ҚАЗАҚТА ЖІГІТКЕ БЕРГІСІЗ ҚЫЗДАР ДА БОЛАДЫ

ҚАЗАҚТА ЖІГІТКЕ БЕРГІСІЗ ҚЫЗДАР ДА БОЛАДЫ

Алматыда тұратын кейбір қаламдастарым «айдалада жүріп сен нені білесің» деп мені менсінгісі келмейді. Бірақ менің сол айдалада жүріп-ақ оқымаған кітабым, бармаған елім, көрмеген қалам қалмағанын (сәл артықтау кетсем кешіріңіздер) білмейді. Не тоңмойындықтарына сап, білгісі келмейді. 

Қайбір жылы тарихы талайғы Францияның астанасы Парижге бардық. Жолбасшымыз – сол тұстағы Білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева.

Шәмшә әпкемнің ұлтжандылығы туралы бұрын есті азаматтардан еститінмін. Газеттерден оқитынмын. Сол жолы өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім.

Әуелгі ұнағаны – қарапайымдылығы болды. Базбір қарындары шермиген шенеуніктерше жұрттан жырылып, оқшауланып, бизнес-класты таңдамапты. Сізге өтірік, маған шын, Шәкең ұшақта қарапайым жолаушылардың "эконом-клас" деп аталатын "у-шуы" көп салонында отырды. "Ләппай, тақсырлап" зыр жүгіріп жүрген көмекшілері де жоқ.

Ең қызығы сол, ұшақтың жұптасқан орындықтарына қатар отырып қалған екенбіз, Алматыдан Амстердамға дейін әпкелі-інілі адамдардай емен-жарқын әңгімелесіп бардық. Қарапайымдылығына етімнің үйренгені сонша, қай өңірден, қай ауылдан екеніне дейін сұраппын ғой. 

Ал үйінен киімілгішке іліп ала шыққан қазақы көйлегі мен қамзолын ұшақтан түсер кезде далаға мен көтеріп түстім. Әуежайда да көтеріп жүруіме тура келді.

Ал ұлтжандылығы мен қазақылығы – әпкемнің ең үлкен қасиеті екен. Қазақ министрлеріне жетіспейтін қасиеттің бірі де осы ұлтжандылық пен қазақы қалып емес пе? Ондай министрлер қазір жоқ қой. Бар болса, тым аз...

Амстердамның әуежайында Парижге ұшатын ұшақты күтіп біраз отырып қалдық. Осыбір үзілісте әпкем ЮНЕСКО-да өтетін «дөңгелек үстелдің» тілі жөнінде сөз бастады. Жанымызда жүрген, Сыртқы істер министрлігінен қосылған қыз баланың айтуына қарағанда «дөңгелек үстелдің» жұмысы орыс тілінде дайындалыпты. Қазақ елі, қазақ тарихы, қазақ деген көне жұрттың көне қаласы Тараздың екі мыңжылдық тарихы туралы өрбитін әңгіме қазақ тілінде өтпесе, Парижге қазақпыз деп несіне кеуде керіп келе жатырмыз? Бұл қазақ деген ел-жұртымыздың атына ұят емес пе? Еліміз арқа сүйеп, ес көріп отырған Сыртқы істер министрлігіндегі білдей азаматтардың ар-ожданына сын емес пе бұл?

Бірақ Шәмшә әпкем қанша жерден шыр-пыр болғанмен, сол кездегі Сыртқы істер министрлігінде бұл туралы бас ауыртатын адам болмады. Кейін мәселенің мән-жайын ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілдігіміздің қызметкерлерінен сұрастырсақ, олардың айтқаны «аудармашылардың бәрі француздар. Олар тек қана орыс тілінде аударма жасайды ЮНЕСКО тек қана өз аудармашыларымен жұмыс істейді» деген тақұл-тұқыл сөз болды.

Күмәні көп сөз, әрине. Жеті жұрттың мәдениеті мен өнерін, тарихын қанатының астына алып, қамқорлық жасайтын ерекше шаңырақтың сол елдердің тіліне келгенде кежегелері кері тарта қалды дегенге ешкім де сенбейді. Мен де сенгем жоқ. 

Сөйтіп Шәмшә әкпейім француз ғалымдарының алдында ана тілінде сөйлегісі келсе де, «протокол тілі» деп қоймай қойған соң, амал жоқ орыс тілінде сөйледі. Сөйлеп тұрған апамның жүзіне қарасам, қазақ деген қарқаралы елдің тілі ЮНЕСКО шаңырағында естілмегеніне қатты күйзеліп, беті күреңітіп тұр екен.

Хаттама бойынша «дөңгелек үстелден» соң Тараз шаһарынан табылған көне жәдігерлердің көрмесі ашылуы керек болатын. Шәмшә әпкем, міне, осы жерде қазақша кетті. Мен де толқып кеттім. Өйткені Қазағымның тілі Париждің қақ ортасындағы ЮНЕСКО ғимаратының қара шаңырағында алғаш рет Қазақ елінің ресми адамның аузынан естілді. Ол ресми адам, әрине, Шәмшә әпкем болды. Ал үстінде өзім көтерісіп келген қазақ әйелдерінің ұзын етек керемет көйлегі мен сәнді қамзолы. 

Батыр екен, «бұған басқалар қалай қарайды» дейтін кейбіреулер құсап қарадай үрікпеді. «Осы «самодеятельностьім» үшін басшылардан таяқ жеп жүрмесем нетті» дейтін сауысқаннан сақ шенеуніктерше бүгежектеген де жоқ.

Қазақта жігітке бергісіз қыздар да болады. Шәмшә әпкем сол ұлға бергісіз қазақ қыздарының бірі болды. Ал әпкемнің ана тіліміздегі айызды қандыратын әуезді сөздерін француз тіліне аударып жатқан қазақтың қара домалақ баласы еді.

Жатқан жерің жәнната болсын, Шәмшә әпке!

Көсемәлі Сәттібайұлы, 

Қазақ үні