Жастар – табысты болашақтың сенімді кепілі!
2022 ж. 16 сәуір
1494
0
Қазақ қыздарының білім шаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары білім алып, одан әрі қазақ ғылымының дамуына үлес қосуды алдыма мақсат етіп қойдым. Бүгінде аталмыш білім ордасының теориялық және практикалық психология кафедрасының бірінші курс магистрантымын. Ғылым жолына алғашқы қадам жасаған сәттен ұстаздарымның бағыт бағдарының арқасында ғылымға деген құштарлығым артып келеді. Ғылымға өз қолтаңбаларын қалдырған, қазақ ғылымының дамуы жолында еселі еңбек етіп келе жатқан ғалымдардан білім алу мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік.
Ұстаздарымыз болашақтың біздің қолымызда екенін үнемі тілге тиек етіп, санамызға сіңіріп отырады. Сонымен қатар, біздің кәсіби білікті маман атануымызға септігін тигізетін іс-шараларға белсене қатысуымызға мұрындық болып келеді. Жастарға берері мол сондай игі шараның бірі –Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым қызметкерлері күніне арналған I Республикалық магистранттар слеті дер едім. «Ғылым мен жастар – табысты болашақтың сенімді кепілі!» атты ел көлемінде тұңғыш рет өткізілген осынау шараға ұстазымыз Ж.Ж.Бейсенованың ұсынысымен қатысқан болатынбыз.
Осынау шараға Қыздар университетінің атынан қатысудың өзі маған зор жауапкершілік жүктегенін атап өткенім ләзім..
Шырайлы Шымкентке табан тіреп, оқу орнына қадам басқан сәттен бастап бізді жылы шыраймен күтіп алды. Слеттің негізгі мақсаты – еліміздің ЖОО- дары магистранттарының ғылымды дамытудың басым бағыттары аясында ғылыми-инновациялық қызметтің тиімділігін дамыту мен арттыру және де ғылымдағы жетістіктерді талқылау. Слет барысында біз бірнеше іс-шараға қатыстық. Құнды мағлұматтармен таныстық. Күннің екінші бөлігінде «Қазіргі таңдағы жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру саласының жағдайы» атты арнайы дәрістен соң, өз баяндамамызбен таныстырып өттік. Сонгдай-ақ, өзіміз секілді магистранттардың көзқарастарымен танысып, пікір алмастық
Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми зертханаларымен және университет мұражайына экскурсия жасадық. Нәтижесінде бұл слет бізге ғалымдармен пікір-алмасуға, түрлі зерттеулермен танысуға мүмкіндік берді. Қорыта келе айтқым келетіні, ғылым деп аталатын үлкен құндылық аралына аяқ басқан әрбір тұлғаның бойында асқан құштарлық, мақсаттылық, айқындылық, жаңашылдық қасиеті болу қажет екенін ұқтым. Бізге, ғылым ізденуші жастарға сенім білдіріп, қолдайтын ұстаздарымыз барда біздің де білімге, ғылымға деген құштарлығымыз арта беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта да осындай берері мол шаралар өз жалғасын таба берсе екен деймін.
Сәния ҚОСАН
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің,
Теориялық және практикалық психология кафедрасының
І курс магистранты
qazaquni.kz