Біздің заманымыздың батыры
2022 ж. 11 сәуір
1761
1

«Батыр ақын болмаса,
Батырлыққа мін емес.
Ақын батыр болмаса,
Көрген күні күн емес!»
Өмірзақ Қожамұратов
Заман деген шартты ұғымға қанша жыл кіреді десек, қазақы танымдағы «отау иесі» болуға жарайтын он бес жастан былайғы екі ұрпақтың жасы, яғни, БҰҰ-ның «ұрпақ жасы – 28,5 жыл» деген ресми анықтамасына сәйкес 57 жыл кіреді. Осы тұрғыдан қарағанда мен біздің заманымыздың батыры деп Төлеубек Қарамендітегін айтар едім.
Иә, Төкең үлкен лауазымның иесі болған жоқ. Бірақ, адалдық жолынан тайған да жоқ. Қазақ политехникалық институтының сәулет факультетінің алғашқы түлегі болған ол, институтты қызыл дипломмен бітірген соң, ұстаздарының үмітін ақтап, Мәскеуде аспирантураны да үздік аяқтады, 25 жасында сәулет ғылымының кандидаты болып оралды. 35 жыл жоғары оқу орындарында доцент, кафедра меңгерушісі, профессор, проректор болып жұмыс істеді. Төкеңнің білімі, білігі, ізденімпаздығы мансаптың талай биігіне алып шығуға артығымен жетер еді... Жеткізбеген бір-ақ нәрсе – барлық мәселеде алдыңғы орынға ұлттық мүдддені қоюы болды. Мысалы, Целиноградта 1979 жылы одақтық биліктің қазақ халқының сыртынан республикамыз аумағында Неміс автономиялық облысын ашу туралы қабылдаған өктем шешімі жастардың наразылығын туғызып, каланың көшелеріне, алаңға шеруге алып шыққаны белгілі. Бұл – қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік империя үшін құлақ есітіп, көз көрмеген сұмдық, шектен шыққан басбұзарлық еді. Жастардың өз талабынан сабырлы түрде, асқан табандылықпен қайтпай тұрып алғанында жас ұстаз Төлеубектің де елеулі еңбегі болды. Ол онымен де шектелген жоқ, қазақ жастарын қорлаған институт ректорын орнынан кетіруге барынша атсалысты, тіпті сол үшін докторлық диссертациясын құрбандыққа шалуға дейін барды...
Жалпы, әділеттілікті жек көретін жер бетінде бір адам жоқ, оны бәріміз жақсы көреміз. Бірақ, сол ұғымның өзін әрқайсымыз әртүрлі түсінеміз. Мысалы, 1986 жылы желтоқсанда Кеңес Одағында билікке келген басшылардың «қайта құру» туралы, «бетбұрыс» пен «жариялылық» туралы әдемі сөздеріне құлай сенген қазақ жастары әділдік іздеп Алматыдағы бас алаңға барғанда, мәселе тасталған ұранға мүлдем қарама-қарсы бағытта шешілді - алаңның аппақ қары жазықсыз жастардың алқызыл қанына боялды. Ең жаманы – нағыз қуғын-сүргін оларды алаңнан қуып шыққаннан кейін басталды. Араша түспек болған ұстаздардың өздері жағымпаздардың жаласына тап болды.
Солардың бірі Әркен Уақ болатын. Міне, сол кезде Төлеубек Қарамендітегі бір минут та ойланып жатпастан оған көмекке ұмтылды. Бұрын бабаларымыз нағыз батыр деп, жолдасын жауда қалдырмағандарды айтады екен. Өйткені, қанды қасап шайқастан әрең аман шыққанда досының дұшпан қолында қалып бара жатқанын көріп, қан майданға қайта бұрылып кіруге батырмын дегендердің де бәрінің бірдей жүрегі дауалай бермеген. Данышпан Абайдың да:
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
«Мұнан менің қай жерім аяулы?!» деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда? – деп, ерлердің осы қасиетін ерекше бөліп жырлауы бекер болмаса керек.
Біздің Төкеңді «батыр» деп атауымыздың да сыры осында жатыр. Және өлімге адамның еті үйреніп кететін, жаппай батырлық көрсету күнделікті көп тірліктің біріне болып қалатын соғыста ерлік көрсетуден бейбіт заманда басыңды бәйгеге тіге білудің айырмашылығы жер мен көктей екенін соғыс ардагерлерінің бәрі айтады. Тіпті сол соғыстан Батыр деген атақты ресми түрде иеленіп, кеудесіне Алтын Жұлдызды тағып қайтқан ерлер де жалақорлар мен бәлеқорлармен, мансапқорлар мен жемқорлармен болған шайқастарда сан рет жеңіліс тапқандары да өмірдің ащы шындығы. Бұндай күреске ердің ері, еменнің шоры ғана шыдайды...
Ал, батырлық қайдан туады, оның негізі қайда деген сұраққа келсек, жаны, болмысы таза, топырағы таза жерден жаратылған адам ғана батыр болатынын көреміз. Қазақтың басына түскен аса қиын-қыстау кезеңде елдің ел болып қалуында атқарған еңбегі ерен әйгілі үш бидің бірі – Әйтеке бабамыздан мынадай асыл өсиет жеткен бізге: «Мемлекетті бай адам басқармауы тиіс, мемлекетті би адам да басқармауы тиіс, мемлекетті тек батыр адам басқаруы тиіс!»
Бұл не деген сөз? Бүгінгі тілмен тәпсірлесек, бұл елді экономист басқармауы тиіс, өйткені ол алдымен экономиканың қамын ойлайды; елді философ, жазушы секілді гуманитар адам да басқармауы тиіс, өйткені ол алдымен елдің қамын ойлайды – «мен Тәуелсіздік керек екен деп қазақтан саны он есе көп Ресеймен қалай соғысамын, халқымды бекерге қырып аламын ғой» дейді; елді тек жүрегі, болмысы батыр адам басқаруы тиіс - себебі ол ең алдымен экономиканың да, елдің де қамын ойламайды, ол ең алдымен істің қамын ойлайды! Ісі ақ па, мысалы, Тәуелсіздік керек пе, керек болса онда ол тек Ресеймен ғана емес, халқының саны қазақтан жүз есе көп Қытаймен де соғысады, және ісі ақ болғаны себепті түптің түбінде жеңіп шығады, өйткені «аққа - Құдай жақ», оған Құдайдың - Хақтың өзі көмектеседі! Ал, Құдайға қарсы Ресейің де, Қытайың да ешнәрсе істей алмайды! Сөзіміздің дәлеліне тарихтан сандаған мысал келтіруге болады, біз кешегі бір миллион ғана халқы бар Шешенстан мен бүгінгі Украинаның мысалымен ғана шектелеміз.
«Шешенстан жеңілді ғой» деп шолақ ойлайтындарға айтарымыз, шешендер жеңілген жоқ – Шәміл имамның үлгісімен уақытша ғана кейін шегінді, себебі бүгінгі Ресей армиясы олармен соғысудың орнына патшалық Ресейдің генералы Ермолов секілді халықты жаппай қыра бастады. Ерте ме, кеш пе, Ресей Федерациясының ыдыруы қалай басталады (мүмкін, жақын арада басталып кетуі де мүмкін), солай шешен халқы азаттық үшін атойлап шыға келеді!..
Төкең де сонау жетпісінші жылдарда ұлт үшін өзінің шама-шарқынша бастаған күресін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Бұл жолда ол білімі мен білігіне қоса, публицистік қабылетін де үзбей қолданып келеді. Тарихты да, философияны да терең білетін ол, күні біткен империяны ұстап қаламыз дегеннің бос әурешілік іс екенін, одан түк шықпайтынын айтып, 1991жылы «Референдум кімге керек?» деп мақала жазды. Айтқаны айнымай келді – көктемде «кеңес халқының 75 пайызы Одақта өмір сүргісі келеді» деп, алақайлап ақпарат берген биліктің өтірігі қыс түспей жатып ашылып қалды – Одақтың шаңырағы күйреп ортасына түсті...
Қазақ ежелден ақын-жырауларды халық қамқоры деп білген халық. «Алла-Тағала ақынның аузымен ақиқатты айтады» деп сенген. Махамбеттермен бірге жыраулар заманы да өтті. Бүгінгі заманда олардың орнын саясаткерлер басуға тырысуда. Бірақ, олардың бәрі бірдей, Уинстон Черчилль дәл айтқандай, «халықтың қамын ойлайтын қайраткерлер қатарына» жете алмай, «сайлаудың мүддесін ғана ойлайтын саясаткерлер» қатарында қалып қоюда. Неге жете алмайды? Себебі, батыр емес. Батыр болмайтын себебі – таза емес. Қолы да, жаны да. Сонау сексенінші жылдардың аяғында өмірге келген «Азат» азаматтық қозғалысының басшыларының бүгінге жеткендерінің арасынан атына титтей де кір келтірмеген Төкеңдей адам жоқ. Ел көп үміт артқан Дос Көшімнің өзі премьер-министр санатындағы алғашқы баспасөз мәслихатында «я против повсеместного применения казахского языка» деп мәлімдеген, «оңтайландыру» деген желеумен қазақтың ауылы мен рухани дүниесін қиратуға қолынан келгеннің бәрін істеген Қажыгелдинмен бірлесіп жұмыс істеуге тырысып бір қателессе, адамзатта теңдесі жоқ алаяқ Ә.Қосановты қолдап, екінші рет қателесті.
«Қазақстанның Президенті қандай адам болу керек?» деген сұраққа Төкең «Малайзияның премьер-министрі Мохатхир Мохаммедтей болуы керек!» деп қысқа да нұсқа жауап берген-тұғын. Шынында да, жоқтан бар жасаған, кедей елді байытқан, іс жүзінде қытай мен үндістің қызметшісі болып жүрген малай халқын елінің қожайыны еткен оны қалай мақтасаң да жарасады!
Біз де Төкеңді қалай дәріптесек те көптік етпейді. Ұлағатты ұстаз ретінде де. Жаңалыққа жаны құмар ғалым ретнде де. Қаламы қарымды публицист ретінде де. Соның өзі аздық етеді. Себебі, Төкең – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап азамат. Ол – әнші. Жиын-тойдың гүлі. Өзгенің жұмысына өз ісіндей жаны ашып, белсене кірісіп кететін ерекше жан. Қазір бұндай таза қазақи қасиетке ие адамдар мүлде азайып кетті.
Мен Төкең жасындағы ағаларымды «жетпістегі жігіттер» деймін. Бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, айта бергім келеді. Себебі олардың жүрегі жас, жаны жалынды. Күш-қуаты бойында.
Сіз жыңғылдың гүлдегенін көріп пе едіңіз? Жоқ? О, онда сіз, Санжар Керімбай бауырым секілді сәл өсіріп айтар болсақ, өміріңіздің жартысын босқа өткізгенсіз. (Көктем келді, жыңғыл гүлдеп жатыр, тезірек көруге асығыңыз...) Жыңғылдың гүлі бір түсті емес – сан-алуан! Төкеңді көргенде менің көз алдыма сол Сырдың сұлу қызыл жыңғылы келеді. Әрі түп-түзу, тіп-тіке өседі.
Сол Төкең сол сұлу күйінде сексенге толып отыр. Мен бүгін ол кісіні шөлдің сексеуіліне де ұқсатамын. Неге? Сексеуіл балта өтпейтін өте берік, өте қатты ағаш. Қызуы да сондай. Оның қызуының күші көмірден жоғары. Бұрын бабаларымыз сексеуілді өртеп, одан көмір алатын болған.
Төкеңнің де еліне берер жылуы әлі өте мол. Халқының қазыналы қартының бірі. Жүз жасаңыз, аға!
Өмірзақ Ақжігіт