НАУРЫЗ МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ
2022 ж. 28 наурыз
2354
0
Батыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы бір апта бойы тойланды. 14 наурыз – Көрісу күнінен басталған мереке облыс орталығы Орал қаласы мен барлық аудандағы түрлі мәдени, спорттық іс-шараларға ұласты.
Күн мен түн теңелетін 22 наурыз күні қаланың 16 жерінде мерекелік бағдарлама қойылды. Тұңғыш Президент алаңында киіз үйлер тігіліп, керней қағылып, «Самарқанның көк тасы», «Наурыз – көктем гүлі», «Қыдыр ата батасы», «Жер Ана мейірімі», «Балалар тартуы» және «Достық» тақырыбында театрландырылған көріністер сахналанды. Наурызға арналған концерттік бағдарлама көрермендер назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар ұлттық тағамдар (наурыз көже, бауырсақ) халыққа ұсынылып, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де өтті. Шаһар жастары алтыбақан аясында домбырамен ән әуелетіп, тұрғындардың көңілін көтере түсті. Ал арнайы ұйымдастырылған спорт алаңында түрлі ұлттық ойындар (қазақ күресі, арқан тарту, қол күресі, асық ату, т.б.) бойынша сайыстар өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақ Жайық жұртшылығына ізгі тілегін білдірді. «Ежелден Наурыз адам мен табиғаттың жаңаруы, жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. Қыстан аман шыққанына қуанған халқымыз бір-бірімен құшақ жая көрісіп, көктем мен жазға ілесе, жақсылық келеді деп бағамдаған. Осы ұлы мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын арнап, елдің саяси реформасына қатысты жаңа міндеттерді белгілеп берді. Президентіміздің тың бастамаларын қолдап, жаңа Қазақстан құруға бір кісідей жұмылып атсалысайық! Еліміздің мерейін өсіріп, ұлттық болмысымызды айшықтайтын Наурыз мерекесі әр отбасына шексіз шаттық пен бақыт, құт-береке мен молшылық әкелсін!», деді өңір басшысы. Наурыз мерекесі Батыс Қазақстан облысында сәуір айының соңына дейін жалғасатын болады.
Qazaquni.kz