Жаңа дәуірге бастаған қадамнан күтеріміз мол
2022 ж. 16 қаңтар
3309
0
Қауіп-қатер төніп тұрған күні кешегі қаһарлы сәттерде-ақ «Билік құламайды!» деп нық айтқан Президент Қ.Тоқаев қысылшаң шақта өжеттік көрсетіп, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалды. Халық алдында бұрынғысынан да бетер биіктеп кетті!
«Алматы трагедиясы» атауымен тарихқа енетін қаңтар оқиғасы қай-қайсымызға да оңай тимеді.
Елімізде мұндай қайғылы жайттың орын алуына ең әуелі еркіндікті еркінсу деп ұғатын орашолақ ойсыздығымыз себеп. Әйтпесе бейбіт шеру дегеніміз –
демократиялық бағыт ұстануы тиіс әрекет болатын. Бірақ осыны анталап қаумалаған асығыс жұрттың елірген ереуілге ұластыруы саяси сауатсыздықты ғана емес, бейбастақ тәрбиесіздікті де көрсетеді.
Өз мүдделерінің орындалуына қол жеткізген жаңаөзендіктер жиылған митингілерінен ерікті түрде тараған соң, артында қалған кең алаңқайды шашпай-төкпей, сыпырып-сиырып, бірнеше күн түнеген жерлерінде қыл қиқымын да қалдырмай тазалық орнатып кетті.
Ал басқа өңірде бас көтергендер өздерінің айғайға сүрең қосқан аттаншылдықтарынан от шығартып, деструктивті арандатқыштардың ықпалымен өрт қаулатып алғандарын білмей де қалды.
Жалған популистердің бұл осалдықтарын сұғанақ көзді сыртқы күштер оп-оңай пайдаланып үлгерді.
Қанша ғимараттар іске алғысыз боп қалды.
Автокөліктер, техникаларды тоз-тоз қып, әскери, әкімшілік, әлеуметтік нысандарға шабуыл жасап, жүздеген бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілердің денсаулығы мен өміріне қатер төндірген лаңкестердің содырлығы құдай алдында да ақталмас.
Қаза тапқан сәбилер мен азаматтардың қайғыдан қара жамылған отбасыларының көз жасы қалай тиылмақ?!
Мақұл, оның бәріне уақыт емші дейік. Бірақ біз өз дамуымызды керісінше біраз уақытқа тежеп алдық.
Абырой болғанда, ел заңына бағынбағандармен сөздің басқаша болатынын сездірген Президентіміз жедел қимылдап, шұғыл шешімдерді қолға алды. Қатаң шараларға көшті. Республика бойынша төтенше жағдай жарияланылып, блок бекеттер қойылды. Терроршыларға қарсы арнайы операциялар жүргізілді.
Жалпы жағдай орнықтырылды.
Күн сайынғы Үндеулерімен, маңызды Мәлімдемелерімен үрейлі елі мен дағдарған жұртына дем беріп отырған Президент ҚР Мәжілісінде сөйлеген сөзінен Қазақстанның жаңа дәуірге шындап аяқ басқанын байқатты.
Тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңді басынан кешкен қазақстандықтарға:
– Жуық арада болған қайғылы оқиғалар кезіндегі экстремистермен күресте азаматтарымыздың көпшілігі патриоттық танытты. Халықтың бірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егеменді дамуы идеясына деген шынайы сенімі – еліміздің дамуы мен қоғам болып ұйысуының мықты іргетасы. Біз барлық қиындықты бірлесе еңсереміз. Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, – деп ризашылық сезімін білдірген Қ.Тоқаев жаңа жұмыстың басын Үкіметтің жаңа құрамын жасақтаудан бастатып, тиісті адамдар мен ведомстволарға қатаң әрі шұғыл түрде орындау үшін бірқатар тапсырмалар берді.
Мысалы, Президент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қаматамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің арқасында кейбір компания мен кейбір жекелеген адамдардың тым қатты байығаны сонша, тіпті, халықаралық дәрежедегі аса танымал байлар деңгейіне дейін өсіп шыққанын әдемі меңзеген Қ.Тоқаев: «Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болғанын, енді олардың халыққа көмектесетін кезі жеткенін» кесіп айтты.
Президент кеңесте көп жәйтке тоқталды, нақ-нақ, мемлекеттік сатып алудағы сорақы кемшіліктерді, ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын құрап отырған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын қайта реформалаудың қажеттігін, квазимемлекеттік секторларды түбегейлі өзгерту керектігін, ал егер реформалау мүмкін болмаса, мұндай құрылымдардың тіпті қажет еместігін баса айтты. Кәсіпкерлік саласында ірі-ірі бизнеске көп көңіл бөлініп, шағын және жаңадан ашылған кәсіпкерлікке қолдау берілмей жатқанын, отандық тауар өндірушілердің кемшілігі мен жетістіктері туралы да айтылды. Үкіметке утильсбор туралы «Оператор-РОП»-тың утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырды, шетелдерге ақша әкетіп жатқандарды тексеруге тапсырма берді, LRТ-ның о бастан қате жоба болғанын, оған қыруар қаржы жұмсалғанын, енді оны не істеу керектігін қарастыруды тапсырды. Ауыл шаруашылығына баса назар аударып, субсидияларды қайта қарауды, оның қолжетімді болуын міндеттеді.
Мемлекетіміздің халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиістігін басты назарда ұстайтынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы айыппұлдар мөлшері де қайта қаралуының керектігін қозғады, әсіресе, халықтың айлығының шындыққа сәйкес келмейтінін, т.б. ділгірлікті жіктеп алдымызға жайып салғаны көңілімізге әбден қонды.
Үміт БИТЕНОВА,ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жамбыл облысы,
Талас аудандық Мәслихат депутаты.
qazaquni.kz