ҮЛКЕННЕН ДЕ, КІШІДЕН ДЕ ҮЙРЕНДІК
2022 ж. 04 сәуір
1747
0
Қырық жылға жуық қаламгерлік сапында келе жатқан белгілі журналист, ақын Сайлаубай Тойлыбаевтың да жас әріптестеріне берер өнегесі аз емес.
– Кез келген шығармашылық еңбектегі шеберліктің көп оқу мен талмай ізденудің арқасында келетіні белгілі. Одан соң, әрине, сол бағыттағы белгілі бір адамдардың ықпалы ерекше орын алады. Мен университеттің журналистика факультетін 1972 жылы түгескен едім. Содан бастап, негізінен, газет жағында қызмет істеппін. Егер тәжірибелі журналистерден алған тәлім-тәрбие жәйін сөз қыла бастасақ, өз ісінің «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтіндей небір ағалардың құлағын шулатарымыз анық. Мысалы, «Лениншіл жаста» талай нәрсенің жөн-жосығын үйретіп, кәсіп сырына баулыған Ырым Кененбаевты қалай ұмытармын! О кісі ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын-ды. (Қазір қарап отырсақ, бізге ересек көрінетін Рекең сонда жап-жас жігіт екен).
Сол ағаның ықпалымен өндірістік-тәжірибеден өтіп жүрген студент кездің өзінде-ақ астықты Қостанай облысына іссапарға шығып, бірнеше материал әкелгенім бар. Ырым ағаның қағазға түсірген дүниелеріме қарап отырып: «айналайын, жазғаныңның бәрі жақсы, тек әлі де шеберлігің жетпей жатыр. Ұсынатын дерегіңді мірдің оғындай етіп жып-жинақы, жұп-жұмыр қылып беруге дағдылан. Мағынасыз көпсөзділіктен қаш. Және әр басылымның өзіне тән мәнері болады. Жастар газетінен жастыққа лайық еркіндік пен жігер лебі есіп тұрғаны жөн. Соны ескер. Көп оқы. Көп жаз!» дейтіні күні бүгінге дейін жадымда.
Шынында да, албырт, балаң шақта адам өзінің көп кемшілігін аңдай бермейді ғой. Артынан әлгіндей кәнігі мамандардың ақыл-кеңесі бойынша өз нәрсеңді басқа дүниелермен салғастыра қарасаң, талай кемістігің бадырайып шыға келеді.
Сол секілді кейінірек көз жеткізе түстік – әлгі тұста «ЛЖ»-ның тілшілері бірінен-бірі өтетін нағыз дарынды азаматтар екен. Жарылғап Бейсенбайұлы, Жақау Дәуренбек, Несіп Жүнісбайұлы, Орысбай Әбділдаұлы ияқты мамандардың да шапағаты тиген бізге... Осы кісілерге қарап, солардың мақала, очерктерін оқып тәжірибе ұштадық. Жалпы, журналист адам ғұмыр бойы ізденуі керек. Одан соң қаламгер жазу үстінде өседі! Міне, осыны білдім мен.
Қазір үйде бір қабырға кітаптарым бар және күнделікті баспасөзде жарияланып жататын жақсы дүниелерді іздеп оқуға тырысамын.
Әлгінде айттым, журналистің шеберлігі күнделікті жазумен, оқумен, тоқумен артады. Баяғыда Жұматай Жақыпбаев марқұм: «жазуға күнделікті бір уақытта отыруға бейімдел! Тіпті, жазасың ба, жазбайсың ба, әйтеуір, отыр! Ең аяғы сурет салсаң да, белгілі бір мезгілде үстеліңнің жанынан табыл. Сонда ой-өрісің де сол уақытқа бейімделеді. Көп айтыла беретін шабыт та сол уақытта келеді» дейтін. Одан кейін марқұм Төлеген Айбергенов те өлеңді қарындашының сабын тістелеп, түйіліп, түнеріп, толғанып отырып жазып тастайды деуші еді. Мұны айтып отырғаным, бәрі әркімнің бейімделуіне байланысты ғой. Біреулер түнде жазады, әлдекім қаламға таң азаннан тұрып жармасады дегендей. Әйтеуір, әркімнің шабыты әрқалай келеді.
Тегінде, жазу дегеніңіз адам бойына берілген керемет бір қасиет. Сол қасиетті ұштай білу, жетілдіріп отыру әркімнің өзіне байланысты шығар.
Қазір өз ісіне жетік жас журналистер қатары көбейіп келеді. Маған олардың батылдықтары ұнайды көбіне. Тақырып аясы да соншама ауқымды олардың...
Бірақ реті келгенде айта кетейік, бүгінде мен әлгінде айтып отырған ауылшаруашылығына байланысты дүниелер өте аз. Ауыл өміріне, атамекен тарихына қатысты толғамды дүниелер кенже қалып барады. Қазіргі нарықтық заманға қатысты қиындай түскен тұрмысты, ел өмірінің ащы шындығын ашып көрсететін мақалалар сирек...
Әйтеуір, мұңы басым ауылдағы мектеп аман. Оған да шүкіршілік етесің...
Ал егер, тауқыметті қоя тұрып, есею жолында ықпал еткен қаламгер ағайындар тізімін жалғастырар болсақ, Ақкөл Отарбаев сынды замандас еске түседі. Одан Қоғабай Сәрсекеев, Нұрғазы Шәкеев сияқты кісілердің де тәжірибесін көрдік. Әр қаламгердің, әр жетекшінің жазудағы, іс басқарудағы өзіндік мәнері болады екен. Соған қарап тәжірибе жинақтадық, ысылдық дегендей. Бертінде әйгілі Шыңғыс Айтматовтың өзімен дәмдес боп жүрудің, сырласудың сәті түскен. Ол кісі маған қаламын сыйлады.
Жалпы, осынау көрнекті қаламгермен бірнеше мәрте жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түскен. Заңғар суреткерге Шыңғыс деген ұлымның аузына түкіртіп алсам деп жүргенімде, ол балам опындырып, кенеттен қайтыс болып кетті...
Шыңғыс ағамыздан көп нәрсені үйренуге болады. Мен о кісінің шығармаларын түгелге жуық оқыдым. Прозалық шығармаларымен қатар журналистік еңбектері де бір төбе. Бір байқағаным, Шыңғыс ағамыз талмай жазатын адам екен. Демек, оны даңқ тұғырына жанкешті еңбек арқасында жеткен деуге негіз бар. Осындайда өз істерінің шеберлік биігіне тек дарын қуатымен қатар маңдай тер арқылы жеткен курстастарым еске түседі.
Мысалы, Ұлықбек Есдәулет, Қонысбай Әбіл, Нұртілеу Иманғалиұлы, Әшірбек Амангелдиев, Марат Әбдіхалық, Батық Мәжитұлы, Қуандық Түменбаев, марқұм Сейітқұл Оспанов секілді курстастарымызды лайықты мақтан тұтамыз. Қысқасы, журналиске ең керегі көп іздену, дамылсыз талаптану, тынбай жазу екен. Сонда біртіндеп шеберлік шыңына көтеріле бересің.
Жазып алған Құлан САҒАТҰЛЫ.