ЖЫР-ҚАЛАМ МЕН ҚЫЛҚАЛАМ
2022 ж. 25 сәуір
1143
2
Біздің буын... КазГУ-ді ақындар алқалаған жылдар... Қалашықты жайлаған қаптаған шайырдың қатарына кешке қарай Жалаңтөстің жасағындай боп, КазПИ-дің жайсаң жігіттері бір бүйірден қосылатын. Жай жігіттер емес, өзегіне өлең қонған өрімдей жастар. Мұғалімдер институтының филфагында оқитын талантты тастүлектер Нұрлан Әбдібеков пен Қадірбек Құныпияұлының жанында көркемсурет-графика факультетінің болмысы бөлек сырықтай студенті Қазыбек Иса жүрер еді. Болашақ суретшінің өлеңіне дейін өзгеше-тұғын... КазПИ-ден күнара келіп жүріп, қалашықтың тұрғындарына әйгілі "Шыңғырлаудағы шырайлымды" жаттатты. Бірінші курста Светқали Нұржан "Көптен бері естімей сыңғырын жырдың, Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін" деп екі жол өлең өрген-ді. Соны оқып, жаппай шыңғырып, шер тарқатып жүрген біздің қатарластарымыз енді "Шыңғырлаудағы шырайлымға" бас қойды.
Шырқалған көкте жүр қалықтап ән,
Шынайы сүю - шын бақыт.
Шыңғырлау десе, шырмалып қалам,
Шыңырау ойға шым батып...
Кейін атақты бард ақын Табылды Досымов осы өлеңге ән жазды. Сөйтіп, екеуі ұлт ұғымындағы ақ махаббатқа, пәк сезімге, әдепті аруға, сол аруды өсірген өркенді өңірге ескерткіш қойды. Сол тұстағы жас жігіттердің жан-жүрегін шыңғыртқан Шыңғырлау сұлуының кім болғаны, оның біздің Қазыбектің жолында неғып жүргені, одан соңғы тағдыр-талайы тіпті де маңызды емес. Ең бастысы, бұл өлең біздің заманымыздағы алғаусыз таза көңілдің, мөлдір мұңның көрінісі еді. Жүзігі жүрегінде жүретін қағілез Қазыбек қалай болғанда да өлеңмен өрілген өзгеше өрнекті өмірге әкелді. Миымызға мөрдей басылып, әлі күнге дейін санамызда жаңғырып тұрғанына қарағанда, бұл өлеңді бір емес, қос Қазыбек жазған секілді көрінеді кейде. Ақын Қазыбек қолына жыр-қаламды алып, тереңнен толғанып, одан әрі суретші Қазыбек қылқаламын оңтайлап, бедерлеп-бейнелей жөнелген бе дерсің... Мүмкін, бәрі де мүмкін, бұл көркемөнердің құпиясы таусылған ба, сірә?!
Жалпы, әдебиет тарихында қалған суретші қаламгерлер аз емес. Көркемөнер саласында да азды-көпті қолтаңбасы бар ағылшынның сөз зергерлері Уильям Блейк мен Уильям Теккерейді, француз жазушылары Виктор Гюго мен Антуан де Сент-Экзюпериді, орыс ақындары Владимир Маяковский мен Максимилиан Волошинді айтсақ та болар. Өзіміздің қазақ әдебиетінде де суретші қаламгерлер жетіп артылады. Әлібек Асқаров, Қайырбай Зәкіров, Құлтөлеу Мұқаш, Маралтай Ыбыраев, Ерсайын Жапақ... Солардың арасында суретшілігінен гөрі суреткерлігінің жетегіне көбірек еріп кеткен Қазыбек Исаның жөні бөлек.
Сөйтіп, суретші Қазыбек әлдеқашан суреткер Қазыбекке айналды. Тек суреткер ғана емес... Арқалы ақын. Қарымды қайраткер. Қайсар қазақ. Ұлт жоқшысы. Халық қалаулысы. Тіл тілекшісі. Ақырып теңдік сұрап жүрген айбарлы азамат. Оның әр қырына кеңірек тоқталуға болар еді...
Бүгін біздің дәуірдің қара қылды қақ жарған Қазыбегі алпысқа толды... Жыр-қаламыңыз бен қылқаламыңыз қолыңыздан түспесін, қадірлі Қазке!
Бауыржан Омарұлы,
Қазақ үні