АТАДАН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

АТАДАН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

Асылбек қажы 1916 жылғы Қарақарадағы «Албан көтерілісінің» көсемі Ұзақ батырдың бел баласы Оманнан туған Інкәннің ұрпағы. 2000 жылдары Қытайдан ата-бабасының атамекеніне оралып, Алматы облысы Талғар ауданындағы Рысқұлов ауылына келіп орналасады.

Бала күнінде атасы Оманның тәрбиесін көріп, тәлімін алып, айтқан әңгімелерін құлағына құйып өсіпті. Ескіден қалған кейбір заттарын атасының көзіндей көріп, үйіндегі бір бөлмеде мұқият сақтауы да бабаларына деген құрметі дерсің. Солардың бірі атасы киген сырты қара матамен қапталған қара терілі сеңсең ішік пен жазғы дырап шапан. «Мұны Оман атам киген еді. Мүмкін ұлы атамыз Ұзақ та сеңсең ішікті киген шығар деп те ойлаймын. Мен ес білгелі үйде сақтаулы»-дейді ұқыпты ұрпағы. Сеңсең ішік пен дырап шапаннан басқа ертоқымның күмістелген құйысқаны, тартпасы мен аткөрпеге арналып жасалған тартпа, үзеңгі мен жүген және тобылғы сапты қамшы да бар. Сондай-ақ екі-үш шыны аяқ сиятын қақпақты қолайы шәйнекті атасы пайдаланғанын айтады. Шайнектің бір бүйірі гүлденіп өрнектелсе, екінші жағы жалаң, еш сурет салынбапты. Бұл жәдігерді Асылбек қажы күні бүгінге дейін пайдаланып келетін айтып, «мен үшін аса бағалы ыдыс!»- дейді. Бұдан басқа бір ақ шүпірекке оралған қыздардың шашына тағатын шашбауы мен соның жартылай сынығын да көрсетті. Шашбау өте қарапайым жасалыпты.Ұзындығы сіріңкенің қорабындай екеу келсе, ені сәл жіңішкелеу. Оның бір беті үш бөлекке бөлініп, әр бөлекте бәйшешек гүл тәрізді тоғыз көз салынған екен. Оның көздеріне түрлі асыл тастар салынған тәрізді. Бірақ бірде-біреуінің тасы жоқ. Тек орындары ғана. Ал олардың сырттарынан ирек өрнек жүргізілген.Шашбаудың бір басында кішкене екі тесігі де бар. Бұдан басқа тағы бір жәдігер ұршықтың басы тәрізді темір бұйым. Ортасы тесік. Оны көрген адам ұршықтың басы деп те ойлайды. Мүмкін солай да шығар. Іш жағы шұңғыл. Тәл ортасындағы тесіктің жоғары жағында 18 0 94, төменгі жағында 94 88 деген сандар анық көрінеді. Сандардың астыңғы жағында көмескілеу С Д Б және О әріптерді сияқты жазу байқалады. «Бұл екеуін де шешелеріміз сақтап келіпті. Шашбаудың сақталуында бір сыр бар тәрізді. Бұл бабамыз Ұзақ батырдың қайғылы жағдайда қайтыс болған Бәкей қызының шашбауы болуы мүмкін. Өйткені шешелеріміздің қарапайым шашбауды сақтап келуінде бір сыр бар сияқты»-дейді қажы.


Қарияда бұдан басқа да ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 1991 жылы төтеше жазумен жазылған кітабын да сақтап келіпті. Кітаптың сыртқы мұқабасы сары, әрі жұқалау. Басылым «Шыңжан жас өрендер» баспасынан шыққан. Ішкі бетінде «Бұл кітап советтік Қазақстанда 1975 жылығы басылымына сай көшірліп басылған, ішінара атаулары ғана өзгертілген. Мекен жайы Үрімші құрылыс көшесі 9 қора. Шыңжан Шинхун кітап дүкенінен тарады. Шыңжан баспа зауатында тіркелді. Сауап ауданы баспа зауытында басылды. Форматы 1/32. 1099Х781 мм. баспа табағы.12. 875. 1987 май 1 баспасы. 1991 жылы

август. 3- басылуы.Тиражы 7. 401-840. Бағасы 5 юань 40 тиын. Мазмұны Қилы заман, Қараш-Қараш. Алғы сөзін Ш. Айматов жазған. 1-395 бет» деген кирилица жазуымен жазылған жазуды оқыдық. Кітап та Асылбек қажы үшін қымбат екенін айтады. «Біз Саурық батырдың баласы Ұзақтан тараймыз. Атам Оман 1928 жылы байдың тұқымы деп, Оралға жер аударыпты. Кейін ашаршылық жылдары жазасын өтеп келгенде Жаркенттің бар балаларын қамаған. Әйтеуір ұлы атамыз Ұзақты танитын біреулер түрмеден қашуға көмектесіпті. Сол қашқаннан олар 1932 жылдары шекара асып, Қытайдың Іле қазақ облысы Текес ауданына барған. Атам 1916 жылы Қарқарадағы Албан көтерілісі туралы көп айтушы еді. Сол әңгімені біз ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Қилы заманынан» оқыдық. Кітап біздерге осынысымен құнды дегені бар.

Үйдің бір қабырғасына ілінген шағын Шыңжан Іле қазақ облысының қартасына көзім түсті. Карта төтеше жазумен жазылыпты. Жазуды Асылбек қажы өзі оқып берді. «Картада 3 қазақ, 5 ұйғыр, 1 қырғыз, 2 моңғол облысы бар екені көрсетілген. «2 моңғол облысының біреуі қазақтың жері. Жер көлемі 1 млн. 600 мың шаршы метр. Карта мектеп оқушыларына арналған географиялық сызба. Қазір мұндай картаны кездестіре алмайсың» –дейді ол.

Шағын бөлме осылай өткен тарихтан сыр шертіп тұр. Өткеннен қалған жәдігерлер кімге болсын қызық, ал келер ұрпақ үшін таптырмас тарихи қазына болары анық.

Жексен АЛПАРТЕГІ,

Қазақ үні