ЖАҚСЫНЫҢ ІЗІ ӨШПЕСІН

ЖАҚСЫНЫҢ ІЗІ ӨШПЕСІН

«Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа» демекші, сондай марқасқа інілерімнің бірі Әліпбек Өсербаев еді. Оның жарық дүниемен мезгілсіз қоштасуы бұрынғы халық жоқтауларында айтылатындай:

Басына жастық қоя алмай,

Аузына сусын тоса алмай,

Көңілін сұрап бара алмай,

Ақ дидарын көре алмай,

       Қапыда кеткен дүние-ай, - дегізіп, артында қалған біздерді, қалың елін мұңға бөлеп, бел қайыстырған ауыр қаза болды. Алпыс жас дегеніңіз, шын мәнінде, өзін көрсететін, бойындағы білімі мен біліктілігін жұмсайтын, өзгеше бір өнегелі тұс – нағыз ел ағасы жасы емес пе?! Міне, осындай сындарлы шағында біз Әліпбек сынды азаматымызды жоғалтып алдық. Билік тізгінін ұстап абырой-беделге ие болған, жұртының ыстық ықыласына бөленген тұлғаның қазасына отбасы ғана емес, тұтас Түркістан өңірі күңіренді. Бұл қазаны халық осылай қабылдады. Жүрегімен жылап қоштасты. Кешегі күннен жүйрік жоқ. Оның өмірден өткеніне де міне, жыл-жарым аунап түсуде. 

       Көп болды үлкен жүрек тоқтағалы,

       Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі, - демекші, біз әлі Әліпбекті талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын боламыз. 

       «Азаматты кебенек ішінен таны» деген халық даналығы бар. Әліпбек Шәріпбек ағамыздан тараған алты баланың үлкені болып өсті. Тұңғыштың өзіндік ерекшелігі болады ғой, басқа бауырларына қарағанда, кішкентайынан жарасымды отбасының өзіне тән тәлімді тәрбиесіне бөленді. Келген кісіні құшақ жая қарсы алып, қоштасарда төресінбей есік алдына дейін шығарып салатын әдеті – сол әке мен анадан сіңген ізгі өнегенің ұшқыны. Дегенмен, Шәріпбек әке ретінде баласына қатаң талаппен қарап қазақы малдың төресі – ботасын қарпып сүйгені секілді үнемі сынақ көзімен қарайтын. 

        Шәріпбек ағамыз өзінің саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолына арнаған жан. Ол кісі жайлы сөз қозғала қалса, ең алдымен ұлағатты ұстаз болғаны, көп шәкірт тәрбиелеп оларға жақсы жол көрсеткені айтылады. Шынында да, сонау алпысыншы жылдары жоғары оқу орындарын бітіріп, №4 Балтакөл мектеп-интернатына келген мұғалімдер елге соны леп жеткізетін, өзгеше жаңалықтың жаршысындай көрінетін. Ал, Хадиша жеңгеміздің өмір салты бір бөлек. Ол кісіні замандастары мінезге бай, сабырлы да мейірімді жан ретінде біледі. Өз анасы тәрізді тазалықты, ұқыптылықты сүйген, байсалдылық пен шыдамдылықты өмірлік ұстанымы жоғары жарына Шәріпбек ағамыз өле-өлгенше риза болып өмірден өтті.   

Талантты ақын Жарасқан Әбдірашовтің «Өзгертуге болады өзіңді де, өзгертуге келмейді өмірбаян» дейтін жыры бар. Ақын жырының астарына үңілсек, мейлі, ол қарапайым жұмысшы, не билік баспалдақтарының биігіне көтерілген басшы болсын, мынау уақытша пәнидегі абырой-беделін, яки қандай адам болғанын қағаздағы жолдары айқындаса керек. Әліпбек Өсербаев 1961 жылы 20 тамызда Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. Қатарластары секілді балалықтың бал дәуренін ауылда өткізіп, білім нәрімен сусындап, мектепті Алтын медальмен бітірді. 1983 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Қарағанды қаласындағы асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытқа жіберіледі. Әліпбек зауытта үш жыл жұмыс істеп, машинистен ауысым шеберіне дейінгі қызмет сатыларынан өтеді. 1986 жылы туған жері Түркістан қаласына оралып, бар білімі мен біліктілігін қаладағы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатын өркендетуге жұмсайды. Әліпбек осы зауытта табан аудармастан 19 жыл жұмыс істеді. Жұмысқа инженер болып қабылданып, зауыттың директорлығына дейін өсті. Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде жігерлілігімен, іскерлігімен танылған оны 2005 жылы қалалық мәслихаттың хатшысы қызметіне шақырады. Сөйтіп, сол жылы Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы міндетін атқаруға кіріседі. Әліпбек бұл қызметте де жасындай жарқылдап, депутаттарды халық мүддесіне жұмыс істеуге жұмылдыра білді.

        Әліпбек қай жерде жүрсе де, Түркістанды үлкен өмір жолындағы тәрбие алған мекенім деп бағалады. Шынында да, ол осында қанаттанды. Бұған ең алдымен себеп болатын жайт, оның үш мәрте Түркістан қаласының әкімі болуы еді. Ол әкім болған жылдарында қаланың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосты, үлкен істер атқарды. Сол тұстарда көне шаһардың көркі өзгерді, мәдениет, спорт сарайлары, басқа ірі нысандар іске қосылды. 

Сол уақыттарда Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек еткен белгілі ғалым Құлбек Ергөбек бір естелігінде былай деп жазыпты: «Топырағын қозғап қалсаң, халық тарихы боздап қоя беретін Түркістанның тас-тарихын – қағба, тарих иісі аңқыған тұзды топырағын сажда қылған азамат Түркістанға әкім болып, үш келіп, еселі еңбек беріп, ел сүйіктісіне айналып, үш кетті. Қайда барса да Әліпбек жүрген жерінде қайнаған жұмыс жүрер еді. Ол Түркістанға қызмет ету арқылы дүйім қазақ жұртына қызмет етті».

         Бұл былай қарағанда, басшының қызмет барысындағы мінездемесі іспетті. Ал, адами тұлғасы ше? Құлбек ол жағын да қағыс қалдырмапты. 

        «Әліпбек елге қызмет етуді, жолы таза болуды біреулердің айтуымен ғана түсінген жоқ. Елге сыйлы болудың бір ғана жолы бар, ол – халыққа қызмет ету, оған бар ықылас-ниетің мен күш-қайратыңды сарқа жұмсау екенін оған өмірдің өзі түсіндірді», - депті. Астары терең пайым. 

         Күннің жарығын көлеңкелеуге болмайтыны сияқты нағыз топ жарып тұрған іскер басшыны тұсаулап ұстау мүмкін емес еді. Түркістан қаласына әкім болған жылдары оның үнемі ат үстінде жүргендей күй кешкенін көрдік. Өйткені, Әліпбек кабинетте шіреніп отыратын әкім емес, үнемі қайнаған жұмыстың ортасынан табылатын нағыз іскер басшы болды. Қалаға әр жылдары әкім болып келгенінде қызметкерлерге: «Мен Түркістанның төл перзентімін. Сол себепті туған қалам үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға міндеттімін. Туған жерімде із қалдыратындай еңбектенуім керек» дейтін. Ерекше атап өтерлігі, өзі қызмет еткен кезеңде сол мақсаттарының көпшілігін жүзеге де асыра білді. Егер сол уақыттарда жұмыс жүйелі жүріп, көптеген күрделі мәселелер орайымен шешімін тауып жатса, мұның барлығы тәжірибелі басшының ілкімді іс-қимылының нәтижесі деп ұққан болар. Ал, ол облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалғанда көпшілік мұны дұрыс таңдау деп ұқты. Өйткені, облыстың жай-күйін, шаруаның ретін, басқа да жағдайларды нақ Әліпбектей білетін және жұртшылыққа сөзі өтетін, көпті соңынан ерте білетін іскер маман аздау еді. Соңғы жылдары аз ғана уақыт Ордабасы ауданының әкімі болды. Онда да оның іскерлігімен көтерілген көрсеткіштер ауданды ілгеріге жетеледі. Артынан бағамдап қарасақ, сенімді кадр, білікті басшы ретінде оған үнемі жауапкершілік жүктеліп отырған екен ғой. 

           Несін жасырамыз, біздер аға буын өкілдері, бүгінгі ел билігінің тізгінін ұстап отырған інілеріміздің бойынан кешегі өткен ата-бабаларымыздың ғажап адамгершілік қасиеттерін, білік-парасаттарының жалғасын көргіміз-ақ келеді. Мен Әліпбек інімнің бойынан сол іздеген, дәметкен жақсы қасиеттерді таптым. Махмұд Қашқаридің мына сөзіне құлақ түрейікші. «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, үлкенді құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке ие» деп жазған еді. Ал, біз – сол түркі жұртының ұрпағымыз. Міне, арғы тегімізден келе жатқан осы аталған жан семірерлік жақсы қасиеттердің бәрі Әліпбек інімнің бойынан да, ойынан да табылатын. 

           Халықтың құрметі өзгеше бір әлем. Еңбектің еленуі деген де бір қадірлі ұғым бар. Әліпбек Шәріпбекұлының жемісті еңбегі «Құрмет» ордені мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдық, Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Бірлік», Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы еңбегі медальдарымен атап өтілді. Басқа да марапаттары бір төбе. 

           Құдай қосқан қосағы Сафура да ерінің қас пен қабағына қарап өтті. Ағайын-туғанға, үлкен-кішіге қонақжай үйдің есігі әркез ашық болды. Інімнің үйінде көбірек болғандықтан, мұны жақсы білдім. Сонша сапырылысып келіп-кететін адамдарға өзінің де, әйелінің де бір қабақ шытқанын көрмедік. Екеуі алтын асықтай үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білім алып, әке салған сүрлеумен келеді. 

Облыс орталығы Түркістанға ауысқан тарихи әрі сындарлы кезеңде Түркістан қаласының әкіміне және әкімдік құрылымдарына артылатын жауапкершілік жүгі ауыр еді. Ол осы жолда ел жүгін қайыспай арқалап, халықтың құрметіне бөленген Жансейіт Түймебаев, Өмірзақ Шөкеев, Қосман Айтмұқанбетов сынды азаматтармен бірге қызмет істеді. Уақыттың салмағына жон арқасын тосып, ауыр жүкті бірге көтерісті. Әсіресе, облыс әкімінің бірінші орынбасары, марқұм Қосман Қайыртайұлы екеуі қаланы облыс орталығына айналдыру бағытында қыруар жұмыстар атқарды. «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, ол бұл істе Астанада келген әріптесіне үнемі жол көрсетіп отырды. Ең алдымен қаланың бас жоспарын әзірлеп, заман талабына сай қаланың даму динамикасын одан әрі арттыруға күш салды. Міне, сол үйлесімді жұмыстардың арқасында тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасалып, сәулеті мен сәні келіскен небір ғимараттар бой көтеріп, қаланың өзіндік инфрақұрылымы қалыптасты. Қазір түркі жұртына рухани орда саналған көне шаһардың көркі сонадайдан көз тартады. Амал нешік, Түркістан қаласын өркендету жолында Әліпбекпен қоян-қолтық бірге жұмыс істескен абзал азамат Қосман Қайыртайұлы 2020 жылы 57 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Көп кешікпей әріптесінің артынан Әліпбек те кете барды. Облыс басшысына ел риза Қосман Айтмұқанбетовтің Түркістанды түлету жолындағы еңбегін бағалап, атына көше беріп, саябаққа еңселі ескерткіш-бюстін орнатты. Ал, бүкіл саналы ғұмырын Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне арнаған Әліпбек Шәріпбекұлына, өкінішке қарай, мұндай құрмет көрсетілмей қалғаны..

             Әрине, марқұмның туған күні мен фәниден бақиға аттанған күні зайыбы мен балалары еске алып, құран оқытар. Баспасөз бетінде бірлі-жарым естелік те жазылар. Балалары әке ретінде іздесе, анасы мен зайыбы «ерім еді, еліне еңбегі сіңіп еді» деп іздер. Бірақ, ол дүйім ел болып іздейтін азамат емес пе?! Тіпті, еңбегі сіңген Түркістанның бір көшесін асыл азаматтың есімімен атаса да артық болмас еді. Себебі, осындай азаматтардың адами болмысы, өнеге-үлгісі арқылы түркістандықтардың абыройы асады, беделі артады. Олай болса, Әліпбек Өсербаев - Түркістанды түлетуге ерекше үлес қосқан азамат. Оның елі үшін атқарған қызметі ұрпаққа үлгі етуге тұрады. Ендеше, елім деп ғұмырын өткізген ерді ел болып елеп, ескерсек етті... Жақсының ізі өшпесінші..    

Серікбай Ибадуллаев,      

«Құрмет» орденінің иегері