ОТАНДЫҚ БАСПАСӨЗ КЕҢІСТІГІ
2022 ж. 07 наурыз
2119
0
Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын ақпараттық қолдау және түсіндіру жұмысы сөз болғанда Қазақ журналистикасының қалыптасқанына ғасырдан аса уақыт озғаны ойға оралады.
Дегенмен, шынын айтқанда, бізде осы күнге дейін тәжірибелі қаламгер ағайындардың жас әріптестеріне арнаған ақыл-кеңес, үлгі-өнегесін қамтитын еңбектер жоқтың қасы екен. (Әрине, бұл санатқа оқытушы-профессорлардың теориялық дүниелері кірмейді).
Осы ретте жаңа заманғы Батыс пен Шығыстың көпшілік тілшілері Лондондағы «Observer» басылымының бұрынғы қызметкері, кезінде Мәскеудегі «Independent Press» компаниясына жетекшілік еткен, сондай-ақ Ресей мен Кіндік Азиядағы көрнекті ұстаздардың бірінен саналған Дэвид Рендалдың «Әмбебап журналист» аталатын жалғыз кітабын жастанып оқып жүр десек артық айтқандық емес. Оқулықтың артықшылығы өзі де жылдар бойы қиындығы мен қызығы аралас журналистік еңбектің азабын шегіп, талай қателесе жүріп шыңдалған Д.Рендалдың оқырманымен бүкпесіз сыр бөлісуінде жатса керек. Рас, «істің майын ішкен» мүйіздері қарағайдай журналист ағаларымыз өзімізде де жетеді. Егер олар құнттаса «Әмбебап журналистей» дүниені өздері-ақ жазып берер еді. Бірақ, өкінішке қарай, олар жеке лабораториялары құпиясын ашқысы келмей ме, әлде тәжірибе бөлісуге уақыттарын қимай ма, ондай әрекеттің нышаны әзірге байқалар емес. Біз аз да болса осынау олқылықтың орнын толтыру ниетімен тісқаққан қаламгер ағайындармен тілдесіп қоюды ұйғардық.
Сондай кәнігі журналистердің бірі ¬– Зәкір Асабаев ағамыз. Елу бір жылдық еңбек жолы әйгілі «Лениншіл жас» газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» (бүгінгі «Парасат») журналында өткен Зәкеңнің отандық баспасөз ісін өркендету жолындағы ойлары нақтылығымен, тереңдігімен ерекшеленеді.
І
Өткен дәуірлерде қазақ халқында тұрақты баспасөз болмағаны белгілі.
ХХ ғасырдың бас кезінде «Қазақ», «Айқап», «Шолпан» сияқты бірқатар қадау-қадау газет-журнал шыққанын білеміз. Бірақ олардың өмірі ұзаққа бармаған. Сол секілді Кеңес өкіметі тұсында да кешегі 80-ші жылдарға дейін шыққан басылымдарымыз да санаулы ғана екен. Есесіне солардың таралымы мол еді. Мәселен, өзім 1964 жылғы сәуір айынан бастап өмір бойы еңбек еткен «Мәдениет және тұрмыс» Совет өкіметі құлардың алдында 500 мыңға дейін жетті. Сондай-ақ «Жұлдыз» журналының да тиражы 250 мыңдай болғаны есімде. Ал ел егемендік алғаннан кейін ұлттық газет-журналдар саны бірден шырқап өсті. Айталық, бүгінде бір ғана Шымкент қаласының өзінде 135-140 газет-журнал шығады дейді. Олардың бірқатарын осы Алматыдан да көріп, тиіп-қашып оқып қалып жатамыз. Таралымына қарасаң, алды елу-алпыс, арты он мыңнан кем емес. Демек, оларды сонша адам оқиды деген сөз. Әйтеуір, салыстырмалы түрде таралымы әрқилы болғанымен, қазір газет-журнал баршылық. Бұл ретте мен «көп» дегенді көпсінбеу үшін айтып отырмын. Көбейіп кетті демеу керек. Газет-журналдар молынан шыға берсін. Келе-келе ішінен іріктеледі, сұрыпталады. Жақсылары айқындалады.
Осындайда қазақ елі аз ғана мерзім ішінде сонау жазу мәдениеті ерте дамыған Англия, Италия, Франция секілді өркениетті елдерді қалайша қуып жетті деген ой тумай ма! Біз – ежелден сөз қасиеті дарыған халықпыз. Меніңше, алғырлықтың бір сыры сонда жатыр. Қазақта ауыз әдебиеті ерекше дамыған. Анау «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырлары, шынында да, ғажайып мұралар емес пе! Бір ғана мысал –Ақжүністің Қарт Қожақ қуып келгендегі:
Қара жерге қар жауар,
қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
қанды көр де бетім көр! – дейтіні неткен керемет.
Мұны айтып отырған себебім, жас журналистер ұдайы сондай сарқылмас бастау бұлақтан сусындап отыруы қажет!
ІІ
Өткенге үңіліп отыру керектігін айтқанда сонау саны аз, сапасы жоғары газет-журналдардың лайықты шығуына өте білікті журналистердің қосқан үлесі еске түседі. Сол замандарда жанын сала еңбек еткен, шеберлігін талмай шыңдаған қаламгерлерді көрдім, көпшілігімен қоян-қолтық жұмыс істедім. Шет жағасы осы бертінге дейін келді. Қазір зейнеттік демалыста жүргендері бар... Мен соларға қайран қаламын. Олардың істі жандандыруға деген құштарлықтары сонша, тіпті, артық та кетіп жататын еді. Мысалы, «Қазақстан коммунисі» журналында әдеби қызметкердің мақаласын бөлім бастығы түзейтін, бөлім бастығынан кейін оны түп-түгел жауапты хатшы шимайлап, қайта бастыратын. Жауапты хатшының шимайлағанын редактордың орынбасары өңдейді. Оның қолынан өткен материалды бас редактор қайта қарайды... Сондайды өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Бұл енді тым асыра сілтеу ме екен, кім білсін! «Қазақстан коммунисі» партиялық журнал еді. Соны белгілі оқырмандары болмаса көп ешкім оқи да қоймаса керек. Бірақ биік деңгейде шығаруға сонша жан салатын-ды. Есесіне, сол журналдарда жұмыс істеген кез келген журналисті кез келген журналға бас редактор етіп тағайындауға лайық-тын. Өйткені бұлар дамылсыз өсу үстінде болды, тынымсыз жұмыс істеді.
«Социалистік Қазақстанда» да талап күшті дейтін. Тым қасаң газет саналатын еді. Қасаң болмай қайда барады енді, мақалаларды бірінен кейін бірі түзеп жатса! Бәрібір сол басылымда әдебиетті, өнерді жақсы түсінетін, шалқытып жазатын қаламы қарымды адамдар болды. Олар кейін өздерін басқа салада көрсетті. Көбі жазушы болып кетті. Солардың бәрін көрдік. Бұл да жас қаламгерлерге ой салатын нәрсе болса керек.
ІІІ
Реті келгенде айта кетейін, бүгінгі таңда қазақ журналистикасы кейбір орыстілді басылымдардан артта қалған дейтін жаңсақ ұғым бар. Біраз қандастарымыз соларды алып оқып, тамсанып жүреді. Шындығында, әлгілердің бәлендей мықтылығы жоқ. Олар орысша айтқанда, «жаренный» фактілерді... Немесе қайдағы бір күйелеш деректерді, әдепке сыймайтын өте өрескел жағдайларды тауып алып жазуымен ұтқыр болып көрінеді кейде. Ондайдың, әрине, ешкімге абырой әпермейтіні анық. Ал қазақ журналистикасының бүгінгі таңдағы дамуы, жалпы алғанда, өте тамаша дер едім мен. Жазу мәдениеті әбден игерілген. Әлгінде айтып тамсанып отырғанымдай мамандар бүгін де бар. Тек заман бөлек, мезгіл басқаша, талап өзгеше. Соның үдесінен шыға білу керек. Одан соң қазіргідей күрделі кезеңде әрбір қаламгер ұлттық мүддеге қызмет етуге ұмтылса екен деймін. Бұл бағытта, әрине, кәсіби біліктілікті талмай арттырып отырған жөн. Бірақ талап, қабілет, еңбекқорлық – осылардың бәрінің басы қосылмаса тағы болмайды. Дұрыс тиелмей ауып қалған жүк секілді бір жағына тартып тұрады.
ІҮ
Біздің заманымызда журналист қыздар деген емге табылмайтын. Бірлі-жарым кәкір-шүкірлеу... пайдалы кеңес іспеттес нәрселерді жазып немесе хат бөлімінде хат тіркеп отыратын қыздар болды. Қазір қарасаңыз, кез келген редакцияда тілші қыз-келіншектердің үлес-салмағы басым секілді. Бұл да бір ерекше құбылыс, ұлттық ерекшелік пе екен деп те ойлайсың кейде. Баяғыда Мәскеуді «орталық» деп әспеттеп, сондағы мамандарды үлгі тұтатын едік. Біздің қыздар телевизияда немесе радиода, яки баспасөзде болсын, сөздерінің өткірлігі мен пайым-парасат, салиқалы талдау деңгейі жағынан олардан асып түспесе кем емес сияқтанады. Дегенмен, ешқашан да болдым, толдым деп тоқмейілсімеу керек.
Ү
Өкінішке қарай, сауаттылыққа мән бермей, маңызды іске жүрдім-бардым қарап, бір-екі жақсы дүниесі шығып, мақтала қалса, шектен тыс масаттанып, сыналса керісінше, әріптестерінің жанашырлық ниетін өшпенділікпен қабылдап... Өз-өзіне талаппен қарауды ұмытыңқырайтын жағдайлар да көрініп қалып жатады. Ондайда қарның ашады.
Онан кейін бір таптауырындықтар кездеседі. Айталық, бірде «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегенді бір газетте үш мақаладан көріп, ренжідім. Немесе «Айта айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» іспеттес көптеген жаттанды тіркеске құмар іні-қарындас, ұл-қыздарымыз бар. Талғамсыздықтың бір көрінісі емес пе осы? Мұндай сөздерді «жаңалық» қылып жаза берудің не қажеті бар? Жалпы өзі, журналистер үнемі өсуге, ізденуге тиіс халық қой. Тіпті, мақтаудың өзін сын көзімен қабылдау керек. Одан соң кейінде тіптен белең алып кеткен бір жәйт – қалыптасқан терминдерді орынды-орынсыз «қазақшалау» көбейіп барады. Өткенде Рахманқұл Бердібаевтың 1956 жылғы осындай мәселелерге арналған мақаласы көшіріліп басылды. Сол келеңсіздіктер әлі көп. Мәселен, колхоз бен созхоз тарап кеткелі бері оларды «ұжымшар», «кеңшар» деді. Колхоз бен совхоз құлаққа әбден сіңіп кеткен ұғымдар емес пе! Кейбіреулер, тіпті, минутті «минөт», секундті «секөнд» деп жазады. Осының бәрі бірдей орыстың да сөзі емес! Қазақтың тілін бұлай «байытудың» не керегі бар. Сол сияқты теледидар мен радиода қазылар алқасын «әділқазылар» деп саңқылдап тұрады. Оның әділ болмауы да мүмкін ғой.
Міне, осындайдың бәрін журналистер қатты ескерсе деймін. Қолдан жасалған бояма сөздерден қашса. Бұл тұрғыда білікті мамандар мен ғалымдардың дұрыс бағыт беретін еңбектері сирек те болса ұшырасып қалып жатады. Жас тілші соларды ерінбей қойын дәптеріне түртіп алуды әдетке айналдырса еш ұтылмас еді.
Жазып алған Құлан САҒАТҰЛЫ
qazaquni.kz