22 қылмысты бір күнде ашқан ардагер

22 қылмысты бір күнде ашқан ардагер

Қоғамның тыныштығын қорғау екінің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Қылмыскермен бетпе-бет кездесіп, бір-біріне қару кезейтін кездер де болады. Осындай жауапкершілігі мол қызметті таңдап, өз жұмысын адал атқару да ерлік. Қарапайым жүк тиеу, түсіру дистанциясында ілгек ілуші маманынан полиция полковнигіне дейін көтеріліп, аса қауіпті қылмыскерді құрықтап өз заманында аты аңызға айналған полицейдің бірі – Пайзулла Абдуллаев. Ол Кеңес Үкіметі және бүгінгі қоғамның тыныштығын қорғау барысында талмай еңбек еткен полицей.

Бала Пайзулла

  Пайзулла Сейітханүлы 1949 жылы 15 қарашада Арыс қаласында теміржолшы отбасында дүниеге келді. Ол 1956 жылы Арыс қаласындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттайды. 1966 жылы аталған білім ордасын тәмамдаған жас Пайзулланың алға қойған арманы да көп еді. Жалындаған жас жігіттің үлкен мақсатының бірі – қоғам үшін және еліне адал қызмет ету болатын. «Әкеге қарап ұл өсер» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Пайзулла ағамыз да әкесінің берген тәрбиесінің арқасында адамгершілік қасиетті бойына сіңіріп, асқар таудай тірегінің нақыл сөздерін жадына түйіп, үлкен өмір жолына қадам бастайды.

Арыс жүк тиеу, түсіру дистанциясының озаты

Ол қолына аттестатын алған жылы Арыс жүк тиеу, түсіру дистанциясында ілгек ілуші болып жұмысқа орналасады. Өзінің туып өскен өлкесінде бір жыл жұмыс жасап, озат жұмысшы атанады. 1967 жылы Өзбек ССР Ташкент қаласындағы политехникалық институтының механика факультетіне «Автомобиль және трактор» конструкциясы мамандығы бойынша оқуға түсті. 3-ші курсты бітірген соң, отбасылық жағдайына байланысты Жамбыл гидромелиоративтік қүрылыс институты механика факультетінің сыртқы бөліміне ауысып, 1974 жылы бітірді. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірді. 1970 жылы өзі оқыған С.Қожанов мектебінде «Автомобиль ісі» пәнінен сабақ берді. Әрі осы мектептің комсомол ұйымының басқа жұмыстан босатылған хатшысы қызметін атқарды. 1974 жылы Арыс қалалық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, II хатшысы, Арыс қалалық партия комитетінің нүсқаушысы, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, саяси партия кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы жылдары Қазақстан ЛКЖО Арыс қалалық комитетінің мүшесі, бюро мүшесі, Қалалық ДОСАФ ұйымының президиум мүшесі, Қалалық мәдениет қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қаланың жастар арасындағы мәдени көпшілік жұмыстарының ұйымдастырушы болды. Осылай әртүрлі салада бірнеше жыл жұмыс істеген Пайзулла өзінің бала кездегі арманы қоғам тыныштығын қорғау қызметіне қарай қадам басады. Сөйтіп, 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Ішкі Істер органы Арыс станциясындағы желілік ішкі істер бөлімшесі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. «Елге қызмет – абыройлы міндет» демекші, Пайзулла Сейітханүлы өзінің ішкі істер саласындағы алғашқы еңбек жолын осылай бастайды. Жас полицейдің еңбек сүйгіштігі, тиянақтылығы мен темірдей тәртібі басшылықтың назарына ілінеді.

22 қылмыстың ашылуына себеп болды

Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет пен отбасын бірдей алып жүрді. Ішкі істер саласы қызметкері болудың да өзіндік қиындығы бар. Күн-түн демей, уақыт талғамай, көп ізденісті талап ететін қызметті бар ынтасымен атқарады. Пайзулла Абдуллаев өзінің атқарып жүрген қызметінінің қауіпті екенін де жақсы түсінетін. Алайда, жалындаған полицей бұл қиындықтан тайсалмайтын. Оның басты мақсатының бірі – сенім артқан елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғау болатын. «Тоғыз жолдың торабы», «Орта Азия қақпасы» атанған Арыс темір жол бекеті арқылы өтетін адамдардың тыныштығын қорғау оңай шаруа емес екені анық. Республика бойынша өтетін пойыздардан бөлек, шет елге қатынайтын пойыздар да осы темір жол бекеті арқылы өтеді.

- Бұрын «10 қараша милиция күні» деп аталып өтетін. Ал, Арыс бекеті арқылы бір күнде 70-ке жуық состав өтетін. Оны әр бағытқа бөліп, қайта құрастыратын. Темір жол милициясының басты мақсаты сол кезде – құнды заттарды ұрлатпау және халықтың қауіпсіздігін сақтау болатын. Өзіңіз ойлаңыз, жетпіске жуық вогонда қаншама халық отырады. Бірінші кезекте, жол жүруші адамдардың тағдырына қатты алаңдайсың. Әлі есімде осы милиция күні, қараша айының қақаған ызғарлы суық күні еді. Мен күнделікті жұмысымды ойдағыдай аяқтап, үйге келген болатынмын. Тұрғындардың басым бөлігі шырт ұйқыға кеткен. Беймезгіл уақытта белгісіз біреулер жүк пойызына артылған «Шымкент Шина» зауытынан шыққан жарты вогон шинаны ұрылардың тонағаны жайында жедел хабарлама келді. Мұны ести сала жылдам киініп, темір жол бекетіне қарай беттедім. Оқиға орын алған жерге жедел топпен бірге бардым. Біз барсақ ұрылар шинаны көлікке артып, белгісіз бағытқа қарай жүріп кеткен екен. Дереу қылмыстың ізін суытпай, ұрыларды іздеу операциясына кірістік. Қарашаның ызғарлы суығында қыламықтап жауған қардың үстінде ұрылардың көлігінің ізі қалған еді. Сол ізбен жүріп отырып, қылмыскерлер шинаны түсіріп жатқан жерінде қолға түсірдік. Міне, осындай жедел әрекетіміздің арқасында қылмыскерлер құрықталып, олар заң алдында жазаға тартылды. Абырой болғанда адам шығыны болмады. Сөйтіп, «Шымкент Шина» зауытының жарты вагон заты діттеген жеріне жеткізілді. Содан кейін тергеу басталды, сол кезде 16 адамнан құрылған қылмыскерлер, сол кезге дейін бірнеше қылмыс жасап, жүк пойызына артылған бағалы заттарды білдірмей ұрлап жүргені анықталды. Міне, бір қылмыстың арқасында ашылмаған 22 қылмысты аштық. Басшылықтың қолынан алған марапат менің бойыма қанат бітіргендей күй кештім. Қызметіме деген құлшынысым мен ынтам арта түсті. Өзіме артылған жауапкершілік пен міндетті адал атқаруға бар күшімді салуға дайын болдым», - деп Пайзулла аға өткен күннің еншісінде қалған сол бір оқиғаны баяндап берді. Арада талай жыл өтсе де ағамыздың ерлігін біреу білсе, бірі білмесі анық.

Еленген еңбең

Пайзулла Сейітханұлы қызмет баспалдағынан сүрінбей жоғары сатыға қарай көтеріле бастайды. Еңбекқор қызметкердің еңбегі еленіп, оның лауазымы да көтерілді. Сөйтіп, 1995 жылдың қарашасына дейін Арыс желілік ішкі істер бөлімінің саяси жұмыстар жөніндегі, жеке құраммен жұмыс жөніндегі, мамандармен тәрбие жұмыстары жөніндегі полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Пайзулла ағамыз өзінің қызмет еткен жылдарында атқарған еңбегі еленіп аудандық, қалалық, облыстық, бөлім және республикалық басқармалардың алғыс хат, грамота, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен қатар, ол өзінің білімділігін, аса жауапкершілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете білді. Арыс жүйелік ішкі істер бөлімдегі қызметте бөлімнің материалдық-техникалық жағдайын биік деңгейге көтерді, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруде көп жұмыстар атқарды. Осы бөлімде қызмет еткен он төрт жылдың ішінде Арыс қаласы мен аудан жастарының арасынан 87 қыз-жігітті арнайы Ішкі істер органының оқу орынына білім алуға жіберіп офицер болуына ықпал жасады. Қазіргі таңда олардың 25-і полковник, 7-і бөлім және басқарма басшылары, 76-сы полиция офицері болып ішкі істер органында қызметін атқарып келеді. Әлі күнге дейін Пайзулла ағадан кеңес сұрап тұрады. Өз кезегінде ардагер ағамыз өзінің шәкірттеріне ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.

Әке көрген оқ жонар

«Әке көрген оқ жонар» демекші отставкадағы полиция полковнигінің ұлы Сейтжомарт та әке жолын жалғап келеді. Сейтжомарт 20 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет атқарып келеді. Ол қазіргі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің Штаб басқармасының бастығы лауазымын мінсіз атқаруда. «Адамгершілігі мен азаматтық ісімен айналасына қадірлі болған, кішілік пен кең пейілділік нұры тұла бойынан төгілген асқар таудай әкемді мақтаныш етемін. Бала кезімнен әкем секілді полиция қызметкері болуды армандадым. Өмір жолымда адаспау үшін білімді болуға, еңбексүйгіштікке баулып, жақсыдан үйреніп, жамандықтан жиренуге үйретті. Әкемнің берген осындай тәрбиесінің арқасында өз орнымды адаспай таптым. Әрине, құқық қорғау саласына келуіме әкем үлкен үлес қосты. Әкемнің ақылы мен дана сөздері менің бойыма қуат береді десем артық айтқандығым емес», - деді прлиция полковнигі Сейтжомарт Сейітхан.

Жетпістен асқан құрылтайшы

Мемлекеттік қызметте барлығы 33 жылдан аса еңбек етті, оның 22 жылдан аса уақытын ішкі істер органына арнады. Қазіргі таңда, Пайзулла аға зейнетке шықтым деп үйде отырған жоқ. 2006 жылы «Oil Securities» агенттігін құрып оның жұмысына басшылық жасады. Аз уақыттың ішінде жеке құрамды 450 күзетшіге жеткізіп, жоғарғы көрсеткіштерге жетті. Серкіктесікке қажетті толық материалды база жасалды. Атап айтар болсақ, каүзет офисін, күзетшілерге арнайы киім, мебель, оргтехника, рация, компьтер, арнайы қару-жарақ, жедел топ мүшелері үшін автокөлік және тағы басқа құралдармен қамтамасыз етіп, күзет қызметін жақсартуға өз үлесін қосты. Аталған серіктестік 2008-2009 жылдар аралығында көрсеткен жоғары жетістіктері үшін «Европалық Грант» халықаралық сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, серіктесіктің бас төрағасы Пайзулла Сейітханұлы Халықаралық іскерлер кеңісінің «INSAN» алтын медельмен марапатталды. Ал, 2012 жылы «Саутс-ойл» газ-мұнай корпорациясының ішкі қауіпсіздік қызметінің директары қызметін атқарды. Бұл қызметте корпарацияның қоғамдық қауіпсіздігін, терроризм және экстремизмге қарсы кешенді жұмыстар жүргізіп ұжымның жеке құрамның жұмысшыларын жеке қауіпсіздігін сақтауға, материалдық құндылықтардың талан-таражға түсуінің 25 фактісі бойынша ұрлықтың жолын кесіп, 50 млн., теңгеден асатын құнды заттардың корпорацияға қайтарып, ұрылар қамауға алынып, заң алдында жазаға тартылды.

Отставкадағы полиция полковнигі 2006 жылдан бері Арыс қаласында орналасқан Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйіне демеуші болып келеді. Пайзулла аға осы балалар үйінің «Жансая» және «Гүлдәурен» тобының қамқоршысы. Жиырмаға жуық жетім баланың атасы. Отбасылық балалар үйінің бүлдіршіндері Пайзулла аталарының алдынан жүгіріп шығады. Өз кезегінде демеуші ағамыз балалардың жан-жақты тәрбиелеуіне қажетті жағдай жасап, оларға жиһаздар, клем, перде, теледидар, компьнютер, түрлі қажетті спорт инвентарьлар және оқу құралдарын сыйға тартты. Сонымен қатар, жыл сайын балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, жазғы лагерьге баруларына мүмкіндік жасап келеді.

Сондай-ақ, 2009 жылы анасының құрметіне жекеменшік «Палзада апа» балабақшасын ашты. Жетім балаларға жасаған қамқарлығы үшін 2012 жылы Республикалық Ұлттық – қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығының иегері атанды. 2020 жалдан бері «Ариф Абдулла қожа» қоғамдық қайырымдылық ұйымын құрып, соған төрағалық етеді. Көп жылдардағы қоғамдық және кәсіби-жұмыстардағы еңбегі үшін қырықтан аса марапатқа ие болды. Арыс қаласының «Құрметті азаматы», ҚР Ішкі істер органының «Құрметті ардагері», ҚР мұнай-газ саласына «Еңбегі сіңген қызметкері», «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен марапатталды.

Жұбайы Үриля Батырханова саналы ғұмырын мұғалімдікке арнады. Қазіргі таңда зейнетте. Үриля апамыз да зейнетке шығып қол қусырып қарап отырған жоқ. «Палзада апа» балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Пайзулла ағамыз бен Үриля апамыз үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, 21 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Келіп жеткен Жаңа жыл

Көптеген қылмыстың бетін ашып, қылмыскерлерді құрықтап өз заманының аңыз адамына айналған Пайзулла ағамыз білігі мен тәжірибесін жастарға үйретіп келеді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған полиция полковнигі жұмыстан бос уақытын немерелерімен бірге өткізуге тырысады. Немерелері де атасының қызмет барысында құрықтаған қылмыскерлер жайлы айтқан әңгімесін ұйып тыңдайды екен. Сонымен қатар, Пайзулла аға Жаңа жыл мерекесін отбасымен бірге қарсы алады. Алыстағы және жақындағы ұлдары мен қыздары, ағайын, туыстары бәрі ақ дастархан басында жиналып, бір-біріне жылы лебіздерін айтады.

- Ғажайып армандар мен жарқын үміттерге толы өмірдің жаңа бастамасы іспетті жаңа жыл мерекесі де жақындап келеді. Өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз. Жаңа 2022 жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылады. Осы шашылған нұр әрбіріміздің шаңырағымызға шуақ болып тарайды. Қай-қайсымыз болсақта осы мерекелік кештен келесі Жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі жылға дейін үмітпен жетелеп отырады. Жаңа 2022 жыл әрбір шаңыраққа құт, береке, ырыс алып келсін! ІІМ, ІІО ІІБ ардагерлерін және де полиция қызметкерлеріне амандық, әрбірінің отбасына бақыт және де өсіп келе жатқан ұрпағымызға бейбіт өмір тілеймін», - деп өзінің жылы лебізін білдірді Пайзулла Абдуллаев.

Раушан НАРБЕК

Түркістан облысы

qazaquni.kz