ТІЛ «РЕФОРМАСЫ» ҚАЖЕТ ПЕ?

ТІЛ «РЕФОРМАСЫ» ҚАЖЕТ ПЕ?

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың...

Жауыз тағдыр жойды бәрін – не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың! 

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

(«Қазақ тілі» өлеңінен)

Тіл. Тіліміз. Қазақ тілі...

Әлихан Бөкейханов елімізге автономиялы республика дәрежесі бұйырысымен «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жайындағы жазбасында мемлекеттігімізге жете мән беруді айта келіп, мысалы, жобаның «Билік һәм сот» бабында былай деген: «...Әр жұрттың билік пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болу. Би һәм судья жергілікті жердің тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы... Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы».

 Ол жылдары бұдан артықты талап ету мүмкін болмағаны белгілі. Алайда осының өзі-ақ – батыл талап. Дау-дамай көп болар тұста, әсіресе сот істерінің қазаққа ыңғайлы жүргізілуі өте-мөте керек-ті.

Арғы-бергі қазақта ана тіліміздің өміріміздегі қадір-қасиетін жан-жақты сипаттап, құрметтеп түсіндіре айтқан адам – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаңның 1926-жылы жазған «Әдебиет танытқыш» атты еңбегін оқыған жан сөз өнерімізде тілдің негізгі құрал-қару екеніне нақты мысал ұсына отырып, тіл қисыны, тіл дәлдігі, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл көрнектілігі хақында қажетін артығымен өтейтін ғылыми дәріс алады. Ахаңның сонда айтқаны – «...Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын» дегені, өкінішке қарай, әлі ескірген жоқ. «Табылғаны» сол: Ахаңның «Әліппесін» осыдан бес-алты жыл бұрын Білім министріміз Е.Сағадиев тобы көкпарға салып жіберіп, «Соқырдың қолына түспе, саңыраудың астына түспеге» душар болғандардың, әсіресе шәкірттердің миы ашыды емес пе? Әйтеуір, ол «реформадан» биыл құтылып, «Әліппемізбен» қайтадан табыстық!

Республикада іс қағаздарының мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізілуіне Сәкен Сейфуллиннің ерекше көңіл бөлгені мәлім: «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселені бұдан бұрын да гәзет бетінде қозғап едік. Әрбір советтер жиналысында да һәм биылғы болып өткен жалпыроссиялық коммунистер партиясының 12-ші жиналысында да көп сөйленіп, «әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс жергілікті халықтың тілінде жүрсін» деп қарар шығарған. Ал екінші тілмен мұны былай деп айтқан: «Бұрын патша заманында кемдікте болған, қазір автономия алған уақ халықтардың жерлеріндегі мекемелердің істері сол уақ халықтардың ана тілінде жүрсін» деген. 

Ақын ағамыз мұны 1923-жылы жазған екен. Соңғы сөйлемінде айтылған шешім кейінде бұзылған емес. Кремльден Одақтас республикаларға: «Іс қағаздарыңды орыс тілінде жүргізіңдер!» деп нұсқау келген жоқ. Мектептің, жоғары оқу орнының бағдарламалары орыс тіліне негізделмеді. Мысалы, мен бітірген «Тарғын» орта мектебінде (Шығыс Қазақстан облысы) орыс тіл-әдебиеті және маман қазақ мұғалімі болмаған алгебрадан басқа пәндердің бәрі қазақ тілінде оқытылды. 

(Бір «қызық-шыжық» қосымша. СОКП Орталық комитетінің әлде «жүгенсіз көкшоқай» Н.Хрущев, әлде «жалпақшешей» Л.Брежнев қол қойған: Орыс тілінен қысқартылған КПСС, ВЦСПС, ВЛКСМ... сөздері ұлт республикаларында аударылмай қолданылсын, деген сорақы қаулысы болған, алайда көп ұзамай далада қалды.)

...Сәкеңнің әрекетінен беріде, міне, 98 жыл өтіп бара жатса да, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, қазақ өз жерінде басым көпшілік болып отырса да, өкінішке қарай, республикамызда іс қағаздары ана тілімізде жүргілмей келеді. «Жүргізілуі» сөз жүзінде ғана. Ал оң қадам жасай қалғанға жұдырығын ала жүгіретіндер табыла қалды. Мысалы, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза 2005-жылдың соңында қала кеңселерінде іс жүргізуді 2006-жылдан бастап қазақ тіліне көшіру туралы шешім шығарып еді, оған ең алдымен «Асар» партиясының төрайымы Дәриға Назарбаева мен ақын Олжас Сүлейменов байбалам сала қарсы тұрды. «Бұл шешім ұлтаралық қақтығыс тудырады» деген Олжас, тіпті, президент құзырындағы комиссияға мәлім ету арқылы ол «қате» шешімді тоқтату керек боларын айтып, доңайбат көрсетті. Қазақстан тәуелсіздік алған, Конституциясына қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі жазылған күннен бастап орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілуі «керектігін» айтып жүрген, әу баста-ақ: «қазақ тілі – кухняның тілі» деп, «тіл маманы екенін танытқан» орыстілді ақынның «тарихи бір өнері» сол болса, келесі бір «өнері», - қазақ тілінде ежелден: «ты, ті; ды, ді; лы, лі» көптік жұрнағы барын білмей, «Алматы» сөзінің «ты» жұрнағына шабуыл жасап, «тілді бұзып тұрған» одан құтылу үшін қайтадан «Алма-Ата» деу «дұрыс» болатынын айтып, атойлап шыққаны. 2007-жылы. Сол татымсыз талабын биыл тағы да қайталап, өзіндей «білгіштерді» дүрліктіріп қойды. 

Шүйіркелесіп жүретін құрдасым Дәуірбек (тарихшы мұғалім болған, зейнеткер) бір күні телефон шалып, есен-саушылық сұрасқан соң: 

-Шал, саған бір сұмдық жаңалық айтайын, егер орындықта отырсаң, құлап кетпе, мықтап ұстан, - деді. Шыны-әзілі аңғарылмаған біртүрлі дауыспен.

-И-и-ә-ә, жігіт, «сұмдық жаңалығың» не, айта бер! - дедім.

-«Дат» гәзетін оқып жүрсің бе? Сонда Қанағат Жүкешев деген бір «оқымыстының» етектей-етектей мақалалары шыға бастады. Біріншісінде Олжас Сүлейменовті өлердей мақтап...

-Әй, оқығыш жігіт, оны қоя тұр да, әлгі «оқымыстыңның» басқадай не дегенін тоқ еттіріп айтқын! – дедім. Ол күлді де:

-Шал, бір минөт шыда, екі-үш сөйлем оқып беремін, тоқ етері содан кейін, - деді де, оқи жөнелді: «Олжас Сүлейменов – оза шауып, көптен қара үзіп кеткен сәйгүлік. Озғанда көптің алдында кетіп бара жатқан жоқ, бел асып озып кеткен. Соңындағы қара нөпір «ол неге шаңдатадымен» наразылығын білдіріп жүр... Ал енді аздаған киелі адамдарыңды аташы? Олардың алдыңғы қатарында бір ақырғанынан билік атаулы отырған жеріне жіберіп қоятын, бір шақырғанынан бүкіл қазақ ұрандап шығатын ұлы Олжас Сүлейменов емес пе?».

-Дәуке, тоқтай қал, андағың ішіп алғанның шимайындай бірдеңе екен. Олжасының «билік атаулының» обалына қалып жүргенін айтып, биліктегілерге обал жасаптв. Ал «бір шақырғанында» жалмаңдап шыға келген достары: Машкевичтің, Шодиевтің, Ибрагимовтың, Беренбауның аты-жөндерін атамай, оларға да обал жасапты. Жә, енді созба, тоқ етерің қайда? - дедім.

-Онда тоқ етері былай. Әлгі Жүкешев: «Қазақстанда «филология» деген ғылым жоқ, «филолог» атағын алғандар толып жатыр» депті.

-Айттым ғой, ішіп алғанның шатпағы шығар деп. Одан ары қарай не депті?

-Ақынды тағы да дәріптей түсіп, «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деу дұрыс, мен қолдаймын...

-Олжасының кірін жуып беріп жүрсе де еркі. Одан соң? 

-Қазақ тілі үйренуге қиын, артық дыбыстар бар, 42 дыбыс, жеңілдету керек...

-Тағы да несі бар?

-Өй, таусылмайды. Қазіргі Қазақстандағы тіл маманы да, тарихшы да, фәлсафашы да, обшым бүгінгі жалғыз білімдар өзі ғана сияқтаныпты, бірақ біртүрлі жазады екен, қай тілге сүйеніп жүргенін білеймін, мақалаларында шет елдердің сөздері «күпінің битінше өріп жүр». Ал енді өзіне ұнамайтындарды: қоразға, шәуілдек итке теңеп...

-Әй, Дәуке, Жүкешевің басында барын базарлаған ғой, жоқты қайдан табады? Ол жазғыш «оқу өтіп кеткендердің» біреуі шығар, оны ұмыт та, баяғыңша келіншек-кемпірлеріңді тізіп сайрашы! - дедім. Екеуіміз күліп алып, «ескі» әңгімелерімізді жалғадық.

Соңғы кезде «қазақ тілін реформалауды уағыздаушы, талап етуші жүкешевтер пайда болды. Латын түбірлі француз сөзі «реформаның» қазақшасы: «түбегейлі өзгерту, жаңарту». Сонда қазақ халқы жаралған ықылым заманнан бері бар, жүздеген ғасыр бойы дамыған, байыған, көркейген, қаймағы ешқашан бұзылмас қазақ тілін түрткілеушілер оны «түзету, басқалардың үйренуінуіне жеңіл ету үшін» қалайша өзгертпекші, қайтіп жаңғыртпақшы? Ахаңның «Әліппесін» тағы да додаға салмақшы ма! Өй, байғұстар!

Өмірде не болмаушы еді, егер біздің 30 жыл бойы орыстілді өкімет, үкімен, парламент, әлгі анау ассамблея жақтағы сөзін өткізгіштер ол «оқымыстыларды» қолдап шыға келсе ше? «Көпшіліктің талабы ескеріліп», жарлық жарқ етуі мүмкін. Біздің билік қай мәселені қалай реттеуді халықпен қашан ақылдасып еді?.. Әрине, олай бола қоймас. Бұл – билікке наразылығымның бір лып еткені ғой. Алайда қазақ тілінің «жыры» шыққанына, созылып келе жатқанына билік кінәлі дей аламын. Егер президент Н.Назарбаев, айталық, 1995-жылы: «Қазақстанның мемлекеттік жүйелерінде қызмет істеуші басқа ұлт-ұлыс өкілдері 2000-жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті, сол жылдан бастап іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс», деген мәнде жарлық шығарса, ешқандай бүлінілік болмас еді. Ел басқару жүйеміздегі орыс, ұйғыр, еврей, корей, т.б. ұлт-ұлыс өкілдерінің бәрі дерлік – қазақ жерінде өніп-өскендер, қазақпен дос-жолдас, құдандалы болып кеткендер және көпшілігі қазақ тілін әр деңгейде білетіндер ешқандай қарсылық жасамас еді. Мәселен, домбыраны әспеттеп күй тартып, ән шырқап жүрген орыс қыз-жігіттер аз ба?! 

  Өкінішке қарай, ондай заманауи қажет жарлық болмады. Оның орнына Конституциямыздағы: «Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатнас тілі» деген бап президенттің райына қарай: «Орыс тілі – ресми тіл» деп «түзетіліп», мемлекеттік тілге теңестірілді. Ана тілінің уызына жарымағандар уралап шыға келді. Билік жүйелеріндегі шенеуніктердің көбі орыстілді. Парламентте заң жобалары орыс тілінде жазылады. Президент, премьер-министр, т. б. шет елдерге барғанында да, олардың басшыларын өзімізде қабылдағанда да орыс тілінде сайрайды. Құдды Ресейдің губерниясы секілдіміз. Халықаралық көне қағидалардың бірі – «Басшылары ұлттық тілінде сөйлемейтін мемлекет – Ұлттық мемлекет емес»... 

Тілімізді «реформалау мәселесіне» жабысып жүрген урашылдарға тегін жем тауып беруші «араағайын» қазекемдер бар. Олар – кейбір гәзет-журнал, телерадио редакцияларының журналшылары, солардың енжарлығы, «әсіресауаттылығы» себеп пе, қалайда: «Модификация күтіп тұр»; «Білім – аса құнды капитал»; «Тігінші – креативті тұлға»; «Виртуалды кеңістік»; «Стереотивті жағдай»; «Креативті экономика»; «Инвистицияның өресі»; «Ел дамуының катализаторы»; «Жасанды интеллект кампусы ашылады»; «Постсоветтік саясаттың жолдары»; «Теория – ғылымның ең позитивтік фундаменті»; «Глобализациядағы проблемалар»; «Бәрі де мәңгілік формаға, стильге байланысты»; «Әдебиеттанушыларға вакантты орын жоқ»; «Саясат – зиялыларға өмірлік позиция»; «Жастар форумы»; «Үлкен істің нормасы да үлкен»; «Промлемалы контент»; «Қазақ тілі контенті»; «Жауапты жұмыстар нонсенсі»... секілді, сірә, «сөзбудандастырудан» туғандай түсініксіз тақырыптар «менмұндалап» тұрады, мәтіндерінде: феномен, синдром, менталитет, компонент, формация, компания, корпорация, т.б. шеттілдік сөздер және аз болмайды. Телерадио арналарыда сөйлегендердің, сұхбат жасайтындардың да «тіл байлығы» солайша. 

Ал мақалалардың мәтінінде кездесетін, орыс тіліне көпе-көрінеу еліктеп-солықтаудың мысалы да нөпір, ол «құбылыс» 1950-жылдарда пайда болған. Орысшадағы: «Иванов считается мастером своего дела»; «Васильев является передовиком производства», «Тридцать составляет одну треть ста»... дегеннің ыңғайымен біз: «Жексенов өз ісінің шебері болып саналады»; «Сембаев өндірістің озаты болып табылады»; «Жиырма бес жүздің төрттен бірін құрайды»... дейміз. «Жексенов – өз ісінің шебері»; «Сембаев – өндіріс озаты»; «Жиырма бес – жүздің төрттен бірі» демейміз. «Болып табылады... болып саналады... құрайды...» дегендей бұралқы сөзді кеше қай қазақ айтып еді, қай қазақ жазып еді? 

Ол ол ма, тілімізде қалыптасқан сөзтіркестерді, тіпті мақал-мәтелімізді бұтарлап айтамыз да, жазамыз да. Мәселен, кешегі қазақ: «борышқа белшесінен батты» десе, бүгінгі қазақ: «байлыққа белшесінен батты» дейді. «Ішер асын жерге қойып» дегенді «ішкен асын жерге қойып» деп «ғажап жаңалық» аштық. «Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес; шалқайғанға шалқай, алтыныңа алған пұл емес» делінген мәтелімізді: «Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай» деп «ықшамдай» салатын болдық.

Ауруханаларда «Реанимационная палата» деп аталған, емделіп жатқан адам кенет қиналысқа тап болғанда дереу апарып, жедел шара қолданылатын жеке бөлме. Оны «Жансаялау бөлмесі» деп дұрыс қазақшалаудың орнына «Жансақтау бөлмесі» деп өте өрескел аударма жасадық. «Жансаялау» - әлдебір оқыс ауыртпалыққа, қиыншылыққа, жүйкесін жұқарта бастаған жағдай атаулыға тап болған адамның одан арылудың, құтылудың сәтін іздеген әрекеті. Қазекемнің: «Шыбын жанын қоярға жер таппай» дегенімен мәндес. Ал «жансақтау» - адамның асқа жарымай, кетеуі кете бастағанда тамақ табу әрекетін меңзейді емес пе?

Әлемді дүрліктіріп тұрған коронавирус шыққаннан беріде жиі естілетін сөз «маска» болды ғой. Латынтекті бұл сөздің мағынасы – «бетперде». Өзін танытқысы келмеген, танылып қалудан сақтанған кісінің бояулы бетжамылғысы. Бет пішінін, көзін жасырса да, тынысы тарылмас үшін мұрын-ауыз тұсы ашық болған. Италия сахналарында, әуелі римдік артистердің спектакль сценариі бойынша пайдалануларымен кең тараған. Ал қазақта «бетперденің» мағынасы басқаша. Алаяқтар, зәлімдер, суайтттар... әшкереленгенде «бетпердесі сыпырылды» деген. Соны ескермей, мынау масканы «бетперде» деп жүрміз. Қазақта: қолғап (қолқап), дізеғап (дізеқап), аяққап бар, сол ыңғаймен «мұрынғап» (мұрынқап) деу жөн еді.    

Тіліміздің ауызша-жазбашасынан: «бозбала, бойжеткен, келіншек» сөздеріміз тыс қалды, орыс тілінің «молодой человек, молодая девушка, молодая женщина» дейтінін сөзбе-сөз аударып: «жас жігіт, жас қыз, жас әйел» деп жүрміз. 

Орыстың «Беседа за круглым столом» дегенін «Дөңгелек үстел әңгімесі» дейтін болдық. Кейде ешбір тырнақшасыз және жай әріппен дөңгелек үстелде деп жаза саламыз. Дұрысы «Үстел басындағы әңгіме», «Үстелбасы әңгіме» емес пе? 

Сондай-ақ, жасы кіші қазақ жасы үлкенмен сөйлескенде, мысалы: Сәке... Тәке... Күлеке...» деген, деп те жүр. Ал біздің қайсыбір гәзеттерімізде шыққан сұхбаттарда гәзет тілшісі: Сәкен Жақанұлы... Тәтбек Көпейұлы... Күләш Тоқтарқызы... деп сөйлеседі. Орыс тілі қалыбындағы: «Иван Васильевичтің», «Алексей Ивановичтің»... кері.

«Жығылғанға жұдырық» - соңғы бес жыл әлетінде «жаңағы» деген «жаңа» сөзді шығарғанымыз. Сөйлегенде әрбір 3-4-інші сөзінен кейін «жаңағыны» қыстырып сөйлейтіндер көбейді. Мысалы, «Кеше таңертең көшеде жаңағы Шөкең кездесе қалып, қуана жаңағы әңгімелесіпп, бір жасап қалдық жаңағы» дегендей. Сіңір болып қалған сықпақұрттың малтасын екі ұртына кезек-кезек жүгіртіп отырған секілді. 

Тілімізді реформалауды алдың-дұлдың көксеушілердің кейбірі, міне, қазекемдердің осындай жеке шалағайлықтарын жалпыға теліп, қазақ тілін «жаңа қалыпқа» салып: әріптерін ықшамдау, сөздерін жеңілдету керек деп дабырлатып жүрген тәрізді. Жо-о-оқ, ағайын, дүние жүзі халықтарының бірде-бірінің тіліне дес бермейтін шырайлы да шымыр, қарапайм да қуатты, нәзік те нәрлі, көркем де бай қазақ тілі – киелі тіл! Байқа, соқтықпа, түрткілеме, ұятқа қалма!

Бізде «тіл реформасы» бұдан алпыс жыл шамасы бұрында болған. Сондағы екі өзгеріске куәмін. Филологтардың республика деңгейіндегі мәжілісінде: «ұ» әрпіміз жаңартылды. Оған дейін «ұ» әрпінің таңбалануы бірдей «у» әрпінен айырмасы төбесінде үтірге ұқсас белгі болды да, ол «үтір» кейде баспахана мәшіні гәзет таралымын (тиражын) зырылдатып басқанда ұшып түсіп, «ұлы» сөзіміз «улы» болып шығып кетіп, мысалы, «Улы Сталин» болып, гәзеттің редакторы тіпті сотталуға дейін жазаланған. 

Екінші өзгеріс – сөзде «ы» мен «й» қатар келгенде екеуінің орнына «и» әрпі жазылатын болған. Қай филолог ғалымның қандай дәлелмен өзгерткенін кім білсін, тіліміздегі көне «сый» сөзімен қоштастық, мәселен: «лайықты сый»; «сый-сипат»; «сый-құрмет»; «сый-белгі»; «сыйға – сый, сыраға – бал»... мұрағатта қалды. Ал бүгінгі «реформашылдар» ойда жоқта үстемдік алып, қазақы сегіз әріпті (ә, ғ, қ, і, ң, ө, ү, ұ) көп көріп жүрмес пе екен?..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, 

Қазақ үні