З.Жандарбек: ДӘСТҮРЛІ ДІНІНЕН БАС ТАРТҚАН ХАЛЫҚ ЖОЙЫЛАДЫ
2022 ж. 04 наурыз
2348
0

Елімізде болып өткен соңғы саяси жағдайлар, «қаңтар дүрбелеңі» қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Бұл баршамызды ойландырар өзекті мәселеге айналып отыр. Осы ретте біз, қоғамдағы діни ахуалға талдау жасап, жиі мақалалар, пост-жазбалар жазып жүрген тарихшы-дінтанушы ғалым, Зікірия ЖАНДАРБЕККЕ бірнеше сауалдарамызды қойған едік.
ДІНИ-РУХАНИ АХУАЛ ӨТЕ КҮРДЕЛІ
– Сіз бұрын да бұл тақырыпқа мақала жаздыңыз. «Бұған жеткізген қандай себеп?» деген сұраққа жауап іздедіңіз. Еліміздегі деструктивті діни ағымдардың қауіпті іс-қимылы тереңдеп бара жатқанын айтып дабыл қақтыңыз. Жоғарыға ашық хаттар жаздыңыз да. Бірақ тиісті органдар сіздің дабылыңызға құлақ асты ма?
– Жалпы, еліміздегі діни-рухани ахуал өте күрделі. Діни-рухани ахуалдың шиыршық ата шиеленіскенінің дәлелі кешегі Алматыдағы қаңтар оқиғасы. Мұның негізгі қозғаушы күші кімдер болғаны да белгілі. Бірақ, бізде олардың тікелей қатысы жоқ дегенді алға тартып, мәселені айналып өткісі келеді. Бұл жақсы емес. Біз бұл мәселені не шешіп реттеуіміз керек, не мұның соңы азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін. Ел іші тас-талқан бүлініп, екінші Сирияға айналуы мүмкін. Бұл бір. Екіншіден, этникалық жіктелуге түсуіміз ықтимал. Мұның салдары бір қазақ қырыққа бөлініп ыдырап, тұтастығынан айрылады. Қазірден олардың елде жүйесі бар: өзіміздің дәстүрлі дін жолымыздан бөлек сәлафи-вахаби ағымы, таблиғи жамиғат, христиандық секталар т.б. Бұлардың барлығы қазақтың салт дәстүрін, төл мәдениетін, дәстүрлі діни-рухани жолын мойындамайды. Сәлафизмді қабылдаған қазақ қатты өзгереді. Қазақ боп туғанына қарғыс айтып, қазақы салт пен санадан бас тартады. «Зиярат ширк, «беташар ширк», «анау ширк, мынау бидғат» дейді. Қысқасы, өзінен басқаны кәпір санайды. Арабтың дәстүрі мен салт-санасына табынады, түпкі мақсаты халифат құру. Бұл өте қауіпті тенденция. Мен бұл мәселені көтеріп талай рет Елбасымызға, Президентімізге де, Дін істер комитеті төрағасына да ашық хаттар жазып келемін. Ол кісілерден шығарып салма, сырғытпа жауаптар ғана алдым. Ең соңғы рет 13 қаңтар күні Президенттің атына тағы да хат жаздым, тағы сол сырғытпа жауап болды. Он жылдан асып кетті, мен осы мәселе төңірегінде айтыс-тартысқа түсіп жүрмін. Жуырда Дін істері комитеті төрағасының орынбасарымен ZOOM желісі арқылы осы мәселеге орай отырыс өтті. Айтып жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ. Себебі, радикалды бағыттағы діни ағымдарды қолдайтындар биліктің өз ішінде отыр.
АДАМЗАТҚА ТӨНГЕН ЗАУАЛДЫ ШЕГЕРТТІ
– Қоғамды ыдыратушы құрал ретінде көрінген деструктивті ағымдар: вахабизм, салафизмнің т.б. қозғалыстардың түп-тамыры неде? Жалпы, сырттан келген діни ағымдар қазақ қоғамы үшін қаншалықты қауіпті?
– Кез-келген халықты өзге халықтан ажыратып тұратын – дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы. Егер де халық өзінің дәстүрлі дінінен бас тартып, өзге дінді қабылдайтын болса, онда ол халық жойылып кетеді. Өйткені, кез-келген халықтың мәдени ерекшелігін қалыптастыратын нәрсе – дәстүрлі діні. Себебі, ол дінді сол халыққа берген, оның рухани, мәдени болмысы мен ерекшеліктерін қалыптастырған Жаратушының өзі болатын. Бұл – Құдайдың берген жолынан, Жаратушының берген дәстүрі мен мәдениетінен, генетикалық кодынан бас тарту деген сөз.
Бұл ағымдардың түбі, тарихы тереңде жатыр. Исламда Пайғамбарымыз қайтыс болған күннен қалыптасқан 2 бағыт болған. Олар: «Ахл-әл хадис» және «Ахл әл рай». «Ахлал хадис» бағытының концепциясы мынадай: Құранды сарапқа салмаймыз, тек қана арабтың, сол кездегі Пайғамбар заманындағы дәстүрді, танымды, жалпы сипатын сақтап қаламыз. Дамуды мойындамаймыз, бұдан өзгені қабылдамаймыз дегенге саяды. Екіншісі, Әзірет Әлидің бағыты – «Ахл әл рай». Мұның концепциясы: Құран аяттарын да, Пайғамбарымыздың хадистерін де сарапқа салып, ғылым-біліммен сабақтастырып негіздейтін өзегін алу және адамның рухын мойындау болатын. Ең бастысы Алла мен адамның арасындағы байланыс үзілмеуі керек деген ұстанымдағы бағыт. Егер де, Алла мен Адамның арасында байланыс үзілсе ақырзаман орнайды. «Ахл әл рай» бағытын әуел бастан арабтар қолдамаған. Ол бізге түркілерге, Түркістанға келіп қанат жайды. VIII ғасырдағы Қарлұқ-Қарахан мемлекеттері, Сырдың төменгі ағысындағы Оғыз мемлекеті алғашқы ислам мемлекеттері болатын. Бұл мемлекеттерде ғылым-білім өте жоғары деңгейде дамыды. Шындығында, күллі Ислам ғылымы мен білімінің негізін қалаған түркілер. Мысалы, Әл-Фарабидей ғұламалардың туып, сол заманда ғылымды биік деңгейге көтеруінің түп негізі «Ахлал рай» бағытының түркі даласына келуінде жатыр. Ысқақ баб бастаған 3 бабтың Түркістан жеріне Рухани әлемді, Алла мен адам арасындағы рухани байланысты ала келуі, ислами ғылым-білімнің осы өлкеде дамуына негіз болды. Адамзатқа ықпал ететіндей деңгейге жетті. Тарихқа бойласақ империялар мен оны басқарған билік өкілдері «Ахлал хадис» бағытын қабылдап, ғылым-білімнің тоқырап, халқы рухани азғындап, мемлекеттің күйреуіне жеткізген тұстары бар. Адам Алладан алыстағанда ақырзаман орнайды. Осы ақырзаман қаупі төніп тұрғанда Алла тағала тарих сахнасына Қожа Ахмет Ясауидей тұлғаны жіберді. Әулие бабамыздың Алла мен адам арасындағы рухани байланысты қалпына келтіру жолындағы әрекетімен рухани әлем қайта қалпына келе бастады. Ясауи бабамыздың осы жанкешті қызметі, (адам мен Алланың арасындағы байланысты жалғау) оның ілімі Адамзат тіршілігін тағы 800 жылға ұзартты. Адамзатқа төнген зауал, ақырзаманды шегертті. Дін тарихынан мәлім, Пайғамбарларды Алла тағала адам баласы өзінен алыстай бастағанда жаңа Пайғамбар жіберіп отырған. Пайғамбарлардан кейін әулиелер кезеңі басталады. Оның басында Қожа Ахмет Ясауи бабамыз тұр. Қазіргі салафилік-уахаббилік бағытындағы діндарлар тарапынан осындай рухани тұлғаларға, жалпы рухқа зор қарсылық бар. (Олар, тіпті Ясауи кесенесін қиратып тастағысы келеді). Мұның бәрі Адамның Алламен байланысының үзілгенін көрсетеді.
Кейінгі кезде жер бетінде түрлі катаклизм мен зауалдар туындауда. Әсіресе шетелдерде табиғи апаттар көп(цунами, тұтас ел көлеміндегі жер сілкінісі т.б.). Алланың рухани қуатынан ажыраған кезде адам – адам емес, «биороботқа» айналады. Былайша айтқанда екі аяқты хайуанға айналады. Бүгінде әлемнің басты қасірет – осы.
КҮРЕС ЖҮРІП ЖАТҚАН ЖОҚ
Бұл ағымдардың енуі Тәуелсіздік алғаннан басталды десек те болады. 1992 жылы 17 ақпанда «ҚР Діни сенім бостандығы» туралы заңы қабылданды. Осы заңның қабылдануы біздің елімізге түрлі секталар мен деструктивті ағымдардың сыналай еніп, миссионерлердің төрімізге шығып алуына жағдай жасады. (Бұл ағымдардың артында үлкен күш, қомақты қаржы бар). Ақшаны не үшін ұсынады, көздегендері не? Елді іштей ірітіп, бір-біріне айдап салып қырқыстыру, этникалық жіктелуге түсіріп тоздыру. Қазынаға толы, далиған даласы бар іштей іріген елді бөліп ал да билей бер саясаты. Сыртқы күштердің басты миссиясы осы болатын. Осы миссия іске асқанына кешегі қаңтар дүрбелеңі көзімізді анық жеткізді.
– Осы заңнан басталған десеңізші...
Осы заңның өзінде шикілік бар. Былай қарағанда жаңа тәуелсіздік алған, әлемдік өркениетке құлаш созған, ашықтықты қолдайтын мемлекет үшін дұрыс секілді көрінуі мүмкін. Бұл заңның тұжырымы: зайырлы-құқықтық мемлекет құрамыз, сенім бостандығына шектеу қойылмайды, осы ретте жаһандануды толықтай қолдаймыз. Жаһандану дегеніміз не? Жаһандану дегеніміз – ұлтсыздану, ұлттық кодынынан бас тарту, дәстүрді мансұқтау.
– Әлемде тұрақтылықтың бұзылуына әкелетін мұндай топтар дін атын бүркеніп, шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет, яки халифат құру түп мақсаты дедіңіз. Мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретін мұндай ағымдармен күрес қаншалықты жүріп жатыр деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, күрес жүріп жатқан жоқ. Осы күнге дейін билік оларға ашық болмаса да астыртын қолдау білідіріп келеді. ҚМДБ-ның ұстанып отырған жолының өзі – «Ахл әл хадис» бағыты. Ханафи мазхабындамыз деп сыртқы формасын сылап-сипап қойды. Бірақ, практикада уахибилік-салафилік таным байқалады. Аруаққа, рухқа қарсы насихат жүріп жатыр. Мұны елдегі кез-келген мешітттегі айтылған уағыздан-ақ аңғаруға болады.
Мемлекет күрескен болады. Осындай дүрбелең туғанда, лаңкестік әрекет шыққанда ғана соларға қарсы шара қолданылады. Лаңкестіктің салдарымен ғана уақытша күреседі. Мемлекеттік деңгейде мұндай ағымдармен күрес болатын болса, оның салдарымен емес, профилактикасы (алдын алу) жасалуы керек. Профилактикалық шаралардың кешенді жоспары жасалуы қажет. Ол жоқ. Басқа уақытта сол баяғы ағынмен жүріп жатыр. Б.Тілеуханов, М.Тазабековтер елдегі уахаби ағымының лидерлері.
БАСТАУЫНДА ХАЛИФА АЛТАЙ ТҰР
...1992 жылы Ыстамбулда түркиялық қазақтармен кездестім. Сол жерде 4 қазақтың ақсақалымен 6 сағат отырып сұхбат құрдық. Әлгі төртеуі Халифа Алтайдың аударған Құран кітабының кемшілігін, бағытының қателігін дәлелдеп, талдап берген болатын. (Бір өкініштісі, мен әлгі ақсақалдардың айтқанын магнитофонға жазып алмаған екенмін). Мен бұл жайтты елге келіп айтқанымда ешкім пікірімді қабылдамады. Шетелдік қазақтармен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының басшысы дүрсе қоя берді, мүфтият та мән бермеді. Ал, сол Х.Алтай аудармасындағы Құран кітабы көп жыл бойы бізде «хит» болды. Кеңінен таралды. Қазақтың уахаббилену санасы осы кезден басталды. Мұның бастауында Халифа Алтай тұр.Сол кезден бастап мен бұл уахаббилік ағымының не екенін, оның қауіптілігін түсіндім. 90-жылдардың басында Тәшкенде ғылыми зерттеу жұмыстарымен жүргенде сол кезден-ақ Өзбекстанда діни алауыздық жүріп жатқанын аңғардым. Сөйтіп бұл мәселенің тереңдеп зерттей бердім.1994 жылы Х.Алтайдың «Құтпалар» деген кітабы шықты. Осы кітапта біздің қазақтың аруақты құрметтеуі қате деп көрсетілген. Сол кітапты оқып мен 1995 жылы Президент Н.Назарбаевтың атына хат жаздым. Одан кейін де қаншама рет ашық хаттар жаздым, мақалалар жаздым, «Абай кз» порталы елдегі діни ахуалды талқылайтын алаңға айналды. Соңғы рет 2019 жылы мақала жаздым. Содан кейін мақала жазуды доғардым. Күрестің басқа тәсіліне көшу керек деген ойға келдім.
Қысқасы, мемлекеттік деңгейде күрес жоқ, керісінше астыртын қолдау бар деп ойлаймын. Ел саясатында жаһандануды қолдаймыз деген ұстаным бар. Дәстүрлі дінімізді, Абу Ханафи мәзхабын немесе «Ахлал рай» бағытын толық ұстанып, халық сол жолмен кететін болса қазақтың ішкі тұтастығы бұзылмайды. Ол жаһандану жағындағыларға тиімсіз. Билік те мұны қолдап келді.
– Зікірия аға, тарихтан тамыр тартқан салт-санамызды білесіз, дәстүрімізді, дәстүрлі діни санамызды көп жылдан зерттеп келе жатқан дінтанушы ғалымсыз. Зиянды діни ағымдармен күрес һәм алдын алуға орай өзіңіз қандай ұсыныс айтар едіңіз.
– Бір-ақ нәрсе. Ол қазақтың дәстүрлі діні мен мәдениетіне оралу, рухани тамырымыздан бастау алатын ұлттық кодымыздан ажырап қалмау. Менің бір американдық ғалым досым бар. Осында 90-жылдардың басында 3-4 жылып тұрып Ясауи ілімін зерттеді. Сол кісі: «Сіздер несіне өзгеге қызып, табынасыздар. Жер бетінде сіздердің деңгейлеріңізде халық жоқ қой. Қазақ – рухани аса бай халық. Ар. Ұят. Иман. Бұл категориялардың барлығы мықты қалыптасқан бұл халықта. Егер де, осы сөзді айтып отырған американдық мен көп ақша беремін десе, қаланың ана шеті мен мына шетіне дейін тырдай жалаңаш жүруім мүмкін. Ал, сен оған бара аламайсың! Миллион берем десе де бара алмайсың. Өйткені сендерде ар-ұят, иман күшті. Сен, қазақ – адамсың, мен биороботпын!» , деген еді.
Әңгіме-сұхбатыңыз үшін, рахмет аға.
Әңгімелескен: Әтіргүл Тәшім,
Қазақ үні