Ахмет тойы ел астанасында басталды

Ахмет тойы ел астанасында басталды

Елордада ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шара – қайраткердің мерейтойын мерекелеудің салтанатты ашылу рәсімі. Өйткені былтыр осыған қатысты мемлекеттік комиссия құрылып, жыл бойы атқарылар жұмыстар бекітілген. Комиссия төрағасы – ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин. 

Бас қалада ұйымдастырылған шара «Қаламгерлер аллеясындағы» «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қарин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұ.Есдәулет және т.б.зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұдан соң Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы басталды. Конференцияға алыс-жақын шетелден ғалымдар қатысты. Олардың арасында Әзірбайжан Республикасы Насими атындағы Тіл білімі институты, Түрік тілі бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, доцент Эльчин Ибрагимов та бар. Ал Ресей Федерациясы Орынбор педагогикалық мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Татьяна Тугай, Түркия Республикасы Памуккале университеті, Түркі тілдері мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Нергиз Бирай, Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының директоры және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккат іс-шараға онлайн қатысып, А.Байтұрсынұлы шығармашылы, қайраткерлік тұлғасы жайында баяндама жасады. Негізгі пленарлық отырысқа Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов те қатысып, ғалымдардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Жында алғаш болып сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Қарин Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөліне, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегіне тоқталды. Ұлт ұстазы қай заманда да халқымыздың рухани көсемі болып қала береді. Әсіресе, ол қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екеніне зор мән берді. Оның «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол «Қазақ тіл білімінің атасы», «Ұлт ұстазы» атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атаудың өзіне тыйым салынған Кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды. Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды. «Тіл-құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлттың үнжариясы болған «Қазақ» газетінің бас редакторы болды. Бұл – Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахаңның туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз, – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы мерейтой болатын. Содан бері 100 жыл өтіпті.

– Ахаңның 50 жылдығына кімдер қатысқанын еске түсірейікші. Мерейтойдың өтуіне тікелей мұрындық болған Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезов. Алқалы жиында Смағұл негізгі баяндаманы жасады. Сөз соңында «Аха, біз өзіңіз бастаған жұмысты жалғастырамыз» дегенде жиналған жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсетті дейді көз көргендер. Сол тойдың басы-қасында Елдес Омаров, Әбдірахман Байділдин, Ғалым Ахметов және басқа да қайраткерлер жүргенін білеміз.Одан бөлек Сұлтанбек Қожанов пен Иса Тоқтыбаев Ахаңның 50 жылдығын Ташкентте кең көлемде атап өтіп, мерейтой иесін арнайы қонаққа шақырды. «Ақ жол» газетінің бір нөмірі тұтастай Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналды, – деді Ерлан Қарин.

Конференцияға Парламент депутаттары, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, алаштанушы, ахметтанушы отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Мәмбет Қойгелдиев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісмақова, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова және Насими атындағы Әзербайжан ұлттық ғылыми академиясы Тіл білімі институтының доценті Эльчин Ибрагимов баяндама жасады. Жиында сөз алған Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат Ахмет Байтұрсынұлын әлемдік тұлға ретінде атап өтті.

– Тәуелсіздіктің арқасында Ахаңның 150 жылдығын әлемдік дәрежеде атап өтіп жатырмыз. Бұл – біздің мемлекеттігіміздің көрінісі. Ахаңның мерейтойын науқаншылдыққа салынбай, жоғары деңгейде өткізу – үлкен жауапкершілік. Ұлт ұстазының әрбір сөзін, Алаш арыстарының рухын болашақ ұрпақ бойына сіңіру – біздің міндетіміз, – деді Мәмбет Қойгелдиев.

Сонымен қатар Мәмбет Қойгелдиев 1928-1939 жылдар аралығында қазақ екі мәрте басқарушы элиталарынан айырылып қалғанын, осы мәселеге тарихи түрде баға беретін уақыттың келгенін айтты. «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» тақырыптарында өткен секциялық отырыстарда 20-дан астам ғалым ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, Алаш қозғалысы қайраткерінің ғалымдық сипатын жан-жақты ашып, баяндама жасады.

Биыл ұлт ұстазының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барлық өңірінде атап өтіледі. Парижде және Ыстамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ Түркістанда Халықаралық конгресс өтеді. Соның бәрінде Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен қайраткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі. Мемлекет басшысы мерейтойлық шаралардың аста-төк тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтады. Бұл ұстаным Ахаңның мерейтойына да қатысты. Биыл ұлт ұстазының туған жері Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы қазақ және шетелдік ғалымдар ахметтанудың қазіргі өзекті мәселелерін айта отырып, алдағы уақытты атқарылуы тиіс мәселелерді көтерді. Бұл конференция қарарынан көрініс тапты: 

- Байтұрсынұлының өмірбаяндық деректерін толықтыру үшін Қазақстандағы және шетелдегі архивтерге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастыру; 

- Ғалымның толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу, шығару және тарату; 

- "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбөлгісін әзірлеп, тіл және жалпы қоғамдық-гуманитарлық сала мамандарына марапаттау; 

- Жоғары оқу орындарының студенттері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындау.

 Қарар жобасы конференция қорытындысында оқылып, талқыға салынып, бекітілді.