Баспасөз бапкері
2022 ж. 29 наурыз
1834
0
Үлкен өнер саналатын шебер журналистік бір басқа да, осы салада білгір басшы болу екінші мәселе. Ойлап қарасаңыз, бұған да айрықша дарын керек сияқтанады. Әйткенмен, осы қос міндетті биік деңгейде тең көтеріп, іскер жетекші ретінде танылған әріптестеріміз де баршылық. Солардың бірі ¬– республикалық «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қали Сәрсенбай...
Қарап отырсақ, наурыз айының 22-сі «Ана тілі» газетінің алғаш жарық көрген күні екен. Биыл басылымның шыға бастағанына тұп-тура отыз екі жыл болыпты. Біз бұл сапар Қалекеңнен қазіргі қазақ баспасөзінің тыныс-тіршілігі төңірегінде аз-кем сыр тарттық.
1. Елдегі сөз бостандығы жөнінде.
– Расында да, «Бізде сөз бостандығы, сөз еркіндігі деген көбіне жоқ, бәрі шектеулі» деп айтылып қалады. Бірақ, Құдайға шүкір, ел өзінің ой-пікірін бүкпесіз айтып келе жатқалы да талай уақыт өтті. Тіпті, қарап жүрсеңіз, базбіреулер әлеуметтік желіні былай қойып, баспасөз арқылы да аузына келгенін айтып жатады. Ал енді сөз бостандығы осы екен деп шектен шығуға бола ма?! Бірақ бізде бетмен кетушілік көп. Қарапайым мәдениетті естен шығарып жатамыз. Менің бір таң қалатыным, мұндай өрескелдіктің өзіне кешіріммен қарау үшін, осындай оспадарлықты көтеру үшін де керемет жүйке керек шығар-ау. Кейбіреулер, мысалы, сәл артық айтылған сөзге бола да соттасады. Кейде баспасөз бетіндегі әлгіндей «еркіндікке», әсіресе, үлкен биліктегі адамдардың төзіп отырғанын көріп, бұлардікі неғылған жүйке деп қайран қаласың. Осыдан кейін бізде сөз бостандығы жоқ деп қалай айтарсың!
2. Бүгінгі журналистиканың басты кемшілігі мен жетістігі жайында.
– Бұрынғы әріптестеріміздің көпшілігі бірдеңе жазса Алатауға алпыс жол, Қаратауға қырық жол арнап отырып алатын еді. Жаңа заманғы журналистика ондайдан арылды, бірақ сөз қолдану мәселесі бәрібір кейінгі буынның ең үлкен ділгірлігі ретінде қалып келеді. Әр дәуірдің өз артықшылығы бар. Айталық, бұрын «стиль» деген нәрсе болатын. Баяғыда әр журналисті өз мәнері айқындайтын-ды. Ал қазір олай емес, бәрі сапырылысып кеткен сияқты. Қазір баяндау басым, нақтылық тапшы. Сөзді нәрлеп, дәмін келтіріп жеткізе алмау жәйі бүгінгі журналистиканың кемшілігі екені де анық. Ескі кадрлер сөз қадірін, жалпы журналистиканың не екенін жақсы біледі. Алайда олардың жаңа заманғы технологиялық процестерге қатысуы олқылау ма деген ой келеді; оны игеруі жағынан бейімі төмендеу секілденеді. Ал жастар керісінше, компьютерді де, нарықтың талабын да, бәрін жақсы игерген. Әйтсе де ең қажетті элемент – Тіл жағынан келгенде осал. Телерадио журналистикасында оқиға орнынан бірден репортаждар беріп, тікелей эфирге шығып кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Ондайда тілдік норма бұзылмай тұрмайды. Ал бірақ ойдың да, тілдің де әрін келтіріп, асықпай, мәнерлеп дайындайтын шұрайлы дүниелер болады. Міне, жас журналистер, әсіресе, осындайда қай жағынан да биіктен көрінсе деп ойлайсың.
3. Ертеде қалыптасқан кәсіби жоғары «марканы» төмендетпеу туралы.
– «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиетi», «Жас Алаш», «Түркiстан» газеттерiнiң ұлттық, елдік мәселелерді биік деңгеде жеткізіп жазып келе жатқаны рас. Бұлар қазақтың аса бай тілдік қорын, сөз бостандығын қолданулары әрқалай болғанымен, рухани деңгейлерi ересен, iшкi мәдениетi терең басылымдар. Осы сапқа кейіннен қосылған «Қазақ үні», «Жас қазақ» та де ұлтымыздың рухани әлемiне жаңаша леп ала келген газеттер. Әлбетте, бұл ретте біздің «Ана тiлi» басылымы да журналистика әлемінде өз қолтаңбасын айшықтауға күш салатыны анық.
Тағы бір тоқталатын жәйт ¬– аталған басылымдардың қай-қайсы да жаңа заман талабына сай техникалық безендірілуі жағынан белгілі биікке көтерілді. Рас, жалпы тарихымызда техникалық творчество жағынан аздап кенжелеу қалғанымызды мойындау да керек шығар. Міне, осы кемшілігіміз газеттерімізде көрініп қалуы ықтимал. Бізде, әдетте, фотосуреттерді, заставкаларды беруге, тағысын-тағы безендіру істеріне қарағанда жарияланатын дүниенің мән-мағынасына, мазмұнына көбірек назар аударылады. Бірақ баяғы Сейдахмет Бердіқұловтың тұсындағы «Лениншіл жастың» техникалық безендіру ықпалы осы күнге дейін жалғасып келеді десем артық болмас. Өзі, «Лениншіл жасты» қазақ журналистикасының космодромы... ұстаханасы дейді ғой. Көптеген шебер қаламгерлер осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Ең мықты макетшілердің бәрі де сол жерден шықты. Мысалы, Жанат Елшібек, Жарылғап Бейсембай, Ерғали Сағат... Кейінгі Сапарбай Парманқұл, Ертай Айғалилардың бәрі газет макетін қыздың жиған жүгіндей қылып жасайтын. Бұл көбінесе Сейдағаңның талабына да байланысты болатын. О кісі ең алдымен макетке қарайтын еді. Ұнамаса лақтырып жіберетін. Менімше, сол мектептің жалғасы әлі де, әсіресе, қазіргі «Жас Алаштан» да, «Егемен Қазақстанан» да айқын сезіледі.
Өз басым газеттің қара жұмысынан өттім. Екі жыл «ЛЖ»-да корректор болдым, үш-төрт жыл секретариатта істедім. Одан «Егемен Қазақстан» мен «Жетісу» секретариатының да «қазанында» қайнап-пісуге тура келді. Кейінірек «Өркен» газетінде жауапты хатшы қызметін атқардым... Сондағы бір байқағаным, біздің көпшілік қаламгер бауырларымыз техникалық шығармашылыққа салғырттау қарайтын еді. Қазір де бірқатар журналистердің компьютерді қабылдамау мінездері кездеседі. Әлгі «жерсінбеу» деген ұғым бар ғой. Әлі де сондай бір тосырқау әдеті жоқ емес секілденеді. Әйткенмен, Құдайға шүкір, қазақ басылымдарының дизайн деңгейі көп жоғарылады. Осындайда еске түседі, баяғыдағы Бағдат шалды білесіз... «Лениншіл жаста» жарты ғасырдай еңбек еткен суретші-ретушер Жандосайды... Сол кісілердің барлығы макетке қатысатын кезінде. Бүкіл секретариат кәдімгідей бірігіп отырып жасайтын еді...
4. Кезінде өз қолымен көркейткен «Алматы ақшамының» жетістігі сыры турасында.
– Өзі, газет дегеніңіз айналып тұрған бір конвейер сияқты ғой. Мысалы, журнал шығарсаң біраз уақыт бар. Ойланып-толғануға, белгілі бір бағыттарды айқындауға, тақырыптарыңызды пысықтауға мүмкіндік мол дегендей. Ал газетте ондай жағдай жоқ. Бұл дегеніңіз күнделікті қайнап жатқан процесс. Дереу іске кірісіп, батыл шешімдерді жүзеге асыра бастаған едік. Және «Ақшам» – алаштың бір анасындай Алматының газеті. Қазақтың бәрі елеңдеп қарап отыратын ару қаланың... шулы мегаполистің басылымы. Оның өзіндік ерекшеліктері болады. Әуелі соны зерттедік. Алматының аты Алматы! Ауылға барсаң алдымен «Алматыңда не жаңалық?» деп сұрайды. Қалалық газет деген аты болмаса республиканың түкпір-түкпіріне тарайды. Жиырма жылға жуық тарихы бар. 1988-ші жылдан бастап бүкіл республикалық каталогтерге енген. Телефон шалып, хат жазып жататындар көп. Халыққа ерекше ұнайтын қасиеттері бар басылым. Сондықтан осыны әрі қарай тереңдету үшін тер төге бастадық. Ең басты ойымыз жұрт Алматыдан жақсы хабар күтсе... Бір иманды, биязы, тартымды газет жасасақ дедік. Қалың оқырман бүгінде айқай-шудан, өзге де жеңіл-желпі нәрселерден, желбуаз дақпырттан әбден жалыққан. Ондайдың бәрінің дәурені өткен. Елге енді үлкен сөз керек. Терең сөз керек. Оны әркім мүмкіндігіне қарай айта алады. Міне, осындай газет жасау керек болды бізге. Американың «Нью-Йорк Таймсы» деп жатады ғой. Ол енді дүние жүзіне тарайды. Жұртшылық біледі ондай газеттің бар екенін. Біз әлемге тарамасақ та, осы Алматының «Таймсы» болсақ та жетіп жатыр. Сондай межеде жұмыс істесек деген ой ғой. Негізі, газеттің 70-80 пайызы ақпараттан тұруы керек. Одан соң ақпаратты жай жаза салмай, дамытып, тереңдетіп, толық беру деген бар. Жалпы, халықты ақпаратпен-ақ тәрбиелеуге болады. Көзіқарақты оқырман жақсы білетін болар, «Қала-қарбалас», «Біздің қаланың тұрғындары, «Алаштың айымдары», «Алматыға кім келді?», «Өнер-Өмір», «Қала-Құқық», «Сағындым Алматымды», «Алматыны кімдер басқарды?» сияқты көптеген айдарлар аштық. Міне, осылар арқылы да небір сырлар төгілттік-ау.
5. Төңірегіндегі кадрлар қақында.
– Жазу дегеніңіз үлкен өнер. Ісіңе тастай болуың керек. Әсіресе, газеттің жұмысы керемет шеберлікті қажет ететін жатқан бір ғажайып әлем. Бүгінгі оқырманның талғамы да өте биік. Соның талабынан шыға білуің керек. Журналистке қажетті оперативтілік, білім мен тәжірибенің тереңдігі өз алдына, көпшілік күтетін көшелі сөзді... шындықты, күн сайын болып жатқан жаңалықтарды жоғары кәсіби деңгейде нақпа-нақ жеткізіп отыру оңай іс емес. Міне, сондай үдеден шығатын мамандарды, мықты репортерлерді топтастыру жеңіл болмайды. Оған қоса құрылтайшымыздың шынайы қамқорлығы мен жанашырлығын сезінбей жан-жақты биік талаптарға лайықты сапалы газет шығару да мүмкін болмас еді. Осы орайда жағдайды терең ұғынып, газеттің халыққа керектігін түсініп, шығармашылық ұжымға оң көзбен қарайтын басшылығымызға ризалық білдіре кетсек ретсіз болмас.
6. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудағы қағидасына қатысты сөз.
– Газетке не бересіз? Қандай оймен келдіңіз? Міне, осының бәрін қағазға түсіріп беріңіз дер едім. Егер ол белгілі дәрежеде оқу-тоқуы бар және жазу мәнері бөлектеу... Бұған қоса журналистикаға деген шынайы құлшынысы бар адам болса, оның ұсыныстарының ішінен құрығанда он пайыздай бірдеңе табасың. Міндетті түрде! Міне, осындай принциптен кейін барып жұмысқа қабылдаймыз. Шынын айту керек, бүгін бізде жұмыс істейтін кейінгі жастардың ізденіс өрісі, құлшынысы қуантады. Оны зерделі оқырман байқап та жүрген болар. Дегенмен, арасында кейбір жас журналистер ештеңе оқымай ма, жан-жағына қарамай ма деген түйткіл туындап қалатыны да жоқ емес. Кейбір қыз-жігіттер кімнің кім екенін... Кімнің өлі-тірі екенін білмейтін жәйттері де кездесіп жатады. Мәселен, Оралхан Бөкейден сұхбат алып кел десең, сенен о кісінің телефонын сұрайтын да адамдар бар. Оқымайды... Білмейді деген сөз ғой. Сондықтан біз өзіміздегі жас мамандардың дүниетаным деңгейін кеңейтіп отыру ісіне де жіті мән береміз. Өйткені адам бірден кәсіби маман болып қалыптаспайды ғой. Әуелі нешеқилы сүзбектен өтуге тура келеді. Лездемелерде газетте не бар, не жоқ... дегендей, ұдайы өзара ақылдасып отыруды ұмытпаймыз. Идея ұсынылады, өне бойы тақырыптарды айтып отыру керек... Ойлар талқыланады. Газеттің бейнесі де, қолтаңбасы да осындай-осындай ізденістер арқылы айқындалады. Мұндай мектептің жас тілшілерге де берері көп болмақшы. Нағыз шығармашылық адамы ештеңеге қанағаттанбауы керек. Әсіресе, газет қызметкері тойымсыз... рухани ашқарақ болуы шарт. Тоқмейілсу пайда болған сәттен тоқырау басталады. Мақтауға да мастанбаған жөн. Әркім әрқалай қолпаштайды. Біреу мысықтілеумен мақтайды. Ондайды, тегінде, қабылдаудың да қажеті жоқ өзі. Ол табиғи процесс. Жүре беретін үдеріс. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Ал оны қабылдасаңыз тоқтағаныңыз. Жалпы шығармашылық процесс тоқырайды. Сондықтан оқу, тоқу... үнемі үздіксіз іздену болмаған жерде газет жұмысы бірден құлдырап, тірнектеп жиған абырой-беделіңізден қолма-қол айрылуыңыз қиын шаруа емес. Француз философы Дидро «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» депті. Міне, сондай ниетпен еңбек ететін журналист те газеттің бағы ғой!
***
Осындайда «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген уәж ойға оралады. Байқап қарасақ, қаламынан әр жылдарда «Өнер-өмiр», «Сендердi сағынғанда», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Абыз-аңыз», «Шер-шындық» сияқты көптеген кітаптар туып, журналистік салада қатардағы сарбаздықтан білікті сардар деңгейіне көтерілген Қали Сәрсенбай жетістігінің сыры оның жастайынан қызығы мен шығығы мол осынау мамандықтың ыстық-суығынан өтіп, ерте шыңдалғандығында сияқтанады.
Әлбетте, қаламгердің жазушылық дарыны туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып.
Құлан САҒАТҰЛЫ.
Алматы.