Қазақ тілі - қазақтың жаны!

Қазақ тілі - қазақтың жаны!

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілдің бүгін мен болашақты байланыстыратын негізгі құрал екенін атап көрсеткен-ді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра беретіндігімізді үнемі тілге тиек етіп келеді. Қазақ тілінің дамуы жолында ауқымды істер атқарып келе жатқан ұйымның бірі де бірегейі – Халықаралық қазақ тілі қоғамы десек артық айтқандық емес. «Қазақ тілі» қоғамы — қазақ тілі, мәдениеті, әдебиеті мен тарихын оқып-үйренуге, ұлттық рух, елдік намысты оятып, оны одан әрі дамытуға ынталы Қазақстандағы және шетелдегі азаматтарды біріктіретін ерікті ұйым болып табылады. Мемлекеттік тілдің ғылым, мәдениет, экономика, халықаралық қатынас тілі ретінде қолданылуына ықпал етуді көздейтін ұйымның ұйымдастыруымен күні кеше өткізген Қазақ тілі мен мәдениетінің I форумы осы сөзіміздің айқын дәлелі.


Форумда мемлекеттік тілдің халықаралық қатынас саласындағы орны мен рөлі, тіл мәдениетінің қалыптасуы, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өзге де ұсыныс-пікір айтылды. Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Алтын қыран» компаниялар тобының, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының қолдауымен өтті. Жиынға ҚР Парламенті депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты.

Форумда сөз алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы халықаралық қатынастағы қазақ тілінің өрісін кеңейту мәселесін айрықша көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "дипломаттарымыз шет тілдерін ғана емес, алдымен мемлекеттік тілді білуі керек» деген сөзін алға тартқан қоғам басшысы мемлекетік тілдің қолданысы бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Жиында «Қазақ тілі» қоғамының бес бірдей жобасы таныстырылды. Республикада қазақ тілін үйренушілерге арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы туралы қоғамның вице-президенті Максим Рожин: «Қазақ тілі қоғамы» қазақ тілін дамыту бағытында жүйелі жұмыс істеп келе жатқаны баршаңызға белгілі. Қоғамның қолға алған жобаларының бірі – қазақ тілін қолданушылары мен үйренушілеріне арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы. Аталмыш жоба Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүзеге асып келеді. Бұл қазақ тілін үйренгісі келетін, қазақ тілді орта іздеп жүрген қазақстандықтар мен шетелдік қандастарымыздың басын бір арнаға тоғыстыруды көздейтін жоба. Бізге қазіргі таңда солтүстік облыстар маңызды болып тұр. Осы аймақтарда клубтың филиалдарын ашып, жұмыс жүргізу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда бізге Қазақстан Халықтар Ассамблеясы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Жұмыстарымыз Достық үйінде іске аспақ. «Қазақ тілі» қоғамының жобалық жұмысын жолға қою да аса маңызды.Біз қазіргі таңда жобалардың тізімін жасап жатырмыз. Оның ішінде ІТ жобалар, ғылымға және лингвистика саласына, контенттік медиаға, мәдениетке қатысты жобалар бар. Мысалы, ІТ жобаларға келетін болсақ, біз көпшлік қолданып жүрген «Tik-Tok», «Whatsapp», «Vishate» сынды қосымшаларды қазақшаға аударуды жоспарлап отырмыз. Осы жобалардың барлығын меценаттардың қолдауымен жүзеге асырмақпыз. Кейбір жобалар мемлекет қолдауына ие болуы мүмкін.

 Қазіргі таңда республика бойынша атқарылуы тиіс жоба «Körneki» жобасы. Оның мақсаты – елімізде көрнекі ақпаратқа қатысты шыққан жаңа заңды орындауды қамтамасыз ету. Жоба мақсаты – әр қалада шағын және орта бизнесті жүргізіп отырған мекемелерге кіріп, сол заңнның орындалуын сұрау. Қандай да бір қателіктер мен заңбұзушылықтар орын алса, сол мекемелерге заң бұзушылықтарды ақысыз түрде түзеуге көмектесу. Мәселен, ас мәзірі қазақ тілінде болмаса оны қазақшаға аударуға тегін көмек беру. Аудармашылар ақысыз, тегін мәзір мәтінін аударып береді. Бұл істің барлығын сыпайы түрде ешқандай айқай-шусыз жүзеге асыруды көздейміз. Яғни, заң талабын орындауға ықпал етеміз. Сонымен қатар, келіп түскен басқа да жобалардың орындалу барысын қарастырылуда. Әрбір ұсынылған жобаның елдің қажетіне қаншалықты жарайтындығы сарапқа салынады», – деді.

  ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаев қазақ тілі мәселесін шешудің жолына тоқталғанда:

« – Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі», – деген болатын. Бұл өз кезегінде өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлеуге баулитын «Sözwar» сынды сөйлесу клубы жұмысын қолдаудың аса маңызды екендігін көрсетсе керек.

Астаналық филиалдың «Körneki» жобасы еліміздегі көрнекі жазулардың мемлекеттік тілде қатесіз жазылуына бағытталып отырғанын жоғарыда атап өттік. «QAZAQ GRAMMAR» қазақ мектебі жобасы туралы техникалық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Оңтүстік Калифорния Университеті (АҚШ) түлегі Айгүл Сағымбай айтып берді. Жобаның ерекшелігі – мектеп қызметінен түскен табыс мемлекеттік тілді дамыту жобаларына жұмсалатын болады. «QAZAQ GRAMMAR» мектебі орта білім беру жүйесіндегі бірегей жоба болмақ, – дейді жобаны таныстырған Айгүл Сағымбай. «Сөйле, тілім!» жобасы еліміздің өзге ұлтты азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруіне көмектеседі. «Алтын ұрпақ/Golden Generation» қазақ және ағылшын тіліндегі халықаралық топтық кіріктірілген пән олимпиадасы жобасы туралы астаналық гимназиясы директор орынбасары Ажар Қабденқызы айтып берді. Басқосуда сонымен қатар, «Салауатты ұрпақ» мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге арналған дамытушы ойындар жобасы да егжей-тегжейлі таныстырылды.

Қоғам мүшелері форумда сондай-ақ, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді сөз етті. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Нәрікбаев атындағы заң Академиясы басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Бағдатқызы онлайн кітап саудасында қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы мәселесін көтерді. Білім беру саласының маманы Аятжан Ахметжан орта білім саласындағы қазақ тілін оқыту түйткілдері туралы сөз қозғады. Ақш-тағы Солтүстік Юта университетінің магистранты Назира Байырбек шет мемлекетте қазақ тілі курстарын ұйымдастыру төңірегінде ой қозғады. Қоғам беслендісі, кәсіпкер Мақсұтбек Айтмағамбет қазақ тілінің халықаралық аренадағы мәртебесі жайында айтып берді. Белгілі психолог Лимана Қойшиева тіл мәдениетінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны туралы әңгімеледі.

 Іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы астаналық филиалдың жуырда сайланған жаңа төрағасын таныстырды. Қоғамның елордадағы филиалын бұдан былай қоғам белсендісі, журналист-педагог Қанат Әуесбай басқарады.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

qazaquni.kz