырдан басталған саяси бағдарлама тәуелсіздік алғанға дейін үздіксіз жүрді. Соның салдарынан қазақ халқының едәуір бөлігі өзінің тілі мен ділінен айырылды. Тәуелсіздік алған соң да бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Қаладағы аралас мектептердің оқушылары түгелдей орыстілді болып өсіп жатыр. Өкініштісі, кейінгі он жылда жаңадан ашылған мектептердің 80 пайыздан астамы аралас мектеп екен.

       Біз Қазақстан билігіне, ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа, ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қаринге, ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа және ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке және барша халыққа мынадай үндеу жолдаймыз!

1. Еліміздегі аралас мектептерді жауып, сұраныс бойынша қазақ яки орыс мектебі етіп қайта құру.

Біз орыс мектептері түгелдей жабылсын деп отырған жоқпыз. Егер ата-аналар балаларын орыс мектебіне бергісі келсе, өз таңдауын жасауға құқылы. Бірақ сол аумақтағы ата-аналар мен оқушылардың қай мектепті таңдауына байланысты статистикалық мәліметтер негізінде мектептің қазақ яки орыс мектебі болуын шешу керек. Егер сол аумақта орыс мектебіне барғысы келетіндер 20 пайыздан төмен болса, онда тек қазақ мектебін ашуға тиіспіз. Әйтпесе, тұтас халықтың құқы мен өтінішін аяққа таптап, орыс яки аралас мектебін ашуға болмайды.

2. Қазақ мектептеріндегі бала санын стандарттау.

Көптеген орыс мектептерінде бала саны тым аз. Алматыдағы орыс мектептерінде оқушылардың дені бір ауысыммен, бір сыныпта 15-20 баладан оқыса, қазақ мектептерінде бір сыныпта 33-35 баладан оқиды. Бұл – мемлекет қолдан жасап отырған әділетсіздік. Баланың көптігі білім сапасына теріс әсер етеді. Еліміздегі аудан, облыс, қалалар бойынша статистикалық зерттеу жүргізіп, балалар санын анықтап, мектептерді қайта құрылымдау керек. Бала саны аз орыс мектептерін бала саны көп қазақ мектептеріне ауыстырып, орыс мектептерінің санын қысқарту керек. Бұл жердегі қағида біреу: «Ұсыныс сұранысқа сай болуы қажет».

3. Қаладағы мектептерде тілдік орта қалыптастыру.

Қаладағы аралас мектептердің оқушыларының дені орыстілді. Тіпті қазақ мектептерінің өзінде оқушылар үзіліс кезінде, дәлізде орыс тілінде сөйлейді. Осы процесті болдырмаудың бірден-бір жолы – мектептің іс-шаралары, іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүруге тиіс. Сондай-ақ, апталық, айлық ата-аналар жиналысы мен тәрбие сағаттарында, қалалық, аудандық, облыстық педагогтар жиналысында, республикалық деңгейде өтетін «Тамыз кеңесінде» идеологиялық нұсқау берілгені жөн. Әр мектеп өз оқушыларын мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырып, тілдік орта қалыптастыруға мүдделі екенін ұлт алдындағы міндеті санауы керек. Бұл жауапкершілік – ҚР Білім және ғылым министрлігінде. Олардың салғырттығы мемлекеттік тілдің дамуын тежейді. Сондықтан, министрліктен, ЖОО ректорлары мен мектеп директорларынан ана тіліміздің кең қанат жаюына барлық жағдай жасауды талап етеміз.

4. Еліміздегі барлық білім ошақтарында орыс тілі мен орыс әдебиетінен өзге пәндер мемлекеттік тілде оқытылсын. Орыс мектептерінде «Қазақ тілі» пәнінің оқыту сағатын көбейтсін.

5. Кейінгі 10 жылда ел көлемінде он шақты жаңа қазақ мектебі ашылса, 399 аралас мектеп жұмысын бастаған. Бұл – ел болашағына жасалған қиянат деп білеміз.

Сондықтан жаңа мектептердің бәрі тек бір тілде – не қазақ, не орыс мектебі болып ашылуы керек. Айталық, Талғар қаласындағы жаңа №25 мектеп пен Алматы қаласындағы №180 мектеп таза қазақ мектебі болуын талап етеміз! Талғардағы жаңа мектеп № 9 Т.Рысқұлов атындағы қазақ мектебіне берілуі тиіс. Өйткені мектеп орналасқан аумақта халықтың 95 пайыздан астам бөлігін мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар тұрады. Демек, мектепте мемлекеттік тілде болуы тиіс.

6. Қазақ мектептерінде білім сапасы нашар, ұстаздардың біліктілігі төмен деген ертегіні жою керек.

Қазақ мектебінде оқитындардың ҰБТ-дағы көрсеткіші орыс мектебін бітіргендерден әлдеқайда жоғары. Халықаралық пәндік олимпиадан жүлде алатындардың 60-70 пайызы – қазақ мектебінің сайыпқырандары. Демек, қазақ мектебінің білім деңгейі орыс мектептерінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан отандық баспасөзде білімді, алғыр, халықаралық олимпиадалардан жүлде алған оқушыларды жиі дәріптеп, жас ұрпақты ғылым мен білімге тәрбиелеуге барша ақпарат құралдарын жұмылдыруға тиіспіз! Бұл – отандық ақпарат құралдарының ішкі ұстанымы болуға тиіс.

Мәмбет Қойгелді, академик, тарих ғылымдарының докторы,

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Оразәлі Сәбден, академик,

Амалбек Тышан, мемлекет және қоғам қайраткері,

Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,

Дос Көшім, саясаттанушы,

Марат Тоқашбаев, жазушы,

Байғали Есенәлиев, актер,

Әшірбек Көпішев, жазушы,

Камнұр Тәлімұлы, ақын,

Бекзәкір Құралбаев, ұлт жанашыры,

Мырзахан Қабасов, құрметті ұстаз және тағы басқалар.

      Үндеуге 60-тан астам елімізге танымал тұлғалар, ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерелері қол қойған.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz