Мен оны Қажымұқанға балайтынмын...

Мен оны Қажымұқанға балайтынмын...

АЛМАС АҚЫЛБЕК

Республикаға белгілі тілші, Отырар алқабы газетінің бұрынғы бас-редакторы Ақылбек Алмаз Шаймерденұлы 59 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ақылбек Алмаз Шаймерденұлы 1963 жылы 26 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы (қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы) Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1970-1980 жылдары В.И.Ленин атындағы орта мектебін бітіріп, 1981-1983 жылдары аралығында Мәскеу қаласында әскери борышын өтеген. 

Әскерден соң Шәуілдір АТП-сында жүргізуші болып жұмыс істеген. 1990 жылдан бастап Баспасөз саласында аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда қызмет етті. «Отырар алқабы» газетінде тілші, 2018 жылдан директор-бас редакторы болып қызметтерін атқарды.


Мен оны Қажымұқанға балайтынмын...

Жыландай ирелеңдеген бұралаңды өмір жолында талай жанды жаныма жақын тұттым. Бұл күнде солардың дені менен сырт айналды. Осы өмірімде адал сүт емгендерді сирек көрдім. Сол сиректің бірі - Алмас інім еді. Мен оны Қажымұқанға балайтынмын. Өзі де батыр шалыс болатын. Горбачевпен арпалысқан қиын-қыстау кезеңде Алмас менің қасымнан табылды. Елші болып жүрген кезімде Қырғызстанға да іздеп келді. Журналистік қарымымен де қолдау білдірді. Енді, міне, бәрі де өткен күн еншісінде қалды.

  Алмас інім! Сенің қазаң маған өте ауыр тиіді. Иманың саламат болсын! Нұрың пейіш төрінде шалқысын!

     Ағаң Мұхтар Шаханов.


Жылы жүрек, нұрлы ақылдың иесі еді...

Құрметті Отырарлық жерлестер!

Ардақты Алмасбек бауырымыздың жанұясы,перзентері,ағайын туыстары!

Талантты Қаламгер-журналист,ұлтжанды қайраткер тұлға Алмасбек бауырымыздың қаза болуына байланысты отбасына,ағайын-туыстарына,барша Отырарлықтарға қатты қайғырып көңіл айтамын. Алмасбек өзінің дара қолтаңбасымен,кескін келбетімен,адами болмысымен дараланған дарынды қаламгер еді.Оның бар қарым-қабілеті күш-жігері Оңтүстік өлкесімен,қасиетті Отырар өңірінің дамуына,оның тарихы мен мәдениетін,нар тұлғаларын зерттеуге,насихаттауға арналды.Ол үнемі ізденісте жүретін баспасөздің нағыз тұлпары,газет бетінде жазылатын сұлу сөздердің сұңқары еді. Алмасбек 1986жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін Мұхтар Шахановтың жанында жүріп көмектескенін ,КСРО-президенті Горбачевтан сұхбат алып,қазақ халқынан кешірім сұратқанын біреу біліп, біреу білмейді. Біз елгезек ініден,кәсіби қаламгер-журналистен,жылы жүрек,нұрлы ақылдың иесі болған, парасатты нар тұлға бауырымыздан айырылдық. Алланың әміріне амал жоқ. Жатқан жерің жайлы,топырағың торқа болсын. Алдың пейіш,артың кеніш болсын Алмасбек бауырым!

Қ.Айтаханов.


БАҚҰЛ БОЛ, БАУЫРЫМ!

Бүгін-жердің үстінде, ертең-жердің астында екенімізді білсек те, өмір сүре береміз. Өлгіміз келмейді. Оған не амал бар? Өлмеу үшін өмірге келмеу керек. "Құдайдың өзі де қалаған өміріңді бермейді, қалған өмірді береді" деп тәпсірлеген Қадыр ағам да қара жердің астында. Өмір мен өлім. Арасы-арпалыс, жан-жағы-жанталас.Өстіп жүріп өтесің де кетесің. Бірақ жақсының ісі өзінен кейін де өмір сүре береді...

Алмас Ақылбек бауырым о дүниеге озғанда осындай ойлар басымды шырмап алды. Ол шын мәнінде шындық үшін шырылдап өткен қайсар мінезді қаламгер болды. Тумысында туралықты жақсы көрді. "Қалың орманның қарғасы болғанша, бір бұтаның бұлбұлы болғанды" қалады. Бұлбұл қонған бұл бұтаның аты-ақихат еді, шыбығы-шындық еді. Айналайын Алмас інім аласапыран ғұмыр кешіп, сол үшін сорға да түсті, ол үшін отқа да күйді.

Бақұл бол, бауырым!

Көпен ӘМІРБЕК

12 сәуір, 2022 жыл.

Астана.


Горбачевтан сұқбат алған жалғыз қазақ журналисі еді…

Киелі Отырардан суық хабар жетті…

Белгілі журналист Алмас Ақылбек жүріп келе жатып, жүректен кетіпті… Сап-сау жүрген секілді еді сырт көзге…

Алла алдынан жарылқасын!

Үш-төрт айдай бұрын композитор Қалдыбек Құрманәлінің тойында кездесіп едік. Баяғыда марқұм жазушы досымыз Есжан Айнабеков таныстырып еді… Иә, сол кезде Шымкентте республикалық “Жігер” фестивалына облыстан іріктеу өтетін. Сонда көрдім алғаш рет, 1987 жылдары болуы керек. Ұзақ толғау оқығанда тағы бір досы, сазсырнай жасаушы Кендебай болуы керек, сол қосылып, өлеңін сахналық қойылымға айналдырып жіберген еді…

Өзі Есжан екеуі бір ауылдан болуы керек. Қалдыбек досы екеуі қатар жүретін бір кездері жұп жазбай. “Шәмші” журналын шығаруға зор үлес қосты.

“Жас Алашта” жапырып жазып жүрді. Өзі өлеңдерін жатқа оқитын Мұқтар Шаханов ағасына “оққағар” болып жүрген кезі де бар. Кеңес Одағының тұңғыш та, соңғы президенті Горбачевтан сұқбат алған тұңғыш та соңғы қазақ журналисі болса керек Алмас бауырымыз.

“Оңтүстік Қазақстан” газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып істеді. Жазуы жақсы еді!

Біздің “Қазақ үні” газетімізге де мақала жіберіп қоятын. Бір кезде Шымкентте кездесіп қалып, бірнеше күн бірге сейіл құрғанымыз бар еді… Алматыға келгенде де кейде үйге іздеп келіп жүретін… Зор кеудесіне сай көңілі де кең, нар қазақ еді!

Қасиетті Рамазан айында қайтпас сапарға аттанды…

Қасиетті жерге қойылды… Алыс сапарға аттандырудың бар ауыртпашылығы мен жауапкершілігін көтерген, қашанда досқа адал, осындай қиындық туғанда бірден кірісіп кететін Қалдыбек Құрманәліге Алла разы болсын!

Алмас бауырымыздың алды пейіш, арты кеніш болғай! Ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр бергей! Отбасы мен туған-туыстарының қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз.

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА,


Аңқылдаған ақкөңіл азаматтан айырылып қалдық

Қайбір күні ғана хабарласқанда ағынан жарылып біраз сыр айтып еді...Қайдан білейік, сырдың соңы осылайша суық хабарға тым тез ұласатынын...Әуелете салатын әні қандай еді, балуан болмысын аша түсетін, шляпа киген сәні қандай еді...Аңқылдаған ақжарқын күлісі қандай еді, шахматтың шаршы тақтасындағы шебер жүрісі қандай еді...

Қазақ журналистикасы қара жамылды. Қарымды қаламгер, ақылдаған ақкөңіл азамат Алмас Ақылбек ағамыз 59 жасына қараған шағында о дүниелік болды.

Алмас Ақылбек журналистикада өзіндік соқпағы, өзіндік пікірі мен айтары бар азамат еді. Шығармашылық жолындағы жалынды жылдарын «Жас Алашта» өткерді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейінгі жылдары өзі туып өскен Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінде бас редактор болды. Әріптестер арасында өзінің тұлғалық қасиетімен көзге түскен, кейінгі жастардың ақылшысы болған ағамыз еді. Алланың жазғанына амал бар ма?! Марқұмды Алла панасына алып, алдынан жарылқасын деп тілейміз

Ғалымжан Елшібай, журналист.

qazaquni.kz