КЕНЕ ХАННЫҢ КЕГІ
2022 ж. 12 ақпан
5153
0
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты
Бірнеше роман мен хикаяттың авторы, белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы ұзақ жылдар қалам тербеп жүріп, жуықта Кенесары хан, Сыздық сұлтан жайындағы «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының нүктесін қойды. Тәуелсіздігі мен азаттығын аңсаған қазақ елінің белгілі бір кезеңін суреттейтін шығарма, бұйырса, кітап болып оқырманның қолына тие жатар. Әзірше жаңа туындының шағын бір үзіндісін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Редакциядан
Ташкентке тартқан керуен Қопалыға қайтып оралды. Кіре басшысы бірден болысқа жолықты. Амандықтан соң «жаман хабар» әкелдім деді көзімен жер шұқып. Болыс та оған үшкілденген бозғылт жанарын қадады.
– Кенесары ханнан айырылып қалдық.
– Не дейд?!. – Жыртиған шегір көзі бағжаң етті.
– Хан басына тігілген ақшаға бола Орманбет, Жантай, Төрегелді, Жанғараш манаптар арысымызға ажал құштырған...
Тәнекенің басы салбырап түсіп кетті. Үйде тыныштық орнады. Сәлден соң саудагердің бір сарынды үні қайта жалғасты.
– Орманбет манаптың қолынан Кенесары хан, інісі Наурызбай және өзге де отызға тарта сұлтан қаза тапқан. Сонымен бірге көптеген қазақтар өлтіріліп, мыңға жуық адам тұтқындалған. – Кіре басшысы өңі солғын тарта биге бажайлай қарады. – Мейманасы тасыған Орманбет пен Жантай «достығымыздың белгісі ретінде» деп, қазақтардың бастарын қоқан ханы Құдиярға жөнелтіпті. – Осы қанішерлік әрекетке өзінің де кінәсі бардай кібіртіктеді. – Кенесары адамдарының екі арбаға тиелген бастарын қалың жұрт Ташкеннің төрінен көрді. Біз де көрдік.
Би төмен салған жүзін жерден көтеріп алды. Ызалы жанары кірешінің өңменінен өтіп кетті.
– Ол аз дегендей, өзге де бастарды ұзын сырыққа қадап, Ташкенттің Алай базарына айналдыра іліп қойған. Қарға мен сауысқан шоқып қарық. Жергілікті басшылар бұл іске риза болып, қоқи қырғыздарға алғыстарын жаудыра сый-сыяпаттарын жарыса ұсынды.
Тұтқиылдан жеткен Кенесары қазасы Тәнекені есеңгіретіп жіберді. Күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айрылды. Өшпенділік өзегін өртеді, намыс алқымын буды.
...Кекілік, Сеңгір таулары демін ішіне тартқан бұйығы қалпы. Жазға салым ғана осы жерде жер қайысқан қол шұбырып, қиянкескі соғыс болды дегенге нана қою қиын. Шу өзенінің кемеріне таяу барып, Майтөбеге әдейі тізгін тартты. Қаза болған Кене ханның және оның сарбаздарының аруағына арнайы мал шалдырып, құран бағыштады.
Сол күні ілгерлеп кеткен ертауыл топ, ішкеріге дендеп еніп, біраз мәлімет алып қайтып оралды. Қиырбайдың қабағы қиястау көрінді.
– Орманбет, Жантайлар елінде жоқ. Ханды ең әуелі қолға түсірген Төрегелді манап жайлауында жайбарақат жатыр. Ауылына қай жағынан барған қолайлы, жасақты қай тұстарға орналастыру керек – байқастап келдік.
Болыс басын үнсіз изеді. Әңгіме сонымен доғарылды. Қазақ қолы ертеңінде Төрегелдінің қонысын бетке ұстай, елдің үрейін ұшырмас үшін сырт көзге түспеуге тырысып, сай-саламен ақырын жылыстай берді. Жолда жазығы жоқ бірде-бір қарашы жұртқа соқтықпады. Буына піскен көксауыр бұрат жайлаудың төресінде отыр екен. Мыңғырған жылқы, жер қайысқан мал, қарағайлы, қайыңды алқап. Сәнмен тігілген киіз үйлер. Тәнеке ауылдың іргесіне келген соң Шиырбайды бас етіп, сымбатты киінген жігіттерді манаптың отбасына жіберді. Сал-сері кейпіндегі олар тура Төрегелдінің үйіне ат басын тіреді.
– Ассалаумағалейкүм, көксауырлы манабым! – деді Шиырбай.
Мамықта жатқан шора оқыстан кіріп кеп сәлем берген қазақтың даусын естігенде, қайраңға шыққан балықтай шоршып түсті.
– Қазақ халқының ерік-жігерін ту қылып көтерген, ұлы даланың рухын аспандатқан Кенесарыдай асылды ажалға қиған, бұраттың бассызын хош көрдік!
– Әликүм... Төрлетіңіздер, мырзалар... – Үстем ләмнен үні жасып, абдырай сөйледі.
– Төрлететін мейманың емеспіз, жаныңды алуға келдік!
– А-а... Не дейді?.. – Қой көздері жыпық-жыпық етті... Жазығым не ед?..
– Ханымыздың қанын төгіп, «жазығым не?» дегенің қай сандырақ?!
Манаптың кескіні монтаны халге көшті. Әшейінде бұраттарының арасында даурыға «Кенесарыны алғаш мен ұстаған едім» деген сөзін айта алмады. Осы кезде тыстан «Аттан, аттан! Жау шапты!» деген үрейлі үн шықты. Іле дүркіреген ат тұяғы мен ұрандаған дауыс жер әлемді алып жөнелді.
– Бөрібай, Бөрібай!
– Қабанбай, Қабанбай!
– Ару-а-ақ!
Манап босаға мен үй ішіндегі ызғар шашқан жандарға жапақ-жапақ қарады.
– Біз кек қуып келдік. Елді иесіз, жерді киесіз деп ойладыңдар ма?! Айылыңның қалай шабылғанын, бала-шағаңмен қоса еліңнің қалай шырқырағанын көзіңмен көріп, құлағыңмен есті! Қорғаның болған Орманбетіңді, орманың болған ордалыңды, бірде олай, бірде былай болған сор, бағыңды сынап көр. Бұтыңды орысқа созып, арқаңды қоқанға тірегің келген екен, езуіңді тіліп, екі көзіңді ойып, маңдайыңды қазақтың табалдырығына тәу еткізіп өлтіреміз!
– Алла, Алла, не сандырақ?..
– Сандырақ емес... Ақиқат!
Шиырбай Төрегелдінің тақыр басынан қамшымен тартып жіберді. Бұзау тіс дырау тиген жерден лып етіп қан білінді.
Киіз үйдің есігінің алды қайшалысып, шыңғырған, бақырған жан түршігерлік дауыстар құлақ тұндырды. Сарбаздардың пәрменді үні өршелене естіледі.
Айыл сүт пісірім мезеттің ішінде астан-кестеңі шығып, шаңырағы ортасына түсті, қазаны төңкерілді. Қыз-жігіттерін байлап-матап, улықтыра айдап жөнелді. Манаптың мойнын осылдырып, бидің алдына әкелді.
– Қарының тоқ, уайымың жоқ болғанға ғана мастанып, өзге ештемені ойламайтын доңыз, көрсетші сол сәуірдегі құдіретіңді. Ала шапанды қоқаның, түкті ауыз орысың, бәтуасыз бұратың бар – арадай құжынап, жабылдыңдар. Ханды өлтіргендегі кәне шыққан мүйізің, кәне кеңіген өрісің?!
Қамшымен жон арқадан осып-осып жіберді. Тұщы етіне ащы таспа тимеген пәруәдігер қайқаң-қайқаң етеді.
– Мен өлтірген жоқпын, ойбай! – Сақау тілімен шыр-пыр қақты. – Оллаһи-биллаһи!..
– Өлтірмесең, өлтіргендердің қолына ұстап апарып бердің?
Манаптың аузы ашылып, көзі айнала үрейі ұшты. Енді тірі қаларына күмәнданды.
– Орыс пен қоқан бектері «бар» деген соң жүрдім. Әттеңі, тура мен бастаған аламанның алдынан шыққаны...
– Ханды қайда апардыңдар?
– Кенесары мен Наурызбай Майтөбеде Жолба деген қырғыздың айылында екі бөлек үйде екі жұмадан астам тұтқында отырды.
– Қамауда ұстауларыңның себебі не?
– «Оларды іздеушілер боп қалар ма, кеп қалар ма екен?» деп күтті. – Маңдайынан қаны сорғалаған Төрегелді көзінің астынан Тәнекеге қарады, батырдың мысы басып жанарын тез тайдырып әкетті де, мұрнынан міңгірлей сөзін бітірді.
– Кенесарыны өлтірген кім?
– Білмеймін, көрген жоқпын.
Бұзау тіс дырау бастан ала шылп ете қалды.
– Кім?!
– Құдай ақы білмеймін. – Жалбарына қос қолын төбесіне көтерді.
– Кенесарыны өлтірген адамды ел білетін шығар.
– Жоқ, білмейді. Оны орыстардың тапсыруымен қаумалай қоршап, бас алғышты елдің көзінен бүркемелеп өлтіртті.
– Ханның сүйегі қайда жерленді?
– Қызылсу мен Шәмсінің арасындағы Бордыда жерленді деп естідім.
– Бас сүйегі қайда?
– Не Жантайда, не Орманбетте. Нақты білмеймін.
– Атаңа нәлет, найсап, қазақ ханын өлтіруге жең сыбана кіріскенің үшін қанша ақша алдың?
– Елу теңге орыс ақшасы.
– Жарыған екенсің, сойқан! Сендердің құлқындарыңды құртқан – ақша, найсаптар! – Онысыз да басынан шып-шып қан шығып отырған бұратты тағы да тартып-тартып жіберді. Төрегелді «ойбай-ойбай» деп, байлаулы қос қолын көтере қорғаштанып, бажылдады. Содан кейін манапты қол аяғын матап ат артына теріс мінгізді.
Жол-жөнекей сұрастыра жүріп Пішпекке Әлішер датқаны соғысқа шақыра баратын шерікші Дөнентай манапты, Кене ханның жылқысын ұрлататын және Ержан сұлтанды тұтқындайтын солты Бөлекпай манапты, Кене ағасын құтқармақ болып қайта оралғанда Наурызбайды ұстаған тынай Дайырбек пен Қалша манаптарды айылынан басып, мұрындарынан тізіп алды.
Шолжаңдаған шора мен шоңдары және тұтас бір рулы жұрт ашулы қазақтардың айдауында кетіп бара жатқанын көрген елдің игілері мен бишікештері соңдарынан түре ілесіп, ағайындарына араша сұрады. Жалы тізесін қапқан алааяқ торы жорға атпен суыт жеткен Шыжым би сарбаздардың сілтеуімен әуелі Шиырбайға жолықты:
– Уа-а, ағайын жұрт, қазақта «мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар, ал хан ашуы одан да күшті екенін білеміз, шығар жан – шықты, өлер хан – өлді, басымызды кесеміз десең, міне – мойным, – деді ер үстінде алға еңкейіп.
– Сен кім едің?! Бөденедей қадірі жоқ басыңды тым қатты бағалап жібердің? Ханның басқан ізіне тұрмайтын сенің мойның осылды не, қурай сынды не – айырмашылығы жоқ. – Аталық биінің жанары жалт етіп, тоқпақ торының үстіндегі дембелшеге жаратпай қарады.
– Мен – елдің мұңын сөйлейтін Шыжым едім, талай жерде сөзбен қамал бұзып едім. Ашулыны жадыратып, қасты досқа айналдыратын нығыз едім. Қырғыздың бітімгер биімін, шешемін келенің түйінін.
– Аһ-аһ-һой, сөзің жөн секілді. Түйінді шешкіш болсаң, Кене ханның кезінде неге шешпедің?
– Әр кезде аумалы-төкпелі заман болады, ауызы ала адам болады. Адам мен заман қабыспаса, ақыры – жаман болады. Кешегі күннің билігі – басқада, бүгінгі күннің билігі – екеумізде. – Сүт ұрлап ішкен мысықтай бұғып, қалпағының астынан қарады.
– Қырғыздан жібі түзу біреу шыққан екен. Шыжымыңнан тартып артыңда манабың отырмаса, жүр, әуелі сөз жүрмей іс бітпейді.
Шиырбайдың ләмінің жаны бар еді. Қоқанға қашып барып, жиендерінің қанатының астына бас сауғалаған Орманбет, Жантай, Жанқараштар Шыжымды балақбауынан ұстап, шүйлеп-шүйлеп Алатаудың жотасына келген наймандарға қарсы жіберген. «Елді қырғыза көрме, сұрағандарын беріп, болмай бара жатса аздап қан шығарып, алдаусыратып аттандырып сал» деп, міндет жүктеген.
Шиырбай Шыжымды бастап, Абылайша тігілген оқшау киіз үйге келді. Қырғыздың адамдарын арқан бойы тұсқа қойып, өзі Тәнеке болыс пен Барақ сұлтанға хабарға енді. Екеуінен «кірсін» деген пәрмен алғаннан соң, қайта сыртқа шығып, Шыжымды ертіп әкелді.
– Ассалаумағалейкүм, қазақ бауырлар! – деп, табалдырықтан аттасымен ақ қалпағын басынан шешіп, Тәнекенің алдына лақтырып тастады да екпеттей иілді. Шапаны шұбалаңдаған, мұртты қараға төрдегілер барлай қарады.
– Арадағы жанжалды ұшындырған сөзге еріп, бір жағына қиқайған шоң мен шоралардың қылығы – бізді осыған әкеп отыр. Айып-анжы екі жақтан да бар. Қазақ жаппай қырды, қырғыз да жаппай қырды. Қырғыздардың бір асатыннан кеткені – сұлтандары мен қосып, ханның басын алғаны.
– Ханның басы қанша тұрады?!
Лекіте сөйлеп, қамшы салдырмайтын Шыжым би абдырап қалды. Себебі, бұл сауалдың екі мәні бар еді. Бірі – «орыстан қанша пұл алдыңдар?» келесісі – «ханның құнын қалай өтейсіңдер?» деген мағына жатты. Қарашығы әрі-бері қыдырыстап тоқтамай, керісінше тілі байланды. Үнсіздікті Тәнеке өзі бұзды.
– Бұраттардың мықтылары үш мың сом күміс ақшаға бола қара қанды суша ағызып, Кенесарының сұраған басқұрау жөніндегі бітімге мәміле бермеді. Аз ақшаға орыстың қолындағы алмас қылышына, жаналғышына айналды.
– Қазақтың бір ұлысы болған қырғыз, қашан да қазақтан үйреніп келеді. – Сөз шымбайына батқандықтан ба Шыжым тамағын кенеп, бір-екі жұтынып алды. – Манаптардың істеп жүргендері, төрелерден көріп үйренген тірліктері ғой.
– Қазақ пен қырғызда «өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген сөз бар емес пе? Сендер жазғырсаңдар да, жек көрсеңдер де орынды еді, бірақ қатыгездікке барып, қазақ халқының ханын өлімге қиып жібердіңдер. Ханның басын тек хан ғана алатынын ұмыттыңдар!.. – Болыс мысасына міне тіл қатты.
– Иә, Тәнеке би, тілімізден байланып, дәрменіміз құритын осы – жер. Кенесары-Наурызбайды тірі қойғанда, қырғыздың ақ қалпағы сіздердің аяқтарыңыздың алдында жатпас еді. Кек қуып келгендеріңізді біліп отырмыз, бірақ, қанға – қан деп елімізді қансыратпадыңыздар, тек айыптыларды жиып, матап алдыңыздар. Боданға берген бұзаудың да сұрауы бар, мына ұйлығып кетіп бара жатқан рулы жұрт, маталған манаптарды босатыңыздар, айыбын төлейік.
– Ондай ықыластарыңыз болса, күнәһар манаптардың көзінше кесім айтып, ұйғарымға тоқтайық.
Бәрі сыртқа шықты. Алатаудың үстіндегі қоңыр жазықтың самалы ескен дөңесіне айыптыларды алдырды. Тіз қатар жүрелетіп отырғызып қойды. Күміс кемер белбеуі мен кісеге тағылған күміс қынды алмас қанжары күнге жарқырап, төбесі көк мақпалмен қапталған құндыз бөрікті сұңғақ бойлы Тәнеке бұрынғыдан да еңселі көрінді.
– Біз қазақ пен қырғыздың арасын ашуға, ортасына жік салуға келген жоқпыз. Ел ішіндегі шектен шыққан содырларды сабасына түсіріп, тәубасын ұмытпауды ескертуге келдік. Ханымыз Кенесарының, сұлтандардың, сарбаздардың өліміне кінәлілерді іздеп келдік. Кінә – халықта емес, халықтың арасындағы бишікештерде – Орманбетте, Жантайда, Бәйтікте, Жанқарашта, тағы сол сияқтыларда. Ел іргесінің бекемдігін сақтай отырып, қолы қанды қарақшыларды жазалауымыз керек!
Сен, Төрегелді – Кенесары ханның өзін, ал сендер, Дайырбек пен Қалша – Наурызбайды жабылып тұтқындадыңдар. Дөнентай, сен – қоқанды соғысқа шақырдың, ал Бөлекпай – ханның ең сүйікті жылқыларын ұрлаттың, екі елдің арасындағы жанжалдың қайта басталуына сеп болып, ауыр күнә арқаладың! Айыптарың бар, сол айыпқа қарай жаза кешулерің керек. Ал, ханның құнын қалай қайтарасыңдар?! – деді Тәнеке алдарында жүрелеп отырған құныкерлерге.
– Көкжал Барактан башталган кыргыз-казак согушу 77 жылдан кийин каһарлы Кенехан, Норузбай, Эржан, Кудайменде төрөлөрдүн кыргыздан өлтүрүлгөнү менен токтосун, – деді Шыжым. – Өлгөн өлдү, калганыбыз журт бололу, казак менен эл болуп туралы. Айыбымызды мойнымызға алып, акүйліге қазақ жұрағатқа жүз адам аксүйегімізден берейік. Содан кейін, – түлкінің көзіндей қиық жанары бір жылт етті, – жиырма жігітімізді осы жерде бауыздаймыз. Бұл – ханның құны үшін. Олардың арасында Орманбеттің де, Жантайдың да, Жанқараштың да ет жақын туыстары болады.
– Мақұл, дауды өрбітіп, кек қуалап, шиеленісе бермейік. Қанды қанмен бөгеп, ақүйліге адам алып, қайта бауырласайық. Бұдан былай арамыз ажырамасын! – Барақ сұлтан күркірей тіл қатты. – Тағы не айтасыңдар!
– Сұлтандардың құны үшін – бір мың жылқы. Ал, қыршынынан қиылған сарбаздардың өтеуіне он ақ орда жиһазымен, он қыран, он тайған . Жарықтықтардың аруағы разы болып, ұрпағы мың үйге айналсын.
– Хош, осыған тоқтайық. – Көкшіл көзінің қарашығы қиығына қарай жылыстаған Тәнеке, Шыжым бидің шешіміне дүние қуып келмегенін аңғартты. – Ең бастысы Кенесары-Наурызбайдың қылышы мен найзасын қайтарыңдар!
– Алдияр болыс, ол бұйымдар біздің қолымызда емес, Орманбет пен Жантай манаптарда. – Тағы да қарашығы тоқтамай, жасық баланың кебін кешті.
– Жарайды, бұған да келісейік. Бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – бүрсүгіні қайтарыңдар.
– Алла бұйырса қайтарамыз. Ал мына манаптардың айыбын кешіп, босатуларыңыз үшін – әрқайсына бір үйір жылқы.
– Бұлардың нақты кінәсі бар, қос халықтың алдындағы айыбын сезініп, бұдан былай екі елдің татулығын түгендеуге аянбай атсалыссын. Бірақ, бұл мәміле Төрегелді мен оның жұртына жүрмейді.
Қырғыз биінің көзі бағжаң етті.
– Бопты мырзам. – Шыжымның өңіне лып еткен күреңіткен рең жүгірді.
– Енді өздерің атаған құнды әкеліп, табыстауларыңа бір күн уақыт береміз.
Қырғыз биі мәмілеге ілесе келген тұтқындағы манаптардың адамдарын дереу айыл-айылға шаптырып, өзі боз үйін тіктіріп, бір көкқасқаны жықтырып, қазақ жұрағаттарымен қалды. Ертеңінде шабармандар түс болмай әсем киінген жүз жігітті жинатып алып келді. Енді бір маңнан жиырма-отызға тарта құрық сүйреткен аттылар мың жылқыны шұрқыратып айдап жетті. Әлден уақытта он орданы артып, шаңырағына он қыран қондырған, жанына тазы байлатқан жиырма нардан тізілген үлкен керуеннің легі көрінді. Олардың тұсында төрт үйір жылқы келе жатты. Осы нөпірдің арасында кіл қара атқа мінген, үстілеріне қызыл жейде киген жиырма жігіт бар еді. Кейбірінің көздері бұлаудай ісіп, қызарған. Таң сәріде бәрінің жаназасын шығарып жіберген. Бұлар – Кенесары ханның өтеуіне бауыздалатын міскіндер.
Шыжым би жанындағы мәмілегерлерімен Тәнеке батыр мен Барақ сұлтанға келді.
– Алдияр би, уәде еткендей бәрін қамдадық. Жан тапсыратын жиырма жігіт те дайын, жаналғыштар да әзір. Тек қырғызды қыра көрмеңіздер. Алты адырдың ар жағында Ағыбай батыр, Самсы алаңның қойнауында Сұраншы батыр қол жиып жатыр дегенді естідік... – Дауысы дірілдей бөгелді.
Тәнеке оң қапталындағы Мүсәпір мен Қиырбайға иегін қақты.
– Уәде – құдай сөзі болғанда, мәміле – Алланың аманаты. Қырғыздар өздері ханның құнына жиырма қыршынды қиып отыр. Алланың әмірі солай шығар, жаналғыштардың бауыздағанын көздеріңмен көріңдер.
– Мақұл, алдияр!
Бұл кезде иесіз кіл қара ат Кекілік, Сеңгірдің он бір жыраға қарай иініне барып ұйлыға матасыпты. Одан әрітаман қарбалас, қапылыс... Жан-жағын қаумалаған ала қалпақты аламандар, бақырған-шақырған айқай-сүрен басталып кетті. «Құрбан болатындай жазығым не?! Қалай қиясыңдар қыршын ғұмырды?!» дейді ышқына тұншығып. Енді қайсыбірі есіріктене бақыра озандады... Жаналғыш қаражүрек жөйіттердің үндері керісінше қатты, шолақ, нық... Әп сәтте қындарынан алмас қанжарларын суырып, күре тамыры білеуленген алқымнан орып кеп жіберді. «Алла, Алла!» деді әлдекім.
Мүсәпірлер қалыңның ішіне енгенде құбылаға қаратып, құныкерлерді бауыздап, жан алып жатыр еді. Ып-ыстық қан қара тасқа шапшып, төмен қарай буы бұрқырай ағып жөнелді. Қол-аяқтары байланған жас денелер жантәсіліммен қалш-қалш етіп, өңештер қор-қор етеді. Боздақтардың маңайында үстілеріне қара жарғақ киген, өңкей бір қабақтары түксиген шомбал диюлар жүрді.
– Кенесары ханның киесі мен назасы, Наурызбай сұлтанның аруағы қырғызды ата көрмесін... Бір жаратушы Алла өзің кешіре гөр... Мына жастардың жанын қинамай ала гөр... – Пірәдар күңірене сөйледі.
Өтеу өтеліп, құн төленгеннен кейін сол жерде Тәнеке келісім бойынша қолына түскен Дөнентай, Дайырбек, Қалша, Бөлекбай манаптарды матаудан босатып, Шыжым бидің алдына салды. Тек Төрегелдіні және оның ел-жұртын өздерімен алып жүрді. Күнәһарды болыс Қопалыға әкеліп, түрмеге жаптырды.
Тәнеке мен Барақ бастаған қол Қордай асуынан төмен құлдағанда білеуіттер інінің аузына шыққан саршұнақтай баспалап, тығылған жерлерінен өңештерін соза жан-жаққа үрке қарады. Жантай айнымас достары Сыпатай мен Рүстемге адам шаптырып, Төрегелдіні босатып беруге қолқа салды. Сонда екеуі бірдей «Найман-матайға қарсы сөзіміз өтпейді. Біздің құтқаруға шамамыз келмейді, – деп ашығын айтты. – Бірақ, Тәнекенің жіберген бір қателігі бар...» деді. Ертеңінде-ақ Жантай бастаған манаптар Орманбеттің алдынан табылды. Бәрі хан Кенені тұтқындағандағыдай алшаң басып, жарқ-жұрқ ете алмай, арты күйген күшіктей күйбелектейді. Араз адамдардай бір-біріне тура қарай алмай көзінің қиығын жүгіртеді. Жеме-жемге келгенде халыққа қадірлілер елді тастап қашып кеткендеріне қысылатындай.
– Сыпатай Тәнекенің қателігін айтты.
Орманбеттің үш бұрыш көзі шажырқайдың безіндей бағжаң етті.
– Не қателік?
– Ол Төрекелдіні Қопалы бекінісінің түрмесіне қаматыпты, яғни, бауырымыз орыстардың қолында. Орыстар біздің сөзімізді жерге тастамайды...
– Барып, бұйымтай айтайық дейсің бе?
– Иә, барып, шаруаны түсіндірейік...
– Босат-а-ды ма?
– Әрине, босатады. Қолдарына Кенесарының бас сүйегін табыстаймыз. Ол оны одан әрмен қарай ақ патшаға қуана жөнелтеді.
– Ал, бұларың қисынға келетін сияқты. Енді, кімдердің қолына бас сүйекті ұстатып, елші етіп жібереміз?
– Оның да жөнін ойластырған едім. Маған салсаңыздар, жандарал-күбернатор Горшакоптан алғыс қағаз алған Қалығұл барғаны дұрыс.
– Орынды, орынды, – деп жамырасты өзге отырғандар.
– Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп, біреу бастап апару керек қой оларды. – Орманбет кеудесін көтеріп, төңірегіне бітеу мойнын соза қарады. –Жолда әлдекімдер ұшырасып, қанжығаларында ханның басы барын білсе, өздерінің басын қағып әкетер.
– Сыпатай мен Рүстемге жүктейміз, солардың адамдары бастап апарар.
– Жиен жарап тұр. Ақшасын алып па еді олар?
– Тең жарымын алған...
Баянжүрек өңірін Рүстем төремен талай шарлаған атқосшы алты адамды бастап, төрт күн дегенде таң ата Қопалы бекінісіне суыт жетті. Қарағайдан қиылып салынған үлкен үйдің дарбазасына ат басын тіреді.
– Патша өкіметінің үйі – осы. – Атқосшы сыбыр етті. Кәндек иттер шабалана үріп, қайсыбірі қоршаудың іргесінен суырылып шыға тап-тап берді. Ізінше мылтық асынған әлдекімдер көрінді.
Рүстем төренің атқосшысы орысшаға да жүйрік екен, сақал-мұрты қауғадай сарқылшықтармен тілдесіп, көп ұзамай барлығы патша приставы Абакумовтың алдынан табылды.
– Біз қара қырғыздар, Ыстықкөлден келдік, – деп бастады Қалығұл. – Ақ патшаның айтқанын жерге тастамай үрей тудырған Кенесары ханның көзін құрттық. Міне, сол еңбегімізге алғыс айтқан жандаралдың хаты. – Қойнынан шүберекке оралған төрт бұрышты мәйпездей ашып, бүктелген қағазды шығарды. Қыртысын жазып, атаманның алдына тастады. Ондағы көзіне таныс та әрі ыстық Горчаковтың мөрін көрісімен жендеттердің басшысы құбылып, түсі өзгеріп кетті. Қара қырғыздың қайыс бетіне бір қарап, алдындағы қағазға саусағын соза берді. Оқып шықты да орнынан атып тұрып, Қалығұлдың қолын қысты. Өңіне күлкі жүгіріп, дауыс ырғағына да әуен араласты.
– Осындағы қаптағай Тәнеке болыс Кенесары ханның кегі үшін елімізді шауып, Төрегелді манабымызды тұтқындап әкетті. Манапты Қопалы бекінісінің түрмесіне қаматыпты. Қоршаудан қашып шыққан ханды ең әуелі қолға түсірген – сол, Төрегелді. Ақ патшаға сіңірген еңбегі зор. Сондай орыс үшін ісі ерен адамды тұтқыннан босатып берсеңіз.
Аядай бөлме ішінде болмашы тыныштық орнады.
– Сіздерге ортақ қас жауымыз Кенесарының бас сүйегін ала келдік.
Оң қапталындағы қоржынына қолын сұғып, көк пүлішке оралған бас сүйекті Абакумовтың столының үстіне қойды.
Ол бұйымның орауын жазып, мойынын екі жағына кезек қиқайтып, мұрыны опырайған қаңқаны айналдыра барлай қарады.
– Кенесарыны қалай өлтірдіңдер?
Қолға түскеннен кейін ханды тұтқындадық та әскерінің бірін қалдырмай қырдық. Өзін содан кейін халықтың алдына шығарып, елге қан құмар Кенесары екенін айтып, басын шаптық.
Кеудесін мақтаныш кернеп, Қалығұл ұзақ баяндады. Сөзге еліткенде жымсық көздері ара-тұра бағжаңдап, қиқы-жиқы сары жағал тістерінің арасынан қызыл тілі сумаң-сумаң көрінеді екен. Мысық мұрттары желп-желп етеді. Оның ақ патша үшін тындырған ісіне риза болған пристав:
– Төрегелдіні қазір шығартып беремін, бірақ ың-жыңсыз, бөтен көзге түспей кетіп қалыңыздар. Кейін абайсызда қашып кетіпті дерміз, – деп тиянақтады.
Бұйымтайшылар басын шұлғып, бәйек қақты.
Сөйтіп, Қопалы бекінісіндегілер Төрегелдіні түрмеден астыртын босатып жіберді. Бірақ, ол тұзақтан құтылғанмен ажалдан құтыла алмады, еліне келгеннен соң Кене ханның қаны үшін тісін қайрап жүрген Ергенедегі Мұсылманқұл бастаған қыпшақтар манапты ат құйрығына байлап, сүйретіп өлтірді.
Көкқия тауының Қызылағаш пен Сағабүйен арасындағы бір шатқалы, күні бүгінге дейін «Қырғызсай» аталады. Өйткені бес жүзге тарта тұтқынды сонда қоныстандырып, күндіз-түні бақылау орнатқан. Тәнеке болыс өзі ара-тұра ар жағынан Тереңөзекті қиып өтіп, Көкқияның төбесінен қарап қояды.
Қазіргі кезде ол қырғыздар қаптағай руының бір тармағы қыдыралы-қырғыз боп, матайлардың арасына әбден сіңісіп кеткен. Дені өздерінің түбі қырғыз екенін де білмейді, «қырғызсың» десең жанжалдасуы да мүмкін...
***
qazaquni.kz