ҰЛТ ҰFЫМЫН ҰЛFАЙТҚАН
2022 ж. 14 сәуір
1651
0
(Портрет-эссе)
Ол – шынында да ұлт ұғымын ұлғайтқан тұлға. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да солай. Бұған ешкiмнiң таласы болмауға тиiс. Басынан бастайық...
Сыншы
Журналистер мен филологтар өмiрi дауласады да жүредi. Бұл, әрине, бiр үйдiң екi баласының асыққа таласқаны сияқты нәрсе. Журналистер: «Сендер бiз сияқты қаламды құлаштап сiлтей алмайсыңдар. Жазу жазып қарқ қылмайсыңдар», – дейдi. Филологтар да журналистердi оңдырмайды: «Ал сендер әр нәрсенi жазасыңдар, бiр тақырыпқа тұрақтамайсыңдар. Үнемi бетiнен қалқып жүресiңдер». Қай-қайсысының да айтып тұрғанының жаны бар. Филологтардың журналистерге қарағанда тiл заңдылықтарын терең бiлетiнi, не нәрсенi де асықпай саралайтыны, талдап-талғап жазатыны, ғылыми ойлауға жақын екенi рас. Ал бар жұмысы жеделдiгiмен ерекшеленетiн журналистердiң тез қимылдайтыны, әмбебаптыққа бой үйрететiнi де даусыз нәрсе. Журфакта тiл мен әдебиет пәндерi филфакқа қарағанда, анағұрлым аз оқытылады. Сондықтан кейде филфактың бiлiм жүйесi мен журфактың машықтандыру жүйесi бiр арнаға тоғысса, қандай керемет болар едi деп ойлайсың. Жарылқап Бейсенбайұлы – дәл осы үрдiстiң мектебiнен шыққан қаламгер.
Әдетте жазуға бейiмi бар өрендер журфакқа түскiсi келедi. Бiрақ ол жылдарда журфак өндiрiсте екi жыл жұмыс iстеп келмесең, құжатыңды қабылдамайтын едi. Сондықтан мектеп бiтiргендер филфакка келетiн. Жақаң да сөйттi. Кейiн филфактан жазуға қабiлеттi жiгiттердiң көбiрек шыққан себебi де сол.
Fылымды қуса да, бiрқатар жетiстiкке қол жеткiзер едi. Бiрақ ол кезде аспирантураға түсу деген қиынның қиыны. Жылына бiр-екi-ақ орын бөлiнедi. Оған тұмсық тығу мүмкiн емес. Оның есесiне iргелi бiлiм алып шықты. Ұстаздары жақсы болды. Қазақ, орыс, шетел әдебиетi тереңдетiп оқытылды. Бәрi де адамның өзiне байланысты екенiн ертерек ұқты. Үшiншi, төртiншi курстан бастап, жазуға талпыныс танытты. Сол жылдарда жас сыншылардың талантты шоғыры бой көрсеткенi белгiлi. Асқар Сүлейменов, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Серiкқалиев, Мұхтар Мағауин, Әбiш Кекiлбаевтiң терең мақалаларының әсерi сұмдық. Соларға елiктеген филолог-студенттердiң көбi рецензия жазумен әуестендi. Қазiргi студенттер сынға жоламайды ғой. Ал ол кездегi университет қабырғасындағы филологтардың көбi сынмен ауызданды. Бiрiн әдебиет сыны, екiншiсiн кино сыны қызықтырды. Ал студент Жарылқап бейнелеу өнерiнiң тылсымдарына үңiлуге құмартты. Сол тұста Зейнолла Серiкқалиевтiң «Ойлар, толғаныстар» деген кiтабы шыға қалсын. Бас алмай оқып шықты. Стилi керемет. Сөйлемдi өте шебер құрайды. «Осылай жазса ғой, шiркiн!», – деп тамсанды.
Жазуға бейiмi бар студенттер «Лениншiл жас» (бүгiнгi «Жас алаш») пен «Жетiсу» газеттерiн төңiректейдi. Әйгiлi Виноградов көшесiнiң 88-шi үйiндегi жатақхана тұрғындары таңертең ең әуелiм iргедегi базарға келiп, iшiндегi дүңгiршектен осы екi басылымды сатып алады. Әдебиет, өнер мәселелерi сол басылымдарда жиi жазылады. «Лениншiл жасқа» автор көп болғасын, мақала шығару қиындау, сондықтан студенттер «Жетiсудi» көбiрек жағалайды. Сын мақала жазу үшiн дайындық керек. Кiтап қарамаса болмайды. Кiтапхана ол кезде кешкi сағат 10-ға дейiн жұмыс iстейдi. Сабақтан шыға сала сонда тартады. Жауып бiр-ақ қайтады. Шыңғыс Айтматовтың повестерi бiрiнен соң бiрi шығып, қалың елдi елеңдетiп тұрған кез. Студенттер сол повестер жарық көрген «Новый мир» журналын кезекке тұрып оқиды. Сол тұста Шерхан Мұртаза бас редакторы болып дүрiлдеп тұрған «Лениншiл жастағы» «Аққу» эстетикалық клубының материалдары да өзiнше бiр әлем. Ақыры, «Аққуға» қатты қызыққандықтан, француздың әйгiлi мүсiншiсi Огюст Роденнiң шығармашылығы туралы алғашқы мақаласын әзiрледi. Ол көп ұзамай «Лениншiл жасқа» «Мүсiндер тебiренiсi» деген атпен жарқ етiп шыға келдi. Әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi Оралхан Бөкей мен қызметкерi Жарасқан Әбдiрəшев жас авторды бiрден бауырға тартып, өздерi тапсырма бере бастады. Қазақ суретшiлерiнiң жаңа туындылары, Алматының жас балетi туралы сын мақалалары мен рецензиялары жарияланды. Сол кездегi балет өнерiнiң көгiнде жаңа жанған жұлдыз Болат Аюханов туралы алғашқы мақаланы Жарылқап Бейсенбайұлы жазды.
Редакциямен осылай тығыз байланыс орнатқан студент оқу бiтiрмей жатып, «Лениншiл жасқа» қызметке келдi. Жұмысшы-жастар бөлiмiне тiлшi болып орналасып, журналистiк жұмыстың көрiгiн қыздыра бастаған кезде, оны әскерге алып кеттi. Кеңес-қытай шекарасындағы ахуал ушығып тұрған тұс едi. Армияда офицер жетiспейдi. Қысқасы, сол жылы өзiмен бiрге әскери кафедраны бiтiрген жiгiттердiң жартысы сол жаққа аттанды. Байкалдың аржағындағы моңғол-қытай-кеңес шекарасы түйiскен Мәнжүрия жерiнде екi жыл офицерлiк борышын өтедi. Тұрған пәтерiне қазақ газет-журналдарын жаздырып алады. «Аққуда» не жарияланып жатқанын көрiп-бiлiп отырады. Ара-тұра мақала жазуын тоқтатқан жоқ. Онысы жарияланып тұрды. Офицерлер үйiнiң кiтапханасын тауысты. Күнара қарауылдың бастығы болып күзетке түскенде кiтап ала шығады. Түнiмен оқиды. Әскерден қайтып келген соң, «Лениншiл жастың» жаңа бас редакторы Сейдахмет Бердiқұловтың алдына кiрдi. Ол кiсi де «Өнер туралы жазатын бұл қандай офицер?», – деп сыртынан тiлеулес болып жүредi екен. Содан осы газетте табандатқан жиырма жыл он ай қызмет iстедi.
Жас журналистi Секеңнiң өзi ауық-ауық қайрап кетедi. «Суретшiлер туралы жазғандарыңды тоқтатпа. Ел сұрап жатыр. Кейiн кiтап етiп шығаруыңа болады ғой», – дейдi. Сол сөзi жiгерлендiрдi. Жазған кезде 20-25 бет қылып бiр-ақ жазады. Оның бәрi газетке сыймайтыны белгiлi. Содан он бетiн бөлiп алып, газетке ықшамдап бере қояды. Кейiн олардың бәрi француз постимпрессионистерi бастаған бейнелеу өнерiндегi жаңаша дәуiрдiң ұлы шеберлерi шығармашылығын зерделеген «Буырқанған бояулар» атты эсселер кiтабына жинақталды.
Бейнелеу өнерiн соны iзденiстермен байытып, өрiстеткен Жаңаша дәуiр суретшiлерiнiң классикалық дүниелерiн талдау оңайға соқпады. Бұл туындылардың табиғаты бөлек. Қолтаңбалары бiр қарағанда түсiнiксiздеу болып көрiнер. Бiрақ оның арғы қалтарысында жатқан тылсым сырларын пайымдау керек. Солардың құпияларын тану жолында талай кiтап жинады. Жиған кiтаптарына белгiлi суретшiлердiң өзi қызығатын. Көпшiлiгiн Мәскеу, Петерборға барған сапарларынан ала келдi. Кейде алыс аудандардағы ауылдардың елеусiз кiтап дүкендерiнде ел жабылып таба алмай жүрген кiтаптардың тұратыны да бар. Бейнелеу өнерiнiң табиғатын тамыршыдай тап басатын сарабдал сыншы, сырбаз эссешi болып қалыптасуына соның бәрiнiң пайдасы тидi.
Саяхатшы
Журналистiк қызметi басталған тұста қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмiрi мен шығармашылығын зерттеуге ден қойды. 1975 жылы Шоқанның туғанына 140 жыл толуы қарсаңында бұл тақырыпқа өзгеше қырынан қараудың орайы келе қалғаны. Ол ғалымның 1856 жылы жасаған әйгiлi Ыстықкөл сапарының iзiмен жүрiп өтуге бел байлайды. Шиыршық атып тұрған жас кезi. Сапар бағыты түзiлген картаны сызып, бас сарашы Сейдағаңа кiрдi. Басқа бiр тоңмойын басшы болса, «Ыстықкөлiң не, картаң не, өзiң не айтып тұрсың?» – деп меселiн қайтарар ма едi, кiм бiлсiн. Бердiқұлов жас тiлшiнiң ұсынысына балаша қуанды. «Тез аттан, тек ешкiмге айтып қойма!» – деп қызметкерiнiң апшысын қуырды. Қайран Сейдағаң! Маңайындағыларға әлемдiк әбжiл ақпарат құралы басшысының көзiмен қарайтын. Әйтпесе, бұл жаңалықты алдын ала елдiң бәрiне жайып жiберсең де, сол тұстағы басылымдар мұндай сапарға жолқапшық арқалаған жолаушыны жiбере қоймас та едi. Мұндай идеяға тек «Лениншiл жастың» ғана көзқарасы мен мүмкiндiгi үйлес келетiн. Сейдахмет Бердiқұлов қызметкерiн бiр жарым айлық iссапарға жiберу туралы бұйрыққа қол қойды. Сапар Шоқан саяхат барысында басып өткен Аягөзден басталды. Содан өзi кейiпкерiнiң кейпiне ендi де кеттi. Шоқан болып тау-тас кездi. Жаңбырдың астында қалды. Шоқан болып күнделiк жүргiздi. Fалым аялдаған елдi мекендердiң бүгiнiн бейнеледi. Шоқан жүз жиырма жыл бұрын тоқтаған Лепсi мен Iле өзендерiнiң жағасында тұрып толғанды. Қарқара асып, Ыстықкөлге бет түзедi. Өз тұсында саяхатшы офицер Шоқанды өбектеген қырғыз жұртының ұрпақтары жолқапшық арқалаған бүгiнгi журналистi де жанына жақын тартты. Шоқан күнделiгiнде көрсетiлген көл төңiрегiндегi жерлердiң бәрiн аралады. Қырғыз бен қазаққа ортақ Шаты-Саты асуы арқылы Шоқан iзiмен қазақ жерiне жаяулап асамын деп жүрiп, жолшыбай адасып та кеттi. Тау iшiнде түнедi... Ақыры ғылыми-танымдық жолсапар очерк жазылып бiттi. Мақалалар сериясы басылымға да, журналистiң өзiне де ұшан-теңiз бедел әкелдi. Бұл еңбегi 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Шоқан iзiмен» деген атпен кiтап болып басылып шықты.
Қаламгер Шоқанның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында тағы да сол Сейдағаңның қуана қолдауымен, ендi ұлы ғалым ғұмыр кешкен мекендердi аралау мақсатын көздеп, екiншi рет жолсапарға аттанды. Қоржын толыға түстi. Бұрын жарияланбаған деректерге кезiктi. Белгiсiз боп келген мәлiметтер табылды. «Лениншiл жаста» түгелге жуық жарияланған сол жолсапар материалдарының негiзiнде 1987 жылы «Жасын-тағдыр жарқылы» атты кезектi кiтабы жарыққа шықты.
Шоқан тақырыбын игергенiнiң арқасында атақты академик Әлкей Марғұланмен ара-тұра әңгiмелесiп тұрды. Мұның бәрi ұлы ғалым өмiр сүрген мекендердi аралау үстiнде мол пайдасын тигiздi. Баспасөз бетiнде бұрмаланып көрсетiлiп жүрген бiрнеше мәлiметтiң ақиқатын анықтап бердi.
Жарылқап Бейсенбайұлы – қазақ журналистикасында саяхаттық сапардың көшiн бастаған қаламгер. Бiрақ бұл үрдiс арагiдiк қолданылғаны болмаса, кейiннен жаппай дәстүрге айнала қойған жоқ.
Сарашы
Жазу өнерiнiң шеберi, қабырғалы қаламгер, алымды ақпаратшы, майталман макетшi, зерделi зерттеушi, сыншы-суреттанушы, эстет-мәдениеттанушы Жарылқап Бейсенбайұлының шығармашылығында бас сарашылығының шоқтығы биiк тұрады. Өйткенi ол аты аңызға айналған әйгiлi бас редакторлар Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердiқұл секiлдi сарашылық өнердiң теңдессiз мүмкiндiктерiн ашты. Бұлай болатын жөнi бар едi. Бiреуiнiң тұсында «Лениншiл жасқа» қызметке келдi. Екiншiсiнiң әйгiлi ұстаханасының көрiгiнде шыңдалды. Журналистiк өнердiң ақ найзасын сөз сиқырын бiлетiн Сейдағаңның өзi үшкiрлеп бердi. «Ана тiлi» газетiн Жарылқап Бейсенбайұлы басқарған жылдар қазақ баспасөзiнiң тарихында алтын әрiппен жазылады. Басылым үтiр-нүктесiне дейiн оқылды. Жұрт жаппай асыға қолға алатын жалпыхалықтық газетке айналды. Ұлттың санасын оятты, халықтың еңсесiн көтердi, елдiң тарихи танымын кеңейттi.
«Ана тiлi» газетiне бас сарашы боламын деп ойлаған жоқ-ты. «Лениншiл жастың» жауапты хатшысы болып жүр едi. «Комсомольская правданың» Песковi секiлдi жиырма жылдан астам қызмет iстеген осы басылымнан зейнетке шығатын шығармын», – деп қалжыңдап қоятын. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының басшылары бiрнеше үмiткердi iрiктей келiп, Жарылқап Бейсенбайұлын аттай қалап алды. Қазақ баспасөзiнiң ұстаханасы «Лениншiл жаста» шыңдалған әрi газет шығару техникасын мейлiнше меңгерген макетшi Жақаңның бас сарашы болуға мүмкiндiгi мол едi.
Басылымның бет-бейнесi бiрден қалыптасты. «Лениншiл жастағы» қорғасын әрiптiң уын жұтқан жиырма жылдың тәжiрибесi жемiсiн бере бастады. Сейдахмет Бердiқұлов тәрбиесiнiң пайдасын көрдi. Газеттi басқарудың мүлде өзгеше үлгiсiн қолданды. Ұлттық ұстынды берiк ұстанатын журналистердiң мектебiн қалыптастырды. Басқа газеттiң басшылары бас асаулығына бола маңына жолата қоймайтын тарпаң таланттарды қызметке алды. Оларға жауапты қызметтiң тiзгiнiн ұстатты. Мұндай мүмкiндiктiң бола бермейтiнiн ұққан олар да қамшы салдырмады.
Бiрер жылдан кейiн Алтайдың кер бұғысы секiлдi еркiн жортып үйренген аса талантты жазушы Марат Қабанбайды өзiнiң орынбасары етiп тағайындады. Қабырғалы қаламгер публицистикаға түбегейлi бет бұрып, заманның ащы запыранын ақтарып, қанын сорғалатып, ақиқатты қара сөзбен жырлады да отырды. Бұған дейiн көркем сөзден кестелеп өлең өрген белгiлi ақын Байботаның тiл тарихы туралы бiрер мақаласын жариялағаннан кейiн қызметке шақырды. Бұдан соң газеттiң бетiнде Байбота Серiкбайұлы Қошым-Ноғай деп қол қоятын талантты зерттеушiнiң қаламы жорғадай жосылып жүре бердi. Терең талдауларға толы мақалаларға тiлшi-ғалымдардың назары ауды. Газет ашылардан бiрер жыл бұрын тiлшi-ғалым Fарифолла Әнестiң «Жалын» журналына шыққан бiр мақаласын көрген едi. Журналистiк иiрiмдерге икемдiгiн бiрден байқаған. Кейiн оны қызметке шақырғанда, «Мен өмiр бойы газетте iстемеген адаммын», – деп бiрден басын алып қашты. Қолқа салған соң ақыры келдi. Көп ұзамай газетте он жыл қызмет iстеген тәжiрибелi журналист Қонысбек Қожамжарұлымен деңгейлес болып шыға келдi. Өйткенi аржағында бiлiмi мен бiлiгi бар едi. Алаш ардақтыларының бүкiл еңбектерi қолында болды. Шетiнен жариялай бастады. Сол дүниелердi журналистiк тәсiлге салып ұсынды. Ойы жүйрiктiң қиялы жетпейтiн дерек тауып, оны адам айтқысыз пәлсапамен тұздықтап ұсынатын бiлiмдар журналист Мақсат Тәжiмұрат, ғылымның құдығынан су iшiп жүрген жас перiлер Амантай Шәрiп пен Дихан Қамзабекұлы қатарға қосылды. Оны айтасың, Моңғолиядан атажұртына оралған дәрiгер-хирург Абай Мауқараұлы қандауырын қаламға айырбастап, ұлттық мәселелердiң семiңкiреп қалған тұстарына қан жүгiртуге кiрiстi. Егде тартқан шағында қазақ этнографиясының бiлгiрi, өзгеше үрдiспен жазатын қарт сарбаз Ахмет Жүнiс сапқа тұрды. Қаншама жыл корректорлықтан көз ашпаған Раушан Төленқызының қабiлетiн байқап, қолына қалам ұстатып едi, ол да көп ұзамай көсемсөздi көркемдеп кестелейтiн болды. От ауызды, орақ тiлдi қаламгер Жұматай Сабыржанұлын Ақмола өңiрiндегi меншiктi тiлшi қызметiне қабылдады. Бетiң бар, жүзiң бар демей тiлгiлеп тұрып, ақиқатты айтатын Жұматай билiкке ұнай бермейтiндердiң қатарынан едi. Соған қарамастан сенiм артты. Сол сол-ақ екен, Жұматайдың «Ана тiлiндегi» алтын дәуiрi басталды. Томағасын сыпырған қыран секiлдi қаламын құлаштап сiлтедi. Бiр ғажабы, бұрын бiрiн-бiрi көрмеген едi. Қызметке де сыртынан алды. Үш-төрт жылға дейiн де кездесудiң сәтi түскен жоқ. Бұрын-соңды жұрт көрiп-бiлмеген авторлардың есiмдерi жалпақ әлемге кеңiнен танылды. «Ана тiлi» аз ғана уақыт iшiнде ұлтқа керектi ең басты басылымға айналды. Қазақтың ұлттық баспасөзiнiң мүмкiндiктерi шексiз екенi дәлелдендi. «Ана тiлi» қоғамдағы демократиялық үрдiстерге сүйенiп, мiнездi журналистиканың жаңаша үлгiсiн қалыптастыра бастады. Бұл мiнез, әрине, ұлт мiнезiмен толық үйлесетiн едi.
Бұл тұстағы бас сарашыны сарашы емес сиқыршы деуге болар едi. Дүйсенбi күнi лездеме өткiзедi де, апталықтың алдағы санына қандай дүниелер жарияланатынын жоспарлап, сүбелi мақалаларды жазатын адамдарды «жұмыста отырмаңдар, жұма күнi дайын материалмен бiр-ақ келiңдер!» – деп үйiне қайтарып жiбередi. Басқа бiреу мұндай қадамға өлсе де бармас едi. Бiреуге бас иiп көрмеген тарпаңдар келiскен күнi де келмей қалуы мүмкiн ғой! Бас сарашы қызметкерлерiне сендi. Өзi де сенiм ұялататындай байсалды тұлға болды. Жақаңның сал-серiлерi уәделескен уақыттан кешiккен емес. Өздерiнiң жанын жеп жүрген тақырыпты мақалаға айналдырып, бейсенбi, жұма күндерi Бейсенбайұлының алдынан табылады. Мақалалар көбiне-көп дайын келедi. Сонда да сарашы автордың өзiмен ақылдаса отырып, керек тұстарын байытады, қоюлатады. Селкеулiк кетпеуiн қадағалайды. Артық ештеңе жiбермейтiн «Лениншiл жаста» көрген тәжiрибенiң үрдiсiне салады. Тақырыптарды ойнатады. Сол жылдарда басылымда қоғамның, ұлттың басындағы дiлгiр проблемалар жазылды.
Бейсенбайұлы басқарған басылымның батылдығында мiн болмады. Ұлт мәселелерiнiң шешiлуiне кедергi келтiрген әкiмқараларды аяусыз сынады. Кейбiр сынның ақыры болжаусыз оқиғалармен де аяқталуы мүмкiн едi. Соған қарамастан «Ана тiлi» саналы түрде аяқ тартқан жоқ. Жалпы, баспасөздiң тобығының тұсындағы тұсау қай кезде де тартылмаса да iлулi тұрады. Бұрын цензор қадағаласа, ендi тендер қожалық етедi. Ал кеңестiк жүйе ыдырамай тұрған кезде тәуелсiз баспасөз ретiнде дүниеге келген «Ана тiлi» ештеңеден жасқанбай, билiктi ауық-ауық жұлқылап қойып отырды.
– Бiр күнi халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының вице-президентi Өмiрзақ Айтбайұлы қатты ренжiп келдi. Өңi қарауытып кеткен. Бөлмемiз қатар едi. Қапаланып, әңгiмесiн бастады: «Адам құқы жөнiндегi республикалық комиссияның мүшесi едiм. Бүгiн сол комиссияның басқосуы болды. Мәжiлiстi республиканың вице-президентi, комиссия төрағасы Ерiк Асанбаев орысша жүргiзiп отырды. Мен кезегiм келгенде, сөзiмдi қазақша бастап едiм. Ол: «Говорите по русский, чтобы было понятно всем», – деп ескертпе жасады. Мен: «Бұл қалай болғаны, адам құқын дәл осы жерде бұза бастағанымыз ба, сонда?» – деп едiм, «Вам, что, не понятно?..» – деген зiлдi сөздер кеттi. «Егер қазақша рұхсат берiлмесе, онда мен сөйлеуден бас тартамын», – дедiм. Отырыс соңына қарай менi қазақша сөйлетпеу мәселесi демограф Мақаш Тәтiмов тарапынан қайта көтерiлiп едi, елiмiздiң вице-президентi оны да қағып тастап, «лжедемократы», «экстремизм», «горлопаны» деген сөздердi қарша боратқаны», – дедi.
Мен «Осы айтқандарыңызды жазып берiңiз», – дедiм. Өмекең сәл ойланып қалды. «Бүкiл күштiң бәрi қолында ғой, ертең ылаң салып жүрмей ме?!». «Салса, көрермiз...». Ренжiп отырған Өмекең қолма-қол жазып бердi. Келесi нөмiрге жариялап жiбердiк. Тақырыбы айқайлап тұр: «Менi неге қазақша сөйлетпедi?». «Не болар екен?» деп отырмыз. Баяғы заман болса, құртып жiберер едi ғой. Ештеңе де болған жоқ. Содан соң «Е, тәуба, демократия бiзге шынымен келе бастаған екен» дедiк. Тағы бiр мысал. Желтоқсан оқиғасынан кейiнгi үш-төрт жылдың iшiнде Дiнмұхамед Қонаев ақсақалға бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi жолай бермедi ғой. Бiз бiрiншi боп ол кiсiмен сұхбат жарияладық. Газет шыққан күнi ақсақалға телефон шалдық. Ол кiсi рахметiн айтты. «Не бұйымтайларың бар?» – деп сұрады. «Бұйымтайымыз сол, Сiздiң қолыңызды алып қайтқымыз келедi», – дедiк. «Келiңдер!». Бардық, бiрге суретке түстiк. Менен «Атың кiм?» – деп сұрады. Айттым. «Ата-анаң дұрыс қойған екен. Жұртты жарылқасын дегенi ғой», – дедi. Кейiн алаш ардақтысы Мұхамеджан Тынышбаевты жалпақ жұртқа кеңiнен таныстырдық. Баласы Ескендiр жылап тұрып ризашылық бiлдiрдi. Сонда Димекең де Ескендiрге телефон шалыпты; «Әй, бұлар бiр айналайын балалар ғой!» – дептi. Бiздiң жұмысымызға берiлген бағаның үлкенi осы деп есептеймiн, – дейдi Жарылқап Бейсенбайұлы.
«Ана тiлi» қазақ тiлiнде шыққан алғашқы тәуелсiз газет едi. Сондықтан журналистер қаламын еркiн сiлтедi. Билiкпен бауыры жабысқан басқа басылымдар сәл нәрседен аяқ тартып отырғанда, ұлт газетiнiң ашық күнде найзағай ойнатып, қара сөзден құйын тұрғызуы қалың елдiң рухын оятты. Басылым үш жыл бойы өз күнiн өзi көрдi. Алғашқы саны 1990 жылғы наурыздың 22-сi күнi 25 мың данамен жарыққа шыққан газет келесi жылдың қаңтарынан 111 мың данамен тарай бастады. Қалың қазақ өзiнiң рухани үнқағазындағы әр мақаланы ауадай қажет қылды. Ел iшiне Алашты ұлықтаған ұлы басылым «Қазақ» газетi қайта оралғандай болды!
Басылымда ақпаратты дайындаудың қазақы үлгiсi қалыптасты. «Ана тiлiнiң» ақпарат айнасы – «АнАқАй» ақпарат тобы әзiрлеген мәлiметтер оқырманды елең еткiзетiн. Соны байқаған болуы керек, бiр күнi бас сарашыны Ақпарат министрi Алтынбек Сәрсенбайұлы шақырды. Қайта құрылып жатқан Қазақ ақпарат агенттiгiнiң қазақ редакциясына бас сарашы қызметiне жiбергелi отырғанын айтты. «Жетi жыл мәпелеген өзiмнiң перзентiм ғой, «Ана тiлiнде» отыра берейiн», – деп едi, Алтекең көнбедi. «ҚазТАГ әлi күнге дейiн аудармамен отыр. Ақпараттар әуелi орысша жазылып, содан кейiн ғана қазақшаға аударылады. Баяғы кеңес кезiндегiдей, орыс тiлi әлi үстемдiк құрып тұр. Соған намысыңыз келмей ме? Өзiңiз ұлт пен тiл мүддесi үшiн күресiп жүрген жоқсыз ба?! Барыңыз, қазақша ақпарат беру жүйесiн түгелiмен өзгертiңiз», – дедi жас министр. Келiспеске амалы қалмады.
Алтынбек Сәрсенбайұлы өзi сыйлайтын Жарылқап ағасының қызметiн ауыстырудың салмағын сезiнген болуы керек, министр басымен «Ана тiлiнiң» редакциясына арнайы келiп, ұжымының алдында бас сарашыға рахмет айтып, өзiмен бiрге ерткен күйi бүгiнгi «ҚазАқпаратқа» әкелiп отырғызды.
Жаңа жұмысты жатырқаған жоқ. Бұл да сарашылық қызмет. Сәл басқаша үрдiспен дөңгелентiп әкеттi. Елдiң жаңа астанасына келiп, ақпарат тарату орталығының уығын шаншысты. Қазақ редакциясы дамылсыз тер төктi. Қазақ тiлдi ақпараттың үлгiсi жасалды. Ұлт тiлiндегi ақпараттың стилi қалыптасты. Ақпараттық тiл салтанат құрды. Бұрын орыс тiлiндегi ақпараттың бар сөзi түгел аударылуы қатаң қадағаланатын. Өйткенi сондай тәртiп болатын. Сол үшiн арнайы корректорлар отыратын. Бiр сөз қалып кетсе, зар илейтiн. Агенттiк бұл әдеттен арылды. Ақпарат еркiн жазылады. Мағынасы қазақы стильмен ұғындырылады. Бұл мекемедегi Жақаңның тәрбиесiн көрген қыз-жiгiттер жазуға жақсы төселдi. «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясындағы ең мықты журналистiк топ қазақ редакциясының еншiсiне тиетін еді. Мәлiметтi өте жедел бередi. Оқиғаға дереу үн қосады. Шұғыл мәжiлiстерден лездiң арасында телефонмен жоғары деңгейдегi ақпарат тарата алады. Айбын Бақытұлы, Ернұр Ақанбай, Қанат Тоқабай секiлдi жас нояндар Бейсенбайұлының бапкерлiк тәлiмiн алды. Еуразия ұлттық университетiне мемлекеттiк емтихан комиссиясының төрағасы болып барған бас сарашы екi жiгiттi жанына iлестiре қайтты. Ақпараттағы алғашқы қадамдарын кiбiртiктеп бастаған Арман Асқар мен Руслан Fаббас кейін шашасына шаң жұқтырмайтын болды. Балақбау тағып, баспасөздiң балапандарын баптау оңай емес. Бiрақ әйтеуiр жанкештi жұмыстың жемiс бергенi қуантады.
Қазiр бүкiл қоғам болып көшуге әзiрленiп жатқан латын әрпiн пайдалануды «ҚазАқпарат» ертерек қолға алды. 2004 жылдың сәуiрiнде латын әрпiндегi сайт ашылып, шетелдегi бес миллион қазақтың тарихи отаны туралы мәлiметпен күнбе-күн танысып отыруына мүмкiндiк жасалды. «ҚазАқпараттағы» латын қарiптерi академик Әбдуәли Қайдардың нұсқасы бойынша әзiрлендi. «Әрине, бұл – қазiргi әрiптерiмiздiң латыншаға тiкелей ауысқан түрi. Яғни, жаңа әлiпби емес. Жаңа латын қарiптерi Ахмет Байтұрсынұлы әзiрлеген жиырма алты әрiпке негiзделуге тиiс. Латын қарпiне көшу ең алдымен, бiздiң орфографиямыздың тазаруы үшiн қажет. Сол арқылы қазақ тiлiнiң үндестiгiне жат артық әрiптерден арыламыз. Оны қазiргi кириллица арқылы атқару мүмкiн емес. Әрi бүгiнгi әрiптерiмiз интернеттi толығымен меңгеруге де тосқауыл болып отыр. Қосымша қазақ әрiптерi көбiне ашылмай қалады. Орыс тiлiндегi сайттардан кез келген мәлiметтердi алуға болады. Ал бiз өйте алмай отырмыз, латын қарпiне өтпесек, болашақта жас ұрпақтың обалына қалуымыз кәдiк», – дейтін бас сарашы сол кезде.
Сарашының қайда да сарашы екенi бұл мекемеде де дәлелденгендей.
Сардар
Бүгiнгi қазақ журналистикасы сарбаздан кенде емес. Сарбаз болғанда қандай. Бәрiнiң де бес қаруы бойында. Шетiнен ақпарат тарату технологиясының соңғы үлгiдегi құрал-жабдықтарымен мұздай құрсанған әрiптестерiмiздiң қалың қолы тәуелсiз елдiң түтiнiнiң түзу ұшуына шамасы келгенше үлес қосып жатыр. Оның iшiнде бесiктен белi шықпай жатып, жетi жұрттың тiлiн бiлiп, интернет емiп өскен тегеурiндi жас буын да, екi жүйенiң де дәстүрiне қаламын суарған, ауыздығын шайнап, жер тарпыған орта буын да, кемел жасқа келсе де кесек турайтын аға буын да бар. Бiрақ сарбаздарымыз қанша мол болғанымен, сардарларымыз көп емес. Өйткенi жақсы сарбаздардың бәрi бiрдей мықты сардар бола алмайды. Бiреуiне сардар болу мүмкiндiгi берiлмейдi. Екiншiсi сол мүмкiндiк берiлгенiмен, сардар болып жарытпайды. Бұқаралық ақпарат құралын басқарып, тайтұяқ таланттарды баптау өнерi мыңнан бiр адамға ғана бұйырады. «Бес кiтап шығарғанымен, авторы жазушы болмауы мүмкiн», – деп сөз зергерi Fабит Мүсiрепов айтқандай, басылымның жетi атасын басқарған кiсiнiң бәрi бiрдей сарашылықтың сардары деңгейiне көтерiле алмайды. Қазақта бас сарашының орынтағына отырып көрген жандар аз емес. Алайда халық қадiрлеген тұлға дәрежесiнде мойындалған саңлақ сарашылар саусақпен санарлық. Тiптi бiр қолдың саусағы да жетiп қалар. Солардың бiрi – Жарылқап Бейсенбайұлы.
Мен өзiм де Бейсенбайұлының баспасөзге баптаған баласы екенiмдi мақтан етем. Студент кезiмнен «Лениншiл жастың» редакциясымен тұрақты байланысым болған маған қай ағам да қырын қараған жоқ. Жанболат ағам (Аупбаев) көк түтiнге көмiлiп отырып, апарған дүниемдi лезде қарап беретiн. Қуаныш ағамның (Жиенбай) кезектi тапсырмасы дайын тұратын. Қаламымды үшкiрлеген аға-дос Қайнар Олжай Қарағандыға меншiктi тiлшiлiкке аттанып, маған орын босатты. Ержұман ағам (Смайыл) бар шаруасын ысырып қойып, сол замандағы ақпараттық техниканың сұңқары «Ятрань» машинкасымен менi жұмысқа шақыру туралы дәу ЦеКаның дәу бөлiмiне өз қолымен хат жазды. Мен үшiн бәрi де қадiрлi. Бiрақ мақалаларымды ең көп дайындаған, жазу өнерiнiң қыр-сырын шегелеп тұрып түсiндiрген Жарылқап ағаның жөнi бөлек.
Сөз сардары тек қана бапкерлiгiмен емес, шығармашылық талантымен де ерекшеленедi. Жазбайтын сардар жазатын сарбазға ешқашан үлгi бола ала алмайды. Сардар баспасөзге көрiк берiп, жазармандарына сауыт ұсыну үшiн ғана келмеуге тиiс. Ұшақты ұшыртып айдайтын Мұхтар Алтынбаев пен қандауырына құдiрет қонған Жақсылық Досқалиев секiлдi бiздiң саланың сардарлары да қаламының қуатты екенiн кейiнгiлерге көрсетiп отыруы керек. Басқаны қайдам, бұл жағынан Жарылқап Бейсенбайұлына ешкiм де мiн таға алмайды.
Қай қызметiн де шығармашылығына тиiмдi пайдаланды. Соған орай мүмкiндiгi орайласып тұрған тақырыптарға қалам тартты. «Лениншiл жастың» жастар және адамгершiлiк тәрбие бөлiмi ашылып, соның меңгерушiсi болып бекiтiлген тұста қазақ әдебi туралы материалдар жинай бастады. Студент кезiнде этикет мәселесi жөнiнде бiрдеңе оқығысы келсе, еш жерден таппайтын. «Шiркiн-ай, осыны бiреу неге жазбайды екен?» дейтiн. Кейiн өзi жазды. Соның негiзiнде «Әдеп әлемi» деген кiтабы 1982 жылы жарыққа шықты. Сол кiтаптың алғашқы нұсқалары газетте жарияланды. Бейнелеу өнерi туралы жазылған «Буырқанған бояулар» және этикет мәселесiн көтерген «Әдеп әлемi» кiтаптары үшiн 1982 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығы берiлдi. Жарылқап Бейсенбайұлы бұл сыйлыққа қазақ тiлдi журналистердiң арасында тұңғыш рет ие болды.
«Ана тiлi» газетiнде бас сарашы болған жылдарында «Қазақ шежiресi» кiтабы жазылды. Бұл кiтабы да басылымда жарық көрген мәлiметтер мен деректерден түзiлдi.
«ҚазАқпараттағы» ақпаратпен алысқан он жыл да босқа өткен жоқ. Бұл мекемеде интернеттiң бар игiлiгiн пайдаланды. Сол арқылы әлем кiтапханаларының қойны-қонышын ақтарып шықты. Бағалы деректерге кезiктi. Шынында да, тоқсаныншы жылдардан кейiн елiмiзге сырттан келетiн кiтаптар легiнiң тоқтап қалғаны белгiлi. Соның бәрiнiң орнын бар болғыр интернет мықтап толтырды. Расы керек, Жақаңның қатарластарының бiразы интернеттiң бар мүмкiндiгiн пайдалануға бейiм емес. Егер «ҚазАқпаратқа» келмесе, өзi де әуес болмас едi.
Fылыми-көпшiлiк ортаны елең еткiзген «Арғы түрктер ақиқатының iзiмен» атты кiтабы интернеттiң таусылмас қайнар бұлағының арқасында жазылды. Америка құрлығына өткен түпкi түрiктердiң тарихы туралы тың деректер ұсынды. Түпкi түрк-үндiстердiң Орталық Азиядан өткен жолы жөнiнде баян еттi. «Сол түпкi түрктер қайдан шықты, олардың атамекенде қалған кейiнгi iзбасарлары кiмдер?» деген сауалға жауап бердi. Кiтаптың ғылыми жаңалықтарына бұл саламен түбегейлi айналысып жүрген мамандардың өзi қызыға қарайды. Түпкi тарихтан тамырластық iздеген адам бұл еңбектен мол мәлiмет табады.
Ең негiзгi тақырыбы Шоқанды жадынан шығармайды. Шоқан – уақыт өткен сайын әр қырынан айқындала түсетiн тұлға. Кеңестiк дәуiрдегi деректер оны басқаша танытты. Шоқанның шын бейнесi әлi ашылған жоқ. Отаршылдардың зұлымдықтарын Шоқан көрмедi дейсiң бе? Бұл мәселе де зерттеу желiсiне айналуға тиiс. «Бұратана халықтың өкiлiсiң» деген келемеждi орыс офицерлерiнiң арасында жүрген Шоқан да талай рет естiген. Оған талай рет жауап қайтарған. Сондай-ақ оның өмiрi мен шығармашылығындағы қазақ тарихына, ұлы тұлғаларымызға қатысты қаузалмай қалған тұстар әлi де жетiп артылады. Кезiнде молынан жиған деректерi бiрнеше кiтапқа жүк болды. Мұнымен де шектеле қоймас. Сөз сардарының сонысымен де салмағы арта түспек.
* * *
«Ана тiлi» ұлт газетiн Жарылқап Бейсенбайұлы басқарған тұста басылымның атындағы «ұлт» деген жазудың әуелi титiмдей қарiптермен терiлiп, бiртiндеп үлкейе түскенi елдiң есiнде шығар. Бас сарашы әркiмнiң ойына келе бермейтiн бұл үрдiстi асқан тапқырлықпен бiр жылға жуық жүргiзiп отырды. Күн өткен сайын «Ана тiлi» деген атау жайлап қана кiшiрейiп, керiсiнше, «ұлт» ұғымы бiртiндеп ұлғайып келе жатты. Мұның мәнiсi, ол газеттiң атын «Ұлт» деп өзгертуге дайындап едi. Өйткенi кеңес дәуiрiнiң айыл-тартпасын ендi ғана босатқан жылдарда тиiмдi тәсiл қолданбасаң, қадамың жаңсақ кетуi әбден мүмкiн. «Ұлттың» ұлғайып келе жатқанына халықтың да, билiктiң де көзi үйрене бастады. Рухы елдiк санамен тамырласып кеткен киелi басылымның көп ұзамай аты өзгерiп, «Ұлт» атанып, ұлтымен қауышатынына ешкiмнiң күмәнi жоқ-ты. Газеттiң бүкiл болмысы осы атауға толығымен лайық болды. Тек маңдайшаны өзгерту ғана қалған. Егер жүзеге асқанда, баспасөздегi теңдессiз жоба болуы мүмкiн едi. Бас сарашы мақсатына жақындап, «Ұлт» iрiленiп, ендi iргелене бастағанда, «ҚазАқпаратқа» ауысып кеттi...
Бiрақ ұстазымыз iрiлендiруге ұмтылған «Ұлт» ұғымы елдiң зердесiнде қалды. Күн өте келе биiктей бердi. Бұл ұғым уақыт өткен сайын тұлғалана түсетiн Бейсенбайұлының өз болмысын да танытқандай.
* * *
Бүгін - томағамызды алып топқа салып, жазу өнеріне баулыған қадірлі ұстазымыз Жарылқап Бейсенбайұлының туған күні. Желіп келген жетпіс бесіңіз құтты болсын, аға!
Бауыржан Омарұлы,
Қазақ үні