Айға шағылысқан алдаспан
2022 ж. 24 қаңтар
4142
0
немесе Кенесары тұлғасына жаңаша көзқарас
Қазақ халқының ең соңғы ханы, қаһарман қолбасшы Кенесарының қайшылықты тағдыры көпшiлiкке аян. Биыл ел азаттығы жолында мерт болған осынау ғажайып бабамыздың туғанына 220 жыл толады. Ал оның жарық дүниемен қоштасқалы бері де 175 өтіпті. Бұл сол бiр азалы тарихи сәттердiң өкiнiш уытын тарқатып, саябыр тапқызатындай-ақ уақыт сияқты. Бiрақ халқы айға атылған арыстандай, азаттық жолындағы қан майданда азулы жауларының жағасын жыртып барып көз жұмған жаужүрек ұлын елегiзiп әлi күтедi. Ел намысын өз абырой-ұжданындай көретiн тарихшыларымыз бен археологтер... жазушысы мен журналисi бар... ұлтжанды ғазиз ағайындарымыздың жан сыздатып, атақты аталарына қатысты ақиқат пен оның сүйегiн сабыла iздемегенi кемде-кем. Бұған дейiн де аталған бағытта бiз бiлетiн... Бiлмейтiнiмiз қаншама... Небiр жорықтар жасалғаны анық.
Біз де сол «сүрлеуге» біршама түсіп, талай жол шиырлаппыз...
Қырғыз жеріне бағытталған сондай кезекті сапардың бірінде жолшыбай Қордай батыр зираты тұсында тiзе бүгiп, тәу еттік.
Біраз отырып ендi аттана бергенiмiзде Қазақ радиосы кезiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң Мұхтар Әуезовтiң «Хан Кене» пьесасын әдiлетсiздiкпен сахнадан алып тастағаны баяндалатын «Құсни хат» хабарын бастады. Бағдарлама авторы өзiм едiм. Осыны адаған жүргізуші автокөлік радиоласының дауысын қатайтыңқырап қояды. Қасымда отырған серіктерім «Мұны осынау күнге арнайы даярлаған-ау!» дегендей жүзіме таңырқай қарайды.
Шынын айтқанда, хабардың дәл осы сәтке сәйкес келгенi өзiм үшiн де тосындау жәйт едi. Бұл әдейi әзiрленген емес, кезектi жұмыс үдерiсiнде жазылған қатардағы дүние болатын. Бiрақ оның дәл осы күнi берiлуi кездейсоқ емес-ау деп, жақсылыққа жорығым келдi.
Наркомпрос «Хан Кененi» сахнадан алып тастау туралы шешiмiн «Пьеса қазақ халқының патшалық Ресеймен күрес тарихын дұрыс көрсете алмаған. Сондықтан оған бiрқатар түзетулер енгiзу керек» деген желеуге негiздеген екен. Спектакльге алғашқы қойылымынан соң-ақ тыйым салынуы бiрқатар қазақ зиялыларын қатты күйiндiредi. 1934 жылы мамырдың жетiсi күнi сол солақайлыққа сәйкес Ғабит Мүсiрепов ВКП (б) Өлкелiк Комитетiне, Левон Мирзоянға хат жолдайды. Сөйтiп: «...это неверное в корне требование. Пьеса построена (и правильно) на других рельсах, именно – она претендует на показ падение ханства и его последние отчаянные попытки восстановить уже развалившиеся к тому времени ханства. Исправление пьес нужно требовать исходя именно из этого положения» – деп, «Хан Кененi» қалайда қорғап қалуға әрекет жасапты. Бiрақ, Ғабеңнiң жандауысына ешкiм құлақ аспаған сияқты.
М.Әуезовтiң алғашқыда алдымен «Абылайға» кiрiссем бе, жоқ, «Абайға» отырсам ба, деп бiрталай толғанғаны белгiлi. Демек, о кiсi Кенесары қозғалысы тарихын жетiк бiлген. Пьеса сонау бастапқыдағы ниеттiң шағын ғана жемiсiндей көрiнедi. Және Мұхаң осы арқылы белгiлi тақырыптың қалай қабылданатынына барлау жасап байқады ма екен деген де ой келедi.
Жалпы, Кене хан күресiне кеңестiк жүйе кезiнде әдiл баға беру мүмкiн болмағаны түсiнiктi. Кеңестiк жүйе деймiз... Патшалық Ресей тұсында бұл бағытта қалам тербеу тiптен қиынға соққандай екен. Айталық, төрткүл дүниеге мәшһүр Жюль Верн Кенесары аса айбарлы хан бейнесiнде кескiнделетiн «Патша шабарманы» романының атын кейiнiрек амалсыздан «Михаил Строгов» деп өзгертуге мәжбүр болыпты. Бұл жөнiнде орыс қаламгерi Дмитрий Тихонов «Неизвестный «русский» роман Жюля Верна «Михаил Строгов», кроме нас, знает весь мир» аталған мақаласында былай дейдi: «Патша шабарманы» кейбір ойдан шығарылған қисынсыздығына қарамастан Тургеневтің қолдауына ие болды. Шығарманы алғаш Этцельдің Ресейде кең тарайтын «Учеба и отдых» журналына жариялау жоспарланған. Алайда Этцель романға цензура тыйым салады-ау деп қауіптенді. Мұны Париждегі елгі Орловпен кеңескен Тургенев те ескерткен болатын. «Князь Орлов сізді ықыластана қабылдағалы отыр. Бірақ романның император кеңсесіне қатысы болғандықтан, жарық көре қоятынына күмәнмен қарайды» дейді ол басылым иесіне. Айтқандай-ақ, Этцельмен кездескен князь шығарма тақырыбын өзгертуді ұсынады. Осылайша, «Патша шабарманы» «Михаил Строгов» деп өзгертілді де, осы тақырыппен бүкіл әлемді шарлап кете барды. Францияда аса сәтті қабылданған роман бір ғана 1876 жылы үш мәрте (!) қайталанып басылды. Ал Ресейде роман тағдыры күрделілеу болды: оның үзіп-жұлған аудармасын баспагер Иван Сытин арада ширек ғасыр өткенде – 1900 жылы зорға жариялады. ...Роман оқиғасын, шамамен, XIX ғасырдың екінші жартысына жатқызуға болады. Жюль Верн Ресей тарапынан келетін ықтимал келеңсіздіктен қашып, император атын атамайды».
Мiне! Сөйткен тақырыпты қылышынан қан сорғалаған кейiнгi жүйе қазақ жазушысына қайдан жазғыза қойсын!
Жоғарыдағыдай жазбаларға қарап отырып, кейбiр сонау «биiктегi» астамшыл қаламгерлердiң бiз туралы таным-түсiнiгiнiң бiр-ақ уыс екенiн көрiп қайран қаласың. Дм.Тихонов аталған мақалада: «...Бұл детективті, қым-қуыт шырғалаң мен қасыретке толы оқиғалар «Ресей қарауындағы тұтас Сібірді жаулауға қауіп төндірген Түркістан аймағы көшпенділерінің арасында бұрқ еткен көтерілістен» басталады. Әлбетте, бұл жерде француз жазушысының қиялына ереміз, өйткені Сібірде көшпенділер ереуілі ешқашан болған емес, оларды Жюль Верн шатасып, біресе татар, біресе бұқарлықтар, біресе қырғыз дейді... Айтпақшы, роман осынша көзге ұрған балаңдығы мен ойдан шығарылған «тарихилығына» қарамастан, зор сұранысқа ие болып отыр. 1955 жылы Монако «Михаил Строгов» романы мұқабасының суретімен марка шығарды. Кейін бұл үлгіні Никарагуа, Мальдив аралдары, Антигуа, Франция, тіпті, шағын аралдық Невис мемлекеті жалғастырып әкетті. Францияда роман желісі бойынша екі көркем және бір телевизиялық фильм дүниеге келді. Қызық болғанда, телефильм көрсетілгеннен кейін бір фирма кейіпкерлер бастан кешкен қиындыққа еліккені сонша, строговтық «тарихи» орындарға туристік саяхат жасауға құлшынды. Демек, Ресей бүкіл әлем үшін Жюль Верн тұсында ғана емес, қазірдің өзінде жұмбақ күйінде қалып отыр. Міне, біздің жағдай»,– деп бiр кетедi.
Сонда бүкiл әлемге жұмбақ болып тұрған Ресей ме, жоқ, патшалық Ресей сияқты алпауыт мемлекетпен қоса Қоқан, Хиуа хандықтарымен арпалысып өткен қабылан жүректi Хан Кенедей ұлды дүниеге әкелген Қазақ елi ме?!
Кейде бiздiң бұл жағынан да әлi күнге дейiн осылайша әдiлетсiздiк көрiп келе жатқанымыз көңiлге кiрбiң ұялатпай қоймайды. Ең жаманы, әлгiндей сыртқы жұрт көп жәйттi бiлместiкпен өзiне телiсе, төл тарихтан хабарсыз болғандықтан, бiздiң өзiмiздiң де шатасып жататын кездерiмiз аз емес. Өйткенi, көбiнесе жоғарыдай «түпнұсқаларды» басшылыққа алып дағдыланғанбыз...
Кекiлiк Сеңгiр, Майтөбе, Алмалы дегендей ұғымдарды мүлде естiмеген орыс жазушысының «туристический маршрут по строговским «историческим местам» – яғни, «қиялдан шығарылған орындар» деп мысқылдайтын «жер бетiнде жоқ» жолдармен жүйткiп келе жатқанда қиялың шартарапты шарлап, Хан Кене даңқының асуына ең алдымен оның кезiндегi сол қас дұшпандарының өзi себепкер болғаны туралы толғанасың. Кенесарымен шарпысқан орыс генералдары кейiн жоғары әскери оқу орындарында Даланың таңғажайып соғыс тәсiлдерi туралы, Кенесарының қолбасшылық тапқырлығы жайында, осынау «Қара құйынның» бiрде сақ етiп аяқ астынан пайда бола кетiп, одан ес жиғанша жым-жылас қайта жоғалып, тағы бiр мезетте жай отындай жарқ етiп және көрiнiп... бақайшағына дейiн қаруланған тұрақты әскердi ит-әуреге салатыны жөнiнде тамсанып лекция оқыған. Сондай-ақ революцияға дейiнгi орыс тарихшылары да қаншалықты жауыққанымен, Кенесарыдай сұлтанның биiк парасатын, ересен қабылет-қарымын, көзсiз ержүректiгiн ерiксiз мойындайды.
Хан Кене туралы ең алғаш жазғандардың бiрi, орыстың әскери тарихшысы, Орынбор қаласының мэрi Н.Середа: «Дала құйынындай сұрапыл, ересен екпінді Кенесары қолы жортуылда да, ешбір қамал алдында да тосылуды білмейтін. Қайта, ондай бөгеттер қайсар ердің жігерін қайрай түсетін, ұшқыр қимылын қияға самғатып, мақсатына жету жолында кездескен кедергілерді қаһарлана жапырып, талқандап жіберетін. Көшпенділер Кенесары бойындағы осындай қасиеттерді жоғары бағалап, оған деген шексіз сүйіспеншілікпен қарап, адал жүректерін ұсынып, жан пида етуге даяр тұратын. Кенесары өз сарбаздарының кемеңгер көсемi бола бiлдi. Оның жасақтарының лапылдаған биiк рухына еуропалық қолбасшылардың қай-қайсы да қызғанышпен iштерi күйе қараған болар едi. Осы бiр аса дарынды тұлға өзгеше тәрбие алған жағдайда одан теңдессiз мемлекет қайраткерi шығатыны күмәнсiз едi» дейдi. (Дүние жүзі оқырмандарына кең танымал, ұстанған бағытына байланысты талай-талай ғылыми дессертацияларды жариялап отырған «Вестник Европы» журналы 1870 жылы Кенесары ерлігіне бірнеше санын арнаған екен. Ол еңбектердің авторы – осы атақты тарихшы Никита Середа).
Ал Қазақ даласында жеті жыл өмірін өткізіп, «Орта Азия мен Батыс Сібір» (1857 ж.) «Амур бойына саяхат» (1860) деген еңбектер жазған ағылшындық Т.Аткинсон: «Кенесарының өзі көзсіз батыр, ұландары арасында шексіз беделді болатын, оған олар Құдайдай табынатын, хан қатал тәртіпке мойынсұнбайтындарды аямайтын, оларды өлім жазасы күтетін. Өзі жаумен кескілескенн айқастарда ұран салып, айбалтасы жарқылдап, соғысқа бірінші кіретін. Бұл жігіттерге сенім беретін, оның көптеген бастамасының баянды болуына негіз қалайтын... Кенесарының батыл шапқыншылығынан тек қырғыздар ғана емес, өздерінің қоныстарының шебінде отырған орыстар да қатты сескенетін... Кенесары – қазақтардан тамаша жауынгерлер даярлайтын. Найза мен айбалтаны ғажайып игерген, шапшаңдықтары көз ілестірмейтін Кенесары жігіттері өздерінен қалың жау әскерімен тайсалмай соғыса беретінін мен талайлардан естідім. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскерлерін құрар еді. Оларға тарихты даңққа бөлеген Шыңғысхан жаһангерлерінің барлық тамаша қасиеттері тән болатын» – деп жазады...
Ал орыс армиясының генералы В.Потто Кенесарыны сайын даланың жеңiлудi бiлмейтiн сайыпқыран қолбасшысы, қырғыздың Шәмiлi, Дала көкжалы деп атаған. «Түркiстан тарихының» авторы Н.Павлов: «Кенесары өзiнiң бiтiм-болмысында қажымайтын-талмайтын Дала батырларының типiне жатады: ол, тегiнде, аса iрi дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерiнiң «жыртқыштық» бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзiнiң ақтық демi бiткенше Ресейдiң қас жауы болса да, мен оны «Түздiң соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнә жасадым дей алмаймын!» деп ағынан ақтарылады.
Сол секілді ХІХ ғасырдың соңында Кенесары көтерілісі жөнінде еңбектер жазған орыс ғалымдары М.Красовский, Э.Мейер қазақ ханының әскерді ұйымдастыру бағытындағы нәтижелі істері, оның ғажайып ерліктері жөнінде тамаша ойлар айтқан. Бұлардың айтуынша, Кенесары әскеріндегі тәртіпке кез-келген шет ел қолбасшы таң қалар еді. Бұлардың Кенесарыны ерте және жаңа заманның белгілі қайраткерлерімен салыстыра сипаттауы ханның биік бейнесін жарқырата түседі.
Әскерін мылтықпен, зеңбірекпен жабдықтаса да Кенесарыға керемет қаруланған қатал тәртіптегі тұрақты орыс әскерімен арпалысу аса қиынға соққаны, оның қолбасшылық өнері, сарабдал саясаты арқасында көтерілісшілердің отаршылармен он жыл бойы табан тіреп соғысуы шын мәніндегі үлкен ерлік екені лайықты бағаланды...
Осылайша қаһарман атамыздың атағы Еуропаға, негiзiнен, орыс журналдары арқылы жайылады. Бiздiңше, Кенесарыдай таптырмас «романтикалық» кейiпкер iздеген Жюль Верн сол басылымдарда жарияланған очерктер бойынша, сондай-ақ жылы Адольф Янушкевичтің 1861 жылы Парижде басылған күнделіктеріне сүйене отырып ханның қимыл-әрекетiн ыждаһаттана зерттеген секiлдi. Сол себептен де шығарма әлгiнде айтылатындай соншама «қиял-ғажайып» емес, оқиға желiсi мен жер жайы, ұлт атауларының шындыққа мейлiнше орайласатынын аңдаймыз. Айталық, Кенесары әскерінің құрамында қазақтармен қатар патшалық Ресей отаршылдығына қарсы шыққан поляктар мен орыстардың, татарлар мен башқұрттардың, тіпті, бұдан да басқа ұлт өкілдерінің болғанын атақты француз жазушысы жақсы білсе керек. Және оның азаттық жолында арпалысқан елдерге мейлінше бүйрек бұрғанын байқаймыз. Мәселен, қаламгер француз отаршылдарына қарсы шыққан Алжир халқына қолдау көрсеткен. Ал Янушкевич өз күнделіктерінде осы көтерілістің көсемі Әмір Әбділқадырды Кенесарыға теңейді...
(Еске түскенде айта кетейік, Жюль Верн романында бас кейіпкердің Феофар-Хан деп аталған. Орталық Қазақстан аймағында «бейапар» деген сөз бар. Бұл мазасыз, қатыгез, қатал адамдарға қатысты айтылатын ұғым. Кейде осы диалектінің анау кейіпкер есіміне қатысы жоқ па екен деген де ой тумай қалмайды. Қ.М.).
Әйткенмен, «Шамның жарығы түбiне түспейдi» дегендей, бүкiл әлемдi тамсантып, Хан Кене қимылына негiзделiп жазылған әлгiндей тартымды шығармалардың өзiмiзге жете бермегенi өкiнiштi. Бір жақсысы, Кенесары ерлiгiне байланысты халық iшiнде тараған аңыз-әңгiмелер жетерлiктей. Әлихан Бөкейхановтың «Бұл жағынан алмас қылыштай жарқылдаған Кенесары даңқы, тiптi, айбынды атасы Абылай хан даңқынан да асып түстi» деуi бекер емес.
***
Кенесары әскерінің әбжілдігі өз алдына, оның жасағына нашар ат мінгізбейтіні туралы аңыз тараған. Өйткені, жаугершілік жағдайындағы көп жәйттің сәттілік сыры тікелей астыңдағы атыңа байланысты. Соны жақсы білген сұлтан әр түкпірдегі тәуір атты арнайы қадағалап, оны қайткенде қолға түсіруге ұмтылады. Және жылқы тұқымын сұрыптап, өсіру ісіне ертеден-ақ ден қойған. Хан мұнымен бірге мақсатына қарай жеңіл және ауыр атты әскер сапын ұтқыр саралауға ерекше мән берген екен.
Әуелгіде Кенесарыны лайықты бағалай алмай, әшейін даланың жабайы қара күшімен арпалысып жүрміз; ертең оп-оңай қалпақпен ұрып аламыз деп ойлаған Ресей генералдары өте әккі, аса айлакер, дана қолбасшымен, сұңғыла саясаткермен тәжікеге түскенін де соңыра бір-ақ аңдайды.
Бармақ шайнайтындай-ақ бар; мысалы, казак-орыс офицерлері әумесер санаған Кенесарының жау арасындағы жансыздары мен барлаушылары патша әскерінің саны, қару-жарақ есебі мен әрбір қимыл-әрекетін күнібұрын біліп, жеткізіп отырады. Оларды өзінің жол бағытын жалған көрсетіп, ылғи адастырып жіберіп, әуреге салып қою Кенесары үшін түкке тұрмайды. Ханның шағын ғана жылжымалы атты әскері шапшаң қимылдап, соққы беру, қорғаныс жасау сияқты міндеттерді қажетіне қарай бірдей атқарады. Бетпе-бет ұрыстан қашқақтайтын Кенесары үнемі күтпеген тұстан және жаудың ең осал жерінен тиіп, қатардың таса-талқанын шығаруға аса шебер болған. Ойда жоқта бықпырт тигендей болған тұрақты әскер күйреп, зор шығынға ұшыраған соң қансырап, әбден титықтап, Орынбор мен Омбыға қайта оралудан өзге шарасы қалмаған. Осындай сардары да, сарбазы да сайма-сай мұндай адаммен қалай санаспассың. Міне, Сібір үкімет басшыларын тәубесіне түсірген ханның осындай әрекеттері. Олардың мұны мәмілеге шақырып, хаттар жазатыны да сол себептен болса керек.
Кенесарымен алғаш болып тіл табысуға ұмтылғандардың бірі – генерал-губернатор Василий Перовский. Бұл, өзі, әйгілі Пушкинмен, Жуковскийлермен тең дәрежеде пікірлесетін, парасат-білігі жоғары, өте білімді жан көрінеді. Осы жандарал Кенеханға түрлі ұсыныстарын айтып, көп хабарласады. Мұндай кісінің қазақ ханын мойындап, жоғары бағалай бастауы талай жәйтті аңғартады. Сұлтан да оған ел азаттығына қатысты нақты талаптарын қойып, хат жіберіп отырған.
Жүрегі оттай лапылдаған, асқан патриот Кенесары сұлтанның жеке қасиеттеріне үңілсек, оның әуелден қара қылды қақ жарған әділетті қолбасшы екенін аңдаймыз. Мұнымен қатар тұрақты әскер қалыптастырып, оны мобильді жағдайға жеткізіп, бір қолға бағындыру нағыз кемеңгер көсемнің қолынан ғана келетін іс екені аян. Сол секілді Кенесарының дипломаттық шеберлігі де әлі талай түбегейлі зерттеуді қажет етеді.
Кенесарының бір кемеңгерлігі – ол алғашқыда ешкіммен ашық шайқасқа бармай, арадағы кикілжіңді парасатпен, келіссөзбен шешуге ұмтылады. Оның өз қарауындағы орыс әскери тұтқындарына адамгершілікпен қарауы, Герм мен Долговтың елшіліктерімен теңбе-тең дипломатиялық келіссөз жүргізуі де Хан Кененің айрықша саясаткерлігіне жатады.
Мысалы, сұлтан Перовскийге жолдаған сәлемінің бірінде: «Ұлы патшамыздың әкесi Ақ патша марқұм (Павел Бiрiншiнi айтады) атамыз Абылай ханға зор кеңшiлiк көрсетiп, әркiм өз жерiне ие, орыс пен қазақ арасында сауда ашылып, керуен жүрсiн, әркiм өз кәсiбiмен шұғылдансын деп уәде берген едi; сөйтiп патша ағзамның қанатының астында бiраз жыл тыныш тұрған едiк. Қазiргi патша ағзамның тұсында атамыз Абылайдан бiзге мирас болып қалған Есiл, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ төңiрегiнен түу сонау Жайыққа дейiнгi жерлердiң бәрi бiзден тартылып алынып, оларға бекiнiстер салынды. Бұрынғы патшалардың бiздiң жерiмiздi алайын десе, өлшеуге арқаны, бекiнiс салайын десе ағашы, зорлық қылайын десе күшi жетпедi дейсiз бе? Күшi де, мүмкiншiлiгi де бар едi, бiрақ олар әдiлеттi болды! Ендi бiздiң жерiмiздi күн құрғатпай басып алып, бекiнiстер орнатып жатыр, сөйтiп халықты ашындырып барады. Бұл бiздiң болашағымызға ғана емес, тiптi, қазiргi өмiрiмiзге де зор қауiп төндiрiп отыр!» дейді.
Осындай мазмұндағы жазбалардан-ақ азат елдік мұратты діттеген сұңғыла саясаткер, дарынды әскербасы, көрнектi қайраткердің шебер мәмлегерлігі де айқын көрініп отырады. Бiр жағынан Ресей отаршылдығы, екiншi жағынан Қоқан мен Бұхар хандықтарының қолында быт-шыт болып кеткен қазақтың басын бiрiктiруге ұмтылған хан Қырғызға жорығында да сондағы манаптарды Қоқанға бiрлесе қарсы тұрып, Ресей экспансиясына тiзе қоса тосқауыл қоюға шақырмақшы едi. Бастапқыда қырғыздармен қанды арпалыс бастағысы келмеген Кенесарының осы елдің белді билеушілері Орман мен Жантайға салауат жариялауы да қазақ ханының білікті саясат жолын аяғына дейін ұстағанының бір дәлелі. Қырғыз хандарына жазған хатында ол: «Солтүстiктен орыстар қысып барады. Егер оған жерiң мен мал-мүлкiңдi таратып, балаларыңды соның әскерiне берсең тату-тәттi тұра бересiң. Шығыстан шүршiт (Қытай) бүре түстi. Олар ешкiмдi аямайды. Оңтүстiктен тиген Қоқан бала-шағаңа күн көрсетпек емес. Қарсылық көрсетсең өзiңдi дарға асады» деп жазады. (Е.Бекмаханов, «Казахстан в 20-40-е годы ХIХ века; А, 1992). Тағы бiр хатында былай депті: «Менiң мұнда келу мақсатым – жауласып, қан төгу емес, қазақтар мен қырғыздардың күшiн бiрiктiру. Сөйтiп, оларды қоқандықтардың қысымынан құтқару». (Е.Смирнов, «Султаны Кенисара и Садык», Изд. Сыр-Дар. Облстаткомитета; Ташкент, 1889).
***
Енді бір сәт Кенесары келбетіне қарасақ.
Ханның сырт кескінін қырғыздың ұлы тарихшысы Белек Солтоноев өз монографиясында былай бейнелейді: «Кене хан ашаң, орта бойлы, жуан мойынды едi. Оның жүзi қараторы, тартымды, көздерi жалтылдаған бүркiттiкiндей қызыл және делдиiңкiреген едi. Кiшiрек мұрты және қалың, сына тәрiздес сары қоңыр сақалы бар. Ол аз сөйлейтiн және өзiн қаталдау, еркiн үлкен бiр бекзаттықпен ұстайды. Ол басына құндыз терiсiмен көмкерiлген кiшiгiрiм терi тымақ киедi. Киiмдерiнiң үстiнен түйе жүннен тоқылған сұр шекпен жамылып, оның iшiнен кәмшат терiсiнен тiгiлген тон киедi. Жейдесi мен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған». (Солтоноев Б. Кызыл Кыргыз тарыхы-2. 150-б.)
Қырғыз елiндегi Кенесары – Наурызбай оқиғасын сол шайқасқа тiкелей қатысқан жерлестерiнiң аузынан жазып алған көнекөз тарихшы Белек Солтоноев деректерi өте бағалы зерттеу екенi анық. (Қазақ пен қырғыз елдерi тарихына қатысты аса құнды еңбек қалдырған осынау көрнектi тарихшының өз тағдыры да күрделi. Ол да бiздiң көптеген арыстарымыз секiлдi 1938 жылы халық жауы ретiнде атылып кетедi).
Ретi келгенде, жоғарыдағы Б.Солтоноев жазбасына бiз де бiр-екi ауыз сөз қоса кетейiк. Кенесары атамыздың көк желкесiнен құйымшаққа дейiн созылған құлындiкiндей әжептәуiр қалың жалы болыпты. Сол сияқты ханның бiр көзi қызыл да, екiншi көзi жасыл екен...
***
Кенекеңнің ерлігі бір ерлігі – ол сол қиын кезеңнің өзінде саяси концепциясын қалыптастырып, мемлекеттік құрылыс жүйесін жасап шықты. Тағы бір ерекшелігі – елді азаттыққа бастаған қолбасшы мемлекеттік құрылысты монархия түрінде қалыптастыруға тырысты. Бір қарағанда, бұл санаға сыйымсыздау да болып көрінеді. Бірақ дәл сол кезде осы жүйемен дамыған Франция Еуропадағы ең ірі мемлекеттердің біріне айналған болатын. Абылай хан да осы жүйеге ұмтылған болатын.
Елге деген шексіз сүйіспеншілігі, халықтың азаттығы жолындағы табанды күресі, дербес мемлекет құруға ұмтылуы тарихымызда алтын әріптермен таңбаланған Кенесары өз саясатында ұлттық прогесшіл, демократиялық принциптерді ұстанды, өзі жасаған тәуелсіздік идеяны басшылыққа алды.
Дегенмен, телегей теңіз Кенесары тақыры әлі де талмай ізденуді талап етеді. Алысқа бармай-ақ өзіміздің Ұлттық Ғылым Академиямыз қорында біршама дүниелер жатқанын білеміз. Мәселен, Әлкей Марғұлан ағамыздың археологиялық экспедицияларға шыққан кездерінде ел аузынан жинаған төрт томдық еңбегі бар. Осы тұста мен бұл жайды бірінші болып көтерген әдебиетшілеріміз екенін айта кетсек. Кейінде естігеніміздей, Кенесарыға байланысты көлемі отыз баспа табақтай еңбек ертеректе Қазақстан Жазушылар одағына тапсырылыпты... Ол қазір кімнің қолында...
Сол секілді Майтөбеде мерт болған боздақтардың есiмдерi де әлi түгенделiп бiткен жоқ.
Ұлт азаттығы жолында мерт болған Кенесары туған халық көңілінің шырқау биігінде, ұрпақ жүрегінде жарқырап тұр.
Келешекте әдебиеттегі, тарихтағы, өнердегі Кене хан бейнесі жаңаша бір деңгейлерден сомдалатындығы анық.
Құлтөлеу МҰҚАШ.
qazaquni.kz